Ќазаќстан республикасы білім жѕне ѓылым министрлігі



бет21/26
Дата21.06.2023
өлшемі445,5 Kb.
#102803
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26
Байланысты:
Қазақ аруы хрестоматия

Шара Жиенқұлова


Мен осы Алматыда 1912 жылы дүниеге келіппін. Тамыздың мәуелеген дүрия кезі болса керек. Менің әкем Баймолда Жиенқұлұлы үш ағайынды кісі: ағасы Байбұлан, інісі Нұрымбай. Қарқаралы уезі, Шұбартау болысынан ертеректе көшіп келсе керек. Әкем жеті жасында әке-шешесі өліп жетім қалады. Сосын ағайынды үшеуі қол ұстасып, керуеншілерге ілесіп Балқашқа келеді. Одан Іледе балық тартқан балықшыларға жалданып (бірі түйесін жетектеп, бірі жем беріп дегендей) осы Іле бойында қалып қояды. Үлкен атамыз Байбұлан көпеске приказчик болып жұмысқа тұрады. Ал менің әкем көпестің егінін оратын малайы боп жалданады. Бірде шалғымен аяғын орып алады, сол аяғы ақыры тыртық боп бітеді. Кейіннен біздерге:


- Мен мұны өмірбақи ұмытпаймын! - деп мұңая әңгімелеп беретін.
Үлкен атамның үйі қаланың ортасында, бес бөлмелі бау-бақшалы, қорасы кең болатын. Біздің үй Тәшкен алаңынан төмен (қәзіргі сексеуіл базасының маңайы) екі ауызды шағын, бірақ қорасы кең еді де, аулада ылғи тері-терсек, қара-қызыл түлкі, күзен, бұлғын терілері кептіріліп, иленіп қара шыбын қаптап, ашыған айран мен ұрпақтың иісі мүңкіп, маңайынан өте берген біздер мұрнымызды басып, тұншыға жаздап өтетінбіз. Өйткені, атам үкіметтен ақша алып, оған елден жүн-жұрқа тері-терсек, мал жинап қазынаға өткізетін дайындаушы еді. Біздің үй өзінше бір кәсіпорын, даярлау конторы секілді. Бірақ атам ешуақыт дүкен ұстап саудагершілік жасаған кісі емес. Мұны айтып отырған себебім, байыбына бармастан «Шараның әкесі дүкен ұстаған көпес, саудагер болған екен» лақаптың еміс-еміс құлаққа шалынып қалатын кездері болған еді.
Әкем Баймолда екі әйел алған: бәйбішесінен он төрт қыз туған. Ұл болмағанына қапаланып, сақалынан жасы сорғалап жүргенде, менің шешем Тыныбаламен кездейсоқ ұшырасады. (Оның тарихын кейінірек айтамын). Он бесінші қыз болып дүниеге мен келіппін.
Алайда, Тыныбала шешем оның сүйіп қосылған жары болғасын онша ренжімейді, көпіртіп, ат шаптырып, той жасайды. Он алтыншы қызы Хадиша туғанда сақалын жұлып жылапты деседі:
- Жасым болса жер ортасына келді, орнымды оңалтар ұл бермеген құдайға не дейін?.. - деп зар еңірегенде, тыңдаушының сай-сүйегі сырқырап, шешелеріміз үйден қашып шығады екен.
Бәйбішеден көрген он төрт қыздың үстіне біз, Хадиша екеуміз құйрық тістесе туғанда атам «артымда қалатын ұлым жоқ» деп нали-нали, ақырында апам екеуі Әулиеатаға барып, сол жерде әулие деп аңыз тарап кеткен белгі басына түнеп, мал сойып тасаттық жасайды. Апам біразға шейін бала көтермей қалады, атам одан сайын налиды, ақырында апам екі ұлды қатарынан туады. Атам қуанғанынан бар малын шашып үлкен той жасайды, сөйтіп біраз қорынан ажырап қалады. Жоқ нәрсеге жүнжіп, таусылып көрмеген ол «екі қолға бір жұмыс» деп ежелгі кәсібінде жүре береді. Апам кейіннен тағы құрсақ көтереді, ұл туады. Әнуарбек, Жорабек, Талғатбек атты ұлдары болғасын атам көңілденіп, шайқала бастаған тұрмысын қайта қаз тұрғызады. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деп отыратын еді ол кісі екі сөзінің бірінде.
