Ќазаќстан республикасы білім жѕне ѓылым министрлігі



бет17/26
Дата21.06.2023
өлшемі445,5 Kb.
#102803
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26
Сара Тастанбекқызы

Сара Тастанбекқызы 1878 жылы Ақсу өзенінің батыс жағалауында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Сара 3 жасқа, ағасы Сақари 11 жасқа келгенде әкесінен жетім қалып, анасы Жаншөке ауқатты отбасында сауыншы-малшы, ал ағасы түйе-сиыр бағатын жалшы болып қызмет етіп күн көреді. Бай отбасында жалданып еңбек ететін Жаншөке атты туыс ағасы ғана жесір жеңгесі және ағасынын жетім балаларына көмек беріп отырған.


Туысынан сүйкімді, әдепті, мінезі жайдарлы Сара, жастайынан анасына үй шаруасына көмектесіп, ас пісіріп, тігін тігуге бейім болып өседі. Сонымен қатар өлең мен ән-күйге әуес Сара ағасы Сақаридан домбыра шертуді үйреніп, 9-10 жасқа келісімен тойларда ән салып, ел көзіне түсе бастайды.
Сол заман ел билеушілер қатыгездігін басынан өткізген, адал еңбегінің ақысын ала алмай қиналған Сараның отбасы 1888 жылы Абдра бекетіне (қазіргі Ақсу ауылы) көшеді.
Абдра бекетінде Сараның анасы Жаншөке ауруға шалдығып, жағдайлары қиындай түседі. Оның үстіне бұрынды елдін ала жібін аттамаған туыс ағасы Жайсаңбек қолында билігі бар ірі бай саудагер әрі болыс Маман Тұрысбек қажы Тастемір елінің болысы Арнай Сарбасұлы арқылы өгіз «ұрлап» сойғаны үшін түрмеге қамалады, Сақари жалданып Балқашқа кеткеннен хабарсыз кетеді. Осы жағдайды пайдаланған ауылдын беделді адамдары қалың мал көмегімен және туыс ағасын түрмеден шығару жолымен жас Сараны Жиенқұл деген кісіге айттырады.
1891 жылы Сараны Маман-Тұрысбек ауылына көшіріп, үй шаруасымен айналыстырады. Бұл арада «Сара секілді қызды Маман тұқымының біреуі алмай, неге Жиенқұлға береді» деген сұрақ барша халықты толғандыра бастайды.
Сиықсыз түріне байланысты Жиенқұл жасы қырықтарға келгенше бойдақ жүргеніне қарап, жаны ашыған Тұрысбек қорғансыз қалған қызды алып беріп, жақсы көрінбекші болады.
«Өзі бүкір, өзі жантақ, қисық көз, дүрбік ерін Жиенқұлды қалай күйеуім деп айтамын» деп қатты қайғырған Сара үшін, ағасының далада үсіп қайтыс болуы, туыс ағасының тастан құлап мерт болуы туралы хабар мүлдем ауыр тиеді. Көрген күні қараң болған Сара өкінішті өмірі жайлы бір өлеңінде былай дейді:
...Құдай-ау, әкемді алдың туа сала,
Атандық жесір қатын, жетім бала.
Тезегін теріп елдің, отын жақтым,
Жоқ болып босағамда жалғыз қара.
Ұмтылып істегенмен қанша талап,
Қолдайтын бір адам жоқ жақын санап,
Дүниеге келген барлық қайғы-қасірет,
Тұрған ба түгел күтіп, маған қарап?!
Апатай, осы ма еді қорлық деген?
Қорлыққа көндіретін зорлық деген?
Жан шошыр, ақсақ, соқыр бір есектің
Қорланып, қосағында болдық деген?! - деп зарлайды жалғыз қалып, торға түскен сорлы қыз.
“Бұтаға қорғалаған торғайдың жаны қалар” дегендей, жетім Сараның қайғылы қары сол кездегі даңқты нәндердің бірі Есімбектің құлағына шалынуы бір жағынан сәтті де болған-ды. Өйткені Тұрысбек қажының әрбір адамын аңдып, қайдан, қалай олжа түсірер екен деп құлағын түріп жүретін Есімбек бұл мәселені аяқсыз қалдырмауға тиіс.
Тастемір деп аталатын бір тайпа елден бір өгіз табылмағандай-ақ, Арнай болыстың бір қызды шешесімен Тұрысбекке көшіріп бере салуы қалай? Оған “құлдарының” құда түскені несі? Оның қалың малын кім алмақ? Қыздың өзі ақын, өзі сұлу, өзі шебер болса, қалайша босқа берсін? Арнай мен Тұрысбектің бұл туралы Есімбекке “Ләм-мим” – деп сөз салмауы дандайсып кеткендік емес пе? Кенжеден шыққан Тастемір елі туысы жағынан Есімбек пен Тұрысбек екеуіне бірдей. Олай болса нашар елді бір ағайын талап жатқанда, екінші ағайын қарап тұрмақшы ма? Жоқ, ондай қорлыққа Тәнеке батырдан туған Есімбек болыс шыдай алмайды...
Осы ойларды жан-жақты салмақтай келіп, Есімбек қажы “нашар ағайынның намысын жырту” дегенді бетіне ұстай отырып, Тұрысбек пен Арнайдың “жетім қызды жем қылып отырғанын” ел ақсақалдары мен билердің алдына салады. Әрине, бұл дау оңайлықпен біте қоймайды, екі жақтың арасында бір-екі жылға созылған күшті айтыс-тартыс болады. Есімбекті де, Тұрысбек, Арнайды да жақтаушылар көбейіп, берісі Қаптағай мен Кенженің, арысы бүкіл Матай елінің шонжарлары екіге бөлініп дауласады.
Ақырында Есімбек жағы жеңіп шығады. Осының нәтижесінде енді Сара шешесімен Есімбек ауылында тұратын болады. Мұның себебі: біріншіден, Сара бұрынғысынша Тұрысбек ауылында қала берсе, Жиенқұлды өз қанатының астында ұстап жүрген Тұрысбек, “алып қашып кетіпті” дегенді сылтауратып, Сараны бір түнде Жиенқұлға бере салуы мүмкін. Сондықтан Сара Есімбек сияқты сенімді ара ағайынның қолында болуға тиісті. Екіншіден, Сара үшін төленетін қалың малдың үштен бірі Есімбекке тиісті болғандықтан, қалың мал түгел төленіп болған соң, Сараны Жиенқұлға ұзатып салу Есімбекке жүктеледі.
Сөйтіп, Сара жөнінде Тұрысбек пен Арнайға қарсы Есімбек көтерген шулы дау осымен аяқталады да, 1892 жылы 14-ке шыққан Сара шешесімен Есімбек ауылына келіп орналасады. Есімбек ауылы Сараны құрметпен қарсы алады.
Ол кездегі әдет-ғұрыпқа сәйкес біреуге айттырылған қыз қалың малы төленіп, күйеуі ұрын келгенше ауылында еркін жүретін. Той-томалаққа, ойын-сауыққа қатыса беретін. Әрине, Жиенқұлдың да бірден айдап берерлік малы бола қоймаған-ды. Сол себепті Сара Есімбек ауылында үш-төрт жылдай еркін өмір сүреді. Осы жылдары Сара сол өңірдегі елдің әлеуметтік өміріне араласып, той-томалаққа барып, ән салып, өлең айтады.
...Аралап өмір сырын, бойым сергек,
Саралап алды-артымды, ақыл тергеп.
Арман мен адалдықты өлең қылып,
Ән салу домбырамен болды енді ермек.
Аңырап ақ домбыра бозінгендей,
Наз мұңым қос ішектен шығады еңірей,
Той, жиын, шілдехана қайда болса,
Сайрайтын болдым енді жағым сенбей, - деп сипаттайды ақын Сара өз өмірінің бір кезеңін.
Есімбек те, оның өрен-жарандары да Сара үшін мінер атқа, киер киімге тарлық істемейді. Есімбектің әйелі Шәлипа деген ақылды да мырза әйелі болған. Сараның өнері мен мінез-құлқын ұнатқан Шәлипа Сараға арнап отау тіккізеді. Оны керекті бұйымдармен жабдықтап, өз үйінің жанына қондырады. Оның үстіне ол ауылдың қыз-келіншектері де Сараның ұнамды киінуіне көптеп жәрдемдеседі. Сол себепті Сара Есімбек ауылында жүрген кезінде сыртынан қарағанда бір еркін қыз сияқты болып та көрінеді. Бірақ, оның “сырты бүтін, іші түтін” еді, іштегі қайғысы қып-қызыл шоқтай жанып, өзегін өртеп жатқан-ды.
...Көтерген көп көмегі бір баланы,
Көрікті киімдерге жырғалады.
...Көркейіп сырт пішінім өзгергенмен,
Ызғарлы із жүректегі мызғымады, - деп зарлайды ақын Сара. Әрине, Сараның бас қайғысы – Жиенқұлға маталуы, арманы – содан құтылу.
Той-томалаққа қатысып, жұрт алдында өлең айтуға мүмкіндік алған Сара, осыны пайдаланып, ел ақсақалдары бас қосқан жерде осы қайғысын, зарлы мұңын өлеңге қосып айта беретін болады. Сондай жиынның бірінде ақын Сара:
...Немді айтам, басымдағы мұңымды айтпай,
Сатылған бір жемтікке құнымды айтпай,
Қаны бір қарындаспын Арнай аға,
Қарық қып, қажы берген пұлымды айтпай, -
деп Арнай болыстың Жиенқұлдан алатын қалың малға ұялмастан ортақ болып отырғанын мінейді.
...Жетпеген балапандай темір қанат,
Жан едім, жасыл балғын жаңа талап.
Арман боп ақ жүрекке қадалды оқ,
Қандайлық атты екен жау сағалап?!
...Көз жетпес ой түбіне білімім аз,
Ағайын, аясаңдар дертімді жаз,
Білетін дүние сырын, апа-жеңгем,
Алдыңда ақ жүректен айтамын наз... –
деп жанашыр апа-жеңгелеріне, ағайындарына сыр шертеді.
...Бұғаудан босанудың кілтін таппай,
Іздеймін халқым сенен тұрмай, жатпай.
Көрінбек көп ішіне кетсем деймін,
Құтылған жайын қуып ақшабақтай...
деп бостандықты армандап жырлайды.
Сөйтіп, сана-сезімі ояна бастаған ақын Сара бұл күндері өз басының ғана емес, қазақ еліндегі бүкіл әйел қауымының ауыр халін өлең-жырына қосып, көңілге қонымды, құлаққа ұнамды көркем сөзбен көпшіліктің көкейіне құя береді. Бұл ауыртпалықты жеңу жолындағы бар өнері – өлеңін құрал етіп, халқына жар салады.
...Болғанмен малды, жанды кейбір ана,
Көңілінде көбінің болған жара.
Әйелдер әлемінің тең сыры екен,
Зарлаған деп ойласам жалғыз Сара.
Буынта көгендеген ақ қозыдай,
“Қалыңнан” – қыз құтылып қалған бар ма?
Өмірін өрістетпей өре салып,
Тұқыртқан тұрмыс талай бағландарға,
Әйелге бұл заманда атқан таң жоқ,
Не өнеді бәрін айтып зарлағанда...
деп бүкіл әйелдер басындағы теңсіздікті көпшілікке ашық айта біледі.
1895 жылдың жазында Біржан сал Сара ақынды іздеп келіп айтысады. Қазақ баласына мектеп бағдарламасынан жақсы таныс “Біржан мен Сара” айтысы туралы аңыз да, нақты пікір де өте көп. Атақты Қожағұлұлы Біржан сал Сараның даңқын естіп, қыз-ақынға үлкен көмек көрсетуге күш салады. Айтыстың желісін әдейі ел ағаларына тигізе бұрады. Бұл айтыс – түр жағынан да мазмұн жағынан да басқа, екеуара дүрдараздық пен ауыл-аймақтың мәселесі емес, үлкен қоғамдық-әлеуметтік маңызы мәселені көтерген айтыс. Осы айтыстан кейін Сара өзінің бас бостандығының берілуін талап етуді күшейте түседі. Сонымен, сол жылдары “Сараны Жиенқұлдан ажырату мәселесі” ел арасында қоғамдық пікір туғызып, әлеуметтік іске айналады, көптеген жиындарда ру басшылары мен ел ақсақалдарының сан рет талқысына түсіп, ақыры “Біржан мен Сара” айтысынан бір жылдан соң, яғни 1896 жылдың жазында Сараны Жиенқұлдан ажыратуға келісім беріледі.
1897 жылы қалың малына жүз байтал өткізіп, 25 жастағы бойдақ Бекбай деген інісіне Алтынбек деген бай Сараны алып береді. Бекбай мен Сара тату-тәтті тұрады. Сараны бүкіл ел сыйлайтын болады.
Сара Алтынбекке келін боп түскеннен кейін де той-томалаққа үзбей қатысып, ел аралап өлең айтып жүреді. Кейде Бекбайдың өзі де қасында болады екен.
Бекбай мен Сараның бес баласы болған. Сара 1916 жылы 38 жасында қайтыс болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет