«Таным» білім беру саласы «Таным» білім беру саласының базалық мазмұны:
- қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру;
- құрастыру;
- экология негіздері;
- қоршаған әлеммен таныстыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде іске асырылады.
Мақсаты: балалардың интеллектуалдық қабілеттерін, логикалық ойлауын дамыту және әлемнің біртұтас бейнесі туралы білімін қалыптастыру.
Міндеттер:
сенсорлық қабілеттерін, алғашқы ойлау операцияларын, жиынтық туралы қарапайым ұғымдарды, экология саласындағы білімдер мен ұғымдарды дамыту;
тірі және өлі табиғат туралы білімін, табиғатта және қарапайым өзара байланыстардағы өзін ұстау туралы ережелерді, танымдық қызығушылықтар мен шығармашылық қиялдауын қалыптастыру;
тірі және өлі табиғат нысандарына сүйіспеншілігі мен қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу, балалардың дүниетанымын кеңейту, эстетикалық талғамын қолдау.
І ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру «Көп», «біреу», «бір-бірден», «ешбір» ұғымдары туралы түсініктерін қалыптастыру.
Дағдыларды қалыптастыру:
- біртектес заттардан топтар құрастыру және олардың біреуін бөліп көрсету;
- топтық бөлмедегі заттарды ажырату және олардың санын анықтау;
- заттарды салыстыру;
- заттардың бір тобын екіншісіне бірізділікпен біріктіру және қосу;
- заттардың бір қатарға, реті бойынша, бір бағытта солдан оңға қарай оң қолымен орналастыру;
- ұзындығы мен ені бойынша екі қарама-қарсы және бірдей заттарды салыстыру;
- заттарды көлемін салыстыру түсініктерін қалыптастыру;
- көлемін салыстыруда беттестіру және қондыру тәсілдерін пайдалану біліктерін қалыптастыру.
Геометриялық пішіндер:
- геометриялық пішіндерді тану және атау дағдыларын қалыптастыру;
- өзіне тікелей жақындықтағы (оң жақта –сол жақта, алда-артта) кеңістіктік бағыттарды анықтау, оң қолымен сол жақтан оң жаққа қарай заттарды орналастыру дағдыларын қалыптастыру.
- өз денесінің бөліктерін атау және олардың қызметін бағдарлау;
- тәулік бөліктерін – таңертеңгілік, күн, кеш, түнді атау және тану дағдыларын қалыптастыру.
Құрастыру Құрылыс материалдарынан құрастыру
Дағдыларды қалыптастыру:
- әртүрлі түстегі және пішіндегі бөлшектерден қарапайым құрылымдар құрастыру;
- бөлшектерді орналастыру және кірпіштерді қалау, пластиналарды тік бағытта және көлденең орналастыру тәсілдерін пайдалану;
- ірі және ұсақ құрылыс материалдарынан мазмұнды-ойындық міндеттерді пайдалана отырып құрастыру ;
- үлгі бойынша құрастыру;
- қағаздан бүктеу, жырту, шиыршықтау тәсілдерін пайдаланып, қағаз беттерін көлемді пішіндерге түрлендіру.