№ 3 (106) 2015
409
алдымен теориялық жағынан жасақталып, шектеулі аймақта тәжірибелік сынақтан өткізілуі қажет
болды.
Дэн Сяопиннің сөзімен айтсақ, «ел ішіндегі экономикалық өзгерістерді деревнядан бастадық.
Өйткені Қытай халқының 80 пайызы сонда тұрады. Қытай қоғамының тұрақтылығы мен дамуы
әуел бастан деревняның дамуы мен шаруалардың тұрмысына тәуелді» [4]. Қытай реформаторының
осы қыска да нұсқа сөзінде болашақ өзгерістердің себебі, мақсат-мұраты айқын тұжырымдалған.
1987 ж. ҚКП-ның 13 съезінде «Қытайдың ауыл шаруашылығында өндірістік жауапкершілікті
арттыру» туралы қаулы қабылданып, экономикалық реформаның саяси іргетасы қаланды [5]. Қытай
селосында жүргізілген реформаның идеологиялық мазмұны өзгеріссіз қалды. Партия басшылары
реформаның тек қана экономикалық ынталандыру тетіктері өзгеріп, «жарқын болашаққа» бастай-
тын коммунистік идеология баз- баяғы қалпында қалады деп халықты сендірді.
Сонымен Қытайдың а/ш саласындағы реформа 1978 жылы басталып кетті. Реформаның
бірінші кезеңінде, яғни 1978-1985жж. шаруалар халық коммунасынан өз еншісін бөліп алып, дербес
шаруасын жүргізе бастады. Мал шаруашылығы дамыған аудандарда мал шаруаларға арзан бағамен
сатылды. Кейіннен Қытайдың батысында үкіметтің малы қазақ малшыларының пайдалануы үшін
тегін үлестірілді («темір мал»). Үкіметтің шарты бойынша шаруа қолындағы малдың басы үшін
жауапты, ал одан алынған өнім, малдың төлі өз меншігіне қалатын болды.
Реформа барысында ұжымдық меншікті сақтай отырып, жеке меншіксіз жер нарығын
қалыптастыру мәселесіне үлкен назар аударылады. Осындай жағдайда жер шаруаларға тегін
пайдалануға берілетін болды. Өндірістің басты обьектісі – жер жеке меншікке өтпегенімен, әрбір
шаруаға ұзақ мерзімдік ақылы арендаға (I5 жыл) берілетін болды. Шаруа қожалықтарының
отбасылық мердігерлікке өтуінің нәтижесінде ауыл шаруашылық өндірісі 67 пайызға өсті. Товарға
екі деңгейлік баға жүйесінің тағайындалуына сай фермер мемлекеттік азық- түлік тапсырысын
кесімді бағамен, одан артылған даяр өнімді нарықтық бағамен сатуға міндетті болды. Кейіннен
фермерлерге астықтың жоғары өнімін кесімді бағамен қоса нарықтық бағамен сатуға рұқсат
берілді. Егер, 1978 жылы фермерлер нарыққа өнімнің 8% шығарса, 1990 жылы оның көлемін 80%
ға жеткізді [6].
Деколлективизация мен баға реформасы нарықтық тетіктерді күшейтіп, Қытай экономикасын
нарықтық деңгейге жақындатты. Таза пайда түріндегі ынталандыру жүйесі жеке шаруалардың қол
еңбегін машинамен алмастырып, дәнді-дақылдардың бағалы түрлерін өсіру, тың жерлерді игеру
арқылы еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік туғызды. Өткен ғасырдың 80 -90 жылдары Қытайда
а/ш өндірісінің едәуір өскені байқалады. Осы саладағы жоғары еңбек өнімділігінің арқасында
қаншама еңбек ресурстары (жұмысшылар) босап, олар қалалық және селолық кәсіпорындарға
орналасты.
Осындай жоғары қарқынды даму нәтижесінде Қытай 1995 жылы тұңғыш рет 455 миллион
тонна астық орып, өз халқын бидаймен қамтамасыз етуге шамасы жетті. Егерде сол кезде мемлекет
халқының саны 1,2 миллиард болғанын (әлем халқының 21 пайызын құрады) ескерсек, бұл ғажап
табыс екенін мойындау керек [7].
Қытайдағы соңғы отыз жыл ішінде а/ш болған түбегейлі өзгерістер жақсы айтылғасын, бұл
салада ешқандай проблема жоқ екен деу артықшылық болар. Экономистердің айтуынша, соңғы он
жылдықта Қытайдың аграрлық өндірісінің дамуы баяулап, нарықтық реформалардың қарқыны
бәсеңдеген. Нақтырақ айтсақ, елдің а/ш табиғи ресурстардың жетіспеуі, жердің құнарсыздануы,
судың жетіспеуі сияқты экологиялық проблемалар пайда болды. Ендігі кезекте Қытай а/ш нарықтық
институттар мен инфрақұрылымды дамытып, қала мен село арасындағы айырмашылығын азайту
мақсатында жаңа технологияларды игеруге бағыт алуда.
Салыстырмалы талдау обьектісінің екінші нысаны - Қазақстан болғандықтан, ендігі жерде
біздің елде ауыл шаруашылығын реформалау қалайша жүзеге асты деген сұрақты қарастырайық.
Қазақстанда жүргізілген реформаның әдістері: «шоковая терапия» саясаты (қазақшасы: есеңгіретіп
емдеу байыптамасы), қысқа мерзімде жоғары қарқынмен шапшаң түрде жекешелендіру жүргізу.
Анықтама: «Шоковая терапия» атты түбегейлі экономикалық теориясы мемлекеттік экономиканы
сауықтандырып, оны «дағдарыстан» шығаруға бағытталған реформалар ұсынады. Осындай
реформаларға - ақшаны бірден либерализациялау, ақшаның массасын азайту, пайдасынан шығыны
көп мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру жатады. Осы теория авторларының бірі –
Джеффри Сакс Шығыс Европаның бірқатар елдерінде сәтті өткен «шоковая терапия» саясатын
бұрынғы кеңестік республикаларда қолдануға кеңес береді [8]. Өкінішке орай, ТМД елдері үшін
бұл саясаттың пайдасынан гөрі зияны басым болды.
|