Білім беру қызметін ұйымдастыру Білім беру қызметі балалардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып ұйымдастырылған оқу үдерісіндегі білім беру салаларының мазмұнын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Білім беру қызметі балаларға салмақ салмай, тәрбиелік, дамытушылық, білімдік мақсаттар мен міндеттердің бірлігін қамтамасыз етуі тиіс.
Әрбір білім беру саласының мазмұнында мектепке дейінгі жастағы балалардың базалық білімді, білік және дағдыларды меңгеруден күтілетін нәтижелері анықталған.
Типтік бағдарлама мазмұнын іске асыру баланың қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне, оның жан-жақты үйлесімді дамуына бағытталған педагогикалық үдерісті ұйымдастыруға заманауи тәсілдерді қолдануды көздейді.
Білім беру салаларының мақсаты мен міндеттері ұйымдастырылған оқу іс-әрекеттерінде ғана емес, сонымен бірге режимдік сәттерде де іске асырылады.
Режимдік сәттер кезеңінде білім беру әрекеті келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
1. Дене дамуы: кешенді шынықтыру шаралары, таңертеңгі жаттығу, күннің екінші жартысындағы жаттығулар мен қимылдық ойындар;
2. Әлеуметтік-тұлғалық дамыту: режимдік сәттерді өткізуде жағдаяттық әңгімелесу, олардың қажеттілігін түсіндіру; тапсырмалар, кезекшілік, өзіне-өзі қызмет ету, еңбек дағдыларын дамыту; ересектерге көмектесу; сабаққа қажетті мүліктер мен құрал-жабдықтарды орналастыру мен жинауға, қимылдық ойындар мен жаттығуларға арналған құрылымдарды құрастыруға балаларды қатыстыру; режимдік сәттерді өткізуде қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастыру;
3. Танымдық тілді дамыту: тілдік дамытушы ортаны құру; ойындарда, бақылауларда балалармен еркін диалогтар; балалармен жағдаяттық әңгімелер; еңбек қимылдары мен гигиеналық рәсімдерді атау, балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыру;
4. Көркем-эстетикалық дамыту: балалардың күнделікті тіршілігінде, ойында, қолы бос кезінде, серуенде, бейнелеу әрекетінде, таңертеңгі жаттығуды өткізуде музыканы қолдану, қоршаған ортадағы әртүрлі дыбыстарға, бөлмелерді безендіруге, жабдықтардың тартымдылығына, бөлменің, заттардың, ойыншықтардың әсемдігі мен тазалығына балалардың назарын аудару.