26
3. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ МӘРТЕБЕСІ
а) Байырғы қазақ қоғамындағы әйел мәртебесі
Көне түркілерде патриархалды басқару жүйесі бекігенімен, олардың
дүниетанымында әйел затына деген құрмет ерекше болатын. Түркілер әйелді
күнделікті тұрмыспен байланыстырып қана қоймай, «Ұмай анамен»
ұштастыра қарады.
«Ұмай ана» түсінігі қазіргі кездегі көптеген түркі халықтарының
этнографиясында кездеседі. Әр түрлі еңбектерде «Ұмай» сөзі – ана құрсағы,
баланың жолдасы (послед), жер-ана, тұқым өндіруші және баланың дүниеге
келуіне көмектесетін пір ана деген мағыналарды білдіретіндігі келтірілген.
Жалпы алғанда «Ұмай» бейнесі әйелдер мен балаларды өз қорғауына алып,
қауіп-қатерден сақтаушы және түркі әскерлеріне жеңіс әкелуші ретінде
сипатталады.
Ұмай ананы бейнелеген балбал тас мүсіндер бүгінгі күнге дейін жеткен.
Ұмай анаға тән атрибутқа ай, садақ және доға тәрізді бейнелер жатқызылған.
Түркі халқы нәресте дүниеге келген соң, Ұмай анаға құрмет белгісі
ретінде ұл балаға арнап кішкене садақ пен жебелерді, ал қыз балаға ұршық
дайындап, тіл көзден сақтау мақсатында оларды бесіктің басына іліп қойған.
Зерттеушілердің келесі тобы «Ұмай ана» ұрпақ жалғастығын жебейтін
періште болған деп түсінеді. Бізге жеткен кейбір аңыздарда ерте дәуірде
Алтай тауын мекендеген түркі жұрты қыс мезгілінде құрық бойы жауған
қардан қырылып қалған делінеді. Осы қақаған аязда жылы көрпеге оранған
Айсұлу есімді қыз тірі қалады. Өлім аузында жатқан Айсұлуды тау үңгірін
мекен еткен Аю батыр тауып алып, Ұмай ананың көмегімен аман алып
қалады. Көп ұзамай Аю батыр мен Айсұлу отбасын құрады. Аю батыр үйде
жоқта толғақ қысқан Айсұлу Ұмай ананың жебеуімен бір ұл, бір қызды
дүниеге әкеледі. Содан олар рулы елге, түркі қауымына айналып, бүгінге
күнге жеткен-мыс.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан Ұмай анаға қатысты бірнеше
көзқарастың бар екендігін байқаймыз. Зерттеуші Д.Қыдырәлі: «Ориенталист
ғалымдар «Ұмай» сөзін «тәңір ана» деп қате аударып жүр. Біздің ойымызша,
Ұмай – аналарды қолдайтын періштенің аты. Қыз ұзатылғанда, неке
қиылғанда, әйел босанғанда Ұмай анадан медет тілеу осыдан келіп шыққан»,
- деп, «Ұмай ана» түсінігі туралы өз пікірін алға тартады. Сонымен қатар,
Орхон-Енисей,
яғни
руника
жазуларының
танымал
зерттеушісі
Қ.Сартқожаұлы: «Түркілер «Ұмай ана» деп Адам атаның қосағы Хауа ананы
атауы бек мүмкін», - дейді.
Қалай болғанда да ежелгі түркі халқының әйелдік бастаманы құрметтеуі
«Ұмай ананы» пір тұту көрінісінде бейнеленген. Табиғатына ұрпақ
жалғастыру міндеті жүктелген әйел адам мәртебе мен құрметке ие болған.
Көне түркі әлемінде әйел адамдардың кемел образдарын сомдаған әдеби
жәдігерлер жиі кездеседі. Сондай тарихи-мәдени мәнге ие жәдігерлердің бірі
«Оғызнама» эпостық дастаны. Дастанда ежелгі түркі халықтарының
27
генеалогиялық шежіресі мифтік тұрғыда баяндалып, Оғыздың анасы Ай-
қағанның бейнесі берілген. Ертедегі космогониялық сипаттағы аңыздар
бойынша ел басқарушы қаған өзінің өмірлік бастауын күннен алған десе,
оның жұбайы өмір негізін айдан алған делінеді. Сол себепті де ол Ай-қаған
аталыпты.
Тарихи деректерде ежелгі түркі әйелдерінің үй шаруасы, бала
тәрбиесімен шектеліп қана қоймай, қажет кезде қолға қару алып елін, жерін
жаудан қорғағандығы, парасат-пайымымен билікке де араласқандығы жайлы
мәліметтер келтірілген. Адам ұрпағын жалғастыру мен сақтау мүмкіндігі
әйелді өте жоғары әлеуметтік сатыға қойған және оның өмір беруші ретіндегі
орны жоғары бағаланғандығы археологиялық мәліметтер негізінде де
тіркелген. Әйел образдары аңыз-әңгімелерде баяндалумен шектелмей, ежелгі
дәуірде тастан қашалып жасалған балбал мүсіндер арқылы да бүгінгі заманға
дейін жеткен.
Сақтар үшін әйелдер үй, балалар, қысқаша айтқанда, бүкіл болмыс
дүниенің бейнесі еді. Сондықтан да осыны ескере отырып, қыздарына еркін
тәрбие берді. Сақтар өздерінің салты бойынша қыздарын 13 жасынан бастап
садақ ату, найзаласу, қылыштасу сияқты соғыс өнеріне үйреткен. Үнемі
көшіп-қону және үздіксіз соғыстар кезінде көшпенділер үшін адам саны
аздық етсе де үлкен кеңістікті ұстап тұруға мәжбүр болды. Сондықтанда да
сақ қоғамындағы гендерлік тепе-теңдік, амазонкалар немесе жауынгер
әйелдер феномені осы жайтпен түсіндіріледі. Сол себепті де сақтар –
кейіннен ғұндар, түркілер мен моңғолдар мұрагерлері болған көшпенділер
мәдениеті мен эстетикасының тұңғыш жасаушылары болған.
Сақ тайпаларынан батыр әйелдер көп шыққан. Патшаның қызы, Мермер
қолбасшысының әйелі болған Заринаның батырлығын, отансүйгіштігін
баяндаған және Селжүк мемлекет басшысының қызы Төребек-ханымның
ақыл-айла арқылы Хорезмді төнген қауіптен құтқарғандығы жайлы аңыз-
әңгімелер тарих беттерінде қалған. Сонымен қатар, кейбір дерек көздерінде
сақ қыздарына өз ерліктерін ұрыс алаңында көрсетпей тұрып, тұрмысқа
шығуларына тиым салынғандығы туралы да мәліметтер кездеседі.
Парсылардың патшасы Кирдің басын алып, елін жаудан қорғаған Тұмар
(Томирис) патшайымның есімі тек түркі халықтарының тарихында ғана емес,
әлем тарихында да танымал.
Бүгінгі таңдағы түркі тектес кейбір халықтардың тілдік қолданысында
сақталған «қатун», яғни қазақ тіліндегі «қатын» сөзінің мәні мен мағынасы
тереңде жатыр.
«Қатун» сөзі түркі билеуші әйелдерінің жоғары лауазымдық атағы мен
мәртебесін білдірген. Түркі ортасына бұл атақ монғол тілі арқылы енген және
қытай жазба деректерінде «xatun» түрінде сақталған. «Қатун» сөзіне жақын
«қатын, хатун, ханым» сынды фонетикалық нұсқалар «ерге тиген әйел»,
«зиялы адамның әйелі», «үй иесі» және «ханым» деген ортақ мағынада
қолданылады. Руникалық жазба дәуірінде «қатун» атағы «қаған» атағымен
үнемі бір жұптық бірлікте қолданылған. Тақ мұрагерлерін тағайындау
28
барысында жүйелілік құқығын қатундық жақтан сақтамау көшпенділердің
ру-тайпалық қатынастарға негізделген мемлекеттік бірлестіктерді әлсіретіп
отырған. Мұндай жағдайда қатунның орны мен маңызы бірнеше есеге арта
түскен және оның шығу тегі таққа отыратын үміткерді таңдауда негізгі
өлшем болған.
Бұл мысалдар көне замандарда өмір сүрген әйелдер қауымының
мемлекеттік істерге араласып, ел болашағына әсер ете алғандығын анық
көрсетеді. Халық даналығы «әйел – мойын, еркек – бас» демекші, әйелдер
бүтін бір мемлекеттің бейбітшілік пен татулықта өмір сүруіне барынша
атсалысқан. Ұлы дала әйелдері белгілі бір жас кезеңінде еркін жауынгер,
халық пен жерді қорғаушылар ретінде тәрбиеленіп, шаруашылықты өз
бетінше дербес жүргізуге машықтанды.
Қазақ мәдениеті әдеби мұралар мен жәдігерлерге бай. «Алпамыс батыр»
жырындағы Гүлбаршын бейнесі, «Қобыланды» жырындағы Құртқа бейнесі,
«Ер Тарғын» жырындағы Ақжүніс ару, ал «Қамбар батыр» жырындағы
Назымның бейнесі отбасының ұйытқысы, ер адамның сүйеніші, адал серігі
болып, отағасының бақытты ғұмыр кешуін бірінші орынға қоя білетін
образдармен сипатталған.
Қожа Ахмет Ясауидің жиен шөбересі Нұрила ел аузында «Домалақ ана»
есімімен танымал. Ол XIV ғасырда өмір сүрген. Домалақ ана Бәйдібек бидің
жары болған. Домалақ ананың жау қолында кеткен үйір-үйір жылқыларды
үйде отырып-ақ қайтарғандығы туралы аңыз-әңгімелер ел аузында жиі
айтылады. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен
ерекшеленіп, ел билеген. Әулие ана атағына ие болған Домалақ ана парасат-
пайымы, ақылымен, кемеңгерлігімен халық жадында сақталып қалды. Түркі
халқының асыл аналары мен қыздарының әрекеттері арқылы сол кездегі әйел
образын, мәртебесін, қоғамдық рөлін көре аламыз.
Еуразиялық дала мен Орта Азияға VIII ғасырдан бастап ене бастаған
ислам дінінің қазақ мәдениетінің түркілік түбіріне, қазақы дәстүр мен қазақы
әйел болмысына ықпалы мол болды. Қарахан дәуірінен кейін Шыңғыс
ханның немересі Берке хан Алтын Ордаға ислам дінін енгізді. Ал бұл
империяның жаппай исламдануы XIV ғасырдың бірінші жартысындағы
Өзбек хан Мұхаммедтің билеген тұсына тап келеді. Қазақтың «Дін Өзбектен
қалған», «Өзбек ханның тұсында атамыз қазақ дін баққан, Алтын Орда
хандары жердің жүзін шаңдатқан» деген халық аузындағы сөздері де осыны
дәлелдейді.
Ислам діні дәстүрлі мәдениетімізбен үйлесімдікте дами отырып, қазақы
әйелдерінің болмысына мұсылмандық құндылықтарды сіңірді. Әйелдердің
құқықтары мен міндеттерін айқындайтын заңнамалық құжаттарға Шыңғыс
ханның құрастырған «Жасағы» мен Тәуке ханның «Жеті жарғысын»
жатқызуға болады. Бұл құжаттардан кейін алдында «Қасым ханның қасқа
жолы», Есім ханның ескі жолы» деген заң жобаларының болғандығы белгілі.
Ата-бабамыз қабылдаған ислам діні анаға, әйелге ерекше мәртебе берді.
Христиан діні дүниетанымында «Адам-Ата Хауа-Ананың азғыруы
29
салдарынан күнә жасап, мәңгілік жәннаттан қуылды» деген түсінік бар. Орта
ғасырларда Батыс шіркеулері бар жамандықтың бастамасы әйел бойында
жасырынған деп түсініп, инквизиция мен қуғын-сүргінге жол берген. Ал
Ислам дінінде керісінше «Жәннат ананың табанының астында» деп, әйел
адамдарға ерекше құрмет көрсетті. Ислам дінінің құндылықтары арқылы
қазақ әйелдері өз болмыстарындағы көркем қасиеттерді әрмен қарай
жетілдіре түсті.
Қазақ әйелдеріне тән көркем мінездер мен өжеттілік қасиеттер
ғасырлардан ғасырларға жалғасын тапты. Қазақ тарихы жоңғарларға атойлап
шапқан Қабанбай батырдың қызы – Назымды, бірнеше шешуші жорықтарда
көзге түскен Абылай ханның қызы – Гауһарды, талай ақтық шайқастарда
ерен ерлік көрсеткен Айтолқынды, найманның батыр қызы – Жанқайды
жадында сақтап, ұрпаққа дәріптейді. Бұлардан өзге ақылдылығымен,
әулиелігімен аты шыққан Бегім ана, Бұланбай батырдың жары Айбике,
Кенесарының қарындасы, 500 сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына
қарсы соғыста ғажап ерлік көрсеткен Бопай, Шоқанның әжесі, бірнеше
шығыс тілдерін білген, өз халқының мұң-мұқтажы туралы Ресей Сыртқы
істер министрлігінің Азиялық департаменті мен үкіметінің Сібір комитетімен
хат алысып тұрған Айғаным ханша тәрізді ел арасында беделі жоғары әйел
аналар аз болмаған.
Түркі дүниесін терең зерттеген тарихшы – ғалым Лев Гумилев: «Көне
түріктер» деген іргелі зерттеуінде: «Түркілер әйелдерді сал-серілердей қатты
құрметтейді. Баласы үйге кіргесін әуелі шешесіне иіліп, тәжім еткен, содан
кейін барып әкесіне сәлем берген. Орхон жазуында да ордада апа-
қарындастары қалып қойып, оларға ажал қаупі төнгенде, Күлтегіннің оларды
жанқиярлықпен қорғап қалғаны зор шабытпен жырланады... Түркілерде
анасының шыққан тегіне айырықша мән берілген», - деп түркілердің әйел
ананы отбасының құты мен ырысы, ұйытқысы мен жылуы деп танығандығын
жазған.
Бүгінгі таңда кең қолданысқа ие «Жігіттің жақсы болуы нағашысынан»
деген мәтелдің өзі көп нәрсені аңғартады. Түркілердің сонау арғы тек ретінде
аналарын санаған ежелгі дәуірден қалған түсініктері «Қорқыт ата»
жырындағы «Төбекөзді өлтірген Бисат туралы жыр», «Алпамыстағы»
Алпамыс пен Ұлтан құл хикаялары арқылы көрсетілген.
Жиренше шешен мен Қарашаш сұлудың тарихы да алтын әріптермен
әдебиет тарихына жазылып қалды. Жиренше шешен қазақтың дәстүрлі ауыз
әдебиеті арқылы халық арасына атақ-даңқы кеңінен жайылған айтулы тұлға.
Оның әйелі Қарашаш ақылды әрі тапқыр жан ретінде суреттелген.
Қазақтың арқалы билерінің Ескелді би:
Әйел – үйдегі ырысың,
Ұл – айбарлы қылышың.
Қыз – түздегі ырысың,
Келін – кеңейген тынысың.
Қиямет көрсең де ғұмырдан,
30
Табаның таймасын тұғырдан, - дей отырып, ежелгі заманнан бері
адамзат тәрбиесінің арқауы болған әйел адамдардың өзіндік рөліне барынша
мән береді.
Қазақ халқының дүниетанымына әйел бейнесі Ұмай ана культімен
байланыстырылып, жер сипатына тән өнім беру, яғни ұрпақты өрбіту
түсігімен астастырылып отырған.
Қазақ жыраулық поэзиясының көрнекті өкілі Шал ақын:
Алғаның жақсы болса қара жердей,
Жақсыменен сырлассаң шыққан өрдей,
Өтпес пышақ, шабан ат, жаман қатын,
Аң алмаған күйшіл құс – бәрі бірдей, - деп жырлайды.
Ел басына күн туған қиын-қыстау замандарға қарамастан қазақ халқы
шоқтығы биік ұлт болып қалыптасты. Елдің ел болуына әйелдер қауымы
үлкен үлестерін қосып келді. Әйелдер отбасы – ошақ қасы ғана емес, ұрыс
алаңы мен қоғамда да өз орнын ала білді. Ерінің, елінің, ертеңгі болашақ
ұрпақтарының қамқоршысы бола білді. Түркі халықтарында әйел
адамдардың құқықтары ер адамдардан кем түспеді. Олар арқашан үлкен
мәртебе мен құрметке ие болған.
Дәстүрлі қазақ қоғамындағы әйел мәртебесінің биіктігі ең алдымен –
әйелдердің құрметтелуінен, екіншіден – құқық берілуінен, үшіншіден
қорғалуынан танылады.
Анаға құрмет, жарға жанашырлық, қызға қамқорлық – иманға ұйыған
ұлтымыздың басты ұстанымдарының бірі болды. Өз болмысына даналық
мінез бен ізгі қасиеттерді жия білуі қазақ әйелін құрметті етті. Ол құрметке
лайық болды және құрметтелді де.
Атамыз қазақ ел басына күн туса, ер азаматтармен бірдей атқа қонған,
бейбіт күнде білігі асса – билікке, өнері асса бәйгеге ерлермен бірдей
таласқан әйелдеріне құқық атаулыдан тыйым салып көрген жоқ. Одан
дәстүрлі қазақ қоғамы ұтпаса, ұтылмағаны тарихымыздан белгілі. Соның
нәтижесінде қазақ халқы үлгілі ұлт болды. Қазақ әйелі азамат әйел болды.
Өйткені нағыз азаматты сол тәрбиеледі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен
әлемді тербететінін сезініп, елдік пен имандылықты ана сүтімен перзентіне
сіңіре білді. Ел болып еңсе көтергелі ұлтына үлгі ғана емес, ұран болған
аналар легі азайған жоқ. Сондықтан да ұлт болып ұйысқаны үшін қазақ
ұлдарына қандай қарыздар болса, қыздарына да сондай қарыздар.
Кешегі қазақ жұртының қалыптасқан құндылықтары қыз баланың, әйел-
ананың ешбір жағдайда қорғансыз қалмауын қамтамасыз етті. Туыстық
қатынастар терең дамыған халқымызда әйел баласы жалғыз қалып көрген
жоқ. «Қыз ағасыз, тон жағасыз болмайды», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз
қыз болмайды» деген мақалдардың өзі қыз баланың қашанда қорғансыз,
жоқтау-сұраусыз болып көрмегенін білдіреді.
Ал асыраушысы жоқ отбасына келсек, «Жесір ерден кетсе де елден
кетпейді», «Жетім көрсең, жебей жүр», «Аға өлсе, ініге мұра», «Елде болса,
ерінге тиеді» деп мақалдап, әрбір адамгершілік, туыстық қатынасты өз
31
орнына қойған кешегі қазақ қоғамы жетім мен жесірді қорғансыз
қалдырмаудың қамын ойлап, тұтастай бір қамқорлық институтын
қалыптастырған болатын. Астан – сыбаға, малдан – сойыс, егіннен кеусен
беріп, кез келген жағдайда асыраушысы жоқ отбасына көмек көрсету бір
рулы ел үшін айнымас дәстүр болған.
Достарыңызбен бөлісу: |