ТжКБ деңгейінде сапаны қамтамасыз етудің сыртқы жүйесі білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды, ББЖМ-ды, ТжКБ ұйымдарының рейтингісін, сондай-ақ ерікті негізде аккредиттеуді қамтиды.
Мемлекеттік аттестаттау білім беру ұйымдары үшін білім беру сапасын арттыруды ынталандырады, проблемаларды өздігінен анықтауға және оларды өзін-өзі бағалау құралы арқылы шешуге ықпал ететін болады.
Мемлекеттік аттестаттау білім беру қызметін өзін-өзі бағалау материалдарын, білім алушылардың білімі, іскерлігі мен дағдыларының кесінділерін талдау негізінде, білім беру ұйымына барусыз профилактикалық бақылау түрінде өткізілетін болады. Бұл ретте бюджет қаражатын, МТБ және педагог кадрларды ТжКБ-ның бір бейінді ұйымында шоғырландыруға мүмкіндік беретін ТжКБ ұйымдарын бейіндеу жалғасатын болады.
ББЖМ жалпы білім беретін пәндерді және (немесе) кәсіптік модульдерді немесе жалпы кәсіптік, арнайы пәндерді игеру деңгейін бағалау мақсатында жүргізілетін болады.
Мамандықтар бойынша лицензиялауға көшу жүзеге асырылады, бұл ТжКБ бар кадрларды даярлау және жұмыс берушілердің талаптарына жедел ден қою жөніндегі мүмкіндіктерді едәуір кеңейтеді.
ТжКБ ұйымдарының қызметін бағалау, қосымша ынталандыру құралын құру және ТжКБ жүйесінде көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында ТжКБ ұйымдарының рейтингін өткізу бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. Рейтинг ТжКБ ұйымдары қызметінің сапасы, педагогтердің сапалық құрамы, контингенттің қозғалысы, түлектерді жұмысқа орналастыру, бизнес-қоғамдастықпен іс-қимыл жасау, WorldSkills жобаларына қатысу сияқты негізгі көрсеткіштер және басқалар бойынша жүргізілетін болады. Нәтижесінде білім беру сапасын арттыруға бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдау үшін негіз болатын ТжКБ ұйымдары арасында бәсекелестік күшейеді.
Халықаралық талаптарды ескере отырып, ТжКБ ұйымдарының қызметін бағалау өлшемшарттары Турин процесінің талдау нәтижелері негізінде жүзеге асырылатын болады.
ТжКБ ұйымдарының аккредиттеуден, халықаралық сапа стандарттарына немесе шетелдік кәсіби қоғамдастықтардың талаптарына сәйкестігін бағалау рәсімдерінен өту құқығы бар.
ТжКБ деңгейінде WorldSkills тәсілі бойынша студенттерді қорытынды бағалаудың жаңа жүйесі енгізілетін болады. WorldSkills талаптары (стандарттары) бойынша нақты қызметтер мен өндірістік процестерді модельдеу жағдайында түлектердің практикалық дағдыларын, білім деңгейі мен құзіреттерін көрсету және тәуелсіз сараптамалық бағалау рәсімін көздейтін демонстрациялық емтихан біліктілік емтиханының бір нысаны болып табылады.
Демонстрациялық емтиханнан өткен түлектер әртүрлі құзыреттерді меңгеру деңгейін көрсететін баға алады, ол әлеуетті жұмыс берушілер арасында жоғары бағаланады және тиісінше түлектердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Білім беру сапасын басқару білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған, сондай-ақ мемлекеттік және институционалдық құрылымдарды, білім беру ұйымдарының қауымдастықтарын қамтиды.
Білім беру сапасын басқару білім беру мониторингінің нәтижелері, білім беру жүйесінің жағдайы мен дамуы туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндама, халықаралық салыстырмалы зерттеулер (PISA, PISA-based Test for Schools, TIMSS, PIRLS, ICILS, TALIS), мемлекеттік бақылау, ұлттық және халықаралық рейтингтер, білім беру ұйымдарын және білім беру бағдарламаларын аккредиттеу негізінде білім берудің барлық деңгейлерінде басқарушылық шешімдер қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
Әлемнің көптеген елдерінің тәжірибесі бойынша білім беру сапасын мониторингілеу мен бағалаудың барлық құралдарын жүйелендіретін, білім беруді бағалау мен мониторингтеудің ұлттық негіздемесі әзірленетін болады.
Ұлттық негіздеме түпкілікті мақсатқа – білім алушылардың үлгерімін арттыруға қол жеткізу үшін бағалау рәсімдері арасында синергия құру арқылы мақсатты айқындайды.
Ұлттық негіздеме білім алушылар, білім беру ұйымдары, педагогтер және жалпы алғанда білім беру жүйесі деңгейінде бағалау және мониторинг процестерінің реттілігін анықтайды.
Бұл шаралар білім алушылардың білімінің, іскерлігінің, дағдыларының, құндылық көзқарастары мен құзыреттерінің қоғам тілектері мен талаптарына сәйкестігін, сондай-ақ білім берудің әлемдік стандарттарына ықпалдасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Білім беру ұйымдарында білім беру процесіне қатысушылардың білім сапасы мен оны үздіксіз жетілдіруге бағытталуы бойынша құндылығы мен сенімін көрсететін сапа мәдениеті дамытылатын болады. Білім беру ұйымдарының цифрлық экожүйесін жаңғырту және шешім қабылдаудың барлық деңгейлерінде педагогтер мен білім алушыларды тарту арқылы білім беру сапасының мәдениетін дамыту жүзеге асырылатын болады, бұл ҰБДҚ-мен интеграцияланған білім беру ұйымдарының ақпараттық жүйелерінің ашықтығы мен қолжетімділігіне негізделеді.