З.Ө. ИБАДУЛЛАЕВА
т.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, Астана қ., Қазақстан
ОРТА АЗИЯ ХАЛЫҚТАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ҚОЖАЛАРДЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ ТАРИХЫ
Бұл мақалада Орта Азия және Қазақстан тарихындағы қожалардың этникалық шығу тарихы
туралы баяндалады. Қожалар Орта Азия мен қазақ халқы арасында геналогиялық қатынасқа түспейтін,
сол халықтардың арасындағы субэтникалық топтардың бірі. Олар жергілікті халық арасында шартты
түрде «қожалар» деген атпен белгілі болды. Қожалар елдің рухани өмірінде мұсылмандық мәдениеттің
ең жоғарғы қызметшісі саналған. Сондықтан да Орта Азия мен қазақ халқы арасында мұсылман дінін
таратып уағыздаушы, әрі Мұхаммед пайғамбардың алғашқы халифтарының ұрпағы болып есептелетіндігі
туралы баяндалады.
Түйін сөздер: субэтнос, субэтникалық топ, қожалар, бабтар, ишандар, дін тартаушылар, овляд
және т.б.
Тарихи өзгерістер салдарынан ұмыт қалған дәстүр мен мәдениетті қайта жаңғырту, жан-жақты
зерттеу арқылы ұлттық құндылықтарды арттыру қазіргі кезеңде аса қажет екені даусыз. Бүгінгі
күнде этнологтардың зерттеу бағыттарының бірі, жалпы этнос құрамындағы белгілі бір этникалық
топтың болмысы болып табылады. Осы орайда этностың тұтас бейнесі мен ерекшелігін құрайтын
– этностың шығу тегі, оның басқа халықтармен қарым-қатынасы, туыстық байланыстары т.б.
мәселелерін зерттеу этнография, антропология ғылымындағы арнайы міндеттердің бірі.
Қазақстан тарихындағы қожалар, төрелер, төлеңгіттер сияқты субэтникалық топтардың
этногенезі мен этникалық тарихын және этномәдениетіндегі ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда
зерделеу қазақ этнографиясы үшін маңызды мәселелердің бірі. Қазақтар арасында генеалогиялық
қатынасқа түспейтін қожалардың этникалық шығу тарихы, саяси әлеуметтік құрылымы мәселелері
осы уақытқа дейін төл тарихнамамызда шынайы зерттеліп бір арнаға түсе алмай келген. Кейбір
зерттеулерде бұл мәселелер сыңаржақты, үстірт қарастырылған.
Қожалар өзіндік болмыс-бітімімен әдет-ғұрып, салт-дәстүріндегі ішкі этномәдени
ерекшеліктерімен дараланған субэтникалық топтың бірі. Қазақ қожалар қазақи этномәдени ортада
өмір сүргендіктен, олардың өзіндік әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тұрмысында кейбір ерекшеліктің
сақталғандығына қарамастан, сол халықпен сіңісуі де қоғамдық табиғи заңдылық.
Қазақстан тарихында қожалардың этникалық шығу тарихы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу
аймағында ислам дінінің енуі негізіндегі рухани процестермен тікелей байланысты. Орта Азия мен
қазақ халқының тарихындағы қожалар сол халықтардың арасындағы субэтникалық топтардың бірі
|