№ 3 (106) 2015
75
Нұрлан Оразалин поэзиясында бүгінгі заман шындығы, өзіміз бастан кешіп отырған уақыт
пен кеңістіктің жан-жақты болмыс-бітімі айқын көрініп, ажарлы да көркем тілмен, поэтикалық
ішкі қуатпен, азаматтық пафоспен, перзенттік махаббатпен, қайраткерлік жігермен танылады. Қай
кезеңде де қазақ поэзиясы ұлттық мінез-құлықпен халықтық болмысты дәл де шынайы көрсетіп
отырған. Өткен ғасырдан жеткен жауынгер жырлар мен қилы кезеңдердегі зары мен мұңға толы
туындыларды алып қарасақ та, тіпті халық әндері деген ортақ атпен жеткен ән әуендерді алып
қарасақ та, солардың бәрінен қазақ халқына тағдыры мен талайы да өмірі мен өнері де, жұртымыз
бастан кешкен тарихи оқиғаларды жазбай танимыз. Бұл ретте ақындарды дәуір жырнамашысы,
замана шежірешісі деп айтуға әбден негіз бар. Өйткені қаламгер дәуірден тыс өмір сүре алмайды.
Мүмкін де емес. Әр қаламгер өз заманын суреттеуде тарихи тұлғалардың тәжірибесіне жүгінеді.
Бұл тұрғыдан келгенде тарлан талант З.Қабдолов: «Суреткер белгілі бір қоғамда өмір сүреді. Белгілі
бір қоғамдық коллективтің мүддесіне ортақтасады. Сондықтан оның творчествосында да белгілі
қоғамдық мазмұн болады» [1] деп жазғандай, Н. Оразалиннің поэзиясында қоғамдық мүдде мен
адамдар арасындағы бірлік пен шынайылық иірімдері астасып көрініп жатады. Шығармаларында
қоғамды елеңдеткен жайлар ақынды да елеңдеткен жайлары болып өлең тіліне түседі. Мұндай
кездерде ақын әрқашан қоғамдық пікірдің мүддесін көздеп, бірақ оған өзінің көзқарасы мен
пиғылын да анық танытып отырады. Бұл қайраткерліктің биігіне көтерілген қаламгерлерге тән
қасиет. Өз басының мұңы мен сырын күйттемей, қоғамды, заманды, адамды алаңдатқан жайларға
дер кезінде үн қосып, белсенділік таныту – ең алдымен оның азаматтық поэзиясын анық танытады.
Осы тұрғыдан келгенде ақын Н. Оразалин қазақ поэзиясының дәстүрлі, классикалық үрдісінен
жаңылмай, өзі бастан кешкен уақыт тынысын өлең тілінде жан-жақты сипаттап, оқырманын бірде
қуантып, бірде мұңайтып, бірде ойландырып, бірде толғандырып, бірде өкінтіп, бірде үміт пен
арманға ұмтылдырып, қысқасы ғылыми тілде айтқанда, замана келбетін поэтикалық қуатпен толық
мүсіндейді.
Ақын өлеңдері, оның шығармашылық шеберлігі хақында талай сыншылар мен әдебиетшілер,
ақындар мен қаламгерлер жазған. Солардың бәріне тән бір желі – барлығы да Н. Оразалин
поэзиясындағы сыршыл әлемді тап басып танып, таратып айтады. Кезінде Н. Оразалин
поэзиясындағы сыршылдық қуат алдыңғы буын өкілдерінде кең көрініс тапқан. Кезінде осындай
сыршыл ақынды кейіптеу кезінде қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ғ. Омаровты Н.Оразалин
сыршыл өлеңдерінің «сыбырлақ ақын» шәкірті деп бағалаған болатын. Бұл туралы ақынның өзі де
дүдәмәлау көңілмен айтқаны да бар болатын.
Өмірге құштарлық әрбір адамның қасиеті. Ал ақындардағы өмірге құштарлық, бұл – жеке
адамның ғана стихиясы емес, заман, қоғам, уақыт алдындағы үлкен жауапкершілігі. «Ешкім оған
қоя алмай нүктені, өмір деген сөйлем емес өйткені», - деп Т. Айбергенов асқақ жырлағандай,
Н. Оразалин өзі білетін өмірді шетсіз, шексіз мәңгілік құбылыс, адамның бақыты мен арманы,
адамзаттың ғарыштық ғұмыры деп есептейді:
Өмірге мынау
Өле бір ғашық болмасаң –
Өлең де, жыр да, болмас ән.
Өзегің талған кезде егер,
Шалғынды кешіп,
Шашаны шыққа малмасаң;
Аязда, қарда тоңбасаң,
Жауында ойға шомбасаң,
Сүймесең желді,
Мінбесең жүйрік,
Көрмесең тауды, даланы,
Бұрқылдап ізде – жолда шаң –
Өмірге мынау
Өле бір ғашық болмасаң... [2, 25].
Поэзияның күші мен құдіреті осында, ол өмірге құштарлық, ғашық болу. Бұл күллі ақынның
ақындық болмысының айнасы іспеттес.
Ақиқатты іздеген ақын әлсін-әлсін өткен ұлылардың тарихи мұраларына ден қойып отырады.
бұл өткенді құрметтеу ғана емес, өткеннен саналы сабақ алу, ғибрат теру, жақсыны ой көзімен көру,
сондықтан да өткен ұлы ғұламалардың ғибраттары ақынның әр кез көңіл айнасында шағылысады.