§ 52. Екі етістіктен бірігіп, ықшамдалып, қалыптасып кеткен әпер (алып бер), әкел (алып кел), әкет (алып кет), түрегел (тұра кел), мойынсұн (мойын ұсын), өсіт (осылай ет), бүйт (бұлай ет), неғып (не қылып), неткен (не еткен), қайткен (қалай еткен) сияқты сөздер сол қалыптасқан ықшам тұлғасында да, күрделі түрінде де қолданылады. Соңғы жағдайда екі етістік бөлек-бөлек жазылады. Мысалы: Кітапханадан көп кітап әкелдім - Кітапханадан көп кітап алып келдім. Ол түрегелді де, гимнастика жасай бастады - Ол тұра келді де, гимнастика жасай бастады. - Әкет әрі - Алып кет әрі!
Е с к е р т у. Мойынсұну, неткен, сөйтіп, өйтіп, өйткені, неғып сияқты сөздердің толық (күрделі) түрде тұлғалануынан (жұмсалуынан) гөрі осы ықшамдалған тұлғасында қолданылуы басымырақ.
§ 53. Есімдер мен етістіктерден араласып құралған, бір мағына беретін тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады: жұмыс істеу, қызмет ету, жәрдем беру, қол шапалақтау, ат қою, егін ору, жер қазу, жер өлшеу, іс жүргізу.
Мұндай тіркестердің соңғы компонентіне жұрнақтар жалғанып, туынды сөз жасалған күнде де әр сөз бөлек-бөлек жазылады: қызмет етуші, жәрдем бергіш, ат қоюшы, егін орушы, жер қазушы (адам), сөз жасаушы (жұрнақ), іс жүргізуші (делопроизводитель). Есім мен етістіктерден жасалған тіркестер -у, -мақ жұрнақтарымен келіп, заттық ұғымды (демек, бір ғана заттың, құбылыстың, ұғымның атауын) білдірген күнде де олар күрделі сөз ретінде бөлек-бөлек жазылады. Мысалы: ду қол шапалақтау, астық жинау басталды (мұндағы астық жинау заттық мағынада жұмсалып жүр).
§ 54. Идиомалық, фразалық тұрақты тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Әдетте мұндай тіркестер бір ғана ұғымды білдіреді, сондықтан олардың екі сөзден тұратындары біріккен сөздерге ұқсап, жазуда көп қиындық келтіреді. Терминдік мәнге ие болып, біріккен сөз дәрежесіне көтерілген бірқатар тұлғалардың о баста идиома не фраза болғандығы да (мысалы: келіссөз, көзқарас, ақсақал, атқамінер т.с.) бұл қиындықты күшейте түседі. Дегенмен идиома мен фразалық тіркес компоненттерінің бөлек жазылатындығын негізгі қағида деп ұғыну қажет. Бұлар есім мағыналы да, етістік мағыналы да болып келеді. Мысалы, есімдер: көк езу, сөз бұйда, өгіз аяң, арам ой, арам ойлы, ақ көңіл, ақ көңілді, қара ниет, қара ниетті, қара ниеттілік, асқар тау, шалқар көл, бие сауым (уақыт) ет асым (уақыт), қозы көш (жер), тіс қаққан (бала). Етістік мәнді фразеологизмдер: тіл қату, тіл алу, тілге келу, тілін тарту, тіл өту, тіл ширату, бас ию, бас көтеру, бас салу, бас сауғалау, бас тарту, бас қатыру, бас қорғау, бас қосу, бас құрау, бел байлау, бой бермеу, бой тасалау, бой ұру, жан ұшыру, жан қию, жаны ашу, қол жету, қол кою, қол байлау, қол үзу, ат қою (“шабуылға шығу” мағынасында), ат салысу, жек көру т.б.
Етістік мәнді фразалық тіркестерден жұрнақтар жалғанып жасалған туынды сөз-тіркестердің де әр компоненті бөлек жазылады: тіл алу - тіл алғыш (бала), бас көтеру - бір үйдің бас көтерген үлкені, бас қатыру- бас қатырушылық, бой ұру - бой ұрғыш, жан қию - жан қиярлық (іс), жаны ашу - жаны ашығыш, қол жету - қол жеткен (табыстар), қол байлау, қол үзбеу - қол үзбей (көмектесу), жек көру- жек көрінішті, жек көрушілік, жүз таныс - жүз таныстық, салқын қанды - салқын қандылық, бір сөзді - бір сөзділік.
Достарыңызбен бөлісу: |