Дәрістің мақсаты: «Ерекше» балаларды білім беру кеңістігіне қосудың даярлық этаптары және Қазақстан Республикасы мен шетелдердегі инклюзивті білім беруді ұйымдастырудың құқықтық негіздерімен таныстыру
Кең мағынадағы инклюзивті білім беру – кедергілерді жоюға және оқыту процесіне ерекше оқытуды қажет ететін барлық адамдарды қосу мен сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында оларды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған білім беру процесі.
Инклюзивті білім берудің дамуы инклюзивті саясат пен тәжірибені жетілдірусіз және инклюзивті құндылықтарды жүйе деңгейіне толық, сондай-ақ олардың жеке институттары деңгейіне ендірусіз мүмкін емес. Инклюзивті білім беру әр адамды түрлі жолдармен белсенді инклюзиялауды, дербестендірілген ықпалды және ерекше оқытуды қажет ететін тұлғаларға білім беру процесіндегі кедергілерді жою негізінде оқыту мен оқу ортасын жетілдіру арқылы тең мүмкіндіктер жасауды көздейді.
Осыған байланысты инклюзивті білім беру түбегейлі өзгерістер жасауға және білім беру мақсатын қайта бағдарлауға ықпал ететін инновациалық процестердің «кристалдану орталығы» болуы тиіс.
Мектепке дейінгі, жалпы орта, кәсіптік және қосымша білім беру жүйесінде қағидаттық өзгерістерді айқындай отырып, инклюзивті білім берудің мынадай стратегиялық бағыттарын көрсетуге болады:
инклюзивті білім беруді дамытуға арналған жағымды жағдайларды қамтамасыз ететін институционалдық ортаны жетілдіру;
ерекше оқытуды қажет ететін адамдарға сапалы білім берудің қол жетімділігін қамтамасыз етудің ғылыми-педагогикалық, кадрлық және оқу-әдістемелік әлеуетін нығайтудың негіздерін әзірлеу;
мектепке дейінгі жастағы балаларға ерте бастан диагностика жасау және түзету-педагогикалық қолдау жүйесін дамыту;
мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды кәсіби-еңбекке даярлауға қажетті жағдай туғызу;
инклюзивті білім беруді дамытудың теориялық және әдістемелік мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу.
Инклюзивті білім беруді дамытудың мақсаты - барлық категориядағы тұлғалардың сапалы білім алуға тең құқығын жүзеге асыру.
Инклюзивті білім беруді дамытудың негізгі міндеттері:
инклюзивті білім беруді дамытудың нормативтік-құқықтық және ұйымдастырушылық-экономикалық негіздері мен тетіктерін жетілдіру;
инклюзивті білім беруді дамытудың әдіснамалық, оқу-әдістемелік негіздерін жетілдіру (оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді бейімдеу және модификациялау, оқу жетістіктерін бағалаудың критериалдық жүйесін ендіру);
білім алушылар өздерін мектеп қоғамының белсенді мүшесі есебінде сезінетіндей, өзін-өзі жоғары бағалайтындай, оқуға ынтасы артатындай және әлеуметтенетіндей дербестендірілген түзету-педагогикалық және әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету, қолайлы білім беру ортасын жасау;
«кедергісіз қолжетімді орта» құру және білім алушыларды компенсаторлық құралдарымен қамтамасыз ету;
инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын ұйымдарды кадрлық қамтамасыз етуді жақсарту;
ерекше оқытуды қажет ететін тұлғалардың техникалық және кәсіптік, жоғары білім деңгейлерінде білім алуын жалғастыруына және болашақта кәсіпті игеруіне жағдай туғызу;
инклюзивті білім беру саласында қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізу.
Достарыңызбен бөлісу: |