Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
246
арқылы тарады. Бұл деген – Шығыстың нәзік әлемінен бейхабар Батыс жұрты арқылы Омар
өлеңдерінің терең иірімдері бұрмаланды деген сөз. Бұрмаланған жоқ деп есептегеннің өзінде де ол
өлеңдердің мән-мағынасы ұзақ жылдар бойы теріс жағынан түсіндірілді.
Ислам әдебиеті мен мәдениеті Омар Хаямды ақын санамаған, мұсылман тарихында ол
атақты оқымысты, көрнекті ғалым ретінде қалған. Ал қазақ арасында керісінше ең атақты шығыс
ақындарының бірі деп санап, ғалым болғандығын біле бермейді. Омардың рубаилары әлемдік
әдеби даңққа өзі өлгеннен кейін араға жеті ғасыр салып жетті. Ақын рубайлары араб тілінен
ағылшын тіліне 1857 жылы тұңғыш рет аударылды. Осы аударма арқылы Еуропаға танылып, түрлі
тілдерге аудару үрдісі бірден белең алды. Ресейде араға 35 жыл салып, яғни 1891 жылы орыс тіліне
алғаш рет тәржімаланды. Осылайша алдымен ағылшындар, одан кейін орыстар Омарды исламға
қарсы шыққан ақын ретінде көкке көтеріп дәріптеп әкетті де, жұртшылықтың санасына ол зерделі
ғалым ретінде емес, «Алқаш философ», «басбұзар бүлікші ақын» ретінде там-тұмдап сіңірілу
дәуірі басталған сияқты.
Т.Тәшенов 2009 жылғы Айқын газетінің №238 санында жарияланған «Омар Хайямның ша-
рабы немесе ұлы шайырдың рубайларын қалай түсініп жүрміз?» деген мақаласында былай дейді:
«Кешегі кеңестік атеистік қоғам Омарды өте жақсы пайдаланды, оны «Құдайға сенбейтін дінсіз,
қожа-молдаларды аяусыз әшкерелеген» деп насихаттады. Діннен мақұрым жұрт «Омар – сұлу әйел
көрсе тұра алмайтын зинақор, шайханадан шықпайтын алқаш, құдайдан безген мұнафық, желөкпе,
әңгүдік ақын болған» деген жалған түсініктің жетегінде жүрді. Соған сай христиан шіркеуіндегі
шарапқұмар «орыс Хайямның» образы сомдалып, өлеңдері тек дастархан басында айтылу үшін
жазылғандай жеңіл қабылданып келді. Әрине, ол кезде Омар өлеңдерінің терең мән-мағынасы
ашылса, онда ол Кеңес қоғамында цензурадан өтпес еді және миллиондаған таралыммен басылмас
та еді...» [4].
«Бүгін бір ішейінші құйшы шарап!
Моламнан, өлсем, исі тұрсын тарап.
Тұсымнан қабірімнің өткен адам
Елітіп, естен танып, қалсын қарап.
Шараппен жуыңдар мен өлген күні,
Жоқтаңдар, шарапты айтып көмген күні.
Орнынан шарапхана мені іздеңдер,
Дүрілдеп ақырзаман келген күні»
(Қ.Шаңғытбаев аудармасы).
Бұл жердегі шарап көп жұрт ойлайтындай алкогольді ішімдік емес. Оның терең метафизикалық
мәні бар. Шарап – Алланың нұры. Шарап толы кесе (қалб) – жүрек. Яғни, Алланың нұрына бөленген
жүрек. Оған мас болу – Аллаға ғашықтықтан рухани ләззат кешу. Ал қыз (жар) парсы тілінен
аударғанда «дос» дегенді білдіреді. Ал әулиелер – Алланың достары. Америкалық дінтанушы
Т.Паркердің «Дін – махаббаттың ең жоғарғы формасы» деуі бекер емес. Омардың қыз құшып,
шарап ішуі, ол бұл жерде Аллаға деген ұлы ғибадатты, Құдайға деген ғашықтықты тұспалдап
отыр. Мұның бәрі сопылық поэзиядағы шартты түрде алынған тұнып тұрған образдар, теңеулер,
символдар.
Омар үшін шарап – дәрі, жүректің емі. Шарапсыз дүние – бос қараң, жүрек – іші бос қуыс
әншейін бір түйір ет. Шарап – ол жұмақ суы. «Іш дейді сондықтан да Омар ақын, - онсыз сен қайдан
келгеніңді, не үшін келгеніңді және қайда баратыныңды білмейсің. Іш, - дейді ол, - онсыз бұл
өмірдің ешқандай мән-мағынасы жоқ. Яғни Жаратқанды танымасаң, оның мейірім –шапағатынан
құр қаласың деп жұмбақтап отыр.
Кезінде Қожа Ахмет Яссауи да:
«Нұр дидарын ғашықтарға уәде қылды,
Ғашық жолына жаным қиып жүрдім міне.
Яссауи хикметінің қадіріне жеткіл,
Ғашық шарабынан бір тамшы татқыл», -
деп Алланың нұрына ғашық болып, ғашық шарабынан дәм татуды ұсынады. Ал Шәкәрім болса
«Менің жарым қыз емес, Хақиқаттың шын нұры» –дейді».
|