Бастың милық бөлімі
Маңдай-шеке-шүйде аймағы (regio-fronto-occipitalis).
Мұның құрамындағы
маңдай, екі шеке және шүйде аймақтары жұмсақ тіндері мен күмбез сүйектерінің
анатомиялық құрылысы ұқсас болғандықтан бір аймаққа (маңдай-шеке-шүйде)
біріктірілген.
Шекаралары:
алдынан-көз ұясының жоғарғы қыры, бүйірінен-маңдай сүйектің
бетсүйектік өсіндісінің артқы қырынан басталып, шеке сүйектегі жоғарғы самай
сызығына жалғасып, емізік тәрізді өсіндінің кетігіне дейін баратын дөңес сызық,
артынан-жоғарғы желке сызығы мен сыртқы шүйде төмпешігі. Аталған аймақта бас
күмбезін жауып тұрған жұмсақ тіндердің қалыңдығы 0,5 см.
1-сурет. Бастың аймақтары
Қабаттары:
тері, оның маңдайдан басқа жері шашпен жабылған, тығыздау және
құрамында көптеген тер мен май бездері бар. Теріден астына қарай тереңдей дәнекер
тіндік жіңішке жалғама қалқалар тарамдалып, тері астын араның ұясындай құрылымға
7
айналдырады. Осы дәнекер тіндік құрылым қантамырлардың адвентициясымен, сонымен
бірге тереңірек жатқан бассүйек үсті бұлшықетінің сіңірлік дулығасымен бітісіп жатады.
Тері астындағы шелде аз мөлшерлі май бөлшекшелері, тер бездері, шаш түбіршектері,
кең тараған тор тәрізді тамыр тармақтары мен нерв ұштары орналасқан. Маңдай
аймағындағы борпылдақ шел көздің жұқа терілі жоғарғы қабағына жалғасады. Бассүйек
күмбезінің алдыңғы бөлімдері жарақаттанған жағдайларда тері астылық қанқұйылулар
пайда болуы мүмкін, соның салдарынан жоғарғы қабақтың жұқа терісі астында көгілдір
дақтар көрініп тұрады.
Бұл аймақтың жұмсақ тіндері мен терісі зақымданса, жарақаттан әр кезде өте көп
мөлшерде қан кету байқалады және оны тоқтату оңайға түспейді. Жарақат ішіндегі
тамырды қысу мүмкін болмайды, себебі тамырлар терімен және дулығамен тығыз
бітіскен, сонымен қатар олардың қуыстары үнемі қабыспай ашық болатындықтан, қан
ұю да қиыншылыққа соғады.
Ең үлкен қантамыр–нервтік шоғырлары тармақталып, бір-бірімен анастомоздар
жасап, сіңірлік дулығаның астында орналасады да, радиалды бағытта шеке сүйек
ортасына қарай бағытталады. Маңдай-шеке-шүйде аймағының қантамырлары мен
нервтері бастың әртүрлі бөлімдерінен шығады: алдыңғы жағында көз ұясынан ішкі ұйқы
артериясының тармақтары келеді. Маңдай өңірінде көзұясы үсті және шығыршық үсті
артерияларының, веналарының және сол аттас нервтердің 2-3 тармақтары таралады
(a.v.n. supraorbitalis. еt supratrochlearis). Бұлар көзұясының осы аттас кетігінен, немесе
тесігінен шығады. Артериялар ішкі ұйқы артериясынан бөлініп шығатын көз
артериясының бұтағы болып табылады (a.ophthalmica ← a.carotis interna).
Көз ұясының жоғарғы қырының терісіне маңдай үсті қантамыр-нервтік шоғырдың
проекциясы мынадай: орталық сызықтан (l.mediana) сыртқа қарай 1см, көз ұясының
жоғарғы қырының ішкі және ортаңғы үштен бірлері түйісетін нүктеде. Маңдай үсті
аймағының аяқ артериялары бет артериясының тармағы болып табылатын бұрыштық
артериямен (a.angularis) көз ұясының медиалды бөлігінде ұштасады, ал екінші жағынан
беткейлік самай артериясының (a. temporalis superficialis) маңдай тармағымен (frontalis)
анастомоз жасайды. Кейінгі аталған екі артерия сыртқы ұйқы артериясының бұтақтары
болып табылады, сондықтан көз ұясы мен маңдай өңірінде ішкі және сыртқы ұйқы
артерияларының соңғы тармақтарының бірегейлік байланысы байқалады. Шеке
аймағында беткейлік самай артериясы мен құлақтың артқы артериясы тармақталады.
Шүйделік аймақ аттас артериямен (a.occipitalis) қамтамасыз етіледі, бұл тамыр емізік
тәрізді өсіндінің ішкі жағындағы жүлге арқылы шығады, бұл да сыртқы ұйқы
артериясының тармағы.
Веналары, әдетте аттас артериялармен қосақтасып жүреді, олардың тармақтарының
арасында өзара анастомоздар өте көп кездеседі және қосымша веналар саны да көп
болады. Веналық қанның кейін ағуы бастың беткей және терең веналары, сондай-ақ
бассүйектік веналар мен мидың қатты қабығының веналық қуыстары арқылы іске асады.
Бастың милық бөлігінің тері қаптамасы негізінен үшкіл нервтің (n.trigeminus- V-жұп)
сезімтал тармақтарының ұштарымен нервтенеді. Маңдай аймағында көзұя үсті нерві
тарамдалады, ол V-жұп нервтің көз нервісінен (n.ophthalmicus) бөлінетін, маңдай
нервінің (n.frontalis) тармағы. Самай аймағы терісі V-жұптың үшінші бұтағынан
бөлінетін құлақ-самай нервінен (n.auriculo-temporalis) қамтамасыз етіледі. Шүйде
аймағының терісіне мойын өрімінен үлкен және кіші шүйде нервтері (n.occipitales major
et minor) келеді. Бастың маңдай, шүйде және құлақ қалқан бұлшықеттерін VІІ жұп – бет
8
нерві (n.facialis) нервтейді. Лимфа тамырлары маңдай аймағынан құлақалды түйіндеріне,
шеке аймағынан құлақарты түйіндеріне, ал шүйде аймағынан m.trapezius бекінетін
тұстағы лимфа түйіндері тобына жиналады. Лимфа ағыны көбінесе тұрақсыз, өзгергіш
келеді.
Маңдай-шеке-шүйде аймағының теріасты шелмайының тура астында жатқан
бұлшықет-шандырлық (апоневроздық) қабат дулыға (galea aponeurotica) бар. Бұл маңдай
және шүйде бұлшықеттерінің арасында жұқа тартпа сияқты керілген шандыр бөлігінен
тұрады. Екі жақ бүйіріндегі самай аймақтарына ол жұқа самай фасциясы болып
жалғасады. Шандыр дулыға астында өте жұқа майсыз борпылдақ тін қабаты орналасқан,
ол бассүйектің қабығымен тікелей жанасып жатады. Дулыға терімен фиброздық жіңішке
тартпалар арқылы берік байланысқан, ал сүйек қабығымен борпылдақ тін арқылы
жанасады, сондықтан бассүйек күмбезі қатты зақымданғанда бас терісі шаштармен бірге,
астындағы дәнекер майлы шелмен және шандырлы дулығамен қоса сүйек қабығынан
оңай ажырап, сыдырылып түсуімен сипатталатын жарақатқа әкелуі мүмкін. Бұл
қарапайым тілде әдетте «бас терісі сыдырылған жара» (скальпированная рана) деп
аталады. Бастың сыдырылған жамылғысы қантамырлар торымен өте жақсы қамтамасыз
етілгендіктен, дер кезінде медициналық жәрдем жасалса тез қалпына келіп, жазылып
кетуі әбден мүмкін. Бастың сүйек қабығы астындағы сүйектердің сыртқы қатты
табақшаларымен борпылдақ байланысқан, ал сүйектер арасындағы тігістер тұсында
берік бітісіп жатады.
Маңдай-шеке-шүйде аймағы терілік жамылғысының анатомиялық ерекшеліктерін
терең оқып-білген жағдайда, жарақаттану немесе әртүрлі қабыну үдерістерінде
гематомалар (ұйыған қанды ісік) мен іріңдіктердің орналасу тереңдіктерін анықтауға
болады.
Егер гематома беткейірек орналасса, пішіні шектеулі болып келеді («кішкене томпақ
ісік»), демек теріасты шелмайда қанның мөлшері аз болғаны, себебі теріден шандыр
қабыққа бағытталған дәнекер тіндік жіңішке қалқалар қанның кең таралуына кедергі
жасайды. Шандыр дулығаның астындағы гематома қолмен сипап тексергенде шандыр
шекарасымен шектелген кең жайылған жалпақ құрылым түрінде білінеді. Жоғарыда
айтылғандай, сүйек қабығы астындағы сүйектермен тек сүйекаралық тігістер тұстарында
берік бітіскен, ал басқа жерлерде оның асты борпылдақ болуына байланысты
сүйектерден оңай ажырайды. Осының салдарынан гематома сүйек қабығын астындағы
сүйек шекарасы мөлшерінде сүйектен ажыратып жіберуі мүмкін.
Бассүйек құрамындағы сүйектер 3 қабаттан тұрады және қалыңдықтары әртүрлі
аймақта бірдей емес. Мәселен, самай аймағында өте жұқа, шүйде сүйектің аймағында
едәуір қалың. Бассүйектерінің құрылымы: сыртқы тығыз табақшасының қалыңдығы 1мм
шамасында, ортаңғы бөлігі – қантамырлары өте көп кеуекті зат, ал ішкі табақшасы
(басқаша «шыны тәріздес»), қалыңдығы 0,5 мм, бұл да тығыз болып келеді. Бас
жарақаттанғанда осы «шыны тәріздес» табақша ұсақ жарықшаларға бөлініп сынуы сирек
емес, нәтижесінде сүйек жарықшалары мидың қатты қабығының тамырларын зақымдап,
адам өміріне қауіпті эпидуралды (қатты қабық үсті) және субдуралды (қатты қабық асты)
қан құйылуына әкелуі мүмкін. Кей жағдайда сыртқы сүйек табақшасы бүтін қалып,
соққының қарама-қарсы әсерінен ішкі «шыны тәрізді» табақша үгетіліп кетуі кездеседі,
мысалға, оң жақ самайдан тиген соққының әсерінен, сол жақ самайдың «шыны тәрізді»
табақшасы сынып, оң жақтағысы аман қалуы кездеседі. Қанмен өте жақсы
жабдықталуына байланысты бас жарақаттары, әдетте тез жазылады, сонымен қатар
9
инфекцияға қарсы әсері де айтарлықтай болады. Алайда инфекция бастың жоғарғы
қабаттарынан веналық шығарушылар (v.v. emissariae) арқылы, олардың қабырғасымен
немесе қан ағымымен бастың сүйектерінен өтіп, бассүйектің ішкі веналарына кіруі
мүмкін. Сонымен бассүйектің сыртқы беткей веналары сүйекіші (диплоэлік) веналармен,
мидың қатты қабығының веналық қуыстарымен, синустарға құятын мидың өз
веналарымен, көз ұясы, есту ағзасы веналарымен кең тараған байланыстар жасайды.
Неғұрлым тұрақты веналық шығарушылар: 1) емізік тәрізді (emissarium mastoideum) –
мидың қатты қабығының сигма тәрізді және көлденең синустарымен байланысады; 2)
шекелік шығарушы (emissarium parietale) жоғарғы сагиталды қуысқа ашылады.
Сирегірек кездесетін: 3) маңдайлық шығарушы, 4) шүйделік шығарушы, 5) тіласты нерв
өзегінің шығарушысы. Бассүйекке трепанациялық операция жасау кезінде шығарушы
веналардың тесіктерін балауызбен жағып, қан ағудан сақтанады.
Бастың веналарында қақпашалар (клапан) болмайды, веналық шығарушылар
арқылы қан ішке қарай немесе бассүйекіші қысымның өзгеруі кезінде, тереңнен
бассүйектің сыртқы веналарына ағып келуі байқалады. Сондай-ақ бас өңірінде кейбір
қабыну үрдістерінің қауіпті таралып кетуін және тромбофлебит сияқты асқынуларды
түсіндіре білу өте маңызды. Веналық шығарушылардың тромбозы (тромбпен
тығынданып қалуы) бассүйектерінің остеомиелитіне немесе мидың қатты қабығы-
қуыстарының тромбозына, тіпті мидың абсцесіне (іріңділігіне) әкелуі мүмкін. Мысалға,
маңдай веналары бір жағынан бетке кететін бұрыштың венаға (v.angularis) қосылса,
екінші жағынан көз ұясы веналары арқылы бассүйек ішіндегі үңгірлі синусқа (sinus
cavernosus) барып қосылады. Маңдай, бет маңындағы қабыну үрдістері кезінде
бұрыштық венаның тромбозы болуы мүмкін, онда инфекцияға кейін бағытта мидың
қатты қабығының үңгірлі синусына баратын жол ашылады.
«Шыны тәрізді» табақшаның ішкі бетінде мидың қатпарларына сәйкес саусақ
пішіндес шұңқырайған іздер, артериялар мен веналардың пахиондық түйіршіктердің
жүлгелері болады. Саусақтық іздер бассүйекіші қысымның жоғарылауы кезінде ерекше
анық білінеді. Сонымен маңдай-шеке-шүйде аймағының веналық тамырлары өзара
анастомоздармен жалғасқан үш қабат болып құрымдалған. Жоғарғы қабатта тері асты
веналары мен артериялар өтеді. Олардан веналық қан ағымы сыртқы, ішкі мойындырық
веналарға және жақарты венасына құйылады. Екінші қабатта сүйекіші кеуекті заттағы
веналар (диплоэлік) орналасқан. Үшінші қабатқа – бассүйекіші веналары, яғни мидың
қатты қабығының синустары жатады. Осы үш қабаттағы веналар өзара бас
сүйектеріндегі кішкене тесіктер арқылы өтетін веналық шығарушылар арқылы байланыс
жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |