Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы


-тарау. Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын ұйымдастыру және қосымша білім беру



бет3/6
Дата19.10.2023
өлшемі203,75 Kb.
#119297
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
№249 2029 даму тужырымдамасы

5-тарау. Білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын ұйымдастыру және қосымша білім беру
Тәрбие оқытумен тығыз байланыста. Білім алу танымдық, шығармашылық мүмкіндіктерді арттырады, адалдық, табандылық және өзіне қойылатын талапшылдық қасиеттерінің қалыптасуына себеп болу арқылы тәрбиелілік деңгейінің артуына ықпал етеді.
Қазақ ағартушылары Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев балаға сөз емес, ата-анасының және оның айналасындағы адамдардың іс-әрекеттері әсер етеді деп тұжырымдаған. Осыған орай бала тәрбиесінде отбасындағы ахуал, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы, ата-ана бойындағы адами қасиеттер мен өмірлік ұстанымдардың маңызы зор.
Білім алушылардың физикалық, психологиялық, әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін отбасы тәрбие институты ретінде маңызды рөл атқарады.
Қоғамның қажеттіліктерін ескере отырып Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру аясында МТО сапасын жақсарту жөнінде шаралар қабылданды.
Орта білім беру деңгейінде білім алушыларды тәрбиелеу ісі пәндік мазмұн және тәрбие жұмысы арқылы жүзеге асырылады. Тәрбие ісінің табыстылығы ұйымның миссиясына және мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне, білім алушылардың жеке ерекшеліктерін білуіне, ұжымның тәрбиелік міндеттеріне байланысты. Бұл ретте баланың толыққанды дамуы үшін мектептегі тәрбие процесіне ата-аналардың қатысуы және оқу үшін қолайлы жағдай мен орта құру қажет.
Еліміздің білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады: рухани-танымдық тәрбие; ұлттық тәрбие; отбасылық тәрбие; қазақстандық патриотизм мен азаматтыққа тәрбиелеу, құқықтық тәрбие; еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие; көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие; зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениетті тәрбиелеу; дене тәрбиесі, салауатты өмір салтын қалыптастыру және басқалар.
Отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие мәселелері орта білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысы жоспарына және пәндердің оқу бағдарламасы мазмұнына енгізілген.
Ата-аналардың республикалық қоғамдық кеңесінің қызметін әдістемелік сүйемелдеу мақсатында 2020 жылдан бастап "Отбасы – мектеп", "Мектеп өмірінен бір күн" ұзақ мерзімді жобалары іске асырылуда.
Еліміздегі білім беру ұйымдарында "Ата-ана мектебі", "Әжелер мектебі", "Әкелер мектебі", "Аналар мектебі" бастамалары іске асырылуда.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында өскелең ұрпаққа идеологиялық тәрбие беру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Өскелең ұрпаққа идеологиялық тәрбие беру шеңберінде "Білім-инновация" лицей-интернаттары мен "НЗМ" ДБҰ білім алушыларды тәрбиелеу және оқыту жүйесінің тәжірибесін енгізу жалғасады.
Сыныптан тыс жұмыстарда білім алушыларға экологиялық тәрбие беру шеңберінде ақпараттық-экологиялық, әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізіледі: акциялар, көрмелер, мектепті және оған іргелес аумақты ең жақсы көгалдандыруға арналған конкурс.
Білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді және белсенді азаматтық ұстанымын дамыту үшін "Жасыл экономика", "Қоршаған ортаны қорғау", "Менің Отаным, менің қалам/ауылым" және басқа да қоғамдық пайдалы қозғалыстарға білім алушылардың тарту ауқымы кеңейтілуде. Азаматтық белсенділікті дамыту білім алушылардың "Жас қыран", "Жас ұлан", "Жас сарбаз" секілді пікірталас қозғалысына, мектеп және студенттік өзін-өзі басқаруға, балалар-жасөспірімдер қозғалысына қатысуымен сүйемелденеді. Республикада 6727 пікірсайыс клубы жұмыс істейді.
2022 жылы елімізде 513280 білім алушыны қамтитын 7321 мектептішілік/студенттік парламент (6501 – мектептерде, 820 – колледждерде) жұмыс істеді, онда 57 мыңнан астам фракциялар мен комитеттер қамтылды (2020 жыл – 4278, 2021 жыл – 6771, 2022 жыл – 7321).
2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы өзін-өзі басқаруға қатысушылар саны 82674 адамға ұлғайды, бұл білім алушылардың топтық жұмысқа қатысуының, әрбір білім алушының өзіндік маңыздылығының, оның өзара қарым-қатынасы мен өз іс-әрекеті үшін жауапкершілігінің артуына әкелді (2020 жыл – 43074, 2021 жыл – 54021, 2022 жыл – 82674).
2020 жылы пандемия тәрбие жұмысын да өзгертуге түрткі болды, педагогтер мен білім алушылардың ІТ-дағдыларын дамыту қажеттілігін көрсетті. Ата-аналардың онлайн-жиналыстарын, педагогикалық кеңестерді, сынып сағаттарын өткізудің бірыңғай форматтары, онлайн-іс-шаралар кезіндегі мінез-құлық ережелері (zoom, teams, google meet платформалары және басқалар), онлайн-форматта тәрбие жұмысын ұйымдастыру туралы ережелер әзірленді. Білім беру ұйымдарында "Оқуға кеңес береміз" онлайн-көрмесі өткізілді, онда мектеп сайтында