Мені жетіге келгенде молдаға оқуға берді.
Бір күні үлкен атаның баласы Сұлтан аға үйге кіріп келді. Бұл кісі біздің үйге өте сирек келетін. Жетісуда совет өкіметін орнатуға белсене қатысқан, комсомол, баспа-ағарту жұмыстарында белсенді қызмет атқарып жүрген оны біздің туысқандар «балшабек» деп әрі сыйлайтын, әрі сескенетін де.
-Ассалаумалейкүм, Орта-аға! - деді. (Менің әкемді үлкен атаның, кіші атаның балалары осылай деп атайтын).
-Уағалайассалам, балам, кәне төрлет! - деп атам қауқалақтай төрден орын беріп, балаларға: «шыға тұрыңдар» деді.
- Орта-аға, Шара қалсын сізбен сөйлесетін әңгіменің өзі де осы Шара жайында.
- Иә, балам, тыңдайын, жақсылық болар сенің бұл келісің.
- Айтсам-ауырлау айтам, Орта-аға, көңіліңізге алмаңыз...
- Е, неде болса айт. Сөзден жарылған қазақты көргем жоқ.
- Орта-аға, заман өзгерді, жаңа заманда тек оқыған, білім алған адамның ғана бағы жанады. Сіз болсаңыз картайдыңыз, кәрі қойдың жасындай жасыңыз қалғанда балаларды молдаға оқуға беріп шатастырмай-ақ қойыңыз. Ол оқу ешкімнің көсегесін көгертпейді. Болашақ - орыс оқуын оқып, оның білімі мен ілімін меңгергендікі.
Өңі қуарып кеткен атам біразға шейін тілге келе алмады. Еңселі, иықты бойы бүгіліп, қақпақтай жауырыны дір етті. Ағаның қасында отырған менің де тұла бойым қалшылдап кетті. Сәлден соң, әншейінде, ұстаның көрігіндей гүрілдеп сөйлейтін даусы қожырап:
- Несін айтасың, балаларымды бағуға хәлім жетеді, - деді екі қолын кеудесіне қусырып.
- Жоға, Орта-аға, сіз мені әлі де түсініңкіремей отырсыз. Тым құрыса, балалардың қамын ойласаңызшы! Шараны орыс мектебіне беріңіз!
- Астапыралла! Қыз баланы бөтен оқуға беру деген не сұмдық! Қой, айтпа ондайыңды! - Атамның үні қатты естілді ме, ауыз үйде шай қамдап жүрген апам есіктен бас сұқты.
- Осыны айтайын деп келдің бе? - деді оқты көзімен шаншыла.
- Иә, ауырлау айтам дедім емес пе о баста? Мейліңіз, тек Шараның обалына қалмаңыз! - деді де Сұлтан аға менің басымнан сипап орнынан көтеріле берді.
Шайға да, асқа да қарамай жүре берді, онысына үйдің іші абыржып қалды. Атам сақалын салалап, бір қуарып, бір бозарып көп ойланды. Қасында үнсіз отырып қалған мені апам тысқа шақырып алып:
- Шаражан не деп кетті ағаң? Атаң неге ренжіді? - деді.
- Сұлтан ағам маған орыс оқуына барасың деді,- дедім. Сол кезде атамның жөткірінгені естілді, бұл «бері келіңдер» деген хабар, бәріміз төргі үйге жөңкілдік. Алдымен апам, одан соң мен, менен кейін Хадиша, сосын ұсақ балалар. Атам сол баяғы сақалын салалап, төмен қарап тұқшиып отыр екен.
- Иә, ойланбасқа болмас енді. Бұлардың айтып отырғаны тегін емес.
Ол ішкі ойын күбірлеп айтып отырды. Бәріміз жәутеңдеп бетіне қарап қаппыз. Мен шыдай алмадым:
- Ататай, мені енді молдаға жібермеңіз, молдадан оқымаймын!...
- Жоқ, балам! Ең әуелі молдадан да оқып құранды бір аударасың. Онсыз күпірлік болады. Ал мектебіңе ертеңнен бастап бара ғой. Тақа болмаса, үйге орыс мұғалімін жалдаймын, мектепті тездеп бітіріп, үлкен оқуға, гимназияға түсесің!
Көзім жайнап салды, атамды құшақтай алдым.
Рас, менің биік шырқау дауысым жоқ, әнді бір кісідей айта алғанмен, жоғары профессионалдық дәрежеде орындай алмайтын едім. Күміс көмей, жез таңдай құмбұл әншілік өнер дамымапты маған. Жаратылыс музыкалық аспаптың бірінде ұшқыр ойнай алатын қасиетті де қимаған. Әйткенімен өнер атты құдіретті бүкіл болмысымен, жан-тәніммен, түйсік-сезіміммен қабылдадым, қайтсем соның жолын табам деп аласұрдым: мен қайтсем де өнерді меңгеруім керек! Бірақ қайсысын?
Зеріге жиналған кезекті жайлау «концерттің» бірі-тұғын. Мен өзіме орын таппай, бірде қобалжып, бірде қуанып, өз-өзімнен тықыршып, беймаза бір әрі-сәрі күйдемін. Апыр-ау, не болған маған?..
- Шараны қарашы, көзі жалт-жұлт етеді ғой!.. - деген біреудің сөзін естіп қалдым.
Таудың айы кеш туады, күні де кеш шығады. Ала таудың ұшар шыңдарынан тырмысып шыққанша да бір қауым уақыт өтіп, түннің сәскелік мерзімі де жетер еді. Ал айдың туғанын күту-түннің жарымын өткізу деген сөз. Сондықтан жайлаудың желіккен жұрты ай туғанға қаратпай сауықты бастап жіберетін. Жаңа сойылған малдың еті балбырап піскенше де талай ән айтылып, талай күй тартылып болатын.
Ұмытпасам, ол кезде музыкалық аспаптан тек домбыра мен қобыз ғана тартылмай, қурай (сыбызғы) дауылпаз, сырнай (гармонь) секілді түрлері де ойналатын. Балқурай немесе балдырған дейтін торсылдақ өсімдікті әбден піскен кезінде пайдаланып сыбызғы жасайтын. Сызылған әдемі әуен шығатын осы аспаптың екінші атауының қурай аталынуы да осыдан шығар сол қурайда бір жігіт шілделіктің үніндей нәзік ырғақты баяулата безілдете сыңсытады. Менің де жаным сыңсиды, қыстығады, жылағым келеді.
Жыладым да...
- Ойбу, бетім мына қыздың қарны ашыпты, - деп бір жеңгем қолымнан тартқылады. - Қой дәп-дәу болып, о несі... ет піскенше шыда. Рухани қарным ашып тұрғаны, жаныма таза ауадай себезгілейтін бір ерекше сыры күйдің керек екенін ақкөңіл жеңгем қайдан білсін-ау! «Әттең мына тұрған топтың ішінен біреу: «Ей, Гүлшара, қане, билеші!» -десейші. Осы ойымды әлдебіреу естіп қойды ма:
- Тұқымың құрғыр, Сатан, тасташы әнебір безілдек бәлеңді! Бала түгіл біздің сай-сүйегімізді сырқыратты ғой... Қайда әлгі Жұмабай күйші, тартсын да толып жатқан күйінің бірін.
- Ол қазандық жақта отқа төс қақтап жеп отыр.
- Е, қатын-қалашты жағаламаса, оның күйі келісе ме?
- Қыз-келіншектер қайым өлең айтсын!.. - дескен үндер жан-жақтан жамырады. Қой сауылып, қозы-лақ көгенделініп жатқан қарбалас шақ еді. Су тасқыны кезінде биіктен домалап ағып келген қой тастардың үстінде шоқиып-шоқиып отырған қыздар шықпады. Ол кезде қыз жігіттер, қос-қостан бір-біріне қарсы отырып ап қара өлеңге салып қосылып шырқайтын, яғни ән жарыстыратын.
Мен ғана дір-дір етіп қонақтап отырған тастан ұшып кете жаздаймын. «Өзі зытайын деп тұрған қоянға тәйт деген соң не шара» демекші, сол арада біреудің мені тастан итеріп кеп жібермесі бар ма? Ұшып түстім. Жұрт ортасына қалай топ ете түскенімді білмедім. Көзім жапақ-жапақ етіп жан-жағыма, айнала жұртқа қараймын.
- Ей, мына қыз билейін деп тұр!
- Кәне, Гүлшара биле!...
Хұсайын дейтін гармоншы жігіт бидің бір сазын құйқылжыта жөнелмесін бе. Дөңгелене жөнелдім...
Әлі ойланам, соным не би, апыр-ау? Балғын санамда еміс-еміс жаратыла бастаған творчествомның бастау көзі не еді? Қандай қимыл, ненің өрнек-кестесі? Сірә, мен көргенімді, ұғынған-түйсінген, айналамды қоршаған әлемнен көріп-баққанымды би тіліне айналдырсам керек. Содан кейін де мен осымнан жазбадым: «Ал, Шара биле!» дейді, билеп ала жөнелем. Домбыра тарт десе, бәлсініп отырып алатын, немесе, жұрт арқасы қыза бастаса, қас қылғандай жоқ боп кететін Жұмабай да табылды. «Қара жорға», «Келіншек», «Айжан қыздарды» дөңгелеткенде өзіңнің де қалай дөңгеленіп кеткеніңді білмейсің. Күй ырғағына қарай ат боп шабам, ұршық иірем, киіз басам, күбі пісем не керек, көрген – білгенімнің бәрін жұрттың көз алдына келтірем. Басыма бөрік, беліме белбеу тағып, қамшы ұстап кейде бозбала болып шығамын, «қыздарға қырындап», көз қысып елдің ішек-сілесін қатырамын. Күніне әйтеуір бір өнер шығарам.
Міне, мен бишілік жолдың әліппесін осылай бастағам...
*** *** ***
Қойшы, әйтеуір, Алматыға жеткенше қу жаным қуырдақ болып күйзелумен болдым. Не болса да тегін емес екенін жүрек сезеді...
Көп күн жүріп жеттік-ау. Вокзал басында біздің келетінімізден құлақтанған туыстар, достар шоқ-шоқ гүлімен қарсы алып жатты. Апам да бар, Болат та бар, Хадиша, Шәкендер де бар. Тек Құрекең жоқ. Онша мән бермедім, репитициясы болып шыға алмаған екен деп. Көптің ішінен қолында Болатым бар апам көзіме отша басылып вагоннан түсер-түспестен егіліп кеттім. «Шүкір, шүкір, аман екен ғой...»
Екеуін де қоса қабаттап сүйіп, құшып жатырмын. Жан-жағыма алақтаймын әлі де кеп қалар ма екен дегендей. Сол кезде Болат:
- Наш папа женился! - дегені.
Бала ойыны қалған ба, жай айтқан шығар дедім. Әлде ойнаған рөлін айтқаны болар деп те үміттенем. Бірақ өмір бойы мені сан сапарға шығарып салып, сан сапардан қайтқанда қарсы алатын Құрмашым көрінбейді. «Қалай, Шәкітай, шаршадың ба?» деп маңдайымнан сүюші еді. Мен де бұратыла құшағына ене түсіп: «Иә, шаршадым, Құрмаш, шаршадым», - деп кеудесіне басымды сүйеуші ем... Сонда бар шаршауым кететін, бар қайғы-қасіретім ұмытылатын.
Енді менің өксігімді кім басар?.. Енді менің шаршап-шалдыққан, жүдеген жанымды кім уатар?.. Кім «Шәкітай, шаршадың ба?» дер...
Қой, тірі адамды жоқтағаным не? Маған неге ешкім ештеңе демейді?
Сансыз оймен санасып тұрсам да «Құрмаш қайда? Неге келмеген?» деп сұрай алмадым. Ыңғайсыздандым.
Үйге келдік. Ол кезде Фурманов пен Калинин көшесінің түйіскен жерінде тұрамыз. Үй тола адам, жерге дастарқан жайылған. Аса құрметті қонақтар: Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, Ғабиден Мұстафин, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов жұбайларымен отыр. Әртістер ағайын-тумалар шағын пәтерімізге сыймай кетті. Құрманбек үйде де жоқ. Рас, қайтыс болған екен, осынау жұрт маған естірткелі жиналған екен...
- Айтсаңыздаршы, жұртым-ау, Құрманбек тірі ме? - дедім үнім дірілдей. Бәрі томсыраяды, төмен қарайды, Мұқаң Қалибекке сәл иек қақты. Қалибек:
- Жылама. Тірі, көз жасыңнан садақа кетсін, - деп қойып қалды.
- Пәлі, сен, Шара, ер-азамат орнына майданға барып келдің емес пе? Біз мұныңа сүйсінеміз де құрмет тұтамыз. Міне, алдыңда сол құрмет тұтатын достарың отыр, көз жасыңды көңілдерімен құрғатып, жарқыраған шырайың мен нұрлы күлкіңді күтіп отыр...
Әлі де аң-таңмын. Осы кез де Айманкүл апай (Әбділданың анасы) қасыма келіп, басымнан сипап:
- Түк те түсіне алмай отырсың-ау, байғұс бала. Құрманбек жас тоқал алып кетті. Жә, жасыма, бір сен ғана емес, бәріміздің басымыздағы жай ғой. Сен енді өзіңді күтіп алған қонақтарыңа шырай бер, - деді. Басым зеңгіп, айналаның бәрі көшіп бара жатқандай болды да не жылай алмай, не «неге өйтті?» дей алмай отырып қалыппын.
Апам мал сойған екен, ас келді, қадірлі қонақтарға бас тартылды.
Бір кезде өте қызу Құрманбек кіріп келді. Әңгіме-дүкен енді қызып, енді-енді шешіле бастап ек. Майдандағы көрген жайлардан, қиын-қыстау күндерден кібіртіктеп болса да айта бастап ем. Үнсіз қалдым. Асты алдарына ала берген қонақтар да тосылды. Құрекең маған біртүрлі жат адам боп көрінді. Ләм деместен ішкі бөлмеге кіріп кеттім. Келе төсекке бас қойдым... Қонақтардың қанша отырғанын қайдам, аса шырайлы отырыс болмаса керек.
Көз алдымнан Құрмашпен алғашқы қосылған күннен бастап он алты жыл «шәй» деспей тату-тәтті өткізген жылдар өте бастады.
Бір күні репетициядан келсем, Дина шешей мен Айманкүл апай отыр екен. Атақты күйші Дина Нұрпейісова апамның ең жақын құрбысы, сырласы. Ал ақын апай Айманкүл өзінің ақ жарқын мінезімен, тапқыр тілімен, жақын бауырмалдығымен бәрімізді баурап алған, біздің үйдің бір кісісіндей болып кеткен-ді.
Дастарқан басында өзара бір нәрсені қызу талқылап отырған үшеуі мен келгесін сап тыйылды, сірә, әңгіме Құрманбек екеуміз турасында сияқты. Байқаймын, маған аса күрделі салмақ салатын сыңайда.
Біздің үй дастарқанды жерге қазақша жайып, жан-жағына көрпеше төсеп, сыйлы қонақтарға жастық тастап өзінше бір салтанатпен отыратын. Мамық жастыққа шынтақтай жатып, қаймақ қатқан қызыл-күрең шайды бұрқырата ішуді Құрекең әсте ұнатушы еді. Апам да қоқима столға отыра алмайды. Репетициядан, концерттен сілем қата шаршап келген мен де бір жастықты қолтыққа қыса жантая кететінмін. Болат болса да жорғалап, еденде домалап жүріп өскен. Ілуде бір қонақтар болмаса, жерде көсіліп отырып ас ішкенді келгендер де жарататын. Не керек, төр бөлменің ішіндегі столмен орындықтар көбіне бос тұратын-ды. Апам өз қонақтарын қазақша дастарқанмен-ақ жайғастыра беруші еді.
Дина шешей қызық қой, жарықтық, әңгімені тура төтесінен бастады:
- Әй Шара, сен еріңді бауырыңа алып тулауды қой, қай еркекте де ондай серілік-періліктер болады. Жалғыз балаң үшін, анаң үшін кеш.
Айманкүл апай да:
- Құрмашты білесің, ақкөңіл, аңғал, арамдығы жоқ. Қайтесің. Бәрі арақтың салдары ғой, торға да түсірген сол. «Ат айналып қазығын табар, су айналып жазығын табар» деген, түп қазық мына сендерсіңдер, ол қайда кетпек? - деді байыпты үнмен, түйінді күрсінді.
- Ойнап-күлмейтін еркек болмайды, - деп Дина шешей бір серпіліп алып, бізді де күлдіргісі кеп, қысыңқы көздерінен қуақылық оты ұшқындап, қомданып қойды:
- Баяғыда, өзімнің томырықтай байым, түріне қарамай, менің көзімді ала беріп жігітшілік жасайды екен. Елдің сыбысына онша сенбеуші едім, бірде көрші ауылға шілдехана тойға кетсем, әлгі бір қатынмен әмпей бола қалыпты. Ойымда түк сезік жоқ, шаршап оралып жата кетейін десем, төсегімде тағы біреудің басы қылқияды: бардым да ортасына жата кеттім. «Әй, - дедім шалыма, - мені жарытпай жүріп, бұл бейшараны неге әурелейсің, ә?..» Қатын үйден қашып шықты, байым бұғынған қалпы басын көтере алмады. Аузыңды ұрайындардың бәрі осындай есірік, оларға бола шаңырақты бұзып, таланудың керегі жоқ. Айманкүл айтқандай, түп қазық мықты болса қайда кетер дейсің...
*** *** ***
Семейде ертесінде концерт қойдық, клуб жоқ, театр үйінде өтті. Қызық, бір қабырғасына жапсарлас наубайхана салынған, күні-түні нан пісірілгесін қызған қабырғаға қол тигізбейді: нағыз жанып тұрған пеш! Театр үйіне кіре алмаймыз іші де, сырты да толған халық. Құрметпен кіру қайда, сынаша сығылыса, шынтақпен итереміз.
- Шараны кіргізіңіздер, әртісті кіргізіңіздер! - десе:
- Шара болса қайтейік, өзіміз де Шарамыз, - дейді әйелдер.
Ақыры, дуалдан секіріп кіруге тура келді.
Перде ашылғанда зал дегенің - монша! Керегелер бу атып, моншақ-моншақ су ағады. Орын жетпей көбі түрегеп тұр. Қорықтым, дауысым шықпай қалар деп. Биін бірдеңе етермін-ау.
Концерт үш сағат жүрді. Халық қалжырады, менде шаршадым.
Көз алдым көк тұман: шаршағандықтан әрі өкпем қысылғандықтан. Құлап қалмай, әйтеуір алып шықтым.
Әсілі үш концерт беруіміз керек-ті. Халықтың өтінішімен он концерт өтті. Келесі сапар Өскемен еді, онда да осы: жыртылып айырылысқан жұрт. Меселін қайтармайсың, жылауға қаласың да, екі-үш концерт орнына он шақты концерт қоюға тура келеді.
Халық жұмылса, алмайтын қамал жоқ. Неміс-фашист басқыншыларына күйрете соққы берген совет халқының ерлігі соғыс кезінде, уақыттары тығыз, «ауыздықпен су ішкен, етікпен қан кешкен» қысыл-таяң болса да ойын-сауық көріп көңілдері жадырап қалатын. Майданға оқ қандай қажет болса, тылдағы халыққа да өнердің сондайлық қажет екенін көзбен көрдік. Өйткені адамның биік рухы ғана майданда жауды жеңуге, тылда қыруар шаруашылықты атқаруға дем бергені белгілі. Қай облыс, аудан, алыстағы малшы, егінші бармайық, «әртіс келді» десе, ішкен асын қоя салып ойын-сауыққа келетін. Күн-түн жұмыс істесе дағы, бірер сағаттық ұйқысын қиып концерт көретін.
Қызыл матаға «Шара келді құлпырып» деп бадырайтып жазып, пионерлер шоқ-шоқ гүлін ұстап алдыңнан шығады. Митингке айналып, соңын «Неміс-фашист басқыншыларына лағынет!», «Жауды күйретіп жеңіске жетейік!» деген көпшіліктің ұранымен бітіретін. Барлық мақсат, бар мүдде бейбіт, дархан елімізге басып кірген басқыншы жауға соққы беріп, жерімізді азат етуге бағындырылғанын көрдік. Біздің де жағдай таңдамай орайы келген кейінде қойған концертіміз сол мүддеге қосқан үлесіміз іспетті еді.
Аудандағы аяқ артар жалғыз көлік маған беріледі. Семейде жүрген сапарында, ауданның жалғыз жеңіл машинасы жапырылып қала бастады. Халық, балға үймелеген шыбындай, жабысып алады, не мені шығармайды, не өздері тарамайды. «Кешке концерт болады, сонда көресіздер» десе де көнбейді: «Шараның өзін көреміз» деп. Сахнада бір бөлек, өмірде көру бір басқа. Сондықтан мен сахнада ғана емес, жұртпен көзбе-көз қауышқанда да тыртиған шолақ киімдерді қойып, көлеңдетіп қазақтың ұлт киімін киіп жүретін едім.
Бір жолы қара басып, өзімше «модный» көрінем деп басыма бетімнің жартысын жауып тұратын ақ шляпа – «француз үлгісі», аяғыма қаздиған «әміркен» туфли, үстіме алқымы әсем тігілген ұзын көйлек киіп шықтым. Ұмытпасам, Керекуде еді. Ашық алаңға арқан керіп, ар жағында қарсы алушылар иін тіреседі. Манекенше құсап малынып мен тұрмын. Қасымда жергілікті жердің басшылары. Сөйлейін деп ыңғайлана бергенім сол еді, шақырайған күннен қолмен бетін көлегейлеп, шұбатылған кимешегінің ұшы жер сызған, ақ көйлек, қара камзол киген келісті кейуана кісі керген арқаннан бері аттап қасыма келді. Әуелі кеп құшақтады, сосын, «қарағым, сымбатыңды бұзбай, басыңдағы қалқиған немеңді алып тасташы», - деді.
Састым. Әй-шәй жоқ қалай алам? Сол-ақ екен, ол басымдағы шляпаны жұлып алды да лақтырып жіберді. Қара шаңға барып күмп берді. «Қайран шляпам-ай!». Жыларман болдым. «Жә-жә, бөтен жұрттың киімімен бізді таң қалдырма, мә тағып ал!» деп мойнынан алып әсем соғылған күміс алқа тақты. Сөйтті де жүре берді.
Өнер адамы – халықтың адамы. Халық талабынан сәл бұра тарса, көңілге оғаш іс істесе, абыройсыздыққа соғары анық. Өзіме ұнайды дегеннің бәрі көп көкейінен шыға береуі мүмкін. Сондықтан ел арасына шыққанда сақ болуға тырысам. Қонаққа шақырған кездерде өзіме етене халық тұрмысымен неғұрлым жақын болуды қалаймын.
Бірде концерт алдында тынығып алу үшін бір үйге әкелді. Ері соғыста, екі баласы, енесі бір жастау әйел. Біз келгенде ауыз үйде қазандық басында табаға нан жауып жатты. Тезек иісі танауымды жарып кетті. Жалп етіп отыра қалдым. Қасымдағы еріп жүргендер, о несі деп сасып қалды.
- Апыр-ау, мұныңыз не? Төр үйге жүріңіз.
- Құрбым, үстің былғанады ғой, ана жаққа барып тынығыңыз.
- Осы жерде, от басында отыра тұрайын, тезек иісін сағынып қалыппын...
Мұнымды біреу түсінді, біреуіне оғаш көрінді. Еш риясыз шындығым бұл, балалық кезім ата-ана ошағын, бұрқыраған түтінін сағынғаным рас.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   18   19   20   21   22   23   24   25   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет