Қазақстан Республикасы жоғарғы оқу орындарның қауымдастығы



бет40/94
Дата21.11.2022
өлшемі1,55 Mb.
#51508
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   94
Байланысты:
1093 k L

Феноменология - батысеуропалық ХХ ғасыр философиясының жетекші ағымдарының бірі .Оның негізін қалаушы ─ Эдмунд Гуссерль (1859-1938жж). Феноменологияның пайда болуына Декарт, Лейбниц, Беркли, Кант пен Марбург мектебінің ілімдері ықпал жасады, оған Вильгельм Дильтей де өз үлесін қосты. Феноменологияның орталық мәселесі ─ сананы болмыстың ерекше өңірі ретінде қарау. Сананың ішкі белгілерінің ешбір заттық, әлеуметтік сананың негізіндегі санасыздық қатынастарға принципті түрде қосылмайтынын айтады. Әлем немесе оның заттарына емес, оларды түсінуде сана әрекетіне аударылуы тиіс. Сананың спецификалық сипаты оның интенционалдығы яғни ішкі объектіге мағынаға бағытталуы. Сананың қатынасы себептілікке байланысты болмағандықтан феноменлогия дескриптік әдісті қолданады да, мағына табу тәсілін суреттейді. Феноменологиялық әдіс психологияда, социологияда, этикада, эстетикада, құқықта, онтологияда, философияда, математикада және жаратылыстануда көрініс табады.
ХХ ғасырда Батыс философиясының белгілі бағыты ─ экзистенциализм болды. Оның негізін дат теологі, әрі философы С. Кьеркегор (1813-1855) жасады. Ол рационалдық философияны реализмді мүлде жоққа шығаратын абстракциялығы және адамға деген салқындығы үшін айыптады. Олар тек бір жалпылықты - рухты, материяны, құдайды, прогресті немесе дерексіз ақиқат мәселелерін қарастырады, ол философиядағы негізгі мәселе - адам екенін ұмытып кетті деді.
Философияда адамды мадақтауды ─ антродиция дейді. Бұл мәселе «өмір философиясының» үлкен ағымы экзистенцтализмде қаралады. Экзистенциализм бағытына «өмір философиясының» өкілдері көп әсер етті. Олар ─ Б. Паскаль, Ф. М. Достаевский және Ницше секілді ұлы адамдардың шығармаларынан да көп ойлар алды. Философия ілімі дамуының қазіргі кезеңі және мектептері «ақыл-ой дәлелінің» «жүрек дәлелін» алмастыра алмайтынын Б. Паскаль көрсетті. Адам мен оның болмысын ақыл-ой тәсілімен түсіндіру өте қиын. Нақты адамды ғылым көмегімен, ұдайы өзгеріп отыратын тұтас мән ретінде және оның мақсатын, пейілін, күйзелісін, қамқорлығын, қорқуын, өмір сүруі мен билікке ұмтылу еркін түсіну мүмкін емес.
Экзистенциализм идеялары әр елде, әр уақытта айтылды. Экзистенциализм өзінің мазмұны бойынша біртекті емес. Сондықтан ол: діни, атеистік болып екіге бөлінеді. Экзистенциализмге жақын теорияларды Ресейде бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Л. Шестов, Н. Бердяевтар насихаттады. Германияда бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Францияда ол тез тарады (К. Марсель, Ж-П Сартр, А. Камю, т. б.), ал 50-ші жылдардың соңында АҚШ-та дамыды.
Экзистенциализмнің басты мәселесі ─ адам, адамның болмысы, оның мәні мен тағдыры. Экзистенциализмнің басты категориялары: жалғыздық жауапкершілік, үрей, ажал, шекаралық жағдай, бостандық. Экзистенциалдық онтологияда объективтік физикалық болмыс емес, адам болмысы туралы сөз болады. Ондағы басты онтологиялық сипат - адамның жай-күйінің әртүрлі болуы. Жиі кездесетін жағдайлар - қорқыныш, ұят, намыс, күмән, үрей - күтімсіздік пен қамқорлықтың салдары. «Шынайы болмыстың» негізгі көрінісі - адамның өмір сүруі және ондағы оқиғалар. Оқиғалар ғана адам болмысының іске асуының тәсілі болады. Оқиғасыз болмыстың өзі жоқ, экзистенция жоқ, адамның өмір сүруі тоқтатылады. Адам өміріндегі оқиғаның көптігі, оның болмысының толықтығының кепілі.
Экзистенциядағы «шынайы болмыс» уақытқа сәйкес болады. Уақыт - ең алдымен адам болмысының нәтижесі, сонымен бірге болмыстың өзі оқиғаның туындысы. Уақыт - өмірдегі бір оқиғадан, басқадай нәтиженің қалыптасуы. Сондықтан олар физикалық уақыт (секунд, минут, сағат) туралы емес, оқиғалар уақыты туралы айтады. Адамның барлық уақыты өз кезегімен өтіп жатқан оқиғалардан (туу, шілдехана, үйлену, ажырасу, оқуға түсу, пенсияға шығу, жұмыс істеу, қызықты кездесулер, т. б.) тұрады. Экзистенциалдық уақыт - жеке бастың сипатында болады, ол адам өміріндегі оқиғаның саны, сапасы, уайым, қайғы-қасірет, таңдау мен жауапкершілік. Былайша айтқанда ол ─ тағдыр. Экзистенциализмнің онтологиялық тұжырымдамасының мәні: болмыс пен уақыттың арасында өзара диалектикалық байланыс бар. Оны Хайдеггер «болмыс пен уақыт» бір-бірін анықтайды дейді.
Экзистенциализм онтологиясы (болмысы) мен гносеологиясы (танымы) тиянақты байланыста болады. Экзистенциализм танымы - адамның қайғыруы және одан да күшті қайғыруы; осыған сай болмысты терең танимыз. Дүниедегі нақты болмысты, әсіресе болмыстың мәнін ашуда Ясперс енгізген «шекаралық жағдай» категориясының рөлі зор. Ясперс: «тек осы минуттарда ғана адам өзінің нағыз өмір сүруін» (өзінің табиғатын) ұғынады, басқа уақытта олар кәдімгі болмыстың күнделікті тікелей әсері арқылы жасырынып жатады ─ дейді. Дау-жанжал кезінде адамның үміт үзілуі, қайғыруы, қорқынышы шекаралық жағдайға келеді, онда шынайы өмір сүрудің мәні ашылады.
Мұндай танымды түсіну, діни және атеистік экзистенциализмге де тән. Осындай нақты шекаралық жағдайда адам өзінің таңдауын жасайды. Мысалы, Авраамның таңдауын алайық. Құдай Авраамға өз баласын өлтіруді міндеттейді. Осыдан оның жан-дүниесі күйзеліске түседі: сенімге бағыну немесе өзінің әкелік-моральдық борышын атқару мәселесі туады. Экзистенциализмдегі діни көзқарастың негізіндегі таңдау - ол дұрыс жол, Христос жолы, Құдай-адам жолы. Атеистік экзистенциалимздегі таңдау – құдайсыз-ақ өзіңді табу, іске асыру. «Жеке адам өзін-өзі іске асыруы тиіс»- дейді Сартр. Құдай арнауымен емес, өзін сырттан іздеу арқылы азат болу немесе басқа әркетте өзін табу. Адамды ештеңе, ешкім (құдайдың өзі де) өзінен құтқармайды. Бұл мәнінде: «Экзистенциализм - оптимизм, әрекет туралы ілім»,- деп жазады ол.
Экзистенциализмде таңдау ұғымдары мен бостандық категориясының толық байланыста болуы ─ ең бір негізгі ерекшелік болып саналады. Таңдау бастапқыда танылмаған бостандықпен түйіндес болады. Адам өзін-өзі жасау арқылы, өзін іске асыру тәсілін таңдайды. Экзистенциализмде таңдау мүмкіндігі әр адамның о бастан-ақ берілген еркіндігі, әрине оны ол керек етсе. Ал, бостандық - адам өмірінің өзі. Атеистік экзистенциализмде ─ бұл ұғымдар негізінен бір ретте болады, ал, діни экзистенциализмде экзистенция жердегі өмірдің арғы жағына тарайды Яғни, эсхатологиялық мәні бар, бостандық ─ өмірден де жоғары қойылады.
Экзистенциализм өкілдері өз философиясының өзегіне адамның қоғамнан жаттануын қойды. Олар адам қоғамнан алшақ болуы және оның әсерінен қашуы керек дейді. Ол үшін қиялы болып келетін осы дүниені ұмытып «шынайы шындық”, «Мен»-ге терең үңілуі керек. Жеке адам болмысы ғана бірден-бір шын дүние саналуы қажет. Экзистенциализм сезімді абсолютке айналдырып, оны ақылдан және адамның қоғамдық табиғатынан ажыратып қарайды. Экзистенциализм философиясы жетілуде, оның идеялары кең түрде әдебиетте, өнерде қолданылып, аса маңызды жалпы адамдық мәселелерді қарастырады
Структурализм - (лат structura - құрылым) объектінің тұрақты байланыстарының жиынтығын қамтитын құрылым ұғымына негізделінеді. Онда кезкелген зерттеп отырған құбылыстарды өзгерткенде, құрылымның сақталатынын мойындау жатыр. Структурализм “адам-субъект” және оның бостандығы деген қазіргі кезде тарап кеткен гуманистік түсініктерге қарсы шықты. Бостандық тек қана фикция, ол тірі және өлі дүниедегі жалпы құрылымдарға тәуелді, әлеуметтік және мәдени өмірдің бос қияли жемісі деп санайды. Құрылымдық біртіндеп лингвистикалық әдіс болып қалыптасып, тіл мәселесімен айналысты. Бұл әдістің жан-жақты тарауы, оны философиялық пайымдау, оның әлеуметтік-саяси және мәдени оқиғаларға араласуы, сынау және өзіндік сынау арқылы структурализмді постструктурализмге жеткізді.
.Постструктурализм -ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында дамыған әлеуметтік-гуманитарлық білімдегі структурализмнің «екінші толқынын» сынау мен қиындығын жеңу барысында қалыптасқан плюралистік бағыт. Структурализмдегі бинарлық (екі бөлімнен, екі компонентен тұру) және иерархиалық түсініктер постструктурализм мен постмодернизмде қандай болмасын бірлікке негізделінбеген көпттік ұғыммен ауыстырылады. Ол Ж.Делез бен Ф. Гваттридің «Кафке» (1974) еңбегінде енгізілген «Ризома» терминінде анық көрінеді. Ризома (гр.rihiza –тамыр) тармақталынған тамырлық жүйенің көптеген «түйінін» білдіреді. Олардың пікірінше «ризома» нақтылықты бейнелеуде құрылым ұғымынан гөрі қолайлы және жеке элементтердің қатал иерархиясын жояды. Дәстүрлі таным теориясындағы негізгі метафора «ағаш» (онда орталық бағана және одан жан-жаққа тарайтын бұтақтардың барын жорамалайды) болса, метафора ризома орталық тамыры жоқ, өте күрделі өз-ара байланыстағы бұтақшалар мен олардың шексіз көптеген басқа қосымша бұтақша мен балауса бұтақтарға тамыр болып қызмет атқара алатындығын білдіреді. Бұл секілді әлем көрінісінде «орталық» және «шеткі аймақ (периферия)» өзінің мәнін жояды.
Постструктурализмнің негізгі ерекшелігі –децентрация, деконструкция, мәдениет тілін дискурсивтік талдауды мәдениет кеңістігінде мәтін мен мәнмәтіннен тұратын таңба жүйесі ретінде түсіндіру. Ж.Деррида бойынша: «ешнәрсе мәтіннен тыс өмір сүрмейді». Ж.Деррида орталықтандыруды сынап, мәтін мен жазуды қызмет ретінде түсіндіріп, «Өзіндік референция» еңбегінде оның өрісін кеңейтті. «Қанша парадоксальді болғанымен, орталық құрылымның ішінде және сыртында орналасқан орталық ─ орталық емес».
Децентрация ─ бұл құрылымды (структураны) басқаратын орталықтың өзінің құрылымының болмауы, ол структураның ішінде және оның сыртында орналасқан. Ол экономикада - өндірістегі децентрация, мәдениетте - мәдениеттің тең құқығының, басқаға көңіл аударудың пайдасы үшін этноцентризмнен бас тартуы, т.б.
Ж.Деррида «деконструктивизм» деген интеллектуалдық қозғалысты тудырды, ол деконструкциядан шығатын түсіндірудің, мәтінді оқудың жаңа тәсіліне негізделеді. Деконструкция мәдениет пен философияны игерудегі еуропалық «метафизикаға» қарсы философиялық ұстаным, саяси стратегия, мәтінді оқу тәсілі, талдау әдісі ретінде қарала алады. Деконструкция жоққа шығару немесе бүлдіру емес, қайта тұрғызуды негіздеу мен іске асырудың жаңа бір талпынысы, ол үшін дискурсивті мақсатты ашып, түйіндерін шешу қажеттілігі туады.
М. Фуко постструктурализм мәселелерін қарастыруда, білімді әлеуметтік құрылымдау саласындағы зерттеулерінде өзінің «Сөздер мен заттар» еңбегінде көп үлес қосты. Еуропалық эпистемологияда (таным теориясы) ол үш эпистеманы (таным өрісі): қайта өрлеу, классикалық рационализм, қазіргі заман деп бөледі. Егер қайта өрлеуде тіл заттар ішіндегі зат ретінде болса, классикалық рационализмде ( модернизм) тіл ойды жеткізетін құрал, қазіргі замандағы эпистемада тіл дербес күшке айналады.
Постструктализм өкілдері: Ж.Деррида, Ж.Делез, Ж.Бодрийар, Ж.Лиотар, Ю. Кристева, М.Фуко – биліктің іске асу тәсілдерін анықтап оған көптілікті, бірегейлікті және ыдыраңқылықты қарама–қарсы қоюды өз міндеттері деп таниды.
Философия енді ешбір онтологиялық, гносеологиялық мәселелерді шешпейді, адамның өмір сүруінің мәні туралы сұрақтары қойылмайды. Философия – интерпретация (талдап түсіндіру) формасы, ақыл-ой мәдениеттің әртүрлі салалары арасындағы интерпретациялық делдал.
«Постмодернизм»- «Қазіргі заман» ұғымына сай, модерннен кейін деген француз сөзі. Постмодернизм әдетте жаңа дәуірдегі рационализм мен ағартушылық философиясының мәселелеріне қарсы тұратын философия. Постмодернизм ұғымы француз философы Ж.Лиотардың «Постмодернизм тағдыры» еңбегінің арқасында жоғарғы мәртебеге ие болды. Постмодернизм термині 1917-1920 жылдары архитектурадағы стиль ретінде, ал 1960 жылы терең түсіндірілу негізінде ғылыми айналысқа енді.
Постмодернизм мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым, техника, әлеуметтік-экономикалық, технологикалық және саяси саладағы біркелкілікті орнатады. Ал қатал логикалық жүйе ─ соңғы қорытынды, әртүрлі тұрақтылықты іздеу, беделдің алдында бас ию, құндылықты негізсіз енгізу, адамдар арасындағы келісімді міндетті етуге тырысу, ескірген этика мен моральді жоғары көтеруден бас тартып, адамды «тоталитарлық жүйеден» босатуға ұмтылады.
Модерн мен постмодернизм арсындағы қайшылық көптеген пікірталастың тууына әкелді, оның ішінде әсіресе, Ю.Хабермас пен Ж-Ф. Лиотардың пікірталасы маңызды болды. Бұл пікірталасқа М.Фуко, Ж.Деррида мен Р.Рорти, т.б. қатысты. Қандай болғанда да олардың көбі ғылымның объективтілігі, мораль мен құқықтың әмбебаптылығы, өнердің автономиялығы, ғылыми прогресс, адамның азаттық ұраны ─ қанаудың әмбебаптық жүйесіне, адамның жатсынуына жеткізгенін мойындайды. Ж. Делез бен Ф.Гвартари қазіргі замандағы капитализм экономикасы мен өндіріс деңгейінде субъективтік тілек машинасын жасап, адамды, олардың құрылымдарын әлеуметтік винтиктеріне(тетіктеріне) айландырғанын анықтады.
Ж. Бодрийар өз еңбегінде қоғамдағы әлеуметтік кеңістіктегі жағдайды сипаттай отырып, оның ерекшелігінің дамуын «симулякр» және «симуляция» түсінігі арқылы көрсетеді. Симулякр дегеніміз көшірме немесе ұқсастық ( үйлестік), түпнұсқаны ығыстырып, түпнұсқадан маңызды болады. Симулякр қазіргі заман мәдениетінде үстемдік етеді, ал оның репрезентациясы кино, теледидар, аспаздық, көңіл көтерудің көмегі арқылы іске асырылады. Олардың шиеленісуі, әртүрлі әлемнің бір сәтте уақыт пен кеңістікте қосылуына әкеледі. Ол өзіндік сәйкестендіруді (самоидентификация) іздеу немесе тар шектелу локализация мәдениетіне жетелейді.
Батыс еуропалық постмодернизм, постиндустриалдық қоғам ұғымына сай құндылық, енді ақша немесе билік емес - ақпарат, нақты шындық - виртуалдыққа айналды. Лабиринт принципі арқылы құрылып, БАҚ гипершындығын (Ж.Бодрийар) тудыратын гипермәтін ұғымы пайда болды.
Постмодернизм өкілдері: Р. Барт, Ж. Батай, Ж. Бодрийар, Ж. Делез, Ж. Деррида, Ж-Ф Лиотар., Р. Рорти. Ал М.Фуко қойған диагнозды батыс елдерінің дамуы дәлелдеп отыр. Масс-медиада жасалған реалдық пен нақты қылмыс, саясат, жыныстық қатынастар, т.б. ажырамас күйге жетті. Шындықты ойдан шығарылғанымен және өмірдің өзінен туғанды «тек экрандылығымен» бөліп қарау мүмкін болмай қалды. Бір құбылысты көрсету сол құбылыстың өзінің негізіне айналды, тек сол кезде ғана ол өз болмысына ие болады, көрсетілмесе - жоққа тең. Бұл философиядағы түйінді ойлар, батыс еуропадағы индустриалық өркениеттің постиндустриалдыққа өтуінің салдары.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   36   37   38   39   40   41   42   43   ...   94




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет