Дін - көзқарастың бір түрі. Дін - табиғаттан тыс ғажап күштердің бар болуына негізделінген сенім. Ол адам өміріне және қоршаған ортаға ықпал етеді. Діни көзқарас қоршаған ортаны сезімдік, бейнелік - эмоциональдық түрде қабылдауды сипаттайды.
Дін қазіргі кезде үш дүниежүзілік діндерден: христиан, ислам, буддизм және көптеген ұлттық діндерден: синтоизм, иудаизм, индуизм, тәңірлік, конфуцийлік, даосизм, т. б. тұрады. Дін адамдардың үлкен топтарын, халықтарды біріктіріп, қоғамды идеялдар арқылы тұрақтандырады. Ол мәдениеттің кеңістікте тарауына мүмкіндік туғызды да, ортақ салт-дәстүрлердің қалыптасуына ықпал етеді. Өнегелік-тәрбиелік саласыда жақыныңа сүйіспеншілік, қайғысына ортақтасу, адалдық, төзімділік, парасаттылықты міндет деп санайды. Дін адамды адамгершілікке, тазалыққа үйретеді.
Діни сенім заңды, тарихи түрде қалыптасады. Тотемдік сенімнен табиғаттан тыс күшке (құдай, сайтанға) сенудің арасында табиғаттың дүлей күштеріне (найзағай, теңіз, ай, күн) сену жатыр - оны пұтқа (заттық формадағы нәрсеге: икона, сурет, мүсіндерге) илану деп санайды. Шынайы дін жеке заттан бүкіл аспанға, әлемдік ғарышқа табыну (тәңірге сену, конфуциялық ілім), абстрактылық күштер күресі (зооастризмдегі жарық пен түнектің мәңгі шайқасы, кезектеле жеңіске жетуі) идеялары арқылы жетіліп, қазіргі әлемдік діндерде қалыптасты. Бұл негізінен сананың жетілуі, абстракциялық ойлаудың, жақсы мен жамандық идеялдарын құрастыра білу мүмкіндігінің пайда болу жемісі. Идеалдар да жоқтан алынған жоқ, ол реалдық адам болмысының қарама-қарсы бастауларын жинақтаудың нәтижесі. Жамандық - адам бойындағы биологиялық заңдылықтар (тек өз қамын ойлау, жануарлық инстинктіге бағыну, ұмтылыстарына жету үшін күшке, алдауға сүйену, т. б.), жақсылық - тәрбиеден алынған әлеуметтік заңдылықтарды пір тұтып дамыту. Адам бойындағы реалды қасиеттер топтастырылып, бірі - сайтан жолы, екіншісі - құдай, имандылық жолы аталып, олардың мәңгілік күресі мойындалды. Тек қоғамда ғана адам болып туып, өмір сүре алатындығы ескеріліп, оның тұрақтылығын, бейбіт дамуын қалайды. Бірақ, үстемдік етуші әулеттер, тап пен ұлттар, елдің көңілін ішкі теріс шешімдегі мәселелерден басқаға аудару үшін, діндердің әртүрлі көзқарастарды ұстанатынын, бұқара халықтың ғылыми білімінен алшақтығын пайдаланып, өздерінің саяси-экономикалық тартыстарын діни соғыстарға аударуға тырысатындығы да тарихта жиі кездеседі.
Діни көзқарас, сана мен сенім - қарапайым халықтың философиясы деуге де болады, яғни оның қоғамға қажеттілігі әлі де жоғалған жоқ. Егер рационалдық ғылыми білімнің әрқашан бүгінде шешімі жоқ бір нәрселерге тап болып отыратындығын, ал сенім тек тұтастық ретіндегі көзқарастың жемісі болғандықтан, сондықтан жетіспеген білімді адамдар мифологиямен толықтыратынын пайымдасақ, дінді мәңгі қоғамдық құбылыс деу орынды. Оның тәрбиелік мәні өте зор себебі әрбір жаңа ұрпақ биологиялық заңдылықтардан тек өз күшімен, ақылымен арылуы қиын, ал мемлекет тарапынан күш көрсету – көбіне кері нәтижелер әкеледі. Сондықтан, оның мифологиялық бастамаларын символдар ретінде қарап, біртіндеп рационалдық күйге көшіріп, әлемдік діндердің алшақтаған идеологиясынан құтылып, діни сенімді адам көзқарасының қажетті бастауларының бірі санауға ұмтылған жөн. Діннің үш элементі бар: діни түсініктер, діни сезімдер, діни табыну мен әдет-ғұрып жоралары. Олар әлеуметтік жағдайларға байланысты әртүрлі болып келеді. Дін дүниені екіге бөледі: о дүние және бұл дүние. Дін өз нұсқауларын құдай атымен мәңгі-бақи бекітпекші болатын неғұрлым консервативтік идеологияның формасы болып табылады, яғни оны реформалау асығыстықты қаламайды.
Философия – көзқарастың бір түрі. Ертеде әр нәрсенің себебін білігісі келгендер, діни ұғымдар мен жай ұғымдарға қанағаттанбай құбылыстардың түбіне үңіліп, сол туралы өзіндік пікір айтты. Оларды - «философ» деп атайды. «Философ» деген сөзді алғашқы рет гректің, ойшыл, математигі Пифагор (580-500 б.ғ.д) енгізді. Бұл термин Еуропа мәдениетінде Платонның (427-347 б.ғ.д) атымен тығыз байланысты. Philo - сүйемін, sophia- даналық, яғни даналықты сүйемін деген мағынаны береді. Араб тілінде «фәлсәфа» деп аталады.
Философ - алғашқыда әрі дана, әрі табиғатты зерттеуші, сынаушы, байқаушы ретінде бой көрсетті. Сондықтан, бұларды «натурфилософтар» деп атады. Философияның дүниеге келуі дегеніміз - өмірлік тәжірибеде адам сезімінің, идеалдық үміттің және әлем туралы білімнің үйлесімдігін іздеу нәтижесінде ерекше рухтың қалыптасуы болады. Философия пайда болуынан бастап барлық ғылымды қамтыды, яғни ғылымның ғылымы болды. Кейінірек әр пән өз алдына ғылыми пән ретінде қалыптасты. Б.з.д IV ғ ежелгі Грекияда теориялық логика пәні, ал б.з.д. ІІ ғ математика (Евклид геометриясы және арифметика), астрономия (астрологиямен бірге), кейінірек филология және тағы басқалары бөлінді, яғни ғылымды жіктеу дифференциялау (бөлшектеу) басталады.
Әр дәуірде философиялық ілімдердің ішіндегі ғылымның құрамында әртүрлі көзқарас болды. Эллиндік дәуірде стоиктер мен эпикуршылар философияны логика, физика және этика деп жеке бөліктерге бөлді. Оны бақшаға теңеді. Бақтың қоршауы - логика (логикаға танымның барлық мәселелерін, тіпті тілді де қосады), физика - оның жемістері, яғни табиғатқа байланысты (астрономиялық, физикалық, биологиялық, т. б. білімдер). Этика – адамның мiнез-құлқы, тәртібі туралы ғылым, ол философияның ұйытқысы (ядросы), ол бағыт және керекті тәртіпке жол көрсетеді деп саналды.
Орта ғасырда Схоластикалық философияны болмыстың негізгі себебі және жоғарғы принципі туралы ғылым ретінде түсіне бастады, сонымен бірге ол «діни ілімнің құлы» болып саналды. Қайта Өрлеу дәуірінде философиясының ерекше сапалы бөлігі - натурфилософия (табиғат философиясы). Жаңа Заман философиясында жаратылыс ғылымдарының кешені қалыптасты (физика, химия, биология, т.б.). Енді олар философия саласына тіпті кірмейтін болды. Және гуманитарлық ғылымдар (тарих, лингвистика, өнертану, т.б.) бөлінді.
Философия барлық ғылымдардың әдістемелік рөлін сақтап қалды. ХІХ-ХХ ғ марксизмде Гегель философиясының негізінде философия пәні туралы төмендегі түсінік қалыптасты.
Философия дегеніміз - табиғат, қоғам және адам санасының ең жалпы даму заңдары туралы ғылым қоғамдық сананың бір түрі, көзқарастық теорияның негізі, философиялық пәндер жүйесі, адамның рухани дүниесінің қалыптасуына ықпал жасайтын ілім. Философия пәні осылай түсінумен бірге ХХ ғасырда әртүрлі философиялық ілімнің негізгі мәселесінің әртүрлі болуына байланысты, бұл сұрақтың шешу жолдары анықталды.
Философияның негізгі бөлімдері (тараулары):