Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
248
Шәкәрім өзіне дейінгі штамптық таптауырындықтан арылып, аталған ұғымдардың бойындағы
өзінің дүниетанымдық ұстанымының кілтін адрестатының қолына былайша ұстады:
Арақ – ақын, мастық – ой, жар – хақиқат,
Жан – нәпсі, шатақ – иман, дін – қиянат.
Маскүнем, әйелсүйгіш, дінсіз ғой деп,
Сырымды білмей сыртымнан қылма ғайбат. –
деп, «Арақ» – ақын тұлғасындағы ақыл болса, «Ақыл» – Аллаһтың игілігін танытатын өлшеусіз
жарық нұр. Шығыстық мұсылмандық дүниетанымдағы даусыз ақиқат пікір – «Рух» дегеніміз – адам
жүрегіндегі Тәңірінің нұры болса, Шәкәрім «рух – дінсіз таза ақыл» деп «ақынның қос әлемділігін»,
яғни өзінің сөз қолданысында, сөз кестелеуде бірде романтикалық, енді бірде реалистік контексте
«Арақ» сөзін жырына арқау еткендігі туралы адрестатына жөн сілтейді. Ақылдың басты сипаттары:
Мәңілік, Шексіздік, Ақиқаттықты тануға жетелейді.
Адамзаттың материалдық және рухани игіліктеріне жататын белгілі бір ұғым мен түсінікті
сопылық бағыттағы ақындар символдау нәтижесінде тылсымдандыра таңбалайтын өздерінің
көркемдік шешімдері мен ой түюдің тәсіліне айналдырды. Сонысымен, шығармашылығын
зерттеушілерді түрлінше түсінуге жетелейтін адам қабылдауының әр тектілігін қалыптастырып
кетті. Еуропалықтар – олардағы «Шарап» сөзі ислам дінінің бұрыс түсіндірілуі мен қоғамдық
биліктегі пайғамбар қағидасының бұзылуына қарсылық білдіріп қыр көрсеткен әдеби протест десе,
екіншілері – Құдайдың нұрына қол жеткізу деп санайды.
Осындай түрлінше ұғынылатын заттық ұғымдарды мұсылман әлемінің құрамдас бір бөлігі
болып табылатын қазақ елінің ақындары ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қашан
қызыл цензорлар діни табу салғанша өз туындыларында молынан қолданғанын: Ш.Құдайбердіұлы,
М. Көпейұлы сияқты көптеген қаламгердің шығармашылығын зерделегенде жолықтырамыз.
Сопылық әдебиет әдеби сахнадан кеткенімен оның көркемдік айшығы мен діни ұстанымы түркі
әдебиетінде сақталынып қалды. Қазақ діни ағартушы әдебиетінің өкілдері Батыс пен Шығысты тел
еміп, сопылық әдебиеттен өздеріне керегін алып, оны көркемдік әдіс тұрғысынан игерді.
Осы әдеби дәстүрдің жаңғыруы Шәкәрім шығармаларындағы: «кабак», «қымызшы», «таза
арақ», «нұрлы су» ұғымдары бұл символдық шеруді толықтыра түседі. Қарабайыр күнделікті
қолданыстарға саяси, әлеуметтік және поэтикалық әр сіңіруге әр ақын өзінше үлес қосты. Ендігі
жерде басты орынға бұрынғы штамптанған жалпыға белгілі ұғым-түсініктер емес, әр ақынның
өзіндік романтикалық «қос әлемділігі» мен жеке шығармашылығының басқаға беймәлімділігін
танытатын «тылсымдығы» негізінде дүниеге келген символикалық ұғымдар қазақ әдебиетіне бірте-
бірте ене бастады.
Бір әдеби әдіс пен діни сенім аясында біріккен мұсылман символистерінің өзі жергілікті
ерекшелік пен дәстүр жалғастығы аясында мұқым мұсылмандық жағынан біртұтастықта
болғанымен, тарихи-мәдени алуандық, яғни пантүрікшілдік жағынан бір-бірлерінен дербестеніп,
ірге ажыратты. Сондықтан, оларды жеке – жеке қарастырар болсақ, онда ештеңке ұтпаймыз.
Қашанда бірлікте алынған нәрсе ғылми ақиқатқа бір табан жақын тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |