Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігі
Г. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті
БӨЖ
Тақырыбы: Сөзжасамдық ұя, құрылымы, мүшелері.
Орындаған: ҚТӘ-31 тобының студенті Серикова Балерке
Нұр-Сұлтан 2020 ж.
Қазақ тіл білімінің соңғы жылдары қол жеткен ғылыми табыстарының бірі – сөзжасам мәселесі. Сөзжасам теориясына қатысты мәселелер А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ғ.Қалиев, Н.Оралбаева, Б.Қалиев, Б.Қасым, А.Салқынбай т.б. тілші ғалымдардың еңбектерінде сөз болды. Сөзжасам тілде ерекше қызмет атқарады. Ол жаңа мағыналы туынды сөздің жасалуын, оның сипаты мен мотивациясын, жасалу тәсілі мен ішкі мағыналық құрылымын анықтайды. Сөзжасамның тілдің ерекше жүйесі ретінде танылуына оның сөзжасамдық қатар, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық парадигматика мен синтагматика, сөзжасамдық үлгі мен қалып, туынды сөз т.б. сияқты теориялық бірліктері маңызды рөл атқарады. Сөзжасам жүйесінде барлық сөзжасамдық бірліктер бір-бірімен тығыз байланыста болады. Сөзжасам жүйесінің негізгі нысанының бірі – туынды сөз. Туынды сөз сөзжасамдық үдеріс негізінде орындалатындықтан, ол сөзжасамның әртүрлі амал-тәсілдері арқылы жасалады. Қазақ тіл білімінде «туынды сөз» екі түрлі мағынада: а) синтетикалық тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер, ә) барлық сөзжасам тәсілі арқылы жасалған туынды сөздер деп беріліп жүр. А.Салқынбай туынды сөзге мынадай анықтама береді: «... туынды сөз дегеніміз сөзжасамдық амал-тәсілдердің көмегімен түбірдің немесе негіздің, сөзтудырушы морфемалардың қатысуымен пайда болып, екіншілік мағынаға ие болатын жаңа денотаттық мағыналы сөз» [1,39]. Тілшінің осы анықтамсынан туынды сөздің тұлғалық және мағыналық құрлымының қаншалықты күрделі екенін аңғаруға болады. Туынды сөздің жасалуы мен қалыптасуына жоғарыда аталған сөзжасамның теориялық бірліктері белгілі дәрежеде атсалысады. Мәселен, сөзжасамның негізгі бірліктерінің бірі – сөзжасамдық ұя бір түбірден тараған туынды түбірлердің жиынтығын атап көрсетеді. Әр бір сөзжасамдық ұяда бір ғана негізгі түбір болады да, қалғандары түбірлес туынды сөздерге жатады, олар негізгі түбір мағынасын сақтайды. Мысалы, бөл – бөлу, бөлшек, бөлік, бөлім, бөлек, бөлектену, бөлісу, бөлме т.б. Осындағы «бөл» деген сөзжасамдық ұядан, сөздің даму нәтижесінде бөлу, бөлшек, бөлік т.б. деген туынды сөздер қалыптасқан. Сөзжасамның маңызды, құрамды бөлігі сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық жұп, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық парадигматика мен синтагматика, сөзжасамдық саты т.б. бірліктерден тұрады. Сондықтан аталған сөзжасамдық бірліктердің кез келгені ұяның құрылымдық бөлігі болады.
Ұядағы сөзжасамдық жұптар негіз сөз бен туындыдан тұратындығын Л.К.Жаналинаның сөзжасамдық жұпқа берген анықтамасынан аңғаруға болады: «Словообразовательной парой называется объединение мотивированного слова на основе отношения формально-семантической выводимости, т.е. словообразовательной мотивации, с мотивирующим» [2, 154]. Мысалы, бал – балшы, бал – балдай, бал – балды (ара).
Сөзжасамдық жұп ұяда сөзжасамдық тізбек құрамына кіреді. «Сөзжасамдық тізбек бір сөзжасамдық ұядан немесе негіз сөзден тараған туынды сөздер тізбегі» [1,18]. Яғни, бір түбірден тараған туынды сөздердің бірінен-бірі тікелей туындайтыны, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы. Әр тізбек негіз сөзден басталып, негізді сөзбен аяқталады. Мысалы, ас – аспаз – аспазшы – аспазшылық.
Сөзжасамдық синтагматика мен парадигмтика да сөзжасамдық ұялардың құрылымдық компоненттері болып, түбірлес сөздердің арақатынасын анықтайды. Тіл білімінде сөзжасамдық тізбек құрамындағы бір түбірден тараған туынды сөздердің бір-бірімен жүйелі көлбеу /→/ бағыттағы байланысын синтагмалық қатынас деп, ал бір ұядағы туынды сөздердің бір-біріне валенттілігі мен байланысу жағынан тәуелсіз, мағыналары бір-біріне жақын тұлғалардың тік /↓/ бағыттағы байланысын парадигмалық қатынас деп аталып жүргендігі белгілі. Мысалы, синтагматикалық қатынасқа өгіз – өгізше деген көлбеу бағыттағы сөзжасамдық тізбек жатады. Ал парадигмалық қатынасқа тік бағыттағы сөздердің жұптары жатады. Мысалы,
Ас асқазан
асқабақ
астық
Бұл мысалда «ас» түбірі арқылы жасалған туынды сөздер ұяның бірінші сатысында сөзжасамдық тарамдар жасайды. Олар ас – асқазан; ас – асқабақ, ас – астық деген сөзжасамдық жұптар жасайды. Бір лексикалық тұлғадан бір сатыда тараған барлық туынды сөздер бір тарамға бірігеді. Сонымен, жұптар сөзжасамдық тарамдардың құрамдық бөлшектері болса, сонымен қатар әр ұядағы сөзжасамдық тарам сөзжасамдық жұп жиынтығы да бола алады.
Сонымен, сөзжасамдық ұяның құрылымы синтагматикалық және парадигматикалық қатынас негізінде айқындалып, синтагмалық тұрғыда сөзжасамдық ұя сөзжасамдық тізбектердің жиынтығын білдірсе, парадигмалық тұрғыда – сөзжасамдық жұптардың жиынтығын көрсетеді.
Сөзжасамдық ұялар құрылымында туынды сөздердің орналасуында сөзжасамдық сатылардың атқаратын қызметі ерекше. Өйткені қазақ тілі жалғамалы тілдер тобына жататындықтан, түбір сөзге жұрнақтар бірінен соң бірі жалғанып туынды сөздер жасауға қатысады. Н.Оралбаева сөзжасамдық сатылардың туынды сөздердің бірінен-бірі жасалуының шегін білдіретіндігін және олардың сөзжасамдық ұя құрылымына кіретіндігін айтқан болатын [3,3-6]. Бұдан сөзжасамдық ұяны сөзжасамдық сатылардың жиынтығы ретінде қарастыруға болады. Өйткені бір ұя құрамындағы негіз сөзден тараған туынды сөздердің жүйелі орналасуына сөзжасамдық сатылардың тікелей қатысы бар. Мысалы,
білімді білімділік
білімсіз білімсіздік
білім білімпаз білімпаздық
білімқұмар білімқұмарлық
Біл білік білікті біліктілік
білгір білгірлік
Осында біл негізгі сөзден тікелей алғанған білім, білгір, білік туынды сөздері 1-сатының туынды сөздері, 1-сатының үш туынды сөздерінің біреуі – білім туынды сөзі білімді, білімсіз, білімпаз, білімқұмар туынды сөздерін жасаған, екіншісі – білік туынды сөзі білікті, үшіншісі – білгір туындысы білгірлік туынды сөзін жасаған, бұл алты туынды сөз 2-сатының туынды сөздері болып табылады, ал 2-сатыдағы бес туынды сөздерден тараған білімділік, білімсіздік, білімпаздық, білімқұмарлық және біліктілік 3-сатының туынды сөздері болып табылады.
Сөзжасамдық ұяның 1-сатысында орналасқан туынды сөздердің барлығы да негізгі сөздер болып саналады, өйткені олар түбір сөздердің негізінде жасалған. Мәселен, жоғарыда мысалда берілген біл түп негізден жасалған 1-сатыдағы білім, білік, білгір туынды сөздері – негізгі сөздер. Ал егер осы 1-сатыдағы туынды сөздердің барлығы 2-сатыдағы туынды сөздер үшін негіз болатын болса, онда 1-сатыдағы туынды сөздер негізді және негіз болып табылады. Мысалы, 1-сатыдағы білім, білік, білгір сөздері негізді және сөз негіз болады. Өйткені олар түбір сөзден жасалғандықтан, негізді де, ал өздері сөз тудыру үдерісіне қатысқандықтан, негіз сөз болып саналады және т.с.с. Ал ұяның соңғы сатысындағы туынды сөздер сөзжасамға қатыспағандықтан, олар негізді сөздер болып, ұяны аяқтайды.
Сонымен, сөзжасамдық ұядағы сатыны синтагмалық және парадигмалық қатынас тұрғысынан қарастыруға болады. Синтагмалық тұрғыдан саты көлденең бағыттағы сөзжасамдық тізбекпен байланысты болса, парадигмалық тұрғыда саты ұяның тік бағыттағы сөздерімен байланысты.
Сонымен, жаңа мағыналы сөз жасауда сөзжасамның сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық жұп, сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық синтагматика мен парадигматика т.б. бірліктерінің орны ерекше. Олар сөзжасамды жүйелі ұйымдастыруда маңызды рөл атқарса, сөзжасам тіліміздің лексикалық құрамын байытып, олардың қатарына жаңа сөздермен толықтыруда өзіндік орны бар, тіл білімінің бір саласы болып табылады.
Әдебиеттер:
1. Салқынбай А. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект). Монография. А., 2003.
2. Жаналина Л.К. Сопоставительное словообразование русского и казахского языков. А., 1988.
3. Оралбаева Н. Сөзжасамдық саты. //Қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері. А., 1998.
Достарыңызбен бөлісу: |