Әлияның сіңілісі Сапура Молдағұлова:
...Мен Әлиядан шамалы ғана кішімін. 1933 жылдың көктемінен екеуміз менің туған ағам Әбубәкір Молдағұловтың тәрбиесінде болып, Алматы, Әулиеата, Москва, Ленинград қалаларында балалық, жастық шағымызды бірге өткіздік.
1938 жылдың күзінде Әлия балалар үйінде тұра бастаса да, жұбымыз айырылған жоқ. Себебі бұл тәрбие орны үйімізге жақын еді. Қолы оқудан босап кетсе маған келіп, жаңалықтарын айтып тұратын.
Қатар өскен Әлия жастайынан бірбеткей, айтқан сөзінен қайтпайтын, ойына алған істі орындамай қоймайтын өжет еді. Осы арада дегеніне жету жолында аянбай еңбек ете білгенін дәріптейтін мына оқиғаны айта кеткенді жөн көремін.
1936 жылы Ленинградқа көшіп келген алғашқы уақытта Әлия науқастанып, 5-сыныпты бітіре алмады. Ал келесі жылы оны үздік аяқтап, Ленинградтағы пионер ұйымының және халық ағарту бөлімінің жолдамасымен Бүкілодақтық пионер лагері «Артекке» барып қайтты.
Хиуаз Доспанова
Біз төрт ағайынды едік, үлкені мен, сосын Белмерген, Марат деген інілерім, Алма деген сіңілім болды. Әкем Хайыр Доспанов, бұрын Астрахандағы орыс капиталистерінің балық кәсіпшіліктерінде жұмыс істеген. Ол орыс жұмысшыларынң арасында көп жүргендіктен азаттықты, теңдікті уағыздаған революциялық идеялармен ертерек танысады.
Бізді әкеміз өте жақсы көретін. Бірақ, орынсыз еркелетпейтін. “Өзім жасымда жалданып жұмыс істедім, совет өкіметін орнатуға атсалыстым, сендер бақыттысыңдар, сол бақытты бағалай білу керек, ол үшін бай баласынша бос сенделмей, еңбеккерше өсіңдер” – дейтін.
Ол кісі партия қызметінде болды. Сондықтан оның қызмет бабына байланысты біз республикамыздың бірнеше облыстарында болдық. Жасымда еркек балаша өстім, еркін болдым. Сол үшін кейбір көршілер үйге келіп, шағым айтатын, анам маған кейіп алатын. Ол кезде Марат пен Алма жас болатын да кілең мамамның қасында жүретін. Ал Белмерген олардан үлкен-ді, өзі өте жуас еді. Көшеге шықса-ақ кез келген бала ұрып-соғып, ойыншығын тартып алып, ақсақ деп мазақтайтын. Өйткені ол, аурудан тұрғалы аяғын сылтып басатын. Сол інімнің осы ынжықтығына ызаланып, оның таяқ жеген баласымен талай төбелеске де түстім-ау... Осы сотқарлықтарым үшін әрине, анам алдында сан рет жауап беруге тура келді. Ұзамай бұл әдеттер де қалды.
Әлгіде айттым ғой, мен төртінші класта оқитынмын. Барлық сабақтан өте жақсы деген баға алушы едім. Ата-аналар жиналысына барғанда мамам мақтанып, қуанып қайтатын.
Әкем Алматы облысы, Кеген ауданына қызметке ауысқан. Онда орта мектеп болмағандықтан, мен көрші Подгорный селосында (Ақтөбе облысы) оқыдым. Сірә, мектепті тезірек бітіруге асыққан болуым керек. Сонда алтыншы-жетінші кластарды бір жылда бітіріп шығуды мақсат еттім. Көп айтыстан кейін мұғалімдер рұқсат берді. Мен көп әзірлендім. Сөйтіп, екі класты бір жылда “өте жақсы” деген бағамен бітіріп шықтым. Сол жылы әкем Батыс Қазақстан облысына ауысты, он жылдық мектепті Орал қаласында бітірдім.
Мектеп балалықтың алтын бесігі ғой. Мен ұстаздарымды ылғи еске алып отырамын. Олар мені ойлауға, өмірді сүюге және бақыт үшін күресуге үйретті, жігеріме қанат бітірді.
Мен ұшқыш болуды аңсадым. Әрине, бұл арман кеудеме бірден ұялаған емес-ті. Біз мектеп оқушылары, бүкіл совет адамдары секілді челюскиншілерді апаттан құтқарған ұшқыштардың ең алғашқы совет батырларының ерлігіне үнемі құлақ түріп отырдық. Солтүстік полюс арқылы Америкаға қонбай ұшып барған пилоттардың асқан ерлігін мақтан тұттық. Бізге әсіресе, зор әсер еткен Гризодубова, Осипенко, Раскова тәрізді әйел ұшқыштардың Москвадан Қиыр шығысқа дейін еш жерге қонбай ұшып бару сапары болды. Менің енді әйел адамның да шебер ұшқыш бола алатынына көзім жетті.
Мен өз шешімімді ата-анама айттым. Айтарын айтсам да олар қарсы болар деп қорықтым. Сондықтан, өз ойымды табандылықпен қорғауға бекіндім. Алайда, әкем де, шешем де қарсылық еткен жоқ. Сенің алдыңда алуан асыр жол жатыр, таңдағаныңа түс. Ұшқыш болам десең, өзің біл, - деді. Сол күні бүкіл жер үстінде менен асқан бақытты адам жоқ шығар деп ойладым.
Мектеп директоры Матвей Георгиевич менің аэроклубқа қатысуым сабағыма және атқарып жүрген қоғамдық жұмысыма кеселін тигізбес пе екен деп қауіптенді. Мен ол кезде мектеп комсомол ұйымының секретары және аға пионер вожатыйы болатынмын.
- Мектептегі оқуың мен аэроклубтағы оқуыңды бірден игеріп кету қиын болар, - деді Матвей Георгиевич, - жақсылап ойлан, қабырғаңмен кеңес.
Бірақ, қиындықтар мені бетімнен қайтара алмады. Сөйтіп, аэроклуб оқуына жазылдым.
Мектеп пен аэроклубтағы оқуға бар уақытым кетіп жүрді. Тіпті дем алу үшін бір минут бос уақытым қалмады. Сабақты әзірлеп, мектепке уақытында келуім керек, аэроклубқа кешікпеуім керек және оның үстіне комсомол, пионер ұйымдарының жұмысы қосылды. Әсіресе, аэроклубта теориялық курс бітіп, ұшуға әзірлену басталғанда бірсыпыра қиындықтар туды. Көкке көтерілетін өз кезегімді тықырши күтемін. Міне, самолетке де міндім. Сондағы ұшқаным қысқа секілді көрінді. Қонғаннан кейін инструктор менен:
Ал жайыңыз қалай, алғашқа ұшу сапарыңыздан қандай әсер алдыңыз, - деп сұрады.
Жайым жаман емес, бірақ еш нәрсеге түсіне алғаным жоқ, - деп жауап бердім мен. Ол кісі мені жұбатып:
Сіз жақсы ұшқыш боласыз. Егер алғашқы ұшудан кейін-ақ бәрін білдім, бәрін түсіндім десеңіз, талабыңызға күдіктенген болар едім, - деді.
Міне, мен де алғаш рет парашютпен секірдім. Айналадағы шексіз, шетсіз көк әлемнің ішінде самолеттің қанаты саған ең сенімді тірек секілді көрінеді. Самолет алғаш айналғанында мен секіре алмадым. Екінші айналуда секіріп, парашют сақинасын тартып қалдым. Парашют жайылып, жайымен қалықтай бастағанын көрмедім, іштей сезіндім. Міне, мен биік аспанда ертегідегі әткеншек үстінде отырғандаймын. Ешқандай үрей де, қорқыныш та жоқ. Парашют баяу қалықтап келіп қонған шағында, аспанда да, жерді де, алаңда күтіп тұрған құрбыларым мен инструкторды да көрдім. Осы бір сәтте әлі де ұша түскім келді.
Менің бұл секіруім емтихан ретінде қабылданды. Содан кейін емтихан комиссиясының мүшесі инструктормен бірге зонаға ұшып барып, оның командасымен әуе пилотажының фигураларын орындадым. Нестеров петлясын, вираждарды, штопормен түсуді, сырғанауды жасадым. Қайту сапарында самолетті аэродромға баяулатып, жақсы қондырдым.
Емтихан қорытындылары бірден жарияланған жоқ. Біз тағатымыз таусыла шыдамсыздана күттік. Тап осы кезде мектептегі емтихан да басталды. Алдында Матвей Георгиевичке аэроклубқа қатысуым сабағыма әсер етпейді деп уәде бергем. Жыл бойы өте жақсы оқығам. Енді, міне, емтихан да келіп қалды. Қауіп-қобалжу, ұйқысыз түндер, оқулықтар тағы оқулықтар... Қорытындысында, директор алдында ұяла қойғаным жоқ - өте жақсы деген бағамен аттестат алып шықтым. Ертеңіне тағы да бір қуанышқа кенелдім. Аэроклубта сабақ оқып жүрген біздерді облвоенкомат шақырып алып, әскери билет тапсырды да, запастағы ұшқыш деген атақ беріп құттықтады. Маған ұшу шеберлігіңді жетілдіре бер деді, ұшқыштар мектебіне орналастыруға уәде етті. Мен: “Ұшқышпын. Енді қайтсем де Марина Расковамен кездесуім керек” деген ойда ғана болдым.
*** *** ***
Жуковский атындағы соғыс әуе академиясында сыпайы түрде ғана менің қабылданбайтынымды айтты. Расковаға өтініш жазу ойыма келмеді. ...Мен көп ойланып, көп толғандым, ақыры ең үлкен мамандық дәрігерлік деп таптым да медициналық институтқа түсуді ұйғардым. Сөйтіп, Таня Щелекова деген құрбым екеуміз документтерімізді Москвадағы бірінші дәрігерлік институтқа тапсырдық. Менің аттестатым отличниктер аттестаты болғандықтан, оқуға түсу емтихандарын тапсырудан босатылдым.
... Мен негізгі сабағымды бар ынтамен оқысам да ылғи аэродромға ұшу алаңына барғым келе берді. Бірақ, институттағы оқу әсіресе, мен сияқты бірінші курс студентінен көп әзірлікті, көп уақытты тіледі де ұшқыштық өнерімді жетілдіруге мұрша бермеді. Оның орнына мен спорт секциясына қатысып, гимнастикамен шұғылдандым.
Алғашқы оқу жылы да аяқталып қалды.
Соңғы зачеттарды тапсырып жатқанбыз. Бір күні таңертеңгілік жанымызды түршіктірген жаманат хабар естідік – гитлершіл жендеттер қапыда келіп, елімізге шабуыл жасапты. Сол 1941 жылдың 22 июні біз өзіміздің ересек болып қалғанымызды, өмірімізде ең үлкен өзгеріс болғанын, жауынгерлік күн туғанын аңғардық.
...“Мен запастағы ұшқышпын, майданға неге бармаймын?” – деген сұрақ жатсам да, тұрсам да ойыма орала берді.
... Мен Мигуноваға телефон соқтым. Ол маған пропуск жаздыртып қарсы алуға шықты. Сірә, есендеспеген де болуым керек, келген мақсатымды асығыс-үсігіс айтып бердім.
Сен бақытты екенсің! – деді ол мені тыңдап болып.
Қалайша?
Полкты жасақтайтын Марина Раскова!
Сөзбен жеткізе алмайтын, өз басыңнан ғана өткеретін сезім болады екен. Менің Расковамен кездесуді тілеген қашанғы арманым жүзеге асқалы тұр. Жалма-жан анкетаны толтырып, комиссияға қашан келуім керектігін біліп, қуана-қуана институтқа қайттым.
Ертеңіне комиссия болды. ... Міне, мені де шақырды. Раскованың суретін талай көргем, сондықтан өзім кірген бойда тани кеттім. Кигені гимнастерка, оның жағасында ұшқыштар белгісі. Сол қалтасының үстінде екі Ленин ордені мен Батырдың Алтын Жұлдызы жарқырап тұр. Әдеттегі суретінде күлімсіреп қарайтын жүзі сұсты, көздеріміз кездесе қалғанда, ол кісі менің сырымды түгел біліп тұрған адамдай, бірден:
Қазақстандықсыз ба? - деп сұрады Раскова.
Ия.
Қазақпысыз?
Ия.
Запастағы ұшқышсыз ғой?
Ия.
Қандай іске бет алғаныңызды ұғасыз ба? Бұл соғыс!
Мен комсомол мүшесімін.
Комиссия мүшелерінің бірі сұрау қойды:
Сіздің шешіміңізді ата-анаңыз біле ме?
Мен қалай ойласам, олар да солай ойлайды, - деп жауап қаттым.
Басқа сұрау жоқ, қабылдау бөлмесінде күте тұрыңыз, - деді Раскова, мен шығып кеттім.
...Күте тұруды тапсырған қыздардың полкқа қосылғанын хабарлады. Тура сол Комсомол Орталық Комитетінің үйі жанында бәрімізді сапқа тұрғызып, Жуковский атындағы соғыс-әуе академиясының жатақханасына алып барды. Авиация полкының жауынгері болғанымызға, командиріміз Марина Раскова екендігіне қуанып, масаттана түстік.
*** *** ***
Бірде аэродромда кезекші болып тұрғанымда, Марина Михайловна мені өзімен алып ұшып, шамалы уақыт самолетті басқартты. Бұл мен үшін қандай бақыт еді десеңізші! Мен шамам келгенше жақсы ұшуға тырыстым, ал Марина Михайловна:
Сіздің қолыңыз берік екен... – дегенде, төбем көкке жеткендей болды.
... Полина екеуміз кезекті сапарға ұшпақшымыз. Мотор от алды. Самолет көтерілу үшін жылжып келе жатқаны, сосын бірдеңеге соққаны жадымда, аржағын білмеймін.
Есім кірсе, полк командирі Евдокия Давыдовна Бершанская үстіме төніп тұр. Ол:
- Шыдай тұр... Қиын екенін, ауыратынын білем, дегенмен шыдай тұр. Біз бұл аэродромнан кетеміз, қазір негізгі базаға ұшамыз, - деді.
Ол мені өз самолетінің арқы кабинасына мінгізіп алды. Тағы да түк білмей қалдым, аспанда ұшып бара жатқанда ғана есім кірді. Сосын кабинада жалғыз отырғанымды білемін. Самолет Асиновскаядағы негізгі базада тұр екен. Сірә, Бершанская дәрігерге жүгіріп кеткен болу керек. Қатты шөлдегем. Самолет жанынан бұрын Алматы аэропортында жұмыс істеген жерлесім, звеномыздың технигі Тося Вахрамеева көрінді.
- Сәл ғана, сәл ғана шыдай тұр, - деді ол даусы дірілдеп. – Саған су әперуге де мұршам жоқ, сені қарай тұруды тапсырды. Шыдай тұр, шыдай тұр, сәл ғана шыдай тұр.
Тося, - деп шақырдым, - бері келші.
Бара алмаймын, - деді ол жыламсырап, - қанды көруге дәтім жетпейді.
Мен тағы да, үшінші рет есімнен жаңылдым. Көзімді ашсам, тап-тұйнақтай жып-жылы бөлмеде жатырмын. Қасымда әдеміше келген сестра қыз отыр. Қайда жатқанымды сұрағанымда, ол дала госпиталында екенімді айтты. Мені дәрігер қарап шығыпты, аяғым таңулы.
Ұшқыш Полина Белкинаның жайы қалай екенін білмейміз бе? – деп сұрадым сестрадан. Ол Полинаның жеңіл жараланғанын айтып жұбатты. Оны полк дәрігерінің бақылауында қалдырған көрінеді.
Госпитальға кешікпей Наташа Меклин жүгіріп келді. Біздің не болғанымызды айтып берді. Біз көтеріле бергенде алдымыздағы ориентирге – маяға соғылыппыз.
Бағыңызға қарай самолеттегі бомба жарылмай қалды, - деді ол.
Мен кабинадағы аспаптарға соғылыппын, ептеп миым шайқалыпты. Аяғым жараланып, жіліншігімнің сіңірі созылған. Мені мазалаған басымның ауруы мен аяғымның жарасы емес, жоқ. Енді ұша алам ба, ұша алмаймын ба деп қорықтым, ұша алатын болсам, неше айдан кейін ұшамын деп ойладым.
Әлі талай ұшарсың, - деп жұбатты Наташа, - ең алдымен тезірек айығуыңды ойла.
Госпитальда айдан аса уақыт жаттым. Бөлімге келгенде де таяққа сүйеніп әрең-әрең жүрдім. Полк дәрігері рұқсат етпесе де жиі-жиі қыдырып, аяғымды үйрете бастадым.
*** *** ***
1943 жылдың көктемі жаңбырлы келді. Көбінесе, күн райының жағдайсыз кезінде ұшып жүрдік. Біздің майдан жауынгерлерінің алдында неміс фашистерінен Кубань мен Тамань жарты аралын түгел азат ету міндеті тұрған.
Бұрынғысынша Пашкова екеуміз ұшамыз. Сол бір түні бұл қалың болса да, тапсырманы табысты орындап, базамызға қайтып келе жаттық. Өз есебіміз бойынша, майдан шебінен өтіп, аэродромымызға жақындаған сықылдымыз. Айтқандай-ақ, біраздан кейін қонуға белгі берген прожектор жарығын көрдік. Бұл өзіміздің аэродром екендігіне кәміл сенуліміз.
Қонуға бет алып, төмендегенімізді жақсы білем. Аржағы жадымда жоқ. Есім кіргенде самолет сынықтарының жанында жатыр екем. Юляның әлсіз шыққан даусын естідім. Ол:
Біз осы қайда жатырмыз? Бүгін ұштық па, ұшпадық па? – деп сұрады.
Білмеймін, - дедім. Сәлден соң ол тағы сұрады:
Мүмкін ұшқан шығармыз, бізді атып түсірген болар, сөйтіп жау территориясында жатқан болармыз.
Білмеймін.
Мен Юляны көре алғаным жоқ, ал даусы дәл қасымнан шығады.
Пистолетіңді ала аласың ба? – деді Юля тағы да әлсіреген үнмен.
Аспанға оқ атып, дыбыс бермек болдық. Өзіміздің адамдар келсе – жақсы, немістер келсе – атылып өлуге бекідік. Юляның бір-екі оқ шығарғаны, зіл басқан тыныштық қана жауап бергені есімде. Түк дыбыс жоқ... Мен пистолетімді алмақ болып кілт қимылдап қалған болуым керек, есімнен тандым. Бір сәтке есім кіргенде, қыздардың таныс даусын естідім, олар бізді іздеп тауып алған екен.
Сол күні ертеңгілік бізді майдан госпиталіне жөнелтіпті. Немен апарғанын білмеймін. Әлде кім маған қарай еңкейіп:
- Шыдай тұр, жазыласың, тіпті ұшатын боласың, - дейді таныстау дауыспен.
... Есім кірген сайын Юляны сұраймын. “Ол қасыңда жатыр” дегенді естимін. Тағы да ұштық. Мені тылдағы госпитальға әкелді. Аяғымды, қолымды, арқамды – тұла бойымды түгел гипстеп тастады. Тек басымды ғана жұмсақ бинтпен байлады. Тастан киім киген тәріздендім.
Біздің самолет қонуға келе жатып, өз полкымыздың бір экипажымен соғылып қалады. Сондағы төрт адамнан жалғыз мен ғана, онда да ойда жоқтағы бір жағдаймен аман қалыппын. Менің әдетім – ұшқан кезімде белбеулерімді орындыққа бекітіп қоймайтынмын. Со жолы да ағытып қойғам. Екі самолет соғысып, жерге құлаған мезеттегі күш мені штурман кабинасынан лақтырып жіберіпті. Екі санымның сүйектері сыныпты. Юля майдан госпиталінде қаза тапқан екен.
*** *** ***
Бұл кездері жараланған екі аяғым әлі де болса ауыратын, самолетке қиындықпен мініп жүрдім. Сондықтан, тапсырмалар берілетін түні қабинадан шықпайтын болдым, штаб командирлері рапортты самолетте отырғанымда-ақ алатын.
Осындай бір қарапайым жұмыс күні полкқа қуанышты хабар тарады: партияға қабылданғандар партбилеттерін алады екен. Біраз адам болып дивизия штабына аттандық. Дивизия саяси басқармасының бастығы полковник Морозов әрі майдандағы әскери, әрі салтанатты жағдайда партбилеттерімізді табыс етті.
Полкымыз гвардияшылар полкы атанды. Офицерлік шендеріміз өсті. Бұл кезде мен жауынгерлік тапсырмамен үш жүзге жуық ұшқанмын, гвардия лейтенанты болдым. Ирина Себрова да офицер болатын, бірақ маған қарағанда оның ұшу сапары әлдеқайда көп еді. Екпінді және өнегелі қыздар ордендермен, медальдармен наградталды. Мен де наградталдым. Бір күні анамнан мен үшін, менің майдандағы еңбегім үшін мақтанышқа толы хат алдым. Сөйтсем, біздің полктың саяси қызметкерлері мені мақтай келіп, мұндай жақсы тәрбиесі үшін ол кісіге алғыс айтқан екен.
Достарыңызбен бөлісу: |