Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы



бет2/6
Дата19.10.2023
өлшемі203,75 Kb.
#119297
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
№249 2029 даму тужырымдамасы

2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау
1-тарау. Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту
Қазақстанның білім беру саласындағы мемлекеттік саясаты әрбір бала өмірінің сәтті бастамасы ретінде сапалы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға (бұдан әрі – МТО) тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
МТО-ны қамтамасыз етудің құқықтық негіздері мен мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған, оған сәйкес білім беру жүйесінің бірінші деңгейі отбасында немесе 1 жастан бастап бірінші сыныпқа қабылданғанға дейін меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі ұйымда жүзеге асырылады.
Нобель сыйлығының лауреаты, профессор Джеймс Джозеф Хекманның зерттеуі балалар өмірінің алғашқы бес жылында оқу және даму әлеуеті аса жоғары екенін және оларға салынған инвестицияны барынша ақтайтынын көрсетті. Балалардың ерте дамуына салынған инвестициялардың қайтарымы 13 %-ды құрайды. Баланың ерте дамуына жұмсалған ресурстардың оның болашақ мансабының табысты болуына әсері кәсіптік білім беруге жұмсалған ресурстардан 3 есе жоғары.
Сонымен қатар, бала өмірінің осы кезеңі адамның дамуы үшін ең тиімді кезең болып табылады және осы кезеңде "жіберіп алынған бос уақыт" баланың дамуы үшін де, жалпы экономика үшін де кері салдарын тигізеді. Бұл факті ескерілмеген жағдайда ЖІӨ-нің жылына 3-7 %-ға дейін жоғалуына әкеледі. PISA зерттеуінің нәтижелері балаларды МТО-мен ерте жастан қамту баланың мектептегі үлгеріміне оң әсер ететінін көрсетті. PISA-2018 нәтижелеріне сәйкес мектепке дейінгі ұйымға бармаған және оған үш жылдан астам уақыт барған 15 жасар білім алушылар арасындағы айырмашылық орта есеппен сауаттылықтың барлық үш бағыты бойынша (оқу, математика және жаратылыстану) 20 балды құрайды.
Әрбір баланың бастауыш мектепте білім алуы үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасаудың маңызды шарты МТО қолжетімділігін кеңейту болып табылады. Осыған байланысты балаларға орын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында "Мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін мектеп жасына дейінгі балаларды (6 жасқа дейін) кезекке қою" мемлекеттік қызмет көрсету процесі автоматтандырылды.
Соңғы үш жылда мектепке дейінгі ұйымдарға кезек күту саны 1,5 есеге азайды: 2020 жылы туғаннан бастап 6 жасқа дейін кезекте 446176 бала тұрса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 289758 баланы құрады. Олардың ішінде 131,5 мың бала 2-6 жаста, оның ішінде қалалық жерде – 105,8 мың, ауылдық жерде – 25,7 мың, 15,7 мың бала 3-6 жаста, оның ішінде қалалық жерде – 10,4 мың, ауылдық жерде – 5,3 мың).
Ұлттық білім беру дерекқорына (бұдан әрі – ҰБДҚ) сәйкес 2022 жылдың соңында республикада 11104 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеді, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 454 бірлікке артық. 2022 жылдың соңында осы ұйымдарға 965204 бала, ал 2020 жылы 885033 бала барды. Осылайша 2020 – 2022 жылдар кезеңінде мектепке дейінгі ұйымнан орын алуға кезекте тұрған 80 мыңнан астам бала МТО-ға қол жеткізді.
Мектепке дейінгі ұйымдар желісінің кеңеюі 2 жастағы балаларды көбірек қабылдауға мүмкіндік берді. Мәселен, 2022 жылы 2-6 жастағы балаларды МТО-мен қамту 89,4 %-ды құраса, 2021 жылдағы бұл көрсеткіш 1 %-ға аз. 2022 жылы 3-6 жастағы балаларды МТО-мен қамту 98,5 %-ды құрады (2021 жыл – 98,3 %). Аумақтардың қайта ұйымдастырылуына, халықтың тығыздығына және көші-қон процесстеріне байланысты Алматы (92,9 %), Жетісу (98,0 %), Түркістан (99,3 %), Ұлытау (89,5 %) облыстарында, Астана (99,2 %) және Алматы (94,6 %) қалаларында 3-6 жастағы бүлдіршіндер 100 % қамтамасыз етілмеген. Халық тығыз орналасқан елді мекендердегі, көші-қон ағыны мен бала туу деңгейі жоғары өңірлердегі мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығына байланысты проблемалар бар.
Балаларды мектепалды даярлықпен қамту ұлғаюда. Мысалы, 2022 жылдың соңында 214238 баланы қамтитын 6864 мектепалды тобы бар 3680 балабақша жұмыс істеді. Бұдан басқа, еліміздің 5743 мектебінде 174408 бала мектепалды даярлықпен қамтылды. Мектепалды топтары бар шағын орталықтар саны 739 бірлікке жетіп, 15091 баланы қамтыды. Осылайша балабақшаларда, шағын орталықтар мен мектептердегі мектепалды топтарда 403737 бала үшін (95,8 %) мектепалды даярлық ұйымдастырылған, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 68413 балаға көбейген.
Жаңа орындардың пайдалануға берілуіне, балабақшалардың ашылуына, МТО-мен қамтудың ұлғаюына қарамастан, кезектілік өзекті мәселе болып қала беруде: мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарға сұраныс МТО-ның жаңа объектілерін енгізу қарқынынан асып түсуде. Бұдан басқа 2020 және 2021 жылдардағы бала туудың өсуіне байланысты 2023 – 2029 жылдары мектепке дейінгі ұйымдарда кезекке тұру саны ұлғаяды деген болжам бар.
Ата-аналардың әртүрлі себептермен баласын мектепке дейінгі ұйымға бергісі келмейтін фактіні де ескеру қажет (денсаулық жағдайы, отбасында тәрбиелеуді дұрыс деп санау және басқалар). Осыған байланысты, балаларға үйде сапалы күтім жасауды және тәрбиелеуді қамтамасыз ету үшін ата-аналарды оқыту жұмыстарын күшейту және балалары мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын ата-аналарға педагогикалық қолдау көрсету қажет. Сонымен қатар бірінші кезектегі міндет – ата-аналарды мектепке дейінгі ұйымда балаларын тәрбиелеу мен оқытуға тарту, олардың балалармен жұмыс жасау жоспарын құруға және іс-шараларға тікелей қатысуын ұйымдастыру.
МТО-ны дамытудың басым бағыты қазақ тілінде оқытатын мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту болып табылады. 2020 жылы 665169 бала қазақ тіліндегі тәрбие процесімен қамтылды. Қазақ тілінде тәрбие беретін және оқытатын ең көп мектепке дейінгі ұйымдар (400 бірліктен астам) Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының үлесінде. Жалпы республика бойынша осындай мектепке дейінгі ұйымдардың 65 %-ы жұмыс істеді. 2022 жылдың соңында қазақ тілінде тәрбие беретін және оқытатын мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі артып, 66,9 %-ды құрады. Ал олардың контингенті 742832 балаға артты. Қазақ тілінде тәрбие беретін және оқытатын ең көп мектепке дейінгі ұйымдары бар өңірлердің қатарына Атырау және Маңғыстау облыстары, Шымкент қаласы қосылды.
МТО-ға мемлекеттік білім беру тапсырысы меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына, түрлеріне қарамастан білім беру ұйымдарында орналастырылады. 2020 – 2022 жылдар кезеңінде бір тәрбиеленушіге жан басына шаққандағы норматив 34-тен 46 мың теңгеге дейін өсті, бұл ретте ерекше білім беруді қажет ететін (бұдан әрі – ЕБҚ) балаға жан басына шаққандағы норматив 2 есе жоғары. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың (бұдан әрі – ПМПК) деректері бойынша мектепке дейінгі жастағы 47 мыңнан астам ЕБҚ бала бар, оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арнайы балабақшалары мен арнайы топтарына 9709 бала, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жалпы білім беру топтарына 16305 бала барады. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті ортада ЕБҚ балаларды психология-педагогикалық қолдауды толық қамтамасыз ету үшін арнайы педагогтер (мұғалім-дефектолог, дефектолог, мұғалім-логопед, логопед, олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог), педагог-психологтар, педагог-ассистенттер жеткіліксіз.
2021 жылы білім мазмұнын жаңғыртуды көздейтін Мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқытуды дамыту моделі (бұдан әрі – Модель) қабылданды. Модель ғылыми деректер негізінде балаларды дамыту мен оқытуға қойылатын өзгермелі талаптарға сәйкес МТО-ны трансформациялау, оның сапасын арттыру үшін қажетті өзгерістердің бағыттарын айқындайды.
Модель мынадай салалардағы проблемаларды шешудің кешенді тәсілдерін қамтиды:
- МТО-ға қолжетімділікті кеңейту арқылы ерте жастан бастап балалар үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасау;
- көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру;
- педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру;
- инфрақұрылымды жақсарту.
Модельді іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда қолайлы қауіпсіз жайлы жағдайлар қамтамасыз етіледі, бағдарламалық мазмұн жаңартылды, тәрбие мен оқыту процесін нормативтік құқықтық қамтамасыз ету жүзеге асырылды. 2022 жылы Мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт (бұдан әрі – МЖС), Үлгілік оқу жоспарлары, МТО-ның Үлгілік оқу бағдарламалары бекітілді, бұл құжаттарда мектепке дейінгі ұйымдар түлектерінің дағдылары мен құзыреттері, мектепке дейінгі ұйымның педагогіне қойылатын талаптар қамтылған.
Баланың жайлы және қауіпсіз болуын қамтамасыз ететін инфрақұрылымды, инклюзивтілікті қамтамасыз ететін білім беру кеңістігін құру, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына, түрлеріне қарамастан мектепке дейінгі ұйымда балалардың даралығы мен ерекшеліктерін қолдау өзекті мәселе болып табылады.
COVID-19 пандемиясы кезеңінде мектепке дейінгі жастағы балаларды қашықтан тәрбиелеу мен оқыту тек мектепалды жасындағы балалар үшін қолжетімді болды. Ал қалған басқа жастағы балалар үшін балалардың аз санымен кезекші топтар ұйымдастырылды. Балаларды үздіксіз білім берумен қамту мақсатында мектеп жасына дейінгі балаларға білім беру процесін ұйымдастыру бойынша ұсынымдар әзірленді. Үй жағдайында ата-аналардың бос уақыты жеткіліксіз болды, себебі олар қашықтан жұмыс істеді. Мектеп жасына дейінгі балалар үшін оқыту мазмұнының сапалы болмауы да жұмысты қиындатты, себебі білім беру жүйесі назарды білім берудің басқа деңгейлерінде сапаны қамтамасыз етуге шоғырландырды. Осыған байланысты кіші жастағы балаларға арналған цифрлық дамытушы контентті кеңейту қажет (ұлттық құндылықтар тақырыбын қамтитын мультфильмдер және оқу-әдістемелік кешендер (бұдан әрі – ОӘК), сондай-ақ МТО-ның сапасын арттыруға күш салу қажет.
МТО негізгі ұлттық құндылықтарға негізделген қоғамды қалыптастыруда аса қуатты әлеуетке ие. Ерте жастан бастап балалар әдебиеті мен халық ауыз әдебиеті арқылы қазақ халқының мәдениетін сақтау және мұра ету – бұл баланы қазақ халқының мәдени-тарихи кодына сәйкес баулудың және балада өзіндік сана-сезімді тәрбиелеудің әмбебап тәсілі. 2022 жылдан бастап тәрбиелеу мен оқыту процесіне барлық жас топтарында қазақ тілін оқытуға қойылатын талаптар енгізілді. Қазақ тілін меңгерту мақсатында педагог күні бойы МТО-ның үлгілік оқу бағдарламасында айқындалған сөздік минимумды қолданады, балалармен әртүрлі қызмет түрінде тәрбиеленушілердің ауызша жүйелі сөйлеуін дамытады, белсенді сөз қорын байытады, қазақ тілін, қарым-қатынас мәдениетін меңгеруге ықпал етеді, сондай-ақ қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстырады.
МТО-ның ағымдағы жағдайын талдау жүйелі деңгейде шешуді талап ететін мынадай проблемаларды анықтады:
- 3-6 жастағы балалар үшін мектепке дейінгі ұйымдардың жоғары қолжетімділігіне қарамастан, 2-3 жастағы балалар үшін бұл қажеттілік қанағаттандырылмаған, бұл балалардың ерте даму мүмкіндіктерін қысқартады және аналардың еңбек қызметіне тартылуына кедергі келтіреді;
- халық тығыз қоныстанған жерлерде, көші-қон ағыны мен туу деңгейі жоғары өңірлерде мектепке дейінгі ұйымдар жеткіліксіз;
- мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарға сұраныс МТО-ның жаңа объектілерін іске қосу қарқынынан асып түсуде;
- 2020 және 2021 жылдары бала туу өсіміне байланысты 2023 – 2029 жылдар кезеңінде мектепке дейінгі ұйымдарда кезектің ұлғаюы болжануда;
- мектеп жасына дейінгі балалармен жұмыс істеу үшін сапалы дамытушы контент жеткіліксіз;
- мектепке дейінгі ұйымдардағы балаларды тәрбиелеу және оқыту процесіне ата-аналар төмен деңгейде тартылған;
- мектепке дейінгі ұйымдардың инфрақұрылымы мен білім беру ортасы балалардың даралығы мен ерекшеліктерін толық қолдауды қанағаттандырмайды.
2-тарау. Орта білім беру
Орта білім беру ұйымдарының желісі 2022 – 2023 оқу жылында 3,7 млн білім алушыны қамтитын 7687 мектепті, оның ішінде 170146 білім алушыны қамтитын 552 жекеменшік мектепті құрады.
Республика бойынша орта білім беру ұйымдарының желісі соңғы үш жылда 247 бірлікке артты: 2020 – 2021 оқу жылында – 3,4 млн білім алушысы бар 7440 мектеп; 2021 – 2022 оқу жылында – 3,5 млн білім алушысы бар 7550 мектеп; 2022 – 2023 оқу жылында – 3,7 млн білім алушысы бар 7687 мектеп.
2021 жылы толықтай енгізілген мектептегі білім беру мазмұнын жаңартуды Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі – ЭЫДҰ) сарапшылары жалпы білім беру жүйесін жаңғырту жолындағы оң қадам деп санайды. Дүниежүзілік банк жүргізген жаңартылған білім беру мазмұнын бағалау шеңберінде Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің қолданыстағы үлгілік оқу бағдарламаларын жетілдіру бойынша қорытындылар жасалып, ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, 21 ғасырдың білім алушыларына ұлттық басымдықтарға, сондай-ақ тез өзгеріп жатқан әлемнің сын-қатерлері мен мүмкіндіктеріне сәйкес қажетті білім, дағдылар, тәсілдер мен құндылықтарды айқындайтын білім мазмұнын жетілдіру бойынша кепілдемелер тұжырымдалды.
Өткізілген республикалық мұғалімдер съездерінің шеңберінде білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу бағдарламаларының мазмұнын қайта қарау, білім беру тақырыптары, бөлімдері мен деңгейлері арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, практикалық бағыттылықты, тәрбиелік компонентті күшейту және білім алушының функционалдық сауаттылығын дамыту қажеттілігі атап өтілді.
Демек, құндылыққа бағдарланған, іс-әрекеттік, тұлғаға бағдарланған және коммуникативті тәсілдер негізінде орта білім беру мазмұнын жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру және күшейту қажет. Экономикалық, әлеуметтік-саяси, ғылыми-технологиялық даму процестерімен білім беру саласына қойылатын талаптар деңгейіне заманауи педагогикалық теория мен практиканың сәйкестігін қамтамасыз ету маңызды.
"Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымы (бұдан әрі – "НЗМ" ДБҰ) өз тәжірибесін еліміздің жалпы білім беретін мектептеріне таратуды жалғастыруда. Ол үшін өңірлердің барлық мектептерімен жұмыс істеуге арналған әдістемелік алаң ретінде Қазақстанның 1710 жетекші мектебі іріктелді. Сондай-ақ жекеменшік бастамашыл ұйымдардың (демеушілердің) қатысуымен ауыл мектептерін әдістемелік (мектептерде зерттеулер жүргізу, педагогтерді оқыту, білім беру органдары үшін ұсынымдар әзірлеу және басқалар) және материалдық-техникалық (жарақтандыру және қайта жабдықтау, жөндеу, реконструкциялау) қолдау бойынша жобалар іске асырылуда. Жалпы білім беретін мектептердің педагогтері үшін 1-ден 11-сыныпқа дейінгі барлық пәндер бойынша үш тілде 174 мыңнан астам материалдан тұратын "Жүйелік-әдістемелік кешен" жалпыға қолжетімді онлайн-платформасы құрылды. 2020 жылы "НЗМ" ДБҰ қашықтан оқыту үшін "Bilim Media Group"-пен бірлесіп 1-ден 11-сыныпқа дейінгі барлық пәндер бойынша қазақ және орыс тілдерінде 24 мың сабақтан тұратын "Онлайн-мектеп" цифрлық білім беру контентін әзірледі.
COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстанда орта білім беру жүйесі алғаш рет қашықтан оқыту қажеттілігіне тап болды. Мектептердің нашар техникалық жабдықталуы және жоғары жылдамдықты интернетке әркелкі қолжетімділік көрсетілетін қызметтердің сапасына айтарлықтай әсер етті. ЮНИСЕФ-пен бірге және Кембридж университетінің білім беру факультетінің техникалық қолдауымен білімдегі олқылықтарды өлшеудің кешенді тәсілін қолдана отырып, білімдегі олқылықтарды сандық бағалау жүргізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша білімдегі олқылықтарды толтыру бойынша қысқа, орта және ұзақ мерзімді шаралар ұсынылды. Ұсынылған шараларды республиканың педагогикалық ұжымдары іске асырды, сондай-ақ аталған шаралар (жаңа бағдарламалар бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын өткізу, білім беру бағдарламаларын қайта қарау және т.б.) одан әрі жұмыста пайдаланылуда.
Орта білім беру сапасын арттыру мақсатында оқулықтардың сапасына қойылатын талаптарды күшейту бойынша нормативтер қабылданды. Оқулықтарға сараптаманы курстардан өткен тәуелсіз мамандар (2000 сыртқы сарапшы) жүргізеді. Оқулықтарды әзірлеу үшін авторлар мен баспалардың жауапкершілігі күшейтілді. Егер оқулықтарда қателер табылса, баспалар барлық шығындарды өз қаражаты есебінен өтейді.
Сапалы зерделеу үшін жаратылыстану-математикалық бағыттағы (бұдан әрі – ЖМБ) пәндерді оқытудың қарқындылығы күшейтілуде. Мысалы, 2022 – 2023 оқу жылында ЖМБ пәндері бойынша сағаттар келесідей ұлғайтылды: "Жаратылыстану" – 3, 4, 5, 6-сыныптарда 1 сағатқа; "Физика", "Химия", "Биология" – 7, 8, 9-сыныптарда 1 сағатқа; "Алгебра және анализ бастамалары" – 10 – 11-сыныптарда 1 сағатқа ұлғайтылды.
"Жаһандық құзыреттілік" курсы шеңберінде 6-сыныпта экологиялық білім беру сапасын арттыру мақсатында оқу жоспарының вариативті компоненті есебінен "Экология" пәні оқытылады, оқу жүктемесі аптасына 1 сағатты (жылына 34 сағат) құрайды. 2021 – 2022 оқу жылында бұл таңдау пәнін 4668 (67 %) мектепте 6-сыныптың 233252 білім алушысы оқыды. 21721 білім алушыны қамти отырып, экологиялық бағыттағы 177 үйірме жұмыс істейді. Үздіксіз экологиялық білім беру, барлық ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту моделі еліміздің мектептерінің 79 %-ына енгізілді.
Мектептегі білім берудің сапасы мен тиімділігін сипаттайтын негізгі параметрлердің бірі дарынды балаларды анықтау және дамыту, олардың республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға қатысуы болып табылады. Соңғы үш жылда беделді халықаралық олимпиадаларда қазақстандық білім алушылар 5 алтын, 35 күміс және 29 қола медаль, ғылыми жобалар бойынша халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда 344 алтын, 572 күміс және 934 қола медаль жеңіп алды.
2022 жылы халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ оларды даярлаған педагогтерді көтермелеу тетігі енгізілді. Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары үшін ЖОО-ға конкурстан тыс түсу үшін гранттар беріледі. Алайда Қазақстанда дарынды балаларды қолдау жүйесі жеткілікті түрде дамымаған. Мектеп жұмысы дарынды білім алушыларды анықтап, іріктеумен шектеледі, бұл ретте олардың бойындағы дарындылықты дамыту әдістемесі жоқ. Дарынды балаларды анықтау және дамыту жұмыстары жүйесінде технология, креативті индустрия, кәсіпкерлік сияқты жаңа салалар тиісті деңгейде ескерілмеген. Олимпиадалық қозғалыспен ауылдық жерлердегі білім алушылардың, сондай-ақ ЕБҚ балалардың аз қамтылуы байқалады.
Сапалы білім берудегі маңызды міндеттердің бірі – қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасындағы алшақтықты азайту. 6909 мемлекеттік мектептің 5271 мектебі (68 %) ауылдық жерде орналасқан, оның ішінде 2722-сі – шағын жинақты мектептер (бұдан әрі – ШЖМ) (ауылдық мектептердің 52 %-ы). Ауыл мектептері бүкіл ауылдың негізгі орталығы және жастардың қабілетін шыңдайтын орын ретінде қызмет етеді. Осы орайда ауыл мектебіндегі әрбір білім алушының табысқа жету мүмкіндігін арттыру, қала мектептерінен білім сапасының алшақтығын азайту маңызды. Ауылдық мектептерді қолдау бойынша "Мобильді мұғалім", "Қамқор жанұя", "Нәтижелілігі төмен ауыл мектептеріне мықты мектептердің қамқорлығы", "КӨМЕКТIMES: мектеп-мектепке" сияқты өңірлік жобалар іске асырылуда. Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қорының білім беру бойынша жобалары белсенді іске асырылуда. Ауыл мектептерінің білім алушылары атаулы көмекпен (пәндер бойынша қосымша сабақтар, жазғы ауысымдар мен балалар орталықтарына бару) қамтылады, оқу ваучерлерін пайдалана отырып, тегін қосымша білім беру бағдарламаларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Алайда қалалық және ауылдық білім алушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтық сақталып келеді. PISA зерттеуі қалалық және ауылдық мектептер арасындағы айырмашылықты әрбір 3 жылдық айналым сайын растап отыр. Мысалы, PISA-2018 оқу сауаттылығы бойынша айырмашылық қалалық мектептер пайдасына 37 балды құрады.
Ауылдық жерлердегі мектеп ғимараттарының материалдық инфрақұрылымы қалалық білім алушылармен салыстырғанда ауылдық білім алушылардың мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді. Кең жолақты Интернеттің болмауына байланысты ауыл мектептерінің білім алушыларының цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділігі шектелген, тек 39 % мектепте ғана жоғары жылдамдықтағы Интернет бар (20 мбит/с және жоғары).
Инклюзивті практиканы дамытудың маңызды кезеңі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау болды. Заңда ЕБҚ балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру жөніндегі норма қабылданды.
2023 жылдың басында ЕБҚ балалардың саны 188 мың баланы құрады (2022 жылдың басында – 175 мың), оның ішінде мектеп жасындағы – 132699 бала. Мұндай балалар санының жыл сайын өсуі орташа есеппен 3 %-ды құрайды (2020 жыл – 161 мың бала, 2021 жыл – 175 мың бала, 2022 жыл – 188 мың бала).
2023 жылдың басында елімізде 99 арнайы мектеп, сондай-ақ 92 ПМПК, 208 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері (бұдан әрі – ППТК), 14 оңалту орталықтары (бұдан әрі – ОО), 10 аутизм орталығы жұмыс істеді. Сондай-ақ мектептерде 640-тан астам инклюзияны қолдау кабинеті, 1600-ден астам логопедиялық пункт жұмыс істейді. Арнайы ұйымдарда арнайы оқу бағдарламалары бойынша мүмкіндігі шектеулі 17771 бала оқыды.
2022 жылы психологиялық-педагогикалық қолдау, ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау қағидалары бекітілді, білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен жарақтандыру нормалары жетілдірілді. ПМПК-ның жеткілікті желісін қамтамасыз ету мақсатында бір ПМПК желісін ашу нормативі 60 мыңнан 50 мың балаға дейін қайта қаралды.
ЕБҚ балаларды арнайы психология-педагогикалық қолдауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру жөніндегі нормалар бекітілді. Бұл жеке сектордың, үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдалана отырып, ППТК, ОО желісін кеңейтуге бюджеттің күрделі шығыстарынсыз ЕБҚ балаларды арнайы психология-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Психологиялық-педагогикалық қолдауды сапалы іске асыру үшін базалық инфрақұрылым (жобалық қуат, мамандар кабинеттері, оңалту және емдік дене шынықтыру аймақтары, ата-аналарға, педагогтерге арналған коворкинг), сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарының жеткілікті желісі және олардың халықаралық талаптарға сәйкес заманауи жабдықтармен жарақтандырылуы талап етіледі.
Сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жағдай ретінде заманауи мектеп инфрақұрылымын құру мемлекеттің басым міндеті болып табылады. 2021 жылдан бастап шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда орналасқан мектептерді жаңғырту жүзеге асырылуда. Жаңғырту жұмыстың 6 бағытын қамтиды: күрделі және ағымдағы жөндеу, мектептерді пәндік кабинеттермен жарақтандыру, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, балалардың мектепте және мектеп жанындағы аумақта қауіпсіз болу жағдайларын жақсарту.
Елімізде аудан орталықтарында, ауылдарда және шағын қалаларда 5000-нан астам мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 2021 жылы жаңғыртумен 1015 мектеп, 2022 жылы 1003 мектеп қамтылды. Нәтижесінде 2022 – 2023 оқу жылының басында 357 мектепке күрделі жөндеу және 1122 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілді. 954 мектепке 1470 пәндік кабинет жеткізілді. 1139 мектепте жиһаз жаңартылды, кітапханалар, 1806 мектеп және 969 мектептің асханалары жаңартылды. 1203 мектепте қауіпсіздік жағдайлары жақсартылды.
Алайда іске асырылып жатқан шараларға қарамастан, орта білім беру инфрақұрылымын дамытуда сын-қатерлер бар. Мектептер құрылысының қазіргі қарқыны демографиялық және көші-қон процестеріне, оқушы орындарының жинақталған тапшылығына ілесе алмай отыр. Балалар санының өсуі және оқушы орындарының тапшылығы жағдайында көп ауысымда оқыту өзекті проблеманың бірі ретінде қалып отыр.
Бала туу көрсеткіші артып келеді, 2020 жылдан бастап 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына дейін дүниеге келген балалар саны 1039775 баланы құрады. Соңғы үш оқу жылында 1-сынып оқушыларының саны 1160311 білім алушыны, халықтың көші-қоны 34 %-ды және мектеп ғимараттарының тозуы 15 %-ды құрады, 2026 жылға қарай оқушы орындарының болжамды тапшылығы 1,12 млн құрады.
2022 – 2023 оқу жылында оқушы орындарының ағымдағы тапшылығы 270 мың орынды, оның ішінде қала бойынша 167 мың орынды, ауыл бойынша 96 мың орынды құрады. Үш ауысымды мектептер саны 143 бірлікті (2022 жыл – 139), авариялық мектептер саны – 52 (2022 жыл – 47) құрайды.
Үш ауысымды мектептердің проблемаларын шешу үшін әртүрлі тетіктер қолданылады: мемлекеттік бюджет және мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) есебінен нысаналы құрылыс; модульдік конструкциялардан (тез салынатын ғимараттардан) мектептер салу. Орта білім беруді дамытуға жекеменшік секторды тарту мақсатында "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру бойынша білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті бекітілді.
2020 жылдан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру республиканың барлық қалалық мектептерінде (1605 мектеп) толық көлемде енгізілді. Бұл көптеген артықшылықтарды, атап айтқанда мектептерге басқарушылық және қаржылық дербестік (үнемдеу, қосымша штаттар/төлемдер енгізу мүмкіндігі және басқалар) береді. Алайда персоналды басқару және жан басына шаққандағы қаржыландыруды ұтымды пайдалану бойынша табысты даму стратегияларының тәжірибесі кеңінен таралмады.
Қазақстандағы бір білім алушыға кететін шығындар ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен бірнеше есе төмен, бір ғана Ресеймен айырмашылық шамамен 1 млн теңгені құрайды. Осыған байланысты білім беруге шығындарды ұлғайту және оны әлемдік стандарттарға жеткізу жақын арадағы болашақта маңызды болып табылады. Жоғары оқу орындарына түсу пайызы, республикалық олимпиадалар жеңімпаздарының саны, педагогтердің біліктілік деңгейі сияқты ынталандырушы компоненттерді көбірек қолдана отырып, жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін бірнеше кезеңде жетілдіру қажет.
Бизнесті мектептер салуға ынталандыру бойынша қабылданған мемлекеттік қолдау шаралары (жан басына шаққандағы қаржыландыру, жеңілдікпен кредиттеу, 8 жыл ішінде амортизациялық компонентті өтеу, әкімшілік кедергілерді азайту) жекеменшік мектептер желісінің дамуына, оның ішінде ата-ана төлемақысынсыз мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім беру қызметтерін көрсететін мектептер желісінің дамуына айтарлықтай әсер етті.
Мемлекеттік білім беру тапсырысының мөлшері жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес айқындалады, мұнда жекеменшік білім беру ұйымдары үшін операциялық шығыстар (2022 жылға арналған орташа мөлшері – 532 мың теңге), сондай-ақ құрылыс және реконструкциялау жолымен жаңа оқушы орындарын пайдалануға арналған шығыстар (2022 жылға арналған 1 оқушы орны үшін: құрылыс – 294 мың теңге, реконструкциялау – 144 мың теңге) қарастырылған. 2020 жылға арналған операциялық шығындардың орташа мөлшері – 414 мың теңгені құрайды, 2020 жылы оқушы орындарын пайдалануға арналған шығыстар 1 оқушы орны үшін: құрылыс – 267 мың теңге, реконструкциялау – 131 мың теңге; 2021 жылға арналған операциялық шығындардың орташа мөлшері – 469 мың теңгені құрайды, 2021 жылы оқу орындарын пайдалануға арналған шығыстар 1 оқушы орны үшін: құрылыс – 280 мың теңге, реконструкциялау – 137 мың теңге.
МЖӘ-нің жаңа моделі әзірленді, оның негізінде Астана қаласында бір жарым жыл ішінде 20 мың білім алушыға арналған 5 мектеп пайдалануға берілді.
Осылайша, жекеменшік мектептер желісін кеңейту мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, жаңа мектептерді пайдалануға беру мерзімі қысқаратын оқушы орындарының тапшылығы мен мемлекеттік мектептердің үш ауысымы мәселесін шешуде қосымша құрал болып табылады.
Сонымен қатар субсидиялау, жеңілдетілген несие беру және салықтық жеңілдіктер түріндегі басқа да құралдар әзірленді. Мәселен, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жекеменшік мектептерді салу және реконструкциялау бойынша банктік қарыздарды субсидиялау тетігі жұмыс істейді, мұнда жеке сектор үшін кредиттеудің соңғы мөлшерлемесі "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы шеңберінде 7 %-ды және "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасы шеңберінде 6 %-ды құрайды.
Сонымен қатар орта білім беру саласында мынадай проблемаларды шешу қажет етіледі:
- 21 ғасырдағы білім алушыларға қажетті білім, дағдылар, тәсілдер мен құндылықтарды айқындайтын білім беру мазмұнын жетілдіру қажет;
- ауылдық жерлердегі мектептердің ақпараттық-технологиялық, материалдық инфрақұрылымы нашар дамыған, бұл қалалық білім алушылармен салыстырғанда ауылдық білім алушылардың мүмкіндіктерін шектейді;
- білім беру ұйымдары арасында персоналды басқару және жан басына шаққандағы қаржыландыруды ұтымды қолдану бойынша табысты даму стратегиялары тәжірибесі жеткілікті таратылмауда;
- ауылдық жерлерден келген білім алушылар, сондай-ақ ЕБҚ балалар олимпиадалық қозғалыспен төмен қамтылған;
- дарынды балаларды қолдау жүйесі жеткіліксіз дамыған;
- қалалық және ауылдық білім алушылар арасындағы білім сапасындағы алшақтық сақталуда;
- ЕБҚ балалар арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен нашар қамтылуда.
3-тарау. Техникалық және кәсіптік білім беру
Техникалық және кәсіптік білімге (бұдан әрі – ТжКБ) қолжетімділікті 2022 – 2023 оқу жылында 772 ТжКБ ұйымы, оның ішінде 446 мемлекеттік, 326 жекеменшік ұйым қамтамасыз етеді. ТжКБ ұйымдарының жалпы контингенті 517,3 мың адамды құрайды (2020 жыл – 475,9 мың адам, 2021 жыл – 488,9 мың адам), оның жартысынан көбі – 312 мың адам мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алады (2020 жыл – 288,2 мың адам, 2021 жыл – 289,4 мың адам).
ТжКБ ұйымдарына қабылдаудың жыл сайынғы өсімі мектеп білім алушылары мен олардың ата-аналарының осы білімді алудың тартымдылығы туралы түсініктерінің өзгергенін көрсетеді. Осылайша, 2022 жылы ТжКБ ұйымдарына 183 мың адам қабылданды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 25 мың адамға артық (2020 жыл – 158,3 мың адам, 2021 жыл – 158,5 мың адам).
Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясы қабылдаған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға сәйкес қатысушы мемлекеттер ЕБҚ адамдардың кәсіптік білім алуына, ересектердің білім алуына және өмір бойы білім алуына қолжетімділіктерін қамтамасыз етуге міндетті. ТжКБ мемлекеттік ұйымдарының жартысынан астамы ЕБҚ студенттерге тең жағдайлар мен кедергісіз қолжетімділікті жасай алды.
ТжКБ ұйымдарына оқуға түсу кезінде квоталар тізімін кеңейту арқылы әлеуметтік жағынан осал жастарға көрсетілетін қолдау күшейтілді. Бұрыннан бар 6 квоталық санатқа мынадай қосымша санаттар енгізілді: көпбалалы отбасылардан шыққан балалар үшін – 5 %, толық емес отбасылардан шыққан балалар үшін – 1 %, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар үшін – 1 %.
Нәтижесінде, 2022 – 2023 оқу жылында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 3445 студент колледждерде білім алуда, ал 2020 – 2021 оқу жылында бұл көрсеткіш 2913 студентті құрады. Сонымен қатар ЕБҚ білім алушыларды ТжКБ-ға енгізу мәселесі өзекті болып қала береді, оның себептерінің бірі – ұйымның өзі мен педагогтердің инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге дайын еместігі, сондай-ақ кадрлық құрамның жеткіліксіздігі.
"Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім" жобасы 300 мыңнан астам жастарға алғашқы жұмыс мамандығын тегін алуға мүмкіндік берді. Осы жоба шеңберінде жастардың әлеуметтік осал топтарын тарту үшін жағдайлар жасалған. Жобаға қатысушылар ыстық тамақпен, стипендиямен, тегін жол жүрумен қамтамасыз етілген. Жоба қазақстандық еңбек нарығында біліктілігі жоқ кадрлар санын қысқарту, жастар жұмыссыздығының деңгейін, сондай-ақ NEET жастары мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар санын азайту түрінде кең әлеуметтік-экономикалық әсерге ие.
Сонымен қатар 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша NEET санатындағы 247 мыңға жуық жастар оқумен қамтылмаған (2020 жыл – 267,3 мың адам, 2021 жыл – 258,1 мың адам).
ТжКБ ұйымдарын бейіндеу өзекті проблема болып қалуда. Бұл, ең алдымен, қайталанатын мамандықтарды қысқарту және еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтарды ашу арқылы ТжКБ-ны еңбек нарығының сұраныстарына қайта бағыттаумен байланысты.
ТжКБ ұйымдарын оңтайландыру және бейіндеу бір бейінді спектрде салалық негізде кадрларды сапалы даярлауға қаражат жинақтауға, материалдық ресурстарды ғана емес, кадрлық ресурстарды шоғырландыруға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді, бұл ТжКБ мамандарын даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді.
Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі-2019 нәтижелеріне сәйкес жұмыс берушілер ТжКБ-ның сапа деңгейін мүмкін болатын 7 балдан 3,7 баллға бағалайды.
PISA-2018 халықаралық зерттеуіне еліміздің 100 колледжінен 15 жастағы студенттері қатысты. Зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, ТжКБ ұйымдарының білім алушылары жалпы білім беру циклінің пәндері бойынша оқыту процесінде қалыптасатын базалық дағдылар бойынша өз құрдастарынан едәуір артта қалады, бұл болашақта өз дағдыларының деңгейін бейімдеуге немесе арттыруға немесе жаңа кәсіпті үйренуге мүмкіндік бермейді.
Мысалы, оқу сауаттылығы деңгейі бойынша колледж студенттері мектептерде білім алатын құрдастарынан 27 балға артта қалуда. Сонымен қатар PISA-2009 нәтижелерімен салыстырғанда колледж білім алушыларының нәтижелері 10 балға төмендеді. Бұл жағдай мектептер мен колледждерде оқыту нәтижелері арасындағы алшақтықты жою, ТжКБ мазмұнын жаңғырту және сапасын арттыру мәселесін өзектендіру үшін ТжКБ ұйымдары студенттерінің базалық білімін дамыту жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.
Кадрларды даярлау сапасына тиісті материалдық-техникалық базаның (бұдан әрі – МТБ) болуы әсер етеді. 2020 – 2021 жылдары "Жас маман" жобасы шеңберінде 180 ТжКБ ұйымдары заманауи жабдықтармен жабдықталған. Алайда ТжКБ мемлекеттік ұйымдардың 48 %-ы әлі де оқу процесінде заманауи талаптарға сәйкес келмейтін ескірген жабдықты пайдаланады. Бұл ТжКБ саласының мамандарын даярлау сапасының төмендігінің және заманауи өндірістік түлектердің дағдыларының талаптарға сәйкес келмеуінің себептерінің бірі болып табылады.
Колледждердің басқа қаладан келген студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету проблемасы өзекті болып қала беруде. Осыған байланысты жаңа жатақханалар салу, сондай-ақ жаңа төсек-орындарды қосу көзделген. 2020 жылы 4079 орындық 21 жатақхана, 2021 жылы 2758 орындық 14 жатақхана, 2022 жылы 2509 орындық 7 жатақхана пайдалануға берілді.
COVID-19 пандемиясы кезеңінде қашықтан оқыту форматына шұғыл көшу ТжКБ ұйымдарының педагогтерінде біраз қиындықтар туғызды. Цифрлық ортадағы жаңа жағдайларға бейімделу үшін уақыт қажет болды, сонымен қатар ТжКБ оқытушыларына жүктеме артты. Қашықтан оқытуға көшу кезінде теориялық оқыту саны ұлғайды және өндірістік оқыту мен кәсіпорындардағы студенттердің кәсіптік практикасы айтарлықтай қысқарды, бұл студенттердің қажетті практикалық дағдыларды игеруіне әсер етті.
ТжКБ ұйымдары мен кәсіпорындардың өнімді өзара іс-қимыл нәтижелерінің бірі дуальды оқытуды ұйымдастыру болып табылады. Дуальды оқыту 558 ТжКБ ұйымдарында 8013 кәсіпорынның қатысуымен және 72098 білім алушыны қамти отырып енгізілді. Компания өкілдерінің қамқоршылық кеңестерге кіруі, МТБ-ны зертханалық жабдықтармен жарақтандыру, білім алушыларды өндірістік практикаға қабылдау, педагогтердің тағылымдамасы сияқты міндеттемелер көзделген 410 колледжге қатысты 498 компания (кәсіпорын) арасында меморандумдарға, келісімдерге қол қойылды.
Сонымен қатар ТжКБ ұйымдарының экономиканың нақты секторымен, бизнеспен және қызмет көрсету саласымен әлсіз байланысы байқалады. Бұл колледждердің бизнес пен жұмысшы кәсіптерінің қозғаушы күші, өнер және кәсіпкерлік орталығы ретінде болу мүмкіндігін шектейді.
ТжКБ ұйымдарын корпоративтік басқаруды жетілдіру жалғасуда. 547 қамқоршылық және 693 индустриялық кеңес құрылды, олардың құрамына ТжКБ ұйымдарын басқару процесіне және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге тарту үшін жұмыс берушілер кірді.
2022 жылдан бастап ТжКБ ұйымдарында академиялық дербестік енгізілді, ол Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының (бұдан әрі – МЖБС) талаптары, кәсіби стандарттар, WorldSkills кәсіби стандарттары және өңірлік ерекшеліктер негізінде жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру бағдарламаларын дербес әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл бағдарламалар екі сатылы сараптамадан өтеді. 2023 жылы тізілімге 4000-нан астам жаңартылған білім беру бағдарламалары кірді.
Білім беру деңгейлері арасындағы үздіксіздік пен сабақтастықты қалыптастыру мақсатында 2022 – 2023 оқу жылынан бастап ТжКБ ұйымдары оқытудың кредиттік-модульдік технологиясына көшті, қолданбалы бакалавриат бағдарламасы студенттерге құзыреттіліктің әртүрлі деңгейіне қажетті кредит көлемін жинақтау арқылы оқыту траекториясын дербес таңдауға мүмкіндік берді.
Өңірлік еңбек нарығы мен білім беру жүйесі арасындағы байланыс түлектердің оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жұмысқа орналасуы арқылы бақыланады. ТжКБ түлектерін жұмысқа орналастыру 2022 жылы 67 %-ды құрады, 2020 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 3 %-ға өсті.
ТжКБ ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын және нысаналы қолдауын арттыру үшін жақын арадағы перспективада ТжКБ шығыстарының нормативтерін жалпы әлемдік стандарттарға жеткізу қажет. Осылайша, БҰҰ-ның 4-ші жаһандық тұрақты даму мақсаттарының міндеттеріне қол жеткізу үшін білім беруді қаржыландыруды мақсатты түрде ұлғайтуды және оның қажеттіліктеріне ЖІӨ-нің кемінде 4-6 % бөлуді ұсынады. 2020 жылдан бастап ТжКБ ұйымдарында ТжКБ МЖС талаптарын сақтауға бағытталған жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі енгізілуде. Жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін енгізуді талдау көзделген қаражаттың 85 %-ы ғимараттарды ағымдағы күтіп ұстауға және педагогтердің жалақысына жұмсалатынын, тек 15 %-ы ғана студенттердің практикасын ұйымдастыру жөніндегі шығын материалдарына жұмсалатынын көрсетті. Осыған байланысты ТжКБ-да жан басына қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі бүгінгі таңда маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру шеңберінде білім беру саласындағы ақпараттандыру объектілеріне қойылатын ең төменгі талаптар бекітілді, олар ақпараттандыру объектілеріне және колледждерді оқытуды басқару жүйелерінің функционалына бірыңғай сипаттамаларды айқындайды.
Ақпараттық жүйелерді енгізу педагогтер мен білім алушылардың оқуға қабылдаудан бастап оқуын бітіруге дейін, атап айтқанда талапкерлерді қабылдауға, білім беру контентіне қолжетімділікке, онлайн-кестені қалыптастыруға, электрондық журнал жүргізуге, тапсырмаларды тексеруге және баға қоюға, бейнеконференция режимінде оқу сабақтарын өткізуге, тестілеуге және емтихандарды онлайн өткізуге бағытталатын болады.
Қашықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар және оқу процесін ұйымдастыру қағидалары әзірленді. ТжКБ ұйымдарының оқыту нысандары мен курстарына қарамастан студенттерді қашықтан оқытуға ауыстыру мүмкіндігі бар. Бұл ретте қашықтан оқыту үшін рұқсат етілетін пәндер немесе модульдер сағаттарының тізбесі мен көлемін білім беру ұйымы дербес айқындайды. Сонымен қатар ЕБҚ білім алушылар, оның ішінде уақытша шектеулері бар адамдар, конкурстарға немесе чемпионаттарға қатысатын студенттер қашықтан оқуға мүмкіндік алады. Ол үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, яғни колледждердің 100 %-ы ақпараттық жүйелерге қолжетімділікке ие.
2021 жылдан бастап колледждерге қабылдаудың жаңа тетігі енгізілді. Колледжге түсудің жаңа ережелерінің артықшылығы – талапкердің оқу орнын өзі таңдауға мүмкіндігі бар. Бұрын талапкер түсу кезінде тек бір колледжді және бір мамандықты таңдаған, жаңа форматқа сәйкес, студент 4 колледжді және сәйкесінше 4 мамандықты таңдау мүмкіндігіне ие болды.
Бұдан басқа Egov.kz порталы арқылы колледждерге құжаттарды қабылдау автоматтандырылды. Сондай-ақ колледждерде дәстүрлі қағаз форматында құжаттарды тапсыру мүмкіндігі сақталады. Осылайша, талапкерлердің таңдау мүмкіндігі кеңейтіліп, белгілі бір таңдалған мамандыққа түсу мүмкіндігі артады.
Үміткерлер барлық лицензиялық талаптарға сәйкес келетін колледждерді ғана таңдай алады. Талапкерлерді таңдау үшін колледждердің тізбесіне мынадай талаптарға сәйкес келетін колледждер, оның ішінде жеке колледждер кіруі мүмкін: жұмысқа орналасуды және жұмыспен қамтуды, өндірістегі практикамен қамтамасыз ету, шеберханалармен, зертханалармен, сапалы инженерлік-педагогикалық қызметкерлер құрамымен қамтамасыз ету, жатақханада әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың болуы, кітапхана қорының, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде, ЕБҚ тұлғаларға жағдайдың болуы.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға арналған конкурс білім туралы аттестаттың міндетті және бейіндік пәндерін бағалау бойынша орташа конкурстық балл бойынша білім басқармаларының ақпараттық жүйелері арқылы өткізіледі. Бұл шаралар колледждерге қабылдау рәсімінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Осыған қарамастан, кәсіптік бағдар беру құралдары арқылы ТжКБ жүйесінің серпінді дамуы және мектеп білім алушыларының кәсіби өзін-өзі айқындауы туралы халықты ақпараттандыру мәселелері өзекті болып қала береді.
Осыған байланысты ТжКБ жүйесінің мынадай проблемалық мәселелерін шешу жөнінде шаралар қабылданатын болады:
- ЕБҚ білім алушылардың ТжКБ-ға төмен деңгейде тартылуы, оның себептерінің бірі ұйымның өзі мен педагогтерінің инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеуге дайын еместігі, сондай-ақ кадр құрамының жеткіліксіздігі;
- NEET жастарының ТжКБ ұйымдарымен төмен қамтылуы;
- еңбек нарығының сұранысына сәйкес ТжКБ ұйымдарын бейіндеу тетіктерін жетілдіру қажеттілігі;
- ТжКБ ұйымдарының білім алушыларының функционалдық сауаттылығының төмен деңгейі;
- ТжКБ саласындағы мамандарды даярлау сапасының төмендігі және түлектердің біліктілігі мен заманауи өндірістік талаптардың сәйкес келмеуі;
- ТжКБ-ның жан басына шаққандағы қаржыландырудың төмен нормативі;
- ТжКБ ұйымдарының әлсіз МТБ;
- өзге қалалардан келген студенттердің жатақханалардағы орындармен жеткіліксіз қамтамасыз етілуі;
- ТжКБ ұйымдары мен экономиканың нақты секторы, бизнес және қызмет көрсету секторы арасындағы әлсіз байланыс;
- халықты ТжКБ жүйесінің қарқынды дамуы жөнінде ақпараттандыру қажеттілігі.
4-тарау. Балалардың қауіпсіздігі, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау
Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының басым бағыттары балалардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, оларды қатыгездіктен және қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау болып табылады.
2022 жылдың соңында бала саны 6616774 баланы құрады (2020 жыл – 6110156 бала), соның ішінде 3,7 млн-нан астамы мектеп оқушысы, 2,5 млн-нан астамы мектеп жасына дейінгі балалар және 400 мыңнан астамы ТжКБ ұйымдарының студенттері болып табылады.
Проблемаларды уақтылы анықтау және шешімдерді жедел қабылдау үшін 2022 жылы 56 индикатордан тұратын Балалардың хал-ахуалдарының индексі қабылданды. Индексті апробациялау нәтижелеріне сәйкес 2021 жылдың қорытындысы бойынша балалардың хал-ахуалының орташа бағасы республика бойынша 55,3 балды құрайды.
2022-2023 оқу жылында мектебі жоқ 1209 елді мекенде тұратын 27135 бала тасымалдауды қажет етеді. Балаларды тасымалдауға арналған автокөлік 1173 бірлікті құрайды, бұл ретте Ұзақ мерзімді активтер бойынша тозудың жылдық нормаларына сәйкес мектеп автопаркі өндірістік факторларға байланысты 59 % тозған (жылына амортизация 15 %). 2021 жылдан бастап лизинг механизмі бойынша мектептер балаларды тасымалдау үшін жаңа автобустар сатып алды (515 бірлік), оның 119-ы 2022 жылы жеткізілді.
Жекелеген санаттағы балаларды әлеуметтік қолдау әрбір мектепте көзделген Жалпыға бірдей оқыту қорынан жүзеге асырылады. 3 жыл ішінде жыл сайын 400 мыңнан астам бала материалдық көмек алады.
2023 жылы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан шыққан 97518 бала мектепке дейінгі ұйымдарға барды, оның ішінде 37572 (38,5 %) жергілікті бюджет есебінен тегін ыстық тамақ алды. Мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мектепке дейінгі ұйымдардағы "Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына" сәйкес тамақтану шығындарының ай сайынғы төлемі 100 % ата-аналардан алынады. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) шешімі бойынша тәрбиеленушілердің тамақтануына жұмсалатын шығындардың жергілікті бюджет есебінен толық немесе ішінара өтелуі қарастырылған.
Ыстық тамақ 6057 мектепте, 456 мектепте буфеттік тамақтану ұйымдастырылған. Тегін бір реттік ыстық тамақпен 400 мыңнан астам әлеуметтік осал санаттағы балалар немесе 100 %, 800 мыңға жуық бала немесе 1-4-сыныптың білім алушыларының жалпы санының 54 %-ы қамтылған (2021 жыл – білім алушылардың 41 %-ы, 2022 жыл – 52 %-ы). Бастауыш сыныптардың барлық білім алушылары үшін бір реттік тегін ыстық тамақ 9 өңірде (Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Ұлытау облыстары), 1-сынып білім алушылары үшін екі өңірде (Ақмола және Маңғыстау облыстары) ұйымдастырылған.
2022 жылдан бастап конкурсты ұйымдастырушымен тағамдардың ассортименттік тізбесін, буфет өнімдерін, тағамдардың технологиялық карталарын және басқаларды конкурстық құжаттамаға енгізу нормалары енгізілді. Зерттеу нәтижелері негізінде ғалымдармен бірлесіп ұлттық мәзірді (оның ішінде сүт, нан өнімдері және басқалар) енгізу мәселесі қаралатын болады. Мектеп асханаларының мәзірін жаңарту үшін ұлттық өнімдер шығаратын шағын бизнес өкілдерін тартқан жөн. Мектеп асханаларын жаңғыртуды, соның ішінде қажетті жабдықтармен, ыдыс-аяқтармен қамтамасыз етуді жалғастыру қажет.
ЖАО деректері бойынша 2022 жылы білім алушылардың 1889530 немесе 56,9 %-ы сауықтырумен қамтылды, оның ішінде 1292925 бала (38,9 %) – мектеп жанындағы лагерлерде, 255435 бала (7,9 %) – республиканың қала сыртындағы сауықтыру лагерлерінде. Алайда республикада жекелеген санаттағы балаларды жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған объектілер мен іс-шаралар саны жеткіліксіз. 2022 жылы 226 қала сыртындағы сауықтыру лагері жұмыс істеді (2021 жыл – 167, 2020 жыл – карантинге байланысты жұмыс істемеді).
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша 2022 жылы балаларға қатысты 2005 қылмыс жасалды (2020 жыл – 1814), балалар арасында жасалған суицидтердің саны 155 жағдайды құрады (2020 жыл – 144).
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша республикада жыл сайын 600 мыңнан астам адам жарақат алады, олардың 22 %-дан астамы балалар, яғни 130 мыңы (оның ішінде мұзда құлау, терезеден құлау, жол-көлік оқиғалары, өрт, су айдындарында). Тек 2022 жылы балалар арасында терезеден құлаудың 200-ге жуық фактісі тіркелді, салдарынан 25 бала қайтыс болды. Жол-көлік оқиғаларынан 232 бала қаза тауып, 3652 бала зардап шекті. Профилактикалық шаралардың қатарында – әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында балалардың қауіпсіздік құралдарын пайдалануын насихаттауды (балаларға арналған велосипед дулығалары, балаларға арналған автокреслолар мен қауіпсіздік белдіктері, биік тұрғын үйлерге терезе қоршауларын орнату, құтқару кеудешелерін қолдану) және сабақтарда және сабақтан тыс жұмыстарда балалардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыруды атап өтуге болады.
Ішкі істер органдарының есебінде жыл сайын тәуекел аймағындағы 4 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала және 6 мыңнан астам тұрмысы нашар отбасының балалары тұрады.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында барлық білім беру ұйымдары меншік нысанына қарамастан бейнебақылау жүйелерімен жарақтандырылған. Бұл ретте олардың 4713 немесе 47 %-ы ішкі істер органдарының жедел басқару орталығына қосылған (1035 мектепке дейінгі ұйым, 3454 жалпы білім беретін мектеп, 224 ТжКБ ұйымы). 2022 жылдың соңында ірі қалаларда орналасқан 1825 білім беру ұйымында күзету қызметін көрсетуге лицензиясы бар күзету қызметінің субъектілерімен шарт жасасқан. Аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне не күзет қызметі субъектілерінің орталықтандырылған бақылау пультіне бере отырып, дабыл беру құралы (дабыл түймесі) 2257 білім беру ұйымында орнатылған, 1371 білім беру ұйымында өткізу жүйесі (турникеттер) орнатылған.
Жылы дәретханасы жоқ мектептер саны едәуір қысқарды (167-ден 23-ке дейін, яғни 2020 жылдан 2022 жылға дейін 8 есе).
Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгілік штаттарына сәйкес жалпы білім беретін мектепке 6-дан 20 сынып-жинаққа дейін педагог-психологтың 1 ставкасы, 30 және одан көп сыныпқа – 2 ставка (1 педагог-психологқа 500 білім алушы есебінен) көзделген. Бұл ретте, ҰБДҚ деректері бойынша елімізде 1200-ден астам мектепте 30-дан астам сынып-жинақтар бар. Бұл мектептерде 1 педагог-психологқа 1000-нан 2500-ге дейін білім алушы келеді. Республиканың тек 1/3 мектептерінде психолог кабинеттері бар, оның ішінде ауылдық мектептерде – 1681, қалалық мектептерде – 858 (2020 жыл – 2218, 2021 жыл – 2351, 2022 жыл – 2539).
Білім беру ортасында туындайтын келіспеушіліктер мен жанжалдарды шешу кезінде қалпына келтіру медиациясы бағдарламаларының тәрбиелік мүмкіндіктері кеңейтілуде. 1865 мектепте мектеп медиациясы қызметі құрылды. Сонымен қатар осы қызметтердің құрамына енгізілген педагогтер мен ата-аналар үшін мектеп медиациясы әдісі мен медиативті тәсілдің негіздерін дайындау және оқытуды ұйымдастыру қажет.
Балалардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында алғаш рет Баланы жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу қағидалары бекітілді. Бұл психологиялық қызметтің құрамына кіретін мамандардың жұмысын жүйелеуге, жұмыс принциптерін реттеуге мүмкіндік берді.
Жеке қолдау көрсетуге қолжетімділікті арттыру мақсатында ата-аналардың, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдары, ішкі істер органдары қызметкерлерінің, білім алушылардың оларға қатысты жәбірлеу (буллинг) фактілері туралы өтініштері кезінде іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу қағидаларының негізгі мақсаты – баланы жәбірлеуге (буллингке) нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруға жағдай жасау.
24/7 режимінде балалар мен ата-аналарға еліміздің барлық мектептерінде орналасқан "Bala Qorgau" QR-коды арқылы тегін консультациялық көмек көрсетіледі.
Қазақстанда материалдық тұрғыда ынталандырылатын балаларды отбасына орналастыру нысандары қолданылады: асырап алу, қорғаншылық (қамқоршылық), патронаттық тәрбие, асырап алушы отбасы. 22081 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың ішінен 18291 бала немесе 83,2 % отбасыларда тәрбиеленуде.
Балалар үйлерінің саны үш жылда (2020 – 2022 жылдар) 14 бірлікке азайды (98 бірліктен 84 бірлікке дейін). Балалар үйінде тәрбиеленетін балалар саны 3 жыл ішінде 464 балаға қысқарды (2020 жыл – 4254, 2022 жыл – 3790). Өңірлерде осы ұйымдарды институттандырудан шығару және оңтайландыру жоспарлары қабылданды.
Сонымен қатар жүйелі шешімдерді қажет ететін мынадай проблемалар да орын алуда:
11 өңірде бастауыш мектептің барлық білім алушыларының тегін бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілмеуі;
балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың әлсіз нәтижелілігі;
балалардың жекелеген санаттарын толыққанды тегін бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз ету жеткіліксіздігі және ұтымсыздығы (нормаларды сақтау, қаржыландыруды бөлу);
мектеп асханаларына ұлттық мәзірді әзірлеу және енгізу қажеттілігі;
мектеп асханаларын жаңғырту, мәзірді жаңарту қажеттілігі;
- жекелеген санаттағы балаларды жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтуға арналған балаларды сауықтыру орталықтарының жеткіліксіздігі;
- балаларды тасымалдауға арналған мектептердің автопаркін жаңартуға жүйелі тәсілдің болмауы;
- мектеп медиациясы қызметтерінің нашар дамуы және педагогтерді мектеп медиациясы әдісі мен медиативті тәсілдің негіздеріне оқыту тетігінің болмауы.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет