9. ТӨЛ СӨЗДІҢ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ
§ 113. Төл сөз екі түрлі қолданылады: бірі - төл сөзді мәтін ішінен бөлмей, абзацсыз (жаңа жолсыз) қолдану, екіншісі - төл сөзді абзацпен бөліп тастау.
Бірінші жағдайда төл сөз тырнақшаға алынады, екіншіде сызықша арқылы жазылады:
Әкей оқта-текте иығын қозғап қалып, күбірлеп сөйлеп те қояды: “Генерал-поручик!.. Ол менің ротамда сержант қана еді! Содан бері көп-ақ өткені ме?..” (А.С.Пушкин).
- Асан үйінде екен, - деді біреу жүгіріп кеп.
- Қалима ше?
О да үйінде (С.Мұқанов).
§ 114. Төл сөз бен автор сөзінің орналасу тәртібіне қарай тыныс белгілері былайша қойылады:
1. Әуелі төл сөз, одан кейін автор сөзі келгенде, төл сөз екі жағынан тырнақшаға алынады да автор сөзінен бұрын, төл сөз болып тұрған сөйлем хабарлы болса, үтір мен сызықша; лепті болса, леп белгісі мен сызықша; сұраулы болса, сұрау белгісі мен сызықша қойылады. Сондай-ақ көп нүкте мен сызықшада қойылады. Мұндайда үтір тырнақшаның сыртына қойылады, ал сұрау, леп белгілері және көп нүкте тырнақшаның ішіне қойылады:
“Мұны мен бұрын бір жерден көрдім”, - деп ойлады ұста.
“Мұның кім екенін қайтсем де білуім керек!” - деп өзіне серт берді ұста.
“Бұл кім болды екен, әлде... ” - деп ойлай бастады ұста.
Сызықшаға алынып жазылуға тиісті төл сөздердің тыныс белгілері де дәл осындай. Тек олар екі жағынан тырнақшаға алынбайды. Оның орнына төл сөздің алдына сызықша қойылады да, жаңа жолдан басталып жазылады:
Кісілер тарап кеткеннен кейін, ол Павелға қарап
- Павлуша, сен социалиспісің? - деп сұрады (М.Горький).
2. Сөйлем тырнақшаға алынған төл сөзбен аяқталып тұрса, нүкте тырнақшаның сыртынан, ал леп, сұрау белгілері мен көп нүкте тырнақшаның ішінен қойылады:
Ұстаның ойлағаны: “Мен мұны бір жерде көрдім ”.
Ұстаның ойлағаны: “Мен мұны қайдан көрдім ?”.
3. Автор сөзі төл сөздің ортасында келгенде, тыныс белгілері төрт түрлі қойылады:
а) Автор сөзі төл сөз болып тұрған тұтас сөйлемді екіге бөліп тұрса, автор сөзінің алды-артынан үтір мен сызықша қойылады. Төл сөздің екінші жартысы кіші әріптен басталып жазылады. Мысалы:
- Мені, - деді Амантай далаға шыққан Асқарға, - губернатор шақырған екен. Еріп жүрші, шырағым. (С.Мұқанов). “Я, - деп ойлады, шелегін босағаға қойып ...далаға шыққан Айбала, - қуанатын жөні бар”.
ә) Екіге бөлінген төл сөздің бірінші жартысы өз алдына хабарлы сөйлем болса, автор сөзінен бұрын үтір мен сызықша автор сөзінен кейін нүкте мен сызықша қойылады. Төл сөздің екінші жартысы бас әріптен басталып жазылады. Мысалы:
- Трест жанып жатыр, - деді Валя келтесінен, даусын көтере сөйлеп. - Мама, мен барып ұйықтаймын (А.Фадеев).
- Жоғары шық, - деді үйге кірген Асқарға Балтабек. - Ағаңның қолына су құй, қалқам Ботагөз.
- Амантай да бірге келді, - деді Асқар қалтасынан сәби Амантайдың суретін Ботагөзге ұсынып. - Жолда көрдім, аман! (С.Мұканов),
б) Екіге бөлінген төл сөздің бірінші жартысы лепті не сұраулы сөйлем болса, немесе леп белгісі қойылуға тиісті қаратпа, одағай сөздер болса, автор сөзінің алдынан тиісті леп белгісі не сұрау белгісімен сызықша қойылады да, соңынан нүкте мен сызықша қойылады. Төл сөздің екінші жартысы бас әріптен басталып жазылады, ал автордың сөзі кіші әріптен басталып жазылады. Мысалы:
- Бұл не жұмбақ? - десті екеуі қосынан. - Көл ортасында бұл жалау қайдан пайда болды? (С.Мұқанов).
- Жолдастар! - деді Павел. - Өмір бойы алға ұмтылайық! (М.Горький).
в) Төл сөздің бірінші жартысынан кейін көп нүкте қойылуға тиісті болса, автор сөзінің алдынан көп нүкте мен сызықша, автор сөзінен кейін алдыңғы бөлікке қарай не үтір мен сызықша (егер төл сөздің бірінші жартысы өз алдына сөйлем болмаса), не нүкте мен сызықша (егер төл сөздің бірінші жартысы өз алдына сөйлем болса) қойылады. Мысалы:
- Жаңа... - деді шал сасқалақтап,- Итбайдың төре баласы Сарыбас... солдатпен кеп шешеңді атып өлтіріп кетті... Саған кетті... Жасырын! (С.Мұқанов).
Енді айналмай-ақ қоярмыз... - деп сыбырлады. - Былайырақ шығайық та, ауладан аттап түсейік... (А.Фадеев).
4. Кейде автор сөзі төл сөздің ортасында бір, соңында бір келеді. Ондайда автор сөзінің алдыңғысына тыныс белгілері төл сөздің екіге бөлініп қолданылғанындай қойылады. Соңғысының алдынан әдеттегідей тыныс белгілері қойылады. Мысалы:
Алдыңғы күні барлаудан қайтып келіп, Семён маған:
- Санитар машинасымен бара жатқан бір қазақ қызын көрдім. Құдай біледі, сол сенің Ақботаң, - деді. - Мұндай ұқсамас, - деп бастады да, артығьірақ кетіп бара жатқанын өзі де аңдап, тоқтай қалды (Ғ.Мүсірепов).
- Әрине, түсінем ғой. Бізге қай жерде жасалған танкіні жіберсе де бәрібір ғой. Тек танк болсын. Бірақ әлдене үшін Сталинград танкілерін көргім келеді, - деп жымиды да, - туысқаным келердей күтемін, - деп аяқтады (Ғ.Мүсірепов).
§ 115. Төл сөзді екіге бөліп тұрған автор сөзінің алғашқы жартысы мағына жағынан төл сөздің алдыңғы бөлігіне, соңғы жартысы төл сөздің екінші бөлігіне қатысты болса, автор сөзінің соңына қос нүкте мен сызықша қойылады:
Жұмыскерлер мал ұстаймын дей ме, құс асырағылары келе ме, сондайларын да сұрап жүру күнә емес шығар? - деп, Сикорскийге қыжырта қарады да, Ушаков бұйрығын бітірді: - Дұрыстап көшіріп жаз да, мына жерге іліп қой (Ғ.Мүсірепов).
§ 116. Кейде төл сөз бен автор сөзінің арасы де етістігінің көмегінсіз, тек іргелесіп тұру арқылы байланысады. Ондайда тыныс (белгісі де дәнекері тұрғандағыдай қойылады:
- Мен енді сенімен тілмен емес, мынаумен сөйлесемін, - Кулаков қамшысын көрсетті, -одан да айт шыныңды (С.Мұқанов). (Мен енді сенімен тілмен емес, мынаумен сөйлесемін, - деп, Кулаков қамшысын көрсетті, - одан да айт шыныңды).
- Мен барақ жайын айтам, - деді Ушаков.
- Үш күнде даяр етем.
- Үш күнде? - Ушаков жақтырмаған қабақ көрсетті (Ғ.Мүсірепов).
- Жо... Өлеңді ақындар жазады ғой. Ал мен... - Өзі балуан денесін жеңіл серпіп түрегелді (С.Шаймерденов).
§ 117. Тырнақшаға алынатын төл сөздер:
1. “Айтылмаған” сөздер, яғни біреудің ойлағаны, айтуға оқталып, бірақ әлі айтпағаны:
“Еркем, неғып тұрсың?”- деп қала жаздаған Айбала... аузына келіп қалған сөзді ернімен бөгей қойды. “Ә, - деп ойлады Асқар, - жас қызды бұл еркем дейді екен ғой. Аты сол ма екен, әлде еркелетіп қойған аты ма екен?” (С.Мұқанов). “Осы өнерді қайтсем де меңгерермін!” - деп, ішімнен өзіме-өзім ант еттім.
2. Көркем шығармада жалпы әңгіме желісінен ауытқып келтірілген диалог (яғни әңгіме түсінікті болу үшін, бұрын болып өткен уақиғаны суреттеу ішінде келтірілген диалог) тырнақшаға алынады. Мысалы:
“Сандықтың аузын аша бер, әке!” - деген еді Итбай Байсақалға, Қотыркөлге аттанарда.
“Неге, шырағым?”
“Ақша түседі...”
“Неден, шырағым?”
“Жұрттан”. (С.Мұқанов).
3. Сызықшамен жазылған төл сөздің ішінде келген төл сөз тырнақшаға алынады. Мысалы:
- Қорықтың ба, шырағым ? - деді шал. - Қорықсаң да, айтайын, жаңа Итбайдың Сарыбасы кеп:“Шахтаға жан жолатпа, ешкімді шығарма да, кіргізбе де!”- деп кетті (С.Мұқанов).
4. Өлең ішіндегі төл сөздер көбінесе тырнақшаға алынады:
Сарқылмас сөзі таудың бұлағындай,
Сиқыр сөз көлдің сұлу құрағындай.
Жорытады желмаядай шал кеңеске:
“Осылай болған екен, шырағым-ай” (С.Мұқанов).
Өлең ішіндегі төл сөз сызықшаға алынуы да мүмкін:
Қоя бердім өлеңімді
Жыршыларға қаратып:
- Ей, жыршылар, жыршылар!
Достарыңызбен бөлісу: |