Партия қатарында болмаса да ХХ ғасырдың басында-ақ өзінің қайраткерлігімен көзге түскен қазақтың қаламгер қыздарының бірі – Нәзипа Құлжанова.
Нәзипаның орысша білім алып, өз пікірімен сүйген азаматына тұрмысқа шығуы жайлы деректерді 1982 жылы Ленинградтағы Орталық Мемлекеттік архивтен тауып алдық. Ішкі істер министріне қазақ даласындағы әйелдер оқу орны жайын баяндаған бұл архив қағазы қазақ қыздарының аянышты өмірін бейнелеумен бірге, Нәзипа Сағызбаеваның (қыз кезіндегі фамилиясы) өмірінен сыр шертеді.
Енді сол архив қағаздарының аударма нұсқасының өзімен танысып көрейік:
«Торғай облысындағы бірден – бір оқу орны – Қостанайдағы орыс – қазақ әйелдер прогимназиясы, өзінің аз ғана, сегіз жылдық шамалы уақыттың ішінде алдағы уақытта қызмет істей алатынын көрсетті. 14 адамды халық мұғалімі етіп оқытты. Осы гимназияда жиыны 5 қазақ қызы оқыды.
Сағызбаева Нәзипа прогимназияның барлық төрт жылдық курсын бітіріп шықты. Сабақты өте жақсы оқыды, тәртібі де сондай тамаша болды. Курсты бірінші оқушы болып аяқтады. Прогимназияны бітірген соң, ол өткен жылдың июнь айынан бастап Торғайдағы әйелдер училищесіне көмекші мұғалім етіп тағайындалды. Оның ата-анасы кәрі және кедей адамдар еді, қазақтың әдепкі салтымен, ертерек қызын айттырып, қалыңмалын алып қойған екен. Оған, әрине Сағызбаева сатылған адам ретінде, өзі тіпті танып-білмеген адамға күйеуге шыққысы келмеді, қалыңмалын қайтарып беруге қаражаты болмады. Сол себептен Нәзипа облыстық әскери губернаторға арызданып, осы жағдайдан құтылуға көмек сұрады. Мұндай көмекті алды да. Сағызбаева ерікті түрде Жетіғара – Шұбар болыстық мектебінің мұғалімі болды. Мұғалімдер мектебінде орысша білім алған, оқу орнына белгілі, интеллигенттер қауымына мәлім Құлжановпен сөз байласып, тұрмысқа шықты.
Сағызбаева туралы ерекше айтуға болады. Болашақ мұғалім, ол өзі сүймеген адамнан өз басын арашалап сатып алу үшін қазынадан қарыз сұрап әрекеттенді және орысша білім алған, мұғалім болып істейтін адамға тұрмыстануға талпынды. Осы жағдайдан көрініп отырғандай, орыс білімі – қазақ әйелдерінің ой-санасына әсер етіп қаншалықты өзгеріс енгізгенін дәлелдейді».
Семей қаласына келіп орналасқан Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар мұғалімдер семинариясында қазақ тілінен сабақ береді. Георгий Михайлович Хомутов 1906–1908 жылдары Құлжановтардың үйінде тұрып семинарияда оқығанын, Құлжановтардың өте жоғары мәдениетті, білімді адамдар екенін айта келіп, мен қазақ тілін жақсы оқыдым, маған Құлжанов бестік бағасын қоюшы еді. Семинарияны бітірген соң маған өздерінің бірге түскен суреттерін өз қолтаңбаларымен ескерткішке беріп еді деп есіне алады.
Нәзипа Құлжанова 1923-25 жылдары «Қызыл Қазақстан» (кейін «Қазақстан коммунисі»), қазіргі «Ақиқат» журналының жауапты хатшысы болды. Нәзипа «Қызыл Қазақстанның» 1922 жылғы 12-санында жарияланған «Октябрь төңкерісі және қазақ әйелі» атты мақаласында: «Бұрынғы қазақ халқының ешкімге бағынбай өз күнін өзі көріп, кең сахарада мал бағып, еркін жүрген заманында қазақтың әйелдері еркін, қайратты тіршілік күресінде ерлерге шын жолдас болған. Қандай қиын-қыстау жерлерде ақыл беріп, айла тапқан әйелдер болған. Әсіресе, бұрынғы заманда сол қиын шаруаның ыстық-суығына бірдей төзіп, сол заманның әйелі еркекпен қатар қол ұстасып қызмет еткен: «Алып – анадан, ат – биеден» деген мақал осы сөздерді тірілтсе керек, – деп жазады. Осы бір үзіндінің өзінен-ақ Нәзипаның тереңнен толғайтын, байыпты да байсалды сөз саптауын аңғаруға болады. Ол қазақ әйелінің өткен тарихына біржолата топырақ шашпай, оның қоғамдағы үлкен беделінің де болғандығын атап көрсетеді».
«Қызыл Қазақстанның» 1922 жылғы 13-санындағы «Қазақ әйелдеріне» деген мақаласында Нәзипа бостандық, теңдікке қолы жеткен қазақ қыздарын серпілуге шақырады. Автор әйелдердің халықаралық мейрамы 8 наурызды айт мерекесімен салыстырады. Екі қолды бірдей төбеге қойып діннен, дәстүрден безген заманда мұндай салыстыру жасау автордан азаматтық өжеттікті талап етеді. Нәзипа қазақ әйелінің ұғымына жеңіл болу үшін 8 наурызды қасиетті айт мерекесіне теңейді. Осы мақаласында ол бірнеше рет данышпан Абайға жүгініп, оның өлеңдерінен мысал келтіреді. Абайды «байшыл, феодалдық заман ақыны» деп қаралап жатқан кезде Нәзипаның ұлы ақынды дәріптеуі де, оның қаламгерлік, қайраткерлік позициясының айқындығын, беріктігін дәлелдейді. Осы журналдың 1924 жылғы 10-санында жарияланған «Октябрь төңкерісі құрбандарына» деген мақаласында Нәзипа: «Қазақстан үкіметі қаз тұрған баладай жаңа аяқ басып келе жатқан кездерінде түрлі-түрлі қиындық кеселдер көп кездесті. Кеңестер одағының бастан кешкен формалдылықтарының бәрін де өз әлінше көтерді», - деп Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды да ашып көрсетеді.
Нәзипа Құлжанованың бала тәрбиесіне байланысты педагогикалық тұрғыда жазған бірнеше кітаптары бар екені де анықталып отыр. Қазақстан өлкелік әйелдер бөлімі мен Қазақстан Оқу комиссариатының тәрбие бөлімінің тапсыруымен 1923 жылы «Мектепке дейінгі тәрбие» деген кітабы Орынборда 4000 дана тиражбен басылып шығыпты.
Кітаптың «Сөз басы» деген алғысөзінің оралымды ой-толғанысының сілтемесінен-ақ Нәзипа Құлжанованың адамзат тарихының арғы-бергі даму процесіне көз жүгірте отырып, жаңа қоғамдық формацияның адам тәрбиесіне жаңаша мән беріп, зор қоғамдық мақсат қойып отырғанын дұрыс баяндайды:
«Адам баласының дүниеде өмір шеккен тарихына қарасақ, бұрынғы адамдардың тіршілік етуінің түрі мен қазіргі адамдардың тіршілігінің айырмасы жер мен көктей. Қазіргі баланы бастан тәрбиелеу керек, өнер-білімге тәрбиелеу керек деп отыр. Бала дұрыс тәрбиемен өссе, тіршілік ісіне икем, бейнесіне бекем болады», - дейді Нәзипа.
Нәзипа кітабының құндылығы – сөз басында айтқанымыздай, кеңес өкіметі орнасымен жаңа адамды өсіріп, тәрбиелеу ісі туралы Коммунистік партия алға қойған саясатты қазақ еліне, халық ортасына бірінші болып таратуы. Бүгінгі қолданылып отырған тәрбие түрлерінің алғашқы бастамасының негізін ана тілінде сөз етіп, түсіндіріп, жол көрсетіп кеткен – Құлжанова. Нәзипа бүгін де еліне сол еңбегімен құнды. Сол еңбегімен ұмтылмайтын қадірлі қалпында есте сақталады.
Нәзипа – сан қырлы талант иесі. Ол қазақтың алғашқы педагог қыздарының бірі ғана емес, сонымен бірге тұңғыш педагог – ғалым қызы да. Ол аудармашылық өнермен де айналысты. Оның бұл саладағы сүбелі еңбектері ретінде Г.В. Короленконың «Күн тұтылғанда» және В. Лавреневтің «Қырық бірінші» атты повестерінің аудармасын атауға болады. Нәзипаның өзі көркем проза саласында еңбек етіп, «Есіл қыз-ай», «Маржан» атты әңгімелер жазды. Ол орыс географиялық қоғамының мүшесі ретінде қазақ халқының тұрмыс-салт, әдет-ғұрыптарын, ауыз әдебиеті мен фольклорлық шығармаларын зерттеп, оларды кеңінен насихаттаумен айналысты. Ол 1920-24 жылдары А.Бимбоэс пен қазақ музыкасының әйгілі зерттеушісі А. Затаевичке Абайдың бірнеше әндері мен қазақтың халық әндерін айтып, нотаға да түсірткен. Мұның бәрі Нәзипаның шын мәніндегі сан қырлы талант иесі болғандығының айқын айғағы.