Неопозитивизм методологиясының орнына постпозитивизм ағымы 60-70 жылдары дамыды. Ол ғылыми білімді бірін-бірі алмастырған теориялар арқылы өсетін, жинақталып өзгеретін деп санап, логикалық позитивизмнің кей сұрақтарынан алшақтап кетті. Өкілдері: К. Поппер (1902-1994),Томас Кун Сэмюэл (1922), Лакатос Имре (1922-74).
Постпозитивизмнің пайда болуы К. Поппердің «Ғылыми жаңалық ашу логикасы» және Т. Кунның «Структура научных революций» деген еңбектерімен байланысты. Рационализм ағымы өкілдерінің түсінігі бойынша, ғалымның мінез-құлқының ерекше қағидасы: олар өздерінің ғылыми болжам (гипотеза) қорытындысының жалған болуынан еш уақытта қорықпауы керек. Сыни рационализм, демек факті мен ғылыми әдістемелікке сүйенген сынға ашық болу керек. Сол үшін өзіне фальсификация (лат falsus- жалған және fasio- істеймін) қағидатын қосады. Фальсификация - бекерге шығару арқылы дәлелдеу. Ол ойдың қисынды немесе қисынсыздығын байқау арқылы шешіледі. Бұл қағиданы Поппер ғылымды метафизикадан шектеудің белгісі (критерий) ретінде әрі неопозитивизмдегі верификация әдісіне балама ретінде ұсынды. Оның ойынша, ғылым заңдарын бақылауға болмайды, олар верификациялауға жатпайды. Ғылым үшін верификация принципі емес, фальсификация принципі қажет, яғни ғылыми деген сенімді идеяны қалай да болмасын жалғанға шығарып, жалғанға шықпаған ғылыми жобаны ─ ақиқат деп санауды ұсынады.
Постпозитивизмнің өкілі Т. Кун ғылым тарихы ғылыми қауымдастықтардың бәсекелестігі, алма-кезек күресінің нәтижесі дейді. Негізгі рөлді логика мен методология нормалары емес, парадигмалар (сөздердің үлгісі), қауымдастықтың қабылдаған және ғылыми дәстүрдің өмір сүруін қамтамасыз ететін сенімдер, құндылықтар, техникалық құралдарының жиынтығын білдіреді. Кун ғылым дамуындағы сабақтастықты мойындамайды, әрбір теорияны тәуелсіз, басқамен сыйыспайды дейді. «Парадигма» деген ұғым қазіргі замандағы постпозитивизмде ең маңызды түсінік болып саналады. Парадигма ─ барлығының ғылыми жетістіктерді мойындауы, бір берілген уақытта мәселелер мен шешімдерді қоюдың моделі. Ғылым дамуының негізгі сәттері ғылыми революция арқылы, секірмелі процесс ретінде іске асады. Т. Кун ғылымға, оның философиялық мәнін түсінуге өте зор үлес қосты. Ол ғылым дамуы және ғылымдардың қызметі туралы біздің түсінігімізді тереңдетті, ғылым дамуының кейбір диалектикалық сипатын ашты.
И. Лакатос теорияларды емес, бірнеше жеке теорияларды қамтитын ғылыми-зерттеу жоспарларын салыстыруды ұсынады. П. Фейерабенд ғылымның иррационалдық миф пен діннен ешбір айырмашылығының жоқ екенін айтады. Ол «методологиялық анархизм» теориясын жасады. Онда ол ғылымда ешбір тиянақты өлшем жоқ, оларды біз жасаймыз және уақытқа байланысты өзгертіп отырамыз дейді. Постпозитивистердің пікірінше, ғылыми білімнің мақсаты объективтік ақиқатқа жету емес, белгілі бір міндетті орындау. Мысалы, жәй және нақты теория құрастыру. Ақиқат ұғымы сенімге, мүддеге, т. б. алмастырылады. Постпозитивистер неопозитивистердің ғылыми әдістемелік талдау түсінігін сынайды, бірақ логикалық позитивизмнің ұмтылыстарымен жалпы байланысты үзбейді, одан талдау жолдарын алады, эмпиризмді жақсартып, философиялық мәселелерді тіл саласына аударады. Бүгінде постпозитивизм өз мәнін жоғалтты. Бұл жалпылай мойындалған ғылымның даму теориясының жасалуымен және ағымның тұйыққа тірелуіне байланысты болды. Постпозитивизмнің өз ішіндегі дискуссия көптеген қарама-қайшылық көзқарастың барлығын, философия ілімінің плюралистік сипатын көрсетті.
Зигмунд Фрейд (1856-1939 ж.) - австриялық дәрігер, психотерапевт, нервопатолог, психолог, психоанализмнің негізін салушы. Фрейд: Санасыздық мәселесі бұрын зерттелмеген деп санайды. Санасыздық дегеніміз ─ психикалық ерекше ақиқат және адамға тән, сонымен бірге өмір сүріп оны билейді. Санасыздықтың өмірдегі кең тараған түрі - түс. Түс ─ адамның ақиқат өмірде іске аспаған, жасырын ұмытылысының арқасында туады. Психологияның қорғану тәсілі - жағымсыз эмоцияның, тәжірибенің денсаулық пен тепе-теңдіктің бұзылуына байланысты, санадан санасыздыққа ығысу реакциясы.
Санасыздыққа ығыстырылған жағымсыз эмоция, орындалмаған тілек, «кездейсоқ» спонтандық (сыртқы әсер мен ішкі себептерден пайда болған) қимыл, жаңсақ қылық, жаңылыстық және ағаттық, ерте ме кеш пе өздерін білдіреді. Оны дәрігерге кезекте тұрған мынадай мысалмен көрсетуге болады: санасыздық - үлкен ауыз үй. Онда әртүрлі ойлар, еріктер, адам эмоциялары ішкі үйге - санаға - кіруге өз сағатын күтіп отырады. Сана дегеніміз - шағын кабинет, оған ақыл-ойлы пікір және тілектер ғана шақырылып отырады. Ауыз үй мен кабинеттің арасында күзетші бар, ол санаға тек оған керек ойларды ғана жіберіп тұрады. Күзетші кейде кетіп қалады, кейде мүлгіп кетеді, осы сәтте қажеті жоқ күтушілер сана кабинетіне кіріп кетеді. Мүлгіп кеткен күзетшілер оянып, оларды қайтадан ауыз үйге қуып шыға бастайды. Фрейд өзінің бірінші психологиялық жүйесіне байланысты (1905-1920 жж) санасыз-дықтың негізінде «Либидо» - жыныстық (сексуалдық) құштарлық, жыныстық инстинкт жатыр деді. Либидо өз көрінісін жыныстық әркеттен іздейді. Фрейдтің пікірі бойынша, сексуальдық импульс үшжақты іске асады: біріншіден - сексуальдық және сексуальдық емес әрекетті тікелей бостандыққа жіберу арқылы; екіншіден - санасыздыққа ығыстырылады, үшіншіден – реакция туғызу қабілеті арқылы пайда болатын ұят, моральға айналып, өз энергиясынан айырылып басылатын болады.
ХХ ғасырда Фрейд өзінің екінші психологиялық жүйесін жасады, мұнда санасыздық энергиясының пайда болуына жаңаша қарайды. Эрос (өмір инстинкті) - адам мінез-құлқының конструктивті негізінде жасампаздық жатыр. Адам осыған байланысты өзінің қажеттілігін қамтамасыз етіп тұқымын жалғастырады. Танатос (өлу инстинктісі) - ол адамды деструктивтік әрекеттерге, өзіне «жат» және қатерлі болатындардың бәрін қиратуға итереді. Адам өмірі - әрдайым Эрос пен Танатостың арақатынасы болады. Фрейдтің ойынша психика өзінше дара және материалдық процестермен қатар жүреді. Ол санадан тысқары мәңгілік психикалық күштер арқылы басқарылады (санасыздық). Адамның еркінен тыс психикалық конфликтер, ұдайы қақтығыстар жасап тұрады. Қақтығыс құмарлыққа ұмытылу (либидо), санасыздық және саналы қалыптасқан «шындық принципі» арасында болады.
Неофрейдизм ─ Фрейд ілімі негізінде философиялық ағым ретінде пайда болды. Бұл ілімді жалғастырушылар оның шәкірттері: ─ Альберт Адлер, Вильгельм Райх, Густав Юнг және Эрик Фромм болды. Э. Фромм (1900-1980 жж.) неміс-американ социолог-психологі, психоаналиткалық бағыттың өкілі. Оның «иелену немесе болу» деген еңбегіндегі орталық мәселе адам табиғатындағы қарама-қарсылық, оның тарихи тағдыры, шынайы дүниені көре білу мүмкіндігінің болуы. Өз ұстанымында және бұл сұрақтарды түсінуде ол Маркс пен Фрейдтің тұжырымдамаларына сүйенеді. Оған Спинозаның идеялары да зор әсер етті. Фроммның пікірінше, біздің санамыздағы қиялды әшкерлеу - ақиқатты табу және оны біздің ішкі дүние мен мінез-құлқымызды өзгертудің қаруы ету. Бұл өзгертудің басты мәселесі – адамдар арасындағы қатынастың ашық болу мүмкіндігіне қуану және жасау, оның шығармашылық күшін азат ету.
Юнг Карл Густав (1875-1961 жж.) – Швейцария психологі, мәдениеттанушы, «аналитикалық психологияны» жасаушы, негізін қалаушы. Фрейдтің жақын жақтаушысы. Кейін Фрейдтің натурализм мен пансексуализміне қарсы болды. Ол: «психоанализ нақты, оны әрдайым жалғыз берілген схемамен жүргізуге болмайды»- дейді. Юнг Фрейдтің жеке адам санасыздығымен қатар, «Ұжымдық санасыздықтың» терең қабаттары болатынын айтады. Архетиптер («бастапқы» психикалық құрылымдар түрінде сақталған ежелгі тәжірибе) дүниені қабылдау мен ой елегінен өткізуге априорилық әзірлікті қамтамасыз етеді. Архетиптер, тәжірибеге дейінгі кейбір құрылымдар, шығармашылық, материалдық қатынастардың қалыптасу қағидасын реттеуші болады. Архетпитер аналитикалық техниканы қолданғанда түсінілмейді, күйзелуде және нақты адам бейнесінде, мәдениетте, діни дәстүрде және эзотерикалық символикада көрінеді Олар түс, мифтер, мінез-құлықтың ауытқуы арқылы білінеді. Жетекші архетиптер: Анима (әйелдік бастама), Анимус (еркектік бастама), Тень (біздің ішіміздегі арам адам, жеке санасыздық), Персона (әлеуметтік бет перденің жиынтығы), Самость (біздің шынайы интегралдық «Менге» жақындау дәрежеміз). Архетиптер бастапқы кезден-ақ, ақыл-ой қамти алмайтын байланыстардың жинағы, олар құпия, киелі (сакральды) болады. Онда зор энергия, өзіндігі жоқ күш бар. Адамдар мәңгі үлгілерге ұмтылады және бір шамада олардан қорқады, сондықтан символдарда бейнелейді. Олардың қай-қайсы болса да санасыздықтың күшін аздап ашады және жасырады.