Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Жұмыстың кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі және мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, зерттеу әдістері, теориялық және практикалық мәні, қорғауға ұсынылған тұжырымдар, жұмыстың жариялануы мен талқылануы туралы сөз болады.
Диссертацияның бірінші тарауы «ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби сынның сипаты» деп аталады. Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде өкімет басында жүрген Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов сияқты қайраткерлер әдеби сынға араласып тұрды. Сондай-ақ, түрлі қызметтерде жүрген Қ.Кемеңгеров, Ы.Мұстамбаев, Ш.Тоқжігітов секілді азаматтар да әдеби өмірде белсенділік танытты. Әдеби сынның ауыр жүгін Ғ.Тоғжанов, Ә.Бәйділдин, Е.Бекенов, Х.Жүсіпбеков, Е.Алдоңғаров, А.Сегізбаев, Ә.Айсарин, Қ.Өтепов, Ә.Қоңыратбаев және т.б. көтерісті. М.Әуезов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов сияқты жазушылар да әдебиет майданының қақ ортасында жүрді.
Ескі өкімет құлап, жаңа билік аяғына нық тұра алмай жатқанда, қазақ әдебиетінің жай-күйі жайлы ой толғап, қалам тербеген алғашқы азаматтардың бірі С.Сәдуақасов болды. Оның «Киргизская литература (историко-критический очерк)» атты зерттеу еңбегі «Трудовая Сибирь» (1919, №1) журналында орыс тілінде жарық көрді. Бұл еңбек қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті төмен деп түсінетін орыс оқырманына ұлттық әдебиеттің, әсіресе, ауыз әдебиетінің дамыған түрі болғандығын, өзіндік ерекшеліктерін таныстыруды мақсат тұтқан. Онда қазақ поэзиясындағы ақындық, жыршылдық, импрови-заторлық дәстүр жоғары бағаланған. Смағұл қазақтың жазба әдебиетін Мәшһүр Жүсіп Көпейұлынан, Абай Құнанбаевтан бастап қарастырған. Қазақ әдебиетін дамытудағы «Айқап» пен «Қазақтың» атқарған қызметін жоғары бағалаған. М.Ж.Көпеевтің, А.Құнанбаевтың жолын қуған М.Дулатұлының, М.Жұмабайұлының, С.Дөнентайұлының, Ғ.Қарашұлының, Ш.Құдайберді-ұлының, С.Торайғырұлының, А.Мәметұлының, С.Сейфоллаұлының, С.Шорманұлының, Б.Өтетілеуұлының шығармаларына тоқталып, әрқайсысының шығармашылық деңгейлерін айқындап, сипаттамалар берген.
Бұл кезде «Қазақ», «Абай» сияқты басылымдарда оқта-текте бір көрініп қалатын жекелеген кітаптар, қаламгерлер туралы жазылған шағын мақалалардан басқа қазақ әдебиетін тұтасымен тану үшін керекті осындай үлкен жұмысты алғаш рет С.Сәдуақасов тамаша орындап шықты. Бұл турасында Смағұлдың шығармашылығын арнайы зерттеген Дихан Қамзабекұлының: «С.Сәдуақасұлының «Қазақ әдебиеті» еңбегінің қазақ әдебиет тануындағы орнының ерекшелігі оның бұл саладағы орыс тіліндегі алғашқы зерттеулердің бірі болуында ғана емес, қазақ әдебиетін осындай кең ауқымда, жанр-жанрға жіктеп, тұңғыш саралауында» [9,122-б] - деп жазуы өте дәл және орынды.
Осы кездегі елеулі оқиғалардың бірі А. Байтұрсыновтың қазақ жазушыларының Құрылтайын шақыруы еді. Оған небары үш-ақ кісі келген. Осыған орай Ахмет «Қалам қайраткерлерінің жайынан»[10] атты арнайы мақала жазды. Заман өзгергенімен, қазақтың жағдайы түзелмегенге күйінген ұлтжанды азамат жүрекжарды ойларын жайып салған. «Кеңес өкіметі тарапынан қазақтың қазіргі күтетін көмегі – мәдениеті көтерілуіне қолдан келген жәрдемін аямау. Солай болған соң, қазақ үкіметі құр декретті көбейте бермей, қазақтың мәдениетін күшейту жағына көбірек көз салып, көбірек күш жұмсау керек. Мәдениет күшейеді - өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді – оқумен. Оқу ісі сабақтас әдебиетпен. Әдебиетсіз оқу, қуаттану жоқ, мәдениет қуаттанбай қазаққа қорлықтан, зорлықтан құтылу жоқ. Азаттық, асылы – мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі – оқу мен әдебиетте» [10] - деп, әдебиеттің орнын жоғары қояды. Өткір де батыл жазылған бұл мақала, әрине, кеңес өкіметінің идеологтарына жақпады. А.Байтұрсыновқа саяси тұрғыдан айып тағылып, партия қатарынан шығарылуына, халық комиссары қызметінен босатылуына әкеліп соқты.
Жаңа заманда қазақ әдебиетінің жай-күйі қалай болмақ, қай бағытта дамиды деген мәселе күн тәртібінде тұрды. Өйткені, большевиктер өткен кездегілердің бәрі де ескі, бүгінгі жаңа заманға жат, социализмнің рухани қазынасын тыңнан жасаймыз деп, әдеби мұра атаулыға қарсы шыға бастаған болатын. Міне, осы кезде М. Әуезовтің «Қоңыр» атты бүркеншік атпен «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» [11] атты көлемді мақаласы жарияланды. Мақаланың негізгі міндеті ретінде сол кездегі қазақ әдебиетінің жайын бажайлау алға қойылғанымен де, автор өткендегі әдебиеттің тарихына да тоқталған. Оның себебі, бұрынғы қазақтарда шын мәніндегі әдебиет болды дегенге күмәнмен қараушыларға тойтарыс беру, бүгінгі әдебиеттің өткеннің заңды даму жалғасы екендігін көрсету болған.
Заман өзгеріп, соған байланысты көркем әдебиетке қойылар талаптар да өзгеріп жатқан кезде қазақ қаламгерлері арасына да жік түсті: бірсыпырасы кеңестік идеология жағына шыға бастады, енді біразы ұлттық мүддені көздегендер болды. Қазақ кеңес әдебиетінің туын алғаш С.Сейфуллин көтеріп шықты. Заманның аңдысын аңдып, оған тез бейімделген Сәкендер төңкеріс әкелген өзгерістерді шындығында да халықты бақытқа жеткізер дұрыс жол деп түсінді. Сөйтті де, бірден революцияны жырлауға кірісіп кетті. «Сәкен осы кездерде өнімді еңбек етіп, кітап үстіне кітап шығарды. Оның әлеуметтік және мемлекеттік ісі мен беделі, 1922 жылы табаны күректей үш кітапты бірден шығаруы әрқилы ой-пікірге қозғау болады. Бұл кітаптар жайында жазылған 20 шақты мақала, қағытпа, құптаулардың бәріне белгілі идеялық, көркемдік нысана негіз болады»[1,152-б],- деп жазды бұл жайында сәкентанушы Т.Кәкішев.
Революция дауылпазына айналған Сәкеннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасы сын садағына көбірек ілінді. «Қоңыр» деген бүркеншік атпен пьесаға пікір жазған М.Әуезов драманың сюжеттік құрылымын, тіл кестесін сынай келіп: «Қазақ пьесасы болып саналуы мүмкін емес. Жоғарыда айтқан әлгі геройлары түгелімен бір-ақ кісі болудың үстіне оларда қазақтан белгі де жоқ. Бұл кітаптың болашағына келгенде айтатыным сол, қазақ әдебиетінің жұрнағы болып, оның ішінен орын алуы неғайбыл»[11] - деген қатқыл пікір білдірсе, төңкерілісшілер, ресми идеология жағындағылар пьесаны өмірге жаңалық әкелген «жыл құсына» теңеді: «Қызыл сұңқарлардың» әдебиет майданында жаңа жол көрсетіп шығуы Қазан төңкерісімен байлаулы нәрсе, оны ұмытпасқа керек. Қоңыр мырза бұл пьесаны қазақ әдебиеті тарихының бетінен орын алуына шектенсе де, біз шектенбейміз. Қазақ әдебиетінің бет алысын жаңа ағымға бұрып, жол салған – «Қызыл сұңқарлар». Сондықтан, ол – жыл құсы» - деп, аспанға көтерді.
Бір жылда үш бірдей кітабының шығуы, үшеуінің де революция тақырыбына арналуы С.Сейфуллинді сол кездегі әдеби сынның басты қаһарманына айналдырды. Сәкенді төңкерісшілер жағы жаңа кеңестік әдебиеттің басы деп, ресми басылымдарда насихаттап, марапатты күшейтіп жатса, ұлтшылдар жағы сынды барынша күшейте түсті. Осындай мақаланың бірі Н.Төреқұловтың Мәскеуде шығып тұрған «Темірқазық» журналында жарияланған Сәкеннің «Асау тұлпар» атты өлеңдер жинағына жазған пікірі болды.
Журналдың алғашқы санында Ғ.Тоғжановтың «Ұлт деген не?», «Ұлт мәселесі», М.Дәулетбаевтың «Қазақ һәм музыка», Ә.Бөкейхановтың «Керейдің ажалы», «Бекет батыр», «Мырза Едіге», Қ.Кемеңгеровтің «Қазақтың саяси-тарихи тұрмысы» сияқты материалдарының орын алуынан бұл басылымның, оның редакторы Н.Төреқұловтың алға қойған мақсаты мен бағыт-бағдары айқын көрінеді.
«Сыншы (критик) һәр уақыт шынын сөйлеуге міндетті. Шынын сөйлеу – сыншының парызы. Сыншының «өтірігі» жұртқа зиян, жазушы мейлі «өлетін» болсын, критикасы көңіліне тіпті ауыр тиетін болсын, жазушының мінезі жаман-ақ болсын, «аждаһадай жұтам» деп тұрған болсын, иә болмаса «жат туған бұл дүниеге мен бір ғаріп» деп көзіне жас алып, жалынған болсын, сыншы еш нәрсеге қарамай, өз міндетін атқаруға тиіс! Жазушының жазғанына сыншы – би; сыншының сынына оқушы – би»[12]-деп білген Нәзір «Темірқазық» журналының үш нөміріне Сәкеннің «Асау тұлпар», «Тар жол, тайғақ кешу», «Бақыт жолында» атты шығармаларына сыни пікірлерін жариялады. Нәзір бетің бар, жүзің бар демей, «шынын сөйлеу – сыншының парызы» деп, үш кітапқа да қатты сын айтқан. Ол не айтса да, жалпылама кетпей, нақтылы, мысалдармен сөйлеп, ойын өткір, ашық айта алған.
Соның ішінде Сәкеннің «Асау тұлпар» (1922) атты жинағы туралы «Қарасам, «асау тұлпар» шынында да «асау» екен, бірақ асау болғанда, «білімсіз асау» екен! Дәлел керек пе?! Дәлел керек болса, мен үндемеймін, Сәкеннің өзін сөйлетейін» - дейді де нақтылы мысалдар арқылы талдауға кіріседі. «Мысалы, қатын туралы жырласын» - деп, «Маржан» өлеңін талдайды. Өлеңнің кемшілікті жерлерін келтіріп, оған түсініктемелер беріп отырады. «Орынсыз жерде іс қылып жүрген бір қатынға барып жабыса кету таңқаларлық: бірақ ойлап қарағанда, таңқалатын дәнеңе жоқ. «Жұмыста жүргенде» ісі бар ма? Сөйтсе, Сәкен «қайғысын» ойлап жүргенінде, есіне заман түсіп кетіп, ұялғаннан өлеңін былай аяқтайды» - деп, оған мысал келтіреді. Өлең туралы талдауын «Маржан білмейді енді: білегін ақынның мойнына артсын ба, жә болмаса, «бай қызындай керілмей, іс істесін бе?» Менің ойымша, ең жақсысы, іс уақытында келіп, «білегіңді артшы мойныма» деп, қарқылдап жүрген кісіні сол «күрекпен» басқа салып қалу керек. Болмаса, бұл өлеңде не бар? Революцияның бізге берген не көркемдік сезімі, не ақлақы, не ақылы! Бұлардың ешбірі болмаған соң, жауабы керек болады» [12] - деп аяқтауында ащы мысқыл, қатқыл сарказм жатыр.
Осы сияқты «Марияға», «Жазғы түнде», «Надежда, Үміт, Омила» деген өлеңдерін де: «Мен оны құшақтадым, ол мені құшақтады, бір-бірімізді құшақтадық» дегеннен басқа «білімді» білмейді. «Кейде сабаз жас қыздарға да кез келіп қалады» [12]-деп сынаған. Сәкеннің махаббат тақырыбында жазылған өлеңдері жайлы ойларын «Кітаптағы 68 өлеңнің төрттен бірі әйел, махаббатқа арналған. Бірақ байғұстың білген әйелі осы. Бөтенін білмейді, көрмейді. Бірақ трагедия мұнда емес. Білмегендігін өзі сезбейді. Міне, трагедия қайда?» [12]- деп қорытқанда, сынның қара бұлтын қоюлата түскендігі көрініп тұр. Осындай тәртіппен Сәкеннің «Айт күні», «Азия» өлеңдері де өз «сыбағаларын» алған.
Н.Төреқұлов: «Сөздің қысқасы: мұндай білімсіздікпен өлең жазып, әуре болып жүруінің өзі - ұят. Білімсіз болғанда, ұятты болу керек. Болмаса, Еуропаны жамандау керек болса, ауылда жүрген әншейін бір қарт ақынға: «Базарбай, кәне, бір Еуропаны жамандап бер» [12]-десең, сол да шамасы келгенше жамандап берер еді. Сол Сәкеннен өткізбесе, қалыспас еді. Бірақ не пайда? Жамандағанда біліп жамандау керек. «Уа, Еуропа, Еуропа» дегеннен болмайды. Әдебиет «митинг» емес. Біздің міндет – Еуропаның білімін, техникасын алып, капитализмнің бізге керекті өнерін үйреніп, кеңес үкіметін көркейту, күшейту... Жаңа өлеңдерінен Сәкеннің өз ақылыменен жазғандары түкке жарамайды» - деп, түгін қалдырмайды. Қыза - қыза келе, тіпті Сәкенді түкке алғысыз етеді. «Не десең де, байғұс Сәкен өзінен шығарып бір ұнамды, пікірлі өлең айта алмаған. Бір жақтан порнография жазған, бір жақтан Азия мен Еуропаны айыра алмай, басындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жағынан, өзінен шығарып жазуға тура келгенде, «білімсіздігін интернационализм қылып көрсеткен» кісіні революционер ақын деп айта алмаймыз»[12] - дейді. Ащы мысқылға, кекесінге, ажуаға толы рецензияда кейде тым қатты кетіп қалатын жерлері де бар. Сәкенді «сабаз», «байғұс» деп кекетеді. «Сабаз жас қыздарға да кез келіп қалады», «байғұстың білген әйелі осы» дегендердің сынның этикасына сия бермейтіндігі анық. Мұнысын Нәзірдің өзі де білетін сияқты. «Әдебиетте – көпшіліктің жазғаны әр уақыт «қатты тергеуден» өтуі тиіс» - деп, қатты кету себебін түсіндіреді.
Көп күттірмей-ақ, Нәзірдің бұл пікіріне қарсы Сәкен Сейфуллинді жақтаған мақалалар қаптап кетті. Солардың ішінде Сәкеннің ізбасары С.Мұқановтың «Сынға сын» атты мақаласы ерекше көзге түсті. Онда: «Нәзірдің бұл сыны – қазақ совет әдебиетіндегі алғашқы сын мақалалардың бірі», «Нәзір Төреқұлұлының сын жаза бастауы жақсы беталыс» дей келіп, «Нәзір «Асау тұлпарды» қолына алғаннан-ақ о жақ, бұ жағын сығалай қарап, ішінен сөкет нәрсе табуға тырысады. «Асау тұлпардағы» жақсы шығарма-лардың ешқайсысын көрмейді.... тек бұл жинақтың қате-кемшіліктерін ғана тереді» [13]-деп, Нәзір Төреқұловты кінәлады. Нәзір айтқан пікірлерге партиялық тұрғыдан дау айтты. «Тұлпардың сүрінген, жығылған жерлері де бар» [13]-деп, Нәзір сынын түгел жоққа шығармай, жалпы негізімен келіскендей де болды. «Бірақ, ол – қазақ еңбекші табының мүддесінен туған бірінші көркем шығарма» [13] екендігін қатты ескертеді.
Н.Төреқұлов С. Сейфуллиннің «Бақыт жолында» атты пьесасын да сәтсіз жазылған деп тапқан. «Бұл міндетті жазушы өз шамасынша жығыла-сүріне орындаған» - деп, ондағы кемшіліктерге, әсіресе, махаббат тақырыбының қалай шешім тапқанына шүйіледі: «Сәкеннің айтатыны баяғы бір Қаратау, баяғы бір сөз «мен оны құшақтадым, ол мені құшақтады», «тіршіліктің мәнісі – сүю, құшу!» ... деген – «терең» сөздерімен Сәкен «ақын» жүрегін айнытып бітірді» [12]. Мұнда да Нәзірдің ащы тілі мірдің оғындай діттеген жеріне қадалып жатады.
Жиырмасыншы жылдардың бас кезіндегі елеулі оқиғалардың бірі 1923 жылы А.Байтұрсыновтың елуге толуының аталып өтілуі болды. А.Байтұрсыновтың елу жылдығын ресми органдар Қазақстанда өткізуге рұқсат бермеген соң, жиын Орынборда өткен. Оған сол кездегі қазақ зиялыларының, қалам маңында жүргендерінің көпшілігі қатысқан. Салтанатты кіріспе сөзбен С.Сейфуллин ашып, А.Байтұрсыновтың өмір жолы, шығармашылығы жайлы С.Сәдуақасов баяндама жасаған. Осы жиынға қатысқан С.Мұқанов бұл турасында С. Сәдуақасов «1923 жылдың басында Орынбордағы ең үлкен зал – Свердлов атындағы клубтағы... мыңнан аса кісі орналасатын залға адам лық толғанда... Байтұрсыновтың елу жасқа толғанына арналған кеште... «Ахаңның алдында» деген баяндама жасады»[14]-деп жазды. С.Сәдуақасов баяндамасында А.Байтұрсыновты қазақ халқына айтарлықтай еңбек сіңірген Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай істерін жалғастырушы күрескер, аса үлкен қоғам қайраткері ретінде бағалайды.
М.Әуезов «Ахаңның 50 жылдығы» атты мақала жазды. Бұл оқиғаны Мұхтардың аса жоғары бағалағанын мына жолдардан байқаймыз: «...Ахаңа арналған тұңғыш той – біз ойлаған қазақ баласының жүрегіне жылы тиетін қуанышты істің бірі. Әркімнің қалғыған сезімін оятып, өткен күндерін есіне түсіретін көп істің ішіндегі ірісі». Мұхтар А.Байтұрсыновтың қазақ халқына сіңірген еңбегін шынайы бағалаған. «Қаламынан туған өсиет үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ...«Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табылдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет. Осы істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш»[15,185-186-б],- дей келіп, Ахаңның, әсіресе, «Қазақ» газетін шығарудағы еңбегіне ерекше баға береді. Негізінен А.Байтұрсыновтың халқына сіңірген еңбегін көрсетуді мақсат тұтқан шығармашылық портрет «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілік ұраны, «Қырық мысалы» , «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымас қайратын біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер болатын» - деген оптимизмге толы, өршіл жолдармен аяқталады.
Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде бір жағынан өзі сын жазып, екінші жағынан көркем шығармалары жұртшылық назарын өзіне аударып, сыни пікірлердің негізгі бір нысанына айнала бастаған дарын иесі – М. Әуезов. Оның қаламынан шыққан публицистикалық, сыни мақалалар сол кездегі ұлттық бағытты ұстанған басылымдар бетінде жиі жарияланып тұрды. Оның «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласы сол кездегі күллі қазақ әдебиетінің өткені мен бүгінін дұрыс салалап берген кезеңдік мақала болғанын айта кеткеннің артықтығы жоқ.
М.Әуезов шығармалары хақында «Еңлік-Кебек» сахнаға қойылған 1917 жылдан бастап пікірлер айтыла бастады. Солардың ішінде «Қорғансыздың күніне» («Қазақ тілі», 1922, №20) «Ж»-ның (Ж. Аймауытовтың) және Даниял Кәкітайұлының «Бәйбіше тоқалға» («Сана», 1924, №2-3) С.Сәдуақасовтың жазған пікірлері елеулі. Алғашқы автор М.Әуезовтің үлкен дарын иесі, болашағы зор екендігін айта келіп, жазушыға үлкен талап қойған. Сөйтіп, «Қорғансыздың күніне» көңілі толмайтындығын ашық айтқан. Негізгі кінәсі: шығарма логикалық мұратына жетпеген, оқиғалар оқырманды сендіре бермейді. М.Әуезовке «Сақа» (Таутан Арыстанбеков) ара түсіп, «Ж»-ның пікірлерін теріске шығарды. Жазушының көздеген нысанасын автор түсінбеген дейді («Қызыл Қазақстан», 1922, №10).
Жиырмасыншы жылдары көркем әдебиетке қойылған талаптар өте ауыр болды. Жаңа мен ескінің көрінісін қалай жырлау керектігі басты мәселе еді. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ қалам қайраткерлеріне сын да, мін де көп еді. Жиырмасыншы жылдардың басында қазақ әдебиетінің даму бағыты қандай болмақ, қазір қандай дәуірдеміз, кімдерден үйренеміз, пролетариат әдебиеті дегеніміз не, ол бар ма деген тақырыптардың төңірегінде басталған пікіралысулар қыза-қыза келе бой бермейтін коммунист жазушылар мен алаш ордашылардың ара жігін ашып, кейінгілердің саяси тұрғыдан қуғындалып, әдебиеттен шеттетілуіне алып келді. Жекелеген қаламгерлердің бір-бірімен есеп айырылысу жолына айналып, алғашқы басталған кездегі шығармашылық сипаты саяси рең алып, идеологиялық құрал ретінде «жікшілдік» туралы айтысқа ұласты. Әдебиеттің шығармашылық мәселелері қағыс қалып, қаламгерлерді саяси тексеруден өткізетін идеологиялық сүзгі рөлін атқарған жағдайлар да кездесті.
Екінші тарау «Мағжантану қалыптасуының өрісі мен өресі» деп аталып, осы кезең Мағжанның ақындық тағдырына айтарлықтай өзгерістер әкелгені туралы айтылады. М.Жұмабаевтың поэзиясының негізгі күшті жақтары –сыршылдығы, ұлттық, халықтық сипаты – оның басты кемшіліктеріне айналады. Халық төбесіне көтерген ақынның қуғын-сүргінге, қасіретке толы ауыр тағдыры басталады. Мағжанды «ұлтшыл», «алашордашыл» ретінде әшкерелеу ұйымдасқандық сипат алды. 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдебиеттік сот ұйымдастырылды. Сотта Мағжанды қазақ халқының қас жауы, оның шығармалары еш жерде оқылмасын, баспасөз беттерінде шығармаларының жариялануына орын берілмесін деген мәселелер қойылады. Осындай жиналыстың бірі сол жылы Мәскеуде қараша айында өтті. Мағжан өлеңдерін халыққа жат деп тауып, қарар қабылдады. Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы» атты мақаласында: «Мағжанның нағыз кінәсі, жалғыз-ақ кінәсі – аса үлкен дарындылығында»[16],- деген болатын. Шын мәніндегі мағжантану Жүсіпбектің осы мақаласынан бастау алды. Бұл мақала жайлы «Бұл сыни еңбектің, біріншіден, Мағжан ақындығының қыры мен сырын ұғынып алуға, көркемдік әлеміне қалай кіріп, қалай түсіну, ақын бүкпелерін қалай ұғу керектігін көрсеткен, жалғыз мағжантануды ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеттануында асқар бел басып келе жатқанымен, екіншіден, әдебиет сынының қаншалықты биік көтерілгеніне көрсеткіш, сын тарихында белгілі бір кезең жасаған туынды екендігімен құнды. Осындай ерекшеліктерімен күні бүгінге дейін сын саласындағы биік шеберліктің «эталоны» болып келеді» [1, 224-б] –деп жазды ғалым Т.Кәкішев.
Жүсіпбек Мағжанды қазақ поэзиясындағы Абайдан кейінгі ірі тұлға деп көрсеткен. Ақынның ұлттық өлеңге енгізген түрлік, көркемдік жаңалықтарына тоқталып, өзіндік мектебі бар жаңа бағыт деп санайды [17, 36-бет]. Шын мәнінде қазақ әдебиеті Мағжанмен мақтанатын болады деген осыдан жетпіс жыл жуық бұрын айтылған пікір бүгінде шындыққа айналып отыр.
Жүсіпбектің осы мақаласы Мағжанның көңіл-күйін жарқыратып ашатын, анда-санда мұң-шерге орап жеткізетін сыршылдығын алдымен ұзақ дәлелдеп алған соң теңеу таба алмай қиналады. Суретшілдік жағынан Мағжанмен иық теңестірерлерді орыс, еуропа ақындарынан іздеп, кейде қазақ ақынының өресі биік екенін қазақ қауымына түсіндіріп еңсесін көтеріп тастайды. Сондықтан Мағжан дүниетанымын өзінің әр кездегі өзгерісіне лайықты баяндай келе, тамаша пікірлер білдірген.
Кейбір сын, зерттеу мақалаларда әдебиетті сол кездің әлеуметтік-саяси жағдайларымен байланыстыра қарау мақсатымен ұзақ-сонар тарихи шолуларға кетіп қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұлар тікелей әдеби талдаулармен ұштасып жатса құба-құп. Кейбіреулерінде тарихи жағдайлары бір бөлек, әдеби талдаулары басқа жақта, бастары бірікпей тұрады. Тіпті тарихқа жеке, әдебиетке жеке талдаулар жасалғандай әсер етеді. Бұл жерде сыншының өз зерттеуін тарихшылдық тұрғыдан өмірмен байланысты қарастыру ниеті бар да, шын мәнінде нақтылы жағдайда қолдануға келгенде, шеберлігі жетпегендігі көрінеді. Жүсіпбек Мағжан жырындағы зар-мұңның да тарихи дәлеліне назар аудара баяндайды. Өлім-жітімге толы қан майданды ешкім тілеп алған жоқ, бірақ қайтсек жеңеміз, теңдік аламыз деп даурыққандардың тапқан пайдасы аз. Міне, осы тұста сезімтал, әрі ойлы ақынның жан-дүниесінде болып жатқан өзгерістер тек көз жасын төккізіп қоймай, талай тұманды ойлар, қасіретті көріністерді суреттеп тастағаны белгілі. Оны Жүсіпбек мықтап түсіндірген.
Мағжанға қайрат-жігер беру мақсатында 1924 жылы мамырдың 16-сында Жүсіпбек Молдағали Жолдыбаевпен қосылып, Мағжанға жолдастық хат жолдайды. «Сен - қазақтың ақынысың. Алаштың қайғысын жырлайсың, ұлтыңды өліп-өшіп сүйесің, онымен бірге күйзелесің. Қазақтың келешегінен үміт жоқ болса, онда жойылып кету халіндегі халыққа көркем әдебиеттің керегі қанша? Біз сенен кеудемізге рух пен қуат құйып, дертімізден айықтыратын, бақытқа бастайтын сөз күтеміз.
Сен – қазақтың байрағысың. Мейлі тасбақа аяңмен жүр, бірақ өмірден үмітіңді үзбе, өмірге орал, ХХ ғасырда тұрғаныңды ұмытпа! Өрісіңнің кеңеюін тілеп, қайғылы сезімнің құрсауынан өз-өзіңді ептеп босатуыңды қалаймыз» [1,229-б] - деген өтініш-тілектің қаншалықты қуатты, өрелі, биік, оралымды екенін көріп, сыншылдық қаламға осынша ойлардың іліккеніне қуанамыз, әрі талантты ақын інісін заман талабынан сырт қалмауға шақырғанын түсінеміз.
«Мағжанның ақындығы туралы» мақала - ұлттық әдебиет қозғалысындағы М.Жұмабаевтың шығармашылығын бағалаудың биік үлгісі. Мақалаға баға беріліп, нақтылы көзқарастар білдірілді. С.Қирабаев: «Бұл - кеңес әдебиеті сынының қалыптасып, кәсіптік мамандығын жетілдіре түскен тұсында жаңа сын үлгісіне бағыт, бағдар берген мақала. Онда Жүсіпбек Мағжан жайлы ойларын оның шығармаларын талдау арқылы дәлелдей отырып, әдеби шығарма талдаудағы сынның негізгі міндеттеріне, әдебиеттанудың келелі мәселелеріне назар аударады. Әсіресе, жазушының көркем туындыны бағалаудың өлшемі туралы ойлары маңызды» [18,184-185-б], - дейді.
С.Сәдуақасовтың «Трудовая Сибирь» журналының 1919-жылғы №1санында жарияланған «Киргизская литература» (историко-критический очерк) атты еңбегінде М.Дулатовтармен бірге М.Жұмабаевқа да жақсы баға берді. Ақынды қазақ поэзиясындағы жаңа бағыттың басы деп бағалаған бұл мақалада Абаймен салыстыра отырып, өлеңдегі нәзіктік, шынайылылық, көркемдік жағынан оған жетер ешкім жоқ деген пікір білдіреді. Автордың осы мақаласының мән-маңызы туралы ғалым Д.Қамзабекұлы былай дейді: «Хронологиялық тұрғыдан қарағанда, С.Сәдуақасұлының аталған еңбегі - әдебиетімізге мейлінше толық талдау жасаған орыс тіліндегі алғашқы мақалалардың бірі. Смағұлдың бұл зерттеуі оқушыны сындарлы пайымымен, ғылыми тұжырымдарымен тәнті етеді. Еңбекті оқи отырып, әдебиетке көшелі пікір айту үшін арнайы оқудың міндетті емес екеніне көзіңіз жетеді. Әйтпесе, қаламгердің осы шақтағы бар оқуы жоғарыда айтылғандай 2 класты қазақ-орыс училищесі мен ауыл шаруашылығы училищесінен алған білімі еді» [9, 50-51-б].
М.Жұмабаевтың өлеңдерін 1922 жылы Қазанда Б.Күлеев кітап етіп бастырып шығарды. Өлеңдер жинағының «Бастырушыдан» деген алғы сөзінде «Мағжаннның бұл өлеңдерінің әдебиетте қандай орын алатынын айтуды сыншыларға қалдырып», «қазақ әдебиеті жаңа қаз-қаз тұрып келе жатқан секілді, түспей қалған бірен-саран емле қатесі болса, оқушылар айыптамас» - деп, ақын поэзиясын әрбір үтір-нүктесіне дейін аса жоғары бағалайтындығын аңғартады.
М.Жұмабаевтың талантын алғаш тани білгендердің қатарында қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов те бар. Ол «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (тарихи-әдеби сын) атты мақаласында әдеби дамуға шолу жасай келіп, ондағы соны жаңалыққа тоқталады: «Ол жаңалық – жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан реализм сарыны көбінесе құрғақ ой, жадағай сөз (рассуждение) күйі осы күнгі терең сезім, нәзік сыр күйіне айналып келеді. Бұның белгісі М.Жұмабаевтың соңғы «Ертегі», «Қорқыт» сияқты өлеңдерінде бар»[19] деген жолдар «Шолпанда» 1923 жылы № 4-5 сандарында жарияланған. Бұл жерде Мұхтар Мағжанды қазақ поэзиясының дамуындағы жаңа бір саты, бағыт деп жоғары бағалаған.
С.Қожанов М.Жұмабаевтың өлеңдерін бастырып шығару саяси тұрғыдан қаншалықты қауіпті екенін сезе тұра, саналы түрде кіріскен сияқты. Сондықтан да ол Мағжан өлеңдерін талдамайды. Сол кезде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, оны қоғамдық, ғылыми өмірдің барлық саласында қолдану мәселесі көтеріліп жатқан болатын. С.Қожановтың өзі басқарған «Ақ жол» газетінде М.Жұмабайұлының шығармаларына көп орын берілгені туралы ғалым А.Шәріпов былай дейді: «Дәл осы тұста Мағжан туындылары «Ақжолдың» бетінде жиі жарияланып жатты. 1923-1924 жылдары бұл газетте оның «Жай әншейін ойын ғой», «Сырдағы алашқа», «Берниязға», «Тірі бол», «Асық иіру», «Еділдің сағасында», «Қызыл жалау», т.б. біраз өлеңі жарық көрді. Сондай-ақ «Ақ жолдың» 1924 жылғы сәуірдің 1-індегі санында авторы көрсетілмей, басқарма атынан берілген «Мағжан» атты мақала басылды» [20, 40-б],- дейді. Бұл мақаланы А.Шәріпов мазмұн-мәнеріне қарай С.Қожанұлының алғысөзімен сабақтасып жатқанын алға тартады.
Осы кезде Мағжанды қудалау ұйымдасқандық сипат ала бастады. 1924 жылдың бас кезінде Орынборда Мағжанға әдеби сот ұйымдастырылды. Онда басты айыптаушы .Мұқанов болды да, қорғаушылық қызметті Жәкен Сәрсенбин атқарған. Екі сағатқа созылған айыптау баяндамасын тындап болған соң, қатысып отырғандар айғайлап, қорғаушыны сөйлетпей қойған.
«Сот үш тармақты қаулы алды:
М. Жұмабаев қазақ халқының, онымен қатар, қазақ халқына қамқор болып отырған совет өкіметінің қас жауы деп танылсын. Оның барлық шығармалары оқылудан алыну өкіметтен сұралсын.
Бұдан былай советтік баспасөздің бетінен Жұмабаевтардың шығармаларына орын берілмесін» [14, 521-б].
Мағжанды ұлтшыл ретінде «талқандау» мақсатымен 1924 жылдың қараша айында Мәскеуде тағы бір жиын болып өтті. Жиын ресми түрде Мағжан Жұмабаевтың 1923 жылы Ташкентте шыққан өлеңдер жинағын талқылауға арналғанымен де, шығармашылықтан гөрі саяси сипат алғандығы көрінеді. Оған Н.Төреқұлов, Ғ.Мұратбаев, Ғ.Тоғжанов, Сапарбеков, Ж.Сәрсенбин және т.б. қаламгерлер қатысады. «Күн тәртібінде қойылған мәселе туралы өзіміздің оқушы, жас ақынымыз Өтебай Тұрманжанов баяндама жасады. Баяндама бойынша көп адам шығып сөйледі. Университет оқушыларынан басқа Нәзір, Ғани, Ғаббас, Жекен шығып пікір айтты. Қызу да үлкен айтыс болды.
...Бірқатар сөйлеушілер «Мағжанның бірсыпыра өлеңдері қате: ұлтшылдық, сары уайымшылдық рухта жазылған. Жалпы Мағжан үлкен ақын», - деді де көпшілік буржуазияшыл-ұлтшыл, бізге мүлдем жат ақын деп қорытты. Жиналыс Мағжан және оның өлеңдері жөнінде осы бағытта қаулы алды» - деп еске түсіреді кейіннен осы жиынға қатысқан Б.Кенжебаев («Лениншіл жас» №4.1. 1989).
Ж.Аймауытовтың атақты мақаласынан кейін Ғ. Жүсіпбектің осы мақаласынан кейін Ғаббас Тоғжановтың 1926 жылы жазылған «Мағжанның ақындығы, Жүсіпбектің сыны» деген еңбегі жарық көреді.
Жүсіпбек Мағжанды байшылсың, ұлтшылсың, түрікшілсің деп айыптамай, оны «ұлт ақыны» десе, Ғаббас: «Жүсіпбектің сөзінің шеті «ұлт, ұлт» деп қана бітеді. Оның ұлт ішіне көзі түспейді. Ұлт ішінде бай барын, кедей барын көрмейді. Маған ұлт ішінде қайсысының ақын екенін Жүсіпбек айтпайды. Февраль төңкерісіне дейін қазақтың теңдік көксеген байы да кедейі де бір келді. Сыртқы жаумен, орыс патшасымен екеуі де күресті... Ұлт қозғалысын бұл кезде бай табы, байшыл окығандар бастады. Бірақ бұл сөзден қазақтың бай-кедейінің тап жігі болған жоқ деген сөз шықпайды. Жүсіпбектің өзі де айтып отыр ғой. Төңкеріске дейін де қазақ арасында болыс, би байдан сайланды. Ел сөзін осылар бітірді. Қатарға енген кедей бұқара болған жоқ. Кедей сөзі ешкімге өтпейтін. Мұны «Марксизм мұнарасымен» сынап отырған Жүсіпбек көрмейді. Мағжан қазақты жалпағынан алады. Бай, кедей деп айырмайды. Біз бұлай демейміз. «Марксизм мұнарасына» шығып, тым жоғары көтеріліп кеткен Жүсіпбек бай, кедейдің барын көрмесе де Мағжан оны көрмеді деуге болмайды. Қазақ ортасында Мағжанның өскені рас болса, оның көрмеске лажы жоқ. Мағжан тұрмыс құрығынан шыққан емес. Ол қазақтың бай, кедейін білген, көрген, көріп қана қойған жоқ, тілегін тілеген. Кедей белгілі таптың ғана пайдасын сөйлеп, отырғанын ақынның өзі де білмей қалады. Біз Мағжанды бай ақыны, байшыл ақын дейміз»[21] - деп, мәселеге басқаша көзқараспен қарап, ақынды «байшыл» - деп дәлелдейді.
Ғ.Тоғжанов Мағжанды «байшыл» ақын деп дәлелдеп жатқанымен де оның ақындық қуатын жоғары бағалайды. «Мағжанның жақсылығынан біз безбейміз» - деп тарауға айқайлатып тақырып қойған. Ғаббас «Өлеңнің сыртын (формасын) Мағжандай келтірген (бір Абай болмаса) қазақта әлі ақын жоқ. Мағжан сөзге еркін ақын, күшеншек ақын емес. Көркемдік, шеберлік, әдемілік жағынан Мағжанда үлгі қыларлық қасиет көп. Біздің еңбекші адамдарымыз, жас ақындарымыз Мағжанның сыртқы сұлу, әдемі сөздеріне терең ой, тура жол сала білсе, бәйгеден келгені» [21], - дегенді кездейсоқ айтып отырған жоқ. Мағжанның қазақ поэзиясындағы үлкен құбылыс екендігін мойындап, оны өзгелерге үлгі қылу Ғ.Тоғжанов сынының абыройын арттырып тұр. Ғаббастың сынында сол кезде үстемдік құра бастаған тұрпайы әлеуметтік талдауды басшылыққа алғанымен де сыншылық талғамы Мағжанның бұлақтың суындай мөлдір поэзиясының құдіретіне бас иеді. Сөз ретінде айта кету керек, қазақтың алғашқы профессионал сыншыларының бірі Ғ.Тоғжановтың бүкіл сыншылық қызметінде тұрпайы социологиялық сипат, таптық принцип басым болғанымен де Мағжан поэзиясының көркемдік қуатын мойындаған. Кейін 1928 жылы мамырдың 6-сы күні Мәскеуде өткен қазақ әдебиетінің жай-күйін талқылаған жиында баяндамашы Ә. Бәйділдин Ғаббастың сыни пікірлеріндегі осындай «екіұштылықты» қатты сынға алады. Жиынға катысып отырған Ғ.Тоғжанов шығып сөйлеп, кейбір мәселелер жайлы түсініктер бере келіп, Мағжан туралы өз ойын тағы да ашық айтады: «...Мен әлі де айтам - Мағжан көркемдік жағынан артық. Сондай көркемдікті біздің жалпы жазушыларымызға үйренуі керек. Сәкеннің көп әңгімелері мылжың, ешкім оқымайды. Сөйтіп жүріп біз мазмұнды жақсы етсек болды, түрді орыс жазушыларынан-ақ үйренеміз дейді. Мағжаннан үйренуге несіне арланады?»[22,34-б].
Ресми саясат Мағжанды қаншама саяси соққылардың астына алып жатқанымен де, ақынға жылы қабақ танытқандар баспасөз бетінде сирек те болса, көрініп қалып отырды. «Еңбекші қазақ» газеті Мағжанды айыптаумен болды да, ал «Ақ жолдың» ақынға іш бұрғандығы байқалады. Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газетінде Пошанның «Әдебиет мәселесі» атты мақаласы жарияланды. Сол кездегі қазақ әдебиетінің өзекті өңірлерін барлаған мақалада ақын шығармашылығы жайлы оң пікір айтылды: «Мағжанның өткен заманға құлаш ұра беретін себебі -өзінің өмірден тез сүйініп, тез қуанатын, ойнақы жүрек романтиктігі. Романтик ақын қай уақытта болса да көрікті көңілге қоңыр өмір үйлеспеген соң аласұрыс, сұлу қиял әуенімен әуреленеді. Мағжанның іздегенде тапқаны қазақтың ескі заманы болды. Оның романтиктігін қоздырып жіберген, әсіресе, төңкерістің алғашқы кезі болды. Кенеттен болған ұлы өзгерістің самалы күшті ақынның жүрегіне үлкен әсер беріп, өмірді тұрақсыз біліп, атты алысқа айдап жіберді» [23]. Сөйтіп, ол да ақынның шығармашылық болмысын аша түсуге ұмтылды.
С.Мұқанов, тіпті, Мағжанның ұлт ақыны екендігіне күмән келтіреді: «Мағжан өлеңдерінің 75 пайызы орыс, татар ақындарына еліктеу», - деп, керек десеңіз, ақынның бүкіл шығармашылық бітім-болмысын жоққа шығарғандай да болады. Мағжандармен біз біріге алмаймыз деп, ақынды кеудесінен итереді. Қазақ әдебиетінің Мағжандай атақты ақындары «ұлтшылдықпен айыпталып жатқанда, бойында ұлттық қаны бар парасатты зиялы қауым да қарап жата алмады. С.Сәдуақасов, Ш.Тоқжігітов, Ы.Мұстамбаев сияқты ұлтжанды азаматтар Мағжан Жұмабаевқа ара түсті.
Мағжан, одан қалды ұлттық сипаттағы бүкіл қазақ әдебиеті «ұлтшылдықпен, «байшылдықпен», «ескішілдікпен» айыпталып, бұл туралы жылы сөз естудің өзі қиынға айналып бара жатқанда Ыдырыс Мұстамбаевтың «Жұмабаев және «Тоқсанның тобы» «Советская степь» басылымында 1929-жылдың 24-мамырында мақаласы шықты. Мақала бастан-аяқ Мағжанды қолдап, ақын шығармашылығының күрмеуі қиын қырларына ойлы көзбен карауға шақырады дерлік. Партиялық басылым бетінде орысша жазылғанын ескере отырып, автордың негізгі пікірлеріне тоқтала кетейік. «Біздің баспасөзімізде бір саяси құбылыс еленбей қалды» деп бастайды Ыдырыс өз сөзін. «Ол - Мағжанның «Тоқсанның тобы» өлеңінің шығуы. Бұл өлеңді Голощекин жолдас та өлеңнің біз үшін маңызы зор, себебі ол Қазақстандағы социалистік құрылыс жетістіктерінің жоғары екендігін көрсетеді және оны біздің кешегі дұшпандарымыз, ұлтшылдардың көсемі ақын М.Жұмабаев та мойындаған болатын деп» [24], - жоғары бағалаған.
Жиырмасыншы жылдары жүріп өткен әдеби айтыстардың басты мақсаты ұлттық әдебиетті талқандап, оның орнына жаңа тұрпатты пролетариат әдебиетін әкелу болатын. Осы мақсатқа жету үшін билік басындағылар алашордашыл әдебиеттің аса көрнекті өкілі М.Жұмабаевты «әшкерелеуге» бар күшін салды. Мағжанды «әшкерелеу» ұлттық бағыттағы бүкіл қазақ әдебиетін де әшкерелеу еді. Зорлықпен, күшке сүйеніп жүргізілген саяси науқанның арқасында ресми билік белгілі бір дәрежеде ойлаған мақсаттарына да жетті.
Жиырмасыншы жылдардағы әдеби айтыстардың түпкі мақсаты «ұлтшыл», «байшыл» атанған Мағжан Жұмабаевты, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов сияқты ұлттық әдебиеттің қаймақтарын тарихтың сахнасынан, әдебиет майданынан күшпен қуып түсіруге алғышарттар жасау болатын. Большевиктер бұл ойын жүзеге асыруға біршама жақындап қалса да, бұл міндетті жүзеге асыра алмады.
Үшінші тарауда жиырмасыншы жылдардағы «Әдеби-фольклорлық мұра мен Абай туралы айтыстарға» орын берілген. З. Ерғалиевтің «Әдебиет» деген мақаласында Қызылорда қаласында әдеби шығармаларды жинаумен, жариялаумен айналысатын комиссия құрылғандығын хабарлаған. Оған материал жіберушілерге әдебиет жайлы түсініктер берген. Автор «Әдебиет» екіге бөлінеді: 1)ауыз әдебиеті; 2)қалам әдебиеті. Ауыз әдебиеті деп ауыздан ауызға, құлақтан құлаққа естіліп, ата-бабаларымыздан осы уақытқа дейін сақталып келе жатқан жырлар, мақалдар, ертегі, жұмбақ, тақпақ сықылдылар айтылады.
Ауыз әдебиетін жинау мәселесі Н.Төреқұловтың, М.Әуезовтің, А.Сегізбаевтың және т.б. мақалаларында көтерілді. М.Әуезов «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында «ауызша әдебиетіміз бай, өрнекті, түрі, тарауы көп кестелі, қысқасынан айтқанда, қазақтың даласы секілді кең, келешегі көрікті үлкен, жалпы түрік әдебиетінің ішінде өріс алатын әдебиет секілді көрінеді... Сөзінен туатын мағынасын, ішіндегі қайратты рухы, сыртындағы кестесі мен келісімі өзін еріксіз еліткендей болады. Біз ескі әдебиетімізді сүйеміз, сүюіміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз, құрметіміз орынсыз емес. Себебі, әдебиетімізде өзге көп жұрттың ауызша әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр. Ауызша әдебиет бір заманда, тәртіпті жазба әдебиетінің қызметін атқарғандығы білініп отыр. Сол міндетін ұққандықтан ауызша әдебиет сөз өрісін кеңейтіп әкеткенін көріп отырмыз. Сол ескі сөздің ішінде ескі қазақ өмірінің әрбір дәуірі, әрбір мезгілі және әрбір жеке-жеке суреттері де айтылған»[19],- деп жазып, қазақ халқының ауыз әдебиеті аса бай екенін, онда өткендегі халық өмірінің шынайы көрініс тапқанын, сол себептен де оның бүгінгі күнге керектігін орынды көрсеткен.
М. Жұмабаев Ақан сері, Базар жырау туралы зерттеу-эсселер жазды. Ақынның «Ақан сері» атты мақаласы «Сана» журналының 1923 жылғы бірінші, ал оның жалғасы іспеттес «Ақан сері сөздері» мақаласы 1924 жылғы № 2-3 сандарында басылды.
Қазақ халқының өткендегі рухани байлығын жинау, жариялау, зерттеу істеріне тек әдебиетшілер ғана емес, басқа мамандық иелері де айтарлықтай үлес қосты. Солардың бірі — Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясын алтын алқамен бітірген дәрігер, кейіннен алашорда қозғалысы серкелерінің бірі болған Халел Досмұхамедов. Ол қазақ әдебиетін зерттеп аса құнды еңбектер жазды. Халелдің қаламынан «Мұрат ақын сөздері» (1924), «Исатай Махамбет» (1925), «Аламан» (1926), «Қазақ халық әдебиеті» (1928, орыс тілінде) сияқты кітаптар туып, әдеби мұрамызды игеруге айтарлықтай үлес болып қосылды.
Мұрат Мөңкеұлы жайлы алғаш қалам тартып, оны туған халқына таныстырған Х.Досмұхамедұлы болды. Патша өкіметінің қазақ даласын отарлау саясатына ашық қарсы шыққан Мұрат отаршылдықтың елді күйзелткен зардаптарын күйзеле толғанып жырлағаны, «Үш қиян», «Сарыарқа», «Қазтуған», «Шалгез» атты туындыларды жазғаны үшін «Зарзаман» ақыны атанып, орыс билеп, ауызға қақпақ, қаламға кедергі қойылған замандарда есімі белгісіз болып келді. Халел Мұрат поэзиясындағы қарсылық сарынын дұрыс түсіндіреді: «Мұраттың өлеңдерінде патша үкіметінің қазаққа жұмсаған саясаты айқын байқалады. Үкіметтің жақсы жерлерін тартып алғаны, ел қамын жегендердің қамалғаны, өлтірілгені анық айтылады»[25, 113-б].
«Мұраттың заманында қазақ елі патша үкіметінің шенеуніктерінен басқа орысты көрген жоқ. Қазақтың көрген орысы - патша үкіметінің жиһангершілік саясатын жүргізген орыстан шыққан залымдар. Мұраттың заманындағы казақ салты, әдеті туғызады» деп, үш түрлі ерекшелігін атап көрсетеді.
Ғалым Б.Омаров: «Мұратты эпикалық жырларды шаршамай-талмай ұзақ уақыт бойы айтатын майталман жыршы ретінде де тануымыз керек. Ол Ноғайлы дәуірінің алтын қазынасы – «Қырымның қырық батыры» жыр циклін кейінгі ұрпаққа жеткізгендердің бірі. Мұраттың өзіндік орындаушылық тәсілі, жыр үйрету әдісі болған. Әрбір жырға өз өрнегін салып, әрлендіре түскен. «Қарасай-Қази» жырының Мұрат жырлаған нұсқасының өзгеше түрге еніп, басқа нұсқалардан едәуір ерекшеленуі -осының айғағы» [26,19-б].- жеп жазды. Х.Досмұхамедов - М.Мөңкеұлының тарихи тұлғасы, ақындық ерекшеліктері, ауыз әдебиетін жинауға қосқан үлесі туралы толымды пікір білдірген алғашқы ғалымдардың бірі.
Ауыз әдебиеті үлгілері, өткендегі ақындардың өлеңдері А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышында» [27] да біршама орын алған. Әдебиетке мысал ретінде Абайдың есімін ауызға алып, оның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты өлеңін келтіреді. Ахметтің жалпы әдебиетке, оның тарихына деген көзқарасының қалай болғандығын аңғартса керек. Кітапта Асан қайғы, Қаз дауысты Қазыбек, Орынбай, Мұрат, Сүгір, Ы.Алтынсарин, Шернияз, Нұржан Наушабаев, Мәделі, Бұдабай, Наурызбай жырау, Досқожа, Әубәкір, т.б. сияқты - «Ер Тарғын», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Ер Сайын» жырларынан үзінділер келтіріліп, бұлар сөз өнерінің үздік үлгілері қатарында бағаланған.
Ә.Бөкейхановтың 1905 жылы «Семипалатинский листокта» жарық көрген қазанамасынан бастау алып, кейіннен Қ.Ысқақұлының, А.Байтұрсыновтың, М. Дулатовтың парасатты пайымдауларынан кейін Абай қазақ әдебиетіндегі өзіне лайықты орнын ала бастаған болатын. Ақындар Абайды жырға қосты. 1918 жылы ақпан айынан бастап Семей қаласында Ж.Аймауытовтың редакторлығымен «Абай» журналы шыға бастады. Журнал ақын Абайдың атымен аталады. «Абайдың» алғашқы саны «Журнал туралы» деген «Екеудің» беташар мақаласымен ашылды. Онда: «Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп, азды, тозды. Сол кезде қалпың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды. Ақылды дана, рахымды әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай еді. Қазақтың әдебиетіне жөн берген: сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңнен өрнек шығарған, ақындық, сыншылдық бірдей дарыған Абай еді. Өнер тап, оқы, харакет қыл, тәрбие ал, ынсапты, адал бол деп қақсап өткен Абай еді. Халықтың қамын же, адам баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген Абай болатын, өмір жолында Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда, Абай қазақтан шыққан философ (данышпан) екендігін айта келіп, «... кемеңгердің атына арнап, журналымыздың атын «Абай» қойдық» - деп жазады. «Басқа жұрттың атақты білімдісінен Абай кем емес, білімдіні құрмет ете алмасақ – тоғышарлығымыз» [28]- деп, Абайды аса жоғары бағалайды.
«Екеу» Абайдың сыр-сипатымен таныстыра түскен: «Әдебиетімізге де негіз салған Абай, адамшылық, тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең тексерген де Абай. Қазақтың тұрмысын, өмірін, мінезін, айқын суреттеп, кемшілігін көрсеткен де Абай. Солай болған соң, журналды Абайға арнадық, Абайды қай жерінен болсын ұстаз қылып, бетке ұстап, жастар шәкірт болып, соңынан жүруге талаптанғандығын көрсетеді... Еңбек қылған ер қадірін білу – ел борышы. Абайды құрметтеуге бүкіл қазақ, оның ішінде көңілі тетік оқығандар борышты. Абайды бетке ұстасақ, білгішке ергіш нысанамызды көрсетеміз - бір, адамдық борышымызды атқарамыз – екі» [28]. Мақалада Абайдың өлеңдері талданылмайды: оның халыққа, әдебиетке сіңірген еңбектері санамаланып, үлгі тұтылады. Мақаланың соңы «маңдайыма ұстаған ақын Абай – қазағым» деп үмітпен шығарып отыр» деген жолдармен аяқталады.
Сол кездегі жаңадан орнап жатқан кеңес өкіметінің әдебиет жайлы ресми пікірін «Еңбекші қазақ» және «Қызыл Қазақстан» басылымдарында жарық көрген материалдардан анық көруге болады. «Қызыл Қазақстан» журналындағы әдебиеттің» өткеніне қатысты 1922 жылы С.Мұқановтың «Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай» атты сияқты мақаласы жарияланды. Бұларда әлі таптық көзқарасқа негізделген ұр да жық солақай сындар көрінбейді.
Жиырмасыншы жылдары көркем әдебиетке, оның өкілдеріне қойылған талаптар өте ауыр еді. Бұрынғы өмір мен жаңа өмірді қалай жырлау керектігі басты мәселелердің бірі болатын. Сол кездегі саясаттың әдебиетке тигізген әсерінен қазақ қалам қайраткерлеріне сын да, мін де көп болды. Әдебиеттің негізгі шығармашылық мәселелері қағыс қалып, көркем туындылар саяси тексеруден, идеологиялық сүзгіден өткізілетін жағдайлар да кездесті.
Б.Кенжебаев: «Абай - өте ақын кісі, бұған өлеңдерінің суреттері, ұйқасымдары, ойына келгенді қиналмай толқытып, түйдектеп шығаратындығы дәлел. Осымен бірге Абай – сыршыл ақын» [29] - деген негізгі ойды ақынның қазақ поэзиясына қосқан жаңалықтарын айта отырып дәлелдейді. Сөйтіп, «Абай қазақтың жазба әдебиетін бастады, соған негіз салды. Сондықтан жазба әдебиетінің ағасы. Бұл орын Абайға үлкендік те, кішілік те қылмайды. Абай өлеңдерін қарап келіп, шығаратын қорытындымыз: Абай – халық ақыны»[29] - деген тұжырып жасаған. Мұндай пікірдің солақай тұрпайы социологиялық сын үстемдік құра бастаған жиырмасыншы жылдардың орта шенінде айтылуы үлкен ерлік еді.
С.Мұқановтың атышулы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» [30] аты мақаласынан кейін-ақ алашордашыл қаламгерлерді қазақ әдебиетінің тағдыры қатты ойландыра бастады. Пікірлесіп, ойласып, ортақ тұжырымға келгендей де болды. Олардын әдебиетке деген ортақ көзқарасы М.Жұмабаев жасаған «Алқаның» бағдарламасында көрініс тапты. «Алқаның» әдебиет жайлы бағдарламасы пролеткультшылдардың бағытына мүлдем қарама-қарсы болды. Әдебиетке, Абайға қатысты пікіріне көз жіберейік: «Қазақ әдебиетінің алыбы Абай – қазақ даласына кеулеп кіріп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа халықтың қанды жас төгіп, еріксіз жасалған бірінші құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап өмірден үміт үзуге, тұңғиық ойға барып тірелген Абайдың өмірінің, ақындығының трагедиясы да тереңдігі осындай. Абайдың алыптығы – қыл көпірдің үстінде тұрғандығы, екі қолмен, екі үмітпен алысқандығы, сондықтан казақ әдебиетінін ескі мағынасын, бұрынғы бағытын тереңдеткендігі, әдебиетке жаңа түр кіргізгендігі» [31].
Жиырмасыншы жылдардағы айтыста белсенділік танытқан Ы.Мұстамбаев 1927 жылы «Қызыл Қазақстанның» №45 санында Абайды солақай сындардан барынша қорғады. Өйткені, Абайдың мәселесі дұрыс шешілмей, әдебиеттің мәселесі дұрыс шешілмейтінін сыншы дұрыс түсінді. Сондықтан да Ы.Мұстамбаев Абай туралы айтылып жүрген біржақты пікірлерге қарсы шықты. «Ол қазақтың нағыз әдебиеті Абайдан басталады». «Қазақ елінің тұңғыш шын ақыны – Абай», «ұлтшылдар Абайды жақсы көреді деп Абайды Абай демеуге бола ма?» [32] - деген пікір айтты «Көркем әдебиет туралы» атты мақаласында.
С.Мұқанов Ыдырыстың Абай туралы айтқан пікірлеріне тағы да қарсы дау айтты. Сәбит қазақ әдебиеті Абайдан басталады деген Ыдырыстың пікірін жоққа шығарып, өз дәлелдерін ұсынады. «Ар жағында түк болмаса да Абай бұйырып соққан ұстаның пышағындай, жаңадан қазақ әдебиетін қолдан соқсын! Міне, қызық, осы да затшылдық па? Негізсіз, материалсыз турадан тура басталып кететін жұмыс бола ма екен. Менің әлі де айтатыным: Абайдың ар жағында да қазақтың жақсылы-жаманды әдебиеті болды. Сол әдебиеттер сарқылып келіп, Абай заманында бір қазық қағып өтті» - деп, назар аударарлық ой айтады да, сөзінің соңын «Осының кезеңіне Абай кез-келген соң даяр тоқпақтың ұрушысы, даяр тарихтың қағушысы болды да жүре берді»,- деп жазады ол. «Әркім өзінше ойлайды» [33] атты мақаласында автор пікірінің аяғын бұлталақтатып, Абайды мойындағысы келмеген ыңғай танытады. Сәбит «Абай – байшыл табының ақыны», «Абай байшылдықтан қашса да құтыла алмайды», «Абай кедейге көріне қарсы жазған жоқ. Бірақ кедейшіл емес, байшыл» дей отырып, «Абай жаңашыл. Онысында дау жоқ. Өз заманында пайдалы адам болды. Әлі де пайдасы бар. Онысында да дау жоқты» айтқанымен де «Бірақ ол - өнерге ұмтылған қазақтың ақ сүйектіктен жаңалыққа ұмтылған жаңашыл байының тілегінен туған ақын» екендігін ескертуді де ұмытпаған.
Сәбит Мұқановтың бұл айтқандарына Ы.Мұстамбаев «Жөн-жөн, Сәбит!!! Онан да қазақша: «Абай – арамтамақ» деп бір-ақ айтсаңшы» [34] - деп кекетіп алып, «Тарихта жалғассыз еш нәрсе жоқ. Қазақтың бұрынғы кәкір-шүкір әдебиеті болсын, орыс әдебиеті болсын Абайға азық болды, олар барып Абайды туғызды. Абай болған соң, Байтұрсынов болған соң, бұл күндерде Сәбит шықты» [34],- деп, өз пікірін нақтылай түсті.
Ы.Мұстамбаев Абайдың ақындық тағдырына қауіп төніп тұрғанда, оны қорғау үшін барын салды. Ыдырыстың Абай туралы пікірлерінің жиынтығы ретінде «Абай» атты көлемді мақаласы «Жаңа әдебиет» журналының 1928 жылы №7-8-сандарында жарық көреді.
Жиырмасыншы жылдарда Абайтану ісінің бастамашылары болған Ы.Мұстамбаевтың, Ғ.Тоғжановтың, І.Қабыловтың, Д.Ысқақовтың, А.Байтасовтың, М.Әуезовтің, Ж.Аймауытовтың, Б.Кенжебаевтың еңбектері елеулі болды. Ал, кеңес заманы тұсында Абайтану ісін негіздеп, ғылыми жүйеге түсірген - М.Әуезов. Абай шығармашылығын зерттеу-талдау туралы айтыстар сол кезден бастау алған абайтану ғылымының негізін қалап, оның жалғасы алдыңғы зерттеулерді қорытып, жинақтап, абайтанудың тарихын жасап, қазақ халқының Абай арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік биігіне шығуына жол ашты.
Қорытындыда ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің негізгі жанрларымен бірге оның сыны да дами түскені, жан-жақты жаңа саяси жағдайға байланысты әдебиеттің алдында тұрған міндеттерді айқындау ісінде белсенділік танытқаны сөз болады. Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуында жиырмасыншы жылдардағы әдеби айтыстардың алатын орны ерекше. Сыншылар өз кезеңінде шыққан жаңа шығармаларға әдеби тұрғыдан баға беріп қана қоймай, оны дамытуды сол кездегі мәселелер тұрғысынан талқылап, бағыт сілтеуге талпыныс жасады. Жиырмасыншы жылдардағы әдеби сынның бай тәжірибесі мен нәтижелері, әдеби айтыстардың іші құпия сырға толы.
Жиырмасыншы жылдардағы әдеби айтыстардың өзіндік сипатын аша отырып, сынның дамуы мен дағдарысын, сол кезеңде жазылған әдеби сын мақалалар мен зерттеулердің танымдық-тағылымдық бағыттарының әдеби дамуға тигізген ықпалын, идеологиялық қыспақтың әдеби сын мен әдебиетші-сыншылардың шығармашылықтарына тигізген кері әсерін, жиырмасыншы жылдардағы әдеби айтыстың жанрлық ерекшеліктерін аша отырып, әдебиет және оның даму бағыты туралы пікірталастардың мән-маңызын, мағжантану, абайтану туралы айтыстардың барысын, жекелеген сыншылардың жалпы әдеби сынның дамуына тигізген шығармашылық ықпалын айқындай түсудің бүгінгі әдебиеттану үшін маңызы зор.
Осы зерттеу жұмысымызда біз жиырмасыншы жылдардағы әдеби сындағы айтыстардың қазақ әдебиеті үшін бүгінгі таңда да өз маңызын жоймағанын дәлелдеп, қарастырдық. Ұлттық әдебиеттану ғылымының алдына мұндай мақсаттың қойылуының өзі әдебиетші ғалымдарымыздың ғылыми негізде сын тарихын жүйелеуде, оны түрлі қателерден арылтуда, әртүрлі кезеңдеріне баға беруде, әдеби мұраларды игеру мен зерделеуде, әдебиет майданына белсене араласқан қалам қайраткерлерінің сыншылық қарымын бағалауға келгенде септігін тигізеді деген ойдамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |