ә) Кеңес үкіметі кезеңіндегі әйел құқығы және феминизм
Қазақ қоғамындағы әйелдің орны өткен ғасырлардың өзінде өзге
мұсылман елдеріндегі ахуалмен салыстырғанда анағұрлым прогрессивті,
яғни демократиялық талаптарға жақын болғаны белгілі.
Атақты араб саяхатшысы ибн Батута: «Бұл өңірде (Орта Азия) мені
таңқалдырған жайт – мұндағы халық әйелдерді ерекше құрметтейді екен»
деп жазды. Расында да, Алаш баласы әйел затына ерекше құрметпен қараған.
Нәзік жандыларға арнап қаншама қимас сөз, жыр-дастандар шығарған.
Қаншама тарихи жер-су атауларды әйел затының атымен атаған. Тіпті,
бейнелі түрде көкке көтеріп, әйел жаратылысын космогониямен де
байланыстыра білген. Яғни әйел жайлы пайымдаулар қазақ дүниетанымының
ажырамас бөлігіне айналған десек, асыра айтқандық емес.
Десе де, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Алаш зиялыларының әйел
турасындағы көзқарастары өзгеше пайымдауды қажет етеді. Өйткені олар
өмір сүрген тарихи кезеңде адам бостандығы, құқықтық теңдік мәселелері
ғаламдық деңгейде қоғам талқысына түсіп жатты. ХІХ ғасырда қазақ жеріне
ғылыми экспедиция жасаған орыс зерттеушілерінің көпшілігі қазақ әйелдерін
қалыңмалға сатылатын, әйелдің үстіне әйел болып баратын, тұрмыс
тауқыметін тартқан салпы етек сорлы сипатында бейнеледі. А.Левшин,
Н.Гродеков, Н.Израцов, И.Андреев, И.Ибрагимов, Ф. Лазаревский,
Л.Баллюзек, А.Диваев т.б. зерттеушілердің жазбаларынан осындай
пікірлерді кездестіре аламыз. Тіпті, халқымыздың алғашқы ағартушылары
Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаевтар да қазақ даласында әйел
құқығы аяққа тапталатынын ашына жазды.
Сол себепті жеке адамның бас бостандығы үшін күрес идеясы ХХ
ғасырдың басында әдебиет саласындағы негізгі тақырыпқа айналды. Қазақ
әйелінің бейнесі әдебиеттің, оның ішінде жаңа жанр – қазақ романының
басты кейіпкері рөлін сомдады. Соған орай бостандық идеясын ту етіп
көтерген әдебиетке тән еркіндік, азаттық, адамгершілік идеялары әйел
образының тағдыры мен арман-мұңы арқылы өрбітілді.
ХХ ғасырдың бас кезі қазақ халқының мәдени өмірінде елеулі өзгерістер
мен тың жаңалықтарға толы болды. Қазақ зиялы қауымдарының үлкен
шоғыры қалыптасып, жазба әдебиет өркендеді.
Қазақ әдебиетінде әйел тақырыбын ұлы ойшыл ақын Абай бұрын
болмаған дәрежеде дамытып, әйел бейнесін сомдауда үлкен төңкеріс жасады.
Әйел теңдігі тақырыбы Абай өлеңдерінде кең қамтылып, жалпы
адамгершілік идеясымен қабысты. Ол қазақ қызының теңсіздікті басынан
32
кешіріп, теңіне қосыла алмай келген ауыр халіне күйінішін білдіріп, осыған
наразылық белгісі ретінде өлеңдерін арнады.
Әйелдерге білім беру мәселесін арнайы көтерген қазақтың аса көрнекті
ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин болды. Ол дәстүр қыспағында қалған
қазақ қыздарына білім беру керектігін, олардың табиғи зеректігі мен
құштарлығын атап өтіп, қоғамнан өздеріне тиісті орын алуларын талап етті.
Қыз балаларды оқытуда олардың белгілі бір кәсіптің түріне бейімділіктері
бар екенін ескеріп, қолөнер шеберлігіне баули отырып, білім беруді мақсат
етті. Ы.Алтынсариннің қажырлы еңбегінің арқасында 1887 жылы тұңғыш рет
Ырғызда қазақ қыздарына арналған қолөнер шеберлігіне баулитын қыздар
училищесі, ал оның жанынан қазақ қыздарына арналып 1888 жылы интернат
ашылды. Жанында интернаттары бар қыздар училишелері 1891 жылы
Торғайда, 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақ поселкесінде және
т.б. өңірлерде де ашыла бастады. Қазақ әйелдерінің білім алуымен қатар,
теңдігі мен құқығын көтерген мәселелер де қатар жүріп отырды.
С.Дөнентаев қаламынан «Әйел теңдігін қалай түсіну керек», «Хат
танымаған қатарға қосылмайды», «Көркем қызға», «Жәмилә қыз», «Әйелдер
мейрамына», «Ерікті Айша» және «Әйелдердің он жылдық тойына» атты
өлеңдерінде әлеуметтік мәселе бірде диалог, бірде монолог, бірде қыз мұңы
түрінде беріледі.
Халық тағдыры М.Дулатовтың прозалық шығармаларына да арқау
болды. 1910 жылы жазылған «Бақытсыз Жамал» еңбегі қазақ әдебиетінде
көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман болды. Романда әйелдердің
бас еркі, қоғамдағы жағдайы баяндалды. 1907 жылы ол «Жесір дағуалары
хақында» еңбегінде әйел адамдардың азаматтық құқығын қорғады. Ата-
аналардың балаларына бесіктен құдаласуына, 60-70 жастағы шалдарға 15
жасар қыздарын беруіне қарсылығын білдірді. Қыздарды 17-18 жасқа
толғаннан кейін ғана күйеуге беруге болатынын түсіндірді. «Әйелдердің
азаматтық құқығы қазақ қоғағымынын әлеуметтік жағдайын анықтайды және
елді өркениетке жетелейді», - деп жазды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында көпшілікке арналған аралас
мазмұнды, безендірілген журналдар көбірек шығарылды. Қазақ тіліндегі
алғашқы журнал – «Айқап» болса, кейінірек «Садақ», «Айна», «Мұғалім»,
«Қызыл Қазақстан», «Шолпан», «Әйел теңдігі», «Қазақстан әйелдері», «Жаңа
мектеп», «Жаңа әдебиет» және т.б. журналдар жарық көрді. Аталмыш баспа
басылымындарында қазақ халқын толғандырған мәселелермен қатар,
қоғамды әйел теңдігі тақырыбы жиі сөз болды.
Жас ақын, 1913-1914 жылдары «Айқап» журналының редколлегия
мүшесі С.Торайғыров қазақ әйелдерінің теңдігі мәселесін ашық қолдады.
1912 жылы жазылған «Неке кияр» атты поэтикалық памфлетінде жас
қыздарды еріксіз кәрі шалдармен некесін қиятын молдаларға және
әмеңгерлікке, қалыну малға қарсы өз көзқарасын білдірді. Оның жаңа
әлеуметтік әуендері «Әйел» атты өлеңінде бейнеленді, әйелдердің ерлермен
бірдей теңдік алатын күн туатынына сенді. Оның «Қамар сұлу» романы
33
қазақтың әдеби және қоғамдық өміріндегі ғасырлық оқиға болып табылады.
«Қазіргі қырғыз әйелінің қайғылы жағдайы» атты еңбегінде де жоғарыдағы
аталған ойлар өз жалғасын тапты.
Әйел теңдігі мәселесін «Айқап» журналының беттерінең А.Ғалимов те
«Бейшара қыз» атты өзінің шығармасы арқылы көтерді. Автор халықтың
қоғамдық санасын, психологиялық денгейін, қазақ әйелінің қиын жағдайын
бейнеледі.
«Айқап» журналының редакциясы қалың мал мәселесін қазақ қоғамын
өркениетті дамыту бағдарламасымен байланыстырды. «Қазақ түріктерінің
некесі» атты мақалада: «Біздің пікірімізше қазіргі кезеңде қазақтарда әйелдер
аз туылады, көп өледі. Әйелдердің аз туылуы құдайға байланысты болса, ал
олардың көп өлуі – біздің өміріміздің қолайсыздығынан. Барлық ауыр жұмыс
әйелге жүктелген, олардың тәрбиесіне көңіл аударылмайды. Кәмелетке
жетпеген қыздарды тұрмыска берудің қаншалықты зиян екенін адамдар
түсінбейді. Егер біздер осындай өмір салтын өзгертпесек, келешек ұрпақтың
азаю қаупіне тап боламыз», - деп жазды. Аталмыш баспа басылым қоғамдағы
әлеуметтік-демографиялық мәселелерін көтерді. Әйелдер мен ерлердің
азаматтық құқығын теңестіру, әйелдердің білім алуы жайлы көтерілген
мәселелер прогрессивті және адамзаттың анасы ретінде әйелдерді
құрметтеуге шақырады.
Журнал беттеріне алғашқы қазақ әдебиетші әйелдерінің
–
К.Өтегенқызының, С.Тілеубекқызының, М.Сейдалықызының өлеңдері жарық
көрді. С.Тілеубекқызының «Көптен күткен арман» атты мақаласында
көпшілікті әйелдерге білім беруді дамытуға шақырды.
1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор губерния Троицк қаласында
«Қазақ» газетінің 1-ші номері жарық көрді. Редакторы А.Бөкейханов
болатын. Ол қазақ халқынын білімге, еңбекке, халықтың санасын оятуға
шақырды. Газеттің бір бөлімі әйел мәселесін көтерген тақырыптарға
арналды.
«Қазақ» газетіндегі талқылаудың соңы «Сайлау хұқы» деген мақаламен
(№229.1917) шегіне жетеді. Оның авторы А.Байтұрсынов әйелдерге ерлермен
бірдей сайлау құқығын беруді сөз етті. Ол әйелдерді мемлекеттік Думаға
сайлау жайлы пікірін ашық айтты.
1917 жылдың 25 сәуір-7 мамыр аралығында Орынборда өткен
жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы қазақ әйелдерінің теңдігі туралы
мәселені көтерді. Бұл мәселе жөніндегі съезд қаулысы сегіз баптан тұрды:
1. Әйелдер мен ерлердің саяси құқығы тең болу керек.
2. Әйел өзінің күйеуге шығу мәселесін өзі шешеді.
3. Қалың малды жою.
4. Қыздарға 16 жасқа дейін, ер адамдарға 18 жасқа дейін үйленуге тиым
салу.
5. Үйлену үшін күйеу жігіттің ғана емес, қалыңдықтың да келісімі
қажет.
6. Жесір әйел кімге күйеуге шығарын өзі шешеді.
34
7. Екі әйел алу тек бірінші әйелдің келісімімен ғана орындалады.
1920 жылдың 28 желтоқсанында Қазақстан Орталық Атқару комитеті
қалың малды жою туралы декрет қабылдады. Бұл декрет қазақ әйелдерінің
адамгершілік құқығы мен құпиясына қол сұқпау және кәмелетке толмаған
қыз балаларға құда түсуді жою туралы шешім шығарды. Осылай қазақ
әйелдері жаңа өмірге араласа бастады. Олармен жұмыс жүргізу мақсатында
жер-жерлерде кеңестер құрылды.
Қорыта айтқанда 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі буржуазиялық-
демократиялық революция; 1909-1913 жылдарда Қазақстан даласына
миллиондаған орыстар мен украиндықтардың қоныстануы; 1914-1917
жылдардағы Бірінші дүниежүзілік соғыс; 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс;
1917 жылғы ақпан революциясы; 1941-1945 жылдардағы Екінші
дүниежүзілік соғыс және т.б. саяси-әлеуметтік жән тарихи маңызы зор
оқиғалар қазақ халқының қоғамдық санасының даму үрдісіне тікелей ықпал
етті.
XVIII ғасырда Батыс елдерінде негізі қаланған феминизм негізінде
қалыптасқан гендердік саясат ұстанымдары Кеңес үкіметі арқылы қазақ
даласына да енді. Бір жағынан әйел адамдарды жаппай сауаттандыру үрдісі
жүріп жатқанымен, екінші жағынан әйелдер мен ерлердің құқықтары тең
деген ұран аясында олар кен өндіру, темір жол жұмыстары мен астық жинау
және осы сынды т.б. ауыр жұмыстарға тартыла бастады.
«Феминизм» сөзі латынның «әйел» деген сөзінен шыққан. Феминизм
әйелдердің теңдік үшін түрлі ағымдағы күресінің жалпы атауы ретінде
айқындалады. Феминология – әйелдер рөлін, әйелдер қозғалысын және
олардың ерлермен тең құқығын қарастыратын ғылым болып саналады.
Феминология әлеуметтік статусы мен әлеуметтенудің, саясаттың, үкіметтің
гендерлік аспектісін, дискриминация мәселелерін, әйелдер мен ерлердің
арақатынасын зерттейді.
Кеңес дәуірінде қазақ әйелдері өндірістегі жұмыстарда, ғылымда,
басқару қызметінде және т.б. салаларда қызмет атқарды. Олар еңбек пен
соғыста батыр атанды. Орал облысының тумасы Алма Оразбаева (1898-1943)
өзін басшылық қызметте көрсете білді. Алматыда дүниеге келген Нағима
Арықова (1902-1956) да басшылық қызметін атқарды. 1928 жылы үкімет
деңгейінде әйелдер теңдігі туралы баяндама жасады. Нәйла Базанова қазақ
қыздары арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымдарының докторы болды.
Қостанайдан шыққан тракторшы Кәмшат Дөненбаева 32 жасында
Социалистік Еңбек Ері атағын алып, Мәскеудегі Жоғарғы Кеңес
депутаттығында отырды.
Әлемге кеңінен танымал әртістеріміз, әншілеріміз, сөз шеберлері,
жазушы Жамал Омарова, Күләш Бәйсейітова, Әмина Өмірзақова, Сара
Жиенқұлова, Фариза Оңғарсынова сынды апаларымыздың елімізге сіңірген
еңбегі орасан.
Қорыта айтқанда Кеңес үкіметі тұсында әйел теңдігін ту етіп көтерген
идеология белгелі бір деңгейде әйелдерді отбасынан аластатуға ықпал етті.
35
Олар қоғамдық істерге жегіліп, екі жақты қысымға ұшырады. Аналардың
мойнына ауыр жүк артылды. Олар бала босанып, ұрпақ өрбіту міндетімен
қатар, қоғамдық жауапкершілікті де қоса ала жүрді.
ХХ ғасырдың соңына таман саяси-мәдени және экономикалық
үдерістерге, яғни жаңа заман талабына сай әйелдер қауымының бейнесі де
бірқатар өзгеріске ұшырады.
Достарыңызбен бөлісу: |