«Мәңгілік Ел» идеясын білім беру мектептерінде ендіру. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру.12 сәуір, 2017 ж. Тәуелсіз Қазақстан қол жеткізген жетістіктерді сақтау, одан әрі нығайту, әлемнің ең дамыған отыз елдері қатарынан еліміздің лайықты орын алуы өскелең ұрпақты елжандылық, жоғары адамгершілік құндылықтар рухында тәрбиелеу міндеттерімен заңды байланыста. Идеялық-саяси бағытталған, қазақ халқының көпғасырлық рухани-адамгершілік және патриоттық құндылықтарына негізделетін тәрбие ғана біздің баршамыздың бір ғана Отанымыздың шын азаматтары болатын тұлғаларды қалыптастырады.
1990-жылдардағы тәрбие тұжырымдамалары кеңестік тәрбие қалыптарынан барынша арылу үшін одан мүлдем айрықша, теріс бағыттар мен тәсілдерді пайдалануға бағдарланды. Тәрбие үрдісін ұйымдастыру демократия мен гуманизм қағидаттарына негізделіп, ұжымдық тәрбиенің орнын тұлғаға бағдарланған даралық тәрбие құндылықтары иеледі. Тәрбие жұмысында белгілі дәрежеде Батыстың еркін тәрбие идеялары ұстанымдары орын ала бастағандығы да сыр емес.
Әрине, гумандық, демократиялық және тұлғаға бағдарланған тәрбиенің тоталитарлық идеологияға негізделген тәрбиеден артықшылықтарын мойындамау мүмкін емес. Бірақ тәрбие ісі қоғамның идеологиялық-саяси құндылықтарынан тыс қарастырылуы бұл кездегі тәрбие тұжырымдамаларының басты қателігі деу мүмкін. Бір жағынан тәрбиені саясаттандырмау демократиялық ұстаным ретінде көрінседе, идеялық бағытталмаған тәрбиенің әлсіздіктері соңынан байқала басталды.
Тәрбие адамды қоғамдық табысты өміре дайындайды. Қазақи құндылықтар тұрғысынан адам тек өзі үшін өмір сүрмейді. Ол отбасын, балаларын, ауылын, қаласын, Елін қамын жейтін, оның гүлденуі үшін барынша күш-жігерін, білімін жұмсайтын, өз Отанының нағыз азаматы болуы тиіс.
Бүкілқазақстандық “Мәңгілік Ел” идеясы тәрбие жұмысындағы дәл осы жетіспеушілікті толтырады. “Мәңгілік Ел” идеясы оқушы-жастарды азаматтық тәрбиесі, адамгерішілкке, патриоттыққа тәрбиелеудің рухани, идеялық-саяси негізі. Қазақтың тәрбие құндылықтарының түп-тамыры бір неше бұрынғы ғасырларға барып тағалады. Ата-бабаларымыз жаратқан қоғамды біріктіру, елді қорғау және дамыту, өзге елдер мен халықтар арасында лайықты орын алуға бағыт-бағдар беретін идея бүгінгі таңда әлемдегі елу елдің қатарына еніп, одан алға сенімді қадам тастап отырған ана Қазақстан үшін рухани арқау. “Мәңгілік Ел” идеясы көпғасырлық қазақ мемлекеттілігі идеологиясының Жаңа Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері мен дамуының стратегиялық мақсаттарына сай жаңғыртылған көрінісі. “Мәңгілік Ел” идеясы – қазіргі оқушы-жастар тәрбиесінің идеялық-саясы негізі.