№ 3 (106) 2015
201
7
Контекске тәуелділігі
толық немесе жартылай
тәуелді емес
8
Лексикалық мағынаның
жаңашылдығы
тән
сөздіктерде түзілуне орай
көрініс тауып отырады
9
Экспрессивтілік
экспрессия
сөздікке енуіне қарай
жойылады, дегенмен
стилистикалық мәніне қарай
сақталуы да мүмкін
10 Номинативті факультативтілік
тән
номинативті ақпарат
Жаңа сөздер бойындағы жаңашылдық белгісі барлық жаңа сөздердің өн бойында өмір сүреді.
Мұндай белгі окказионалды сөздердің өн бойында да өмір сүреді, әр оқырман шығарманы оқыған
сайын ондағы авторлық окказионализмдердегі жаңашылдық пен ерекшелікке назар аударады. Алайда
мұндай жаңа сөздер қолданысқа еніп, жалпыхалықтық сипат алатын болса, жаңашылдығынан
бірте-бірте айырылып, зат, сапа, әрекет немес құбылыстың атауы болып қалыптасады.
Сөздің даму тарихы тұрғысынан алғанда, жаңа сөзді кез келген тіл тұтынушысы тудыруы
мүмкін, бірақ сол авторлық қолданыс уақыт өте келе және қолдану аясының кеңеюіне байланысты
өзінің маңыздылығын жоюы мүмкін. Мәселен, окказионалды сөздердің сөйлеу әрекеті үстінде
жасалуы және оның авторының болуы негізгі белгі ретінде танылса, неологизмдер тіл фактісі, оны
тудырушы тұлға маңызды болып саналмайды. Мәселен, тілімізде сотқар, тентек, бұзақы деген
мағынаны білдіретін «содыр» сөзі кездеседі. Қазіргі тілдік қолданыста содыр сөзінің «саясатта
тым солақай көзқарасты жақтаушы» деген мағына беретін «экстремист» сөзінің баламасы ретінде
жұмсалып жүргендігін БАҚ материалдары айғақтай түседі. «Эктремистің әрекетінде сотқарлық,
бұзақылық бар. Оның саяси мақсатына заңсыз, шектен шыққан әрекеттері арқылы қол жеткізуге
баруын тентектік, бұзақылық ретінде қабылдау, содырға ұқсату осы сөздің «экстремистің» баламасы
болуына негіз болған», – дейді Ш.Құрманбайұлы [6, 11 б.].
Адамның сөйлеу тілі дайын тілдік бірліктерді пайдалануға негізделгенмен, олардың қолданысы
шығармашылықпен сипатталады. Сөздің семантикалық жақтан дамуы жаңа мағыналардың
пайда болуымен байланысты. Егер қарапайым сөз үшін оның негізгі қызметі номинативті болса,
окказионалды сөздер экспрессивті қызмет атқарады.
Семантикалық окказионализмдер жеке автор тарапынан туындайтын,
жазушының өзіндік жазу мәнерін танытатын қолданыстар. Мәселен, Ерлердің ертедегі
өтіп кеткен, Әлі жүр халық ауызында алтын тезі (Т.Ізтілеуұлы) өлең жолдарындағы «тез» деген
бірлікті алтын сөзімен тіркестіру арқылы жаңа синтагмалық мағына алынған. Сөздікте «тез» –
қисық ағашты түзету үшін не болмаса белгілі бір пішінге келтіріп ию үшін қолданылатын құрал»
деген мағынаны білдіреді [ҚӘТС, 90 б.]. Ақын екі заттық ұғымды білдіретін сөздерді өзара
тіркестіру арқылы «түзу жолға салатын, адам мінезіндегі кемшілікті түзететін өнегелі сөз» деген
ойды айтпақшы. Семантикалық окказионализмдер құрамындағы сөздердің лексикалық мағынасы
жойылмағандығын, мәтін ішінде белгілі бір мағынаны иеленіп тұрғандығын, жеке автордың
танымын сипаттайтындығын байқаймыз.
Т.Ізтілеуұлы туындыларында ерекше орын алатын бейнелеуіш құралдардың бірі – окказионал
эпитет. Ақын окказионал эпитеттерді кейіпкер образын сомдауда, табиғат құбылыстарын суреттеуде,
белгілі бір кезеңді айқындауда сәтті пайдалана білген. Мына бір өлең жолдарына назар аударайық:
Желінсау бұлт түк тамызбай көшеді,
Ерте салды қыр гүлінің шешегі.
Желінсау (вет) – желіннің жарақаттануы, тазалық сақтамау, дұрыс саумау салдарынан
желіннің қабынуы [ҚӘТС, 313 б.]. Ақын мәнмәтінде желінсау сөзін «аспанда қалқыған тұман
тәрізді қою су буы» мағынасындағы бұлт сөзімен тіркестіру арқылы табиғат құбылысының реңсіз
бейнесін көрсетумен қатар, еш пайдасы жоқ, жаңбыр жауғызбайтын бұлтты сипаттап тұр. Екі
сөзді тіркесуіне негіз болған ортақ сема ‒ желін мен бұлттың сыртқы формасындағы ұқсастық деп
білеміз. Сүт қоректі жануарлардың сүт бездерін желін деп танысақ, осы түбір сөзден туындайтын
желінде етістігі ауыс мағынада бір нәрсенің толығуы, толысуы деген мағынаны білдіреді, ал
бұлтқа түйдек-түйдек болуы, үйірілуі, қалың бұлттың торлауы сынды белгілер тән. Т.Ізтілеуұлы
шығармашылығынан окказионал эпитеттер арқылы берілген ақынның толғаныстарын, әлемдегі