Жұмыстың құрылымы мен көлемі. Дипломдық жұмыс кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жалпы көлемі 75 бетті құрайды.
1 СЫН ЕСІМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ
1.1. Сын есімнің дүниетанымдық және лингвистикалық сипаты
Қазақ тілінде сапа – іргелі, негізгі концептілердің бірі, заттар әлемін танудағы негізгі ұғым болып табылады. Бұл сапа концептінің грамматикалық объективтенуінен де байқалады. Сапалық белгіні білдіретін сөздердің грамматикалық топтарын сын есім категориясының түзілуіне негіз болады.
Сын есімдер арқылы адам бейнесін сипаттауда адамның өзін қалай танитынын көрінеді. Сын есімдер заттың, болмыстың сапасын білдірумен қатар сапаның түрлі белгілерін нақтылай түседі. Сын есімдерде халықтың белгілі бір қауымдастықтың көп ғасырлық тәжірибесі болып табылады. Қазақ тілінде сын есімдер грамматикалық көрсеткіші бар, ерекше парадигма түзген дербес грамматикалық топ ретінде қалыптасты. Қазақ тілінде сын есімдер ертеден қалыптасқан грамматикалық қатарына жатады, заттардың белгілерін (сапалық, қатыстық сын есімдер арқылы) көрсете отырып, зат есімдерді айқындайтын сөздер тобы ерекше категория ретінде қалыптасады. Ол зат есімдерді айқындай отырып, жиі қолданылумен және көптілігімен ерекшеленеді.
Сын есімдер арқылы адам бейнесі айқын көрінеді. Тілдің антропоөзектік ұстанымы сын есімдердің лексика-семантикалық жүйесінде айқын көрініс тапқан. Адамның тілдік бейнесі сыртқы (анатомиялық) және ішкі (интеллектуалды, адамгершілік, ментальді, эмоционалды) параметрлері бойынша айқындалады. Адам бейнесі көбінесе ішкі (ментальді) сипатына негізделеді. Қазақ ғаламының тілдік бейнесінде адам сыртқы және ішкі қырларымен тұтастықта (ұлты, жасы, әдеті, мінезі) сипатталады. Ғаламның тілдік бейнесінің көрсеткіші ретінде сын есімнің ерекшелігін зерттеу арқылы адамның ақиқат болмысты тану ерекшеліктері көрінеді, тілдік таңбада көрініс тапқан ғалам бейнесінің санадағы көрінісі байқалады. Сын есімдер адамдардың когнитивті тәжірибесінде ерекше мәнге ие, себебі ол тілдік санада шынайы болмыстың атрибутивті «портретін» қалыптастырады. Сын есім семантикасы «сапа» концептінде көрініс табатын белгілер жиынтығы ретінде әлем туралы білімдердің көрінісі болып табылады; онсыз адам затты тани алмайды, яғни заттың белгілерін, ерекшелігін анықтай алмайды. Сын есімдер сөйлесімнің мәні ғана емес, сонымен қатар әлемді танып-түсінудің де негізі болып табылады. Заттың белгісін білдіретін сөз табы ретінде сын есімді когнитивті тұрғыдан сипаттап, семантикалық және лингвомәдениеттанымдық ерекшеліктерін айқындау арқылы «сапа» концептінің өзіндік сипаты айқындалады.
Әлем этномәдени ерекшеліктерге байланысты түрліше танылып, түрліше сипатталады. Қазақ ғаламының тілдік бейнесінің өзіндік ерекшелігін түзіп, осы категория арқылы берілетін болмыс қазақ дүниетанымындағы орнын көрсетеді. Сол себепті сын есімдердің тілдің грамматикалық құрылымдағы орны ерекше. Қазақ тіліндегі сын есімдер ғаламның тілдік бейнесінде «сапа» белгісін білдіреді. Сын есімдерде белгілі бір зат туралы ақпарат берілумен қатар оның өзіндік белгісін, ерекшелігін де көрсетеді. Қ.Жұбанов сын есімді былайша сипаттайды: «Сын есім деген заттың не істің сыпат белгісін көрсететін, шырай үстеулері мен үстеуіштерін ертетін, зат есімге де, етістікке де анықтауыш бола алатын, анықтауыш болғанда анықталушысы мен өзінің арасына зат есім анықтауышты амалсыз салатын, сан есім анықтауышты еркін салатын түбір...» [2].
«Сапа» концепті қазақ ғаламының тілдік бейнесінде түрлі тәсілдермен беріледі. «Сапа» концептінде қоршаған әлем туралы ақпарат көрініс табады. Қоршаған ортаны адам сезім мүшелері арқылы қабылдап, түйсінеді. Ғаламның сапалық белгісі сенсорлық жүйе арқылы байқалады (иіс, дәм, көру, есту, сезіну). Адамның сенсорлық қабылдауы А.Байтұрсынұлы еңбектерінде толық қамтылған: «Зат тегінде екі түрлі: біреулері – көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар, екіншілері – көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар. Сол деректі һәм дерексіз заттардың атын көрсететін сөздерді зат есім дейміз». Ғалым тұжырымдары Н.Уәли еңбектерінде де сабақтастық тапқан, зерттеуші сенсорлық қабылдау дәмбейне, иісбейне, көзбейне, тәнбейне (ыстық, суық, қатты, жұмсақ т.б.), естілімбейне арқылы жүзеге асатынын айтады [7, 49-б.]. А.Байтұрсынұлы, Н.Уәли, Қ.Рысберген еңбектеріндегі адамның сенсорлық қабылдауына қатысты жіктеулерін оқулық авторлары ескеріп, деректі және дерексіз зат есімдерді топтастыруда сезім мүшелері түгел қамтылуы керек деп ойлаймыз.
«Сапа» концептінің қазақ ғаламының тілдік бейнесінде «орталық – шет ұстанымы бойынша сараланған өріс құрылымы бар. Қазақ тілінде көзбен көруге болатын, сезуге болатын (түрі), эмоционалды-ментальді сын есімдер жиі кездеседі, естілетін, дәмді білдіретін, иіс мүшелері арқылы байқалатын белгілерді сипаттайтын сын есімдер әлдеқайда аз. Басқа сезім мүшелері арқылы сипатталатын, сын есімдермен салыстырғанда, иісті білдіретін сын есімдер біршама нақты. Мысалы: Бұлардың қызметтері: пәтер ісін, азық-түлік иісін басқару, босқындардың санын, атын-жөнін жазу, киіндіру, балаларын оқыту, қызмет тауып беру, керек орнында жөн көрсету, ауруларын емдету һәм жәрдем ақ шараларға не болып, тиісті орнына беріп тұру (М.Дулатов, Шығ.). Дәні ащы, иісі бас айналдырады (М.Қажымұратов, Пайдалы өсімдік.). Жоңышқа, жусан, тарлауыт, бетеге сияқты жақсы шөптер бұл жақта кенжелеп пісіп, жаздың орта шенінде ғана бас жарып, хош иісін таратады (Ж.Жұмақанов, Үш бәйтерек).
Көп жағдайда иістің белгісі заттың өзімен бірге сипатталады: гүл иісі, түтіннің иісі, хош иіс, жұпар иіс... Сондықтан аңқыған, мүңкіген, сасық, бықсық, бұрқыраған сияқты сын есімдер тіркескен сөзімен жанаса, қабыса байланысса, зат есім матаса байланысқанмен, анықтауыштық қатынаста жұмсалады (гүл иісі, түтін иісі, жусан иісі). Дәмді білдіретін сын есімдер көбінесе жалпы мәнде келеді. Бұл – «сапа» концептінің берілу ерекшеліктері.
Сын есімдерден когнитивтік үдеріс ретіндегі тілдік концептуалдану және категориялану ерекшелігі айқындалады. Сапа категориясы танымның маңызды категориясы болып табылады. Сөздердің адъективті тобы қазақтың дүниетанымын, әлемді тану ерекшелігін көрсетеді. Сын есімдердің этномәдени сипатын айқындаудың маңызы ерекше. Этномәдени семантика, атрибутивті лексиканың грамматикалық тобын талдау арқылы ғаламның тілдік бейнесі айқындалады. Сол сияқты қазақты құраған ру-тайпалардың өте әріде болған тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығының жақсы дамып отырғандығына қарай қазақ тілінде малға қатысты сөз қазынасы өте мол.
Тілдің концептуалды жүйесі әркелкі, әртүрлі концептілер жиынтығынан құралады. Қазақ тілінде сапа негізгі (іргелі) концепт болып табылады, сол арқылы грамматикалық объективтену ерекшеліктері көрінеді. Объективті болмыстың сапалық ерекшеліктерін білдіретін сөздердің грамматикалық тобы қалыптасады. Қазақ тілінде сын есімдердің ерекше грамматикалық формалары бар, бұл концепт қазақ ментальділігі үшін ерекше маңызды. Қазақ тіліндегі сын есімдерге талдау жасау негізінде когнитивті тіл білімінде грамматикада іргелі, негізгі концептілердің көрініс табатынын байқауға болады. Қазақ тілінің ғаламның тілдік бейнесінде «сапа» концепті өзіндік өріс құрылымы бар өріс орталығын құрайды.
Ғаламның тілдік бейнесіндегі адамның түсінігі – адамды сипаттау арқылы оның жас ерекшелігі, ұлты, әлеуметтік күйі, мінезі т.с.с. көрінеді. Сын есімдердің семантикасы арқылы стереотипті ассоциациялар (баламалар) айқындалады. «Сапа» концептінен сөйлеушінің психологиялық «мені», көзқарасы, ұстанымы анық байқалады. Н.Уәли бастапқы номинатив (үлкен ат) пен қосалқы номинативті (есік пен төрдей ат) өзара салыстырып, өзіндік ерекшеліктерін ете келіп: «Бастапқы номинатив те, қосалқы номинатив те ақиқат дүние үзігін бейнелейтін таңбалар. Бірақ бастапқы номинативтер субъектінің ақиқат дүние үзігіне салғырт қатынасын, бейтараптығын білдірсе, қосалқы номинатив субъектінің (сөз субъектісінің) белгілі бір объектіге белсенді қатынасын білдіреді. Субъектінің белсенділігі тілдік таңбадағы коннотатив мағына арқылы айқын аңғарылып тұрады... Ғаламның тілдік бейнесібейнеленетін объектінің ғана емес, оны бейнелеуші субъектінің позициясына байланысты. Осымен байланысты әлеуметтік-типтік позициялар жүйесі, көзқарас, баға беру тәрізділер таңбалық бейнелеуде ұлттық ерекшелік ретінде қоса жүреді», – деген тұжырым жасайды [7, 52-б.].
Қазақ салтында жақсы мінез – адамның кісілігін танытатын негізгі қасиеттердің бірі. Қазақтың тілдік бейнесінде адамның мінезін сипаттайтын лексикалық бірліктер көп: қатал, қатыгез, тасжүрек, көңілді, ақкөңіл, мұңды, мейірімді, шыдамды, сабырлы, ашушаң, жылауық, ашушаң, тырысқақ, ұрысқақ, жалқау, әсершіл, әсемпаз. Адамның сыртқы түрін, келбетін бейнелейтін сын есімдермен салыстырғанда, эмоцияны білдіретін сын есімдердің нақты, денотатпен байланысы айқын көріне бермейді. Мұндай сын есімдер адамның ментальділігін (қабілетін) сипаттап, эмоцияның берілу тәсілдерін бейнелейді: көңілді, мұңды, жылауық, еркетай. Болмысты тану субъективті сипатта болатындықтан, болмыс белгілері (үлкен, кіші ұзын, қысқа, биік, аласа) түрліше берілуі мүмкін. Сапаның белгіні тануда салыстыру салыстыру, ұқсату ерекше орын алады: таудай, еңгезердей, жапырақтай.
Қазақ халқы әсіресе түс атауларына ерекше бай. Жылқы, ешкі, түсіне байланысты атауларды (қылаң, боз, күрең, жирен т.с.с.) басқа тілдерге аудару қиынға соғатыны белгілі. Сонымен қатар қазақ тілінде белгілердің коллокациясы да ерекше орын алады. Мұндай белгілер әртүрлі параметрлерге негізделіп, әртүрлі сипатты білдіреді. Яғни әртүрлі сапалық белгіні білдіру үшін бір сын есім қолданылады. Мысалы: ащы сын есімі тағамның дәмін білдіру үшін қолданылумен қатар шығырып, құлақты жарып шыққан дауысты (ащы дауыс) білдіру үшін де қолданылады. Сол сияқты қатты сөзі де заттың сапалық белгісін, тығыздығын, жұмсақ еместігін білдірумен қатар мінездің қаталдығын да білдіре алады. Сын есімдердің бұл белгісі тілдік тұлғаның когнитивті ерекшеліктерін танытады. «Сапа» концепті қазақ ғаламының тілдік бейнесін сипаттауда ерекше орын алады, ол қазақ ділінің этномәдени сипатын көрсетеді. Сын есімдер арқылы адам бейнесі сипаттаған кезде адамның ақыл-ойы, мінезі, тұр-келбеті тұтастықта сипатталады.
Н.Оралбай сын есімдерді мағыналық ерекшеліктеріне қарай былайша жіктейді:
Заттың түсін білдіретін сын есімдер: ақ, қызыл, қара, көк, қоңыр, жасыл, сары, теңбіл, ала т.б.
Заттың дәм белгісін білдіретін сын есімдер: тәтті, ащы, қышқыл, дәмді, тұщы т.б.
Заттың иіске қатысын қатысын білдіретін сын есімдер: иісті, хош иісті, сасық т.б.
Заттың көлемдік белгісін білдіретін сын есімдер: үлкен, кіші, ұзын, қысқа т.б.
Заттың мезгілдік белгісін білдіретін сын есімдер: қысқы, жазғы, күзгі, түнгі, кешкі т.б.
Адамның келбетін білдіретін сын есімдер: әдемі, келбетті, түрсіз, ұсқынсыз, сұлу, көрікті т.б.
Адамның мінез-құлқына қатысты белгіні білдіретін сын есімдер: әдепті, әдепсіз, жуас, топас, жеңілтек, тәртіпсіз, зұлым, мейірімсіз, қатал т.б.
Заттың физикалық белгісін білдіретін сын есімдер: қатты, жұмсақ, берік т.б.
Заттың сыртқы тұлғасын (формасын) білдіретін сын есімдер: үшкір, төртбақ, сопақ, дөңгелек, жалпақ, ұзынша т.б.
Заттың салмақ белгісін білдіретін сын есімдер: жеңіл, салмақты, ауыр т.б.
Адамның ақыл-ой белгісін білдіретін сын есімдер: ақылды, парасатты, надан, көргенсіз, көргенді, сауатты, сауатсыз т.б.
Заттың мекен белгісін білдіретін сын есімдер: үйдегі, қаладағы, таудағы, ауылдағы т.б.
Теңеу сыны: ақындай, баладай, таудай, инедей т.б.
Көңіл-күй сыны: көңілді, көңілсіз, шат-шадыман, тұңғиық, қайғылы, ренішті т.б.
Қалып сыны: ашық, жабық, құрғақ, жұмсақ, қатты, қалың, жұқа, сирек, жиі т.б.
Адамның сыртқы бейнесіне қатысты сындық белгілер: толық, арық, жуан, жіңішке, төртбақ, тапал, қысқа т.б.
Сонымен, сапа заттар әлемін сипаттауда маңызды орын алады. Зат атаулының бәрі де қандай да ерекшелікке, сапаға ие, әрқайсының өзіндік белгісі бар. Адам заттың белгісін, сапасын танып-түйсіну арқылы сол заттың өзін, оның қасиетін, басқалардан ерекшелігін түсінеді. Адамның айналасын, болмысты табу үшін сапа категориясының орны ерекше. Себебі заттың сапасын, белгісін тану арқылы адам болмысты жекелеген бөлшектерін танып, оны біріктіріп, топтастыра алады; белгілеріне қарай өзара қарсы қойып, ғалам бейнесін түзеді. Затты, құбылысты толық түсіну үшін оның өзіндік ерекшелігін, қасиетін, басқа заттардан айырмашылығын білу керек. Адам әлемді жекелеген заттардың белгісі арқылы қабылдап, атрибутивті портретін түзіп, түйсінеді. Сол себепті тіл құрылымында сын есімдер ерекше орын алады. Қазақ әлемінің атрибутивті репрезентациясы алуан түрлі жолдармен беріледі. Бұл да «сапа» концептінің қазақ халқы үшін қаншалық маңызды екенін танытса керек. Сол арқылы сын есім категориясы басқа сөз топтарынан ерекшеленіп, жеке категория ретінде бөлініп шықты.
Достарыңызбен бөлісу: |