Түйін сөздер: атау, жаңа сөз қолданыстары, лексикалық неологизмдер, cтилистикалық неологизмдер,
окказионалды сөздер, семантика, сөздің семантикалық құрылымы.
Номинация – қоршаған ортадағы зат, құбылыс, іс-әрекет атауларын зерттейтін таным саласы.
Жалпы тіл білімінде номинация мәселесі «болмыс – таным (ұғым) – аталым (сөз)» үштағаны
негізінде зерттеледі. Қазіргі лингвистикада номинация термині екі түрлі жағдаятқа байланысты
қолданылады. Біріншісі, семиотикалық жүйеде таңба – таным процесі негізінде жинақталған
зат, құбылыс, іс-әрекет атауы. Екіншісі, сөйлеу әрекеті үстінде пайда болатын жаңа ұғымдарды
атау қажеттілігінен туады. Екі жағдайда да қоршаған ортаның шындық үзіктерін вербалдандыру
қажеттілігінен атау қалыптасады. Ж.Манкеева: «Заттың негізгі белгі-қасиетін «уәждерін» анықтау
номинация теориясының ең негізгі қағидасы болып табылады. Сондықтан атау мен зат арасындағы
тілдік емес себептерді жан-жақты зерттемей тұрып, ол атаулардың шығу себептерін анықтау мүмкін
емес», – дейді [1, 41 б.]. Номинациялық акт процесінде туындаған атаудың өзі қоғамдық ортаның,
тілдік ұжымның өмір тәжірибесінен алынады. Өйткені тілдік таңбалар ұлттық дүниетанымның,
ұлттық психологияның, ұлттың рухани және материалдық мәдениетінің, әлеуметтік тұрмыс-
тіршілігінің тілдегі бейнесі болып табылады.
Номинация теориясын сөз еткенде, бірінші және екінші дәрежелі номинация түрлері
ажыратылады. Шын мәнінде, бірінші дәрежелі аталымда сол зат бойындағы қандай да
қасиеттерімен, белгілермен уәжделеді, яғни танымдық аспектілерімен сипатталады. Екінші
дәрежелі аталым сөйлеуші индивидтың образды-ассоциативті ойлау жүйесі арқылы қалыптасатын
атаудың туынды сипатын құрайды. Екіншілік аталым тілдегі метафоралық, метонимиялық,
аффиксация және синтаксистік құрылымдар арқылы, зат пен құбылыстың маңызды белгілерінің
адам санасында бейнеленуі арқылы жасалады. Ол көбінесе бұрыннан бар, адамға етене таныс
нәрселерге ұқсатумен, теңестірумен, шектесулермен байланысты болады. Кейін пайда болған
атаудың барысында мағынаның өзгеруі логикаға (метафора, метонимия, синекдоха) және сол
заттың атқаратын қызметінің өзгеруіне сай жасалады. Екінші аталыммен бірге жаңа, екіншілік
мағына пайда болады. Екіншілік мағына – сөзжасамдық процестер нәтижесінде жасалатын жаңа
аталымға ие болатын туынды сөздің мағынасы.
Екіншілік номинация актісінде жоғарыда көрсетілген әрекет пен шығармашылық бірігеді,
олардың бірігуіне негіз болатын нәрсе – метафоралану тәсілі. Метафоралану тәсілі – ауыспалы
мағыналардың пайда болуы және экспрессивтік қасиеттерінің күшеюі арқылы сөздің мағыналық
аясының кеңеюі (алтын сақина – алтын дән, алтын күн, мақта – ақ алтын) арқылы көрінеді. Де-
мек, метафоралану процесі болмыс туралы қалыптасқан жаңа білімді қабылдауда тілде бар
номинациялық бірліктерді қолдану болып табылады. Осыдан келіп, біз, номинация процесінің
субьективті сипатқа ие екендігін байқаймыз, номинация субьективтілігінен ұлттық таным мен
дәстүр арқылы қалыптасқан ұлттық тіл келіп шығады.
Тіл тасымалдаушыларының қоршаған ортаны тану, оны қабылдау әрекеті ұлттық-мәдени
ерекшелікпен тығыз байланысты екендігі белгілі. Тілдік ерекшеліктер туралы айтқанда негізгі деп
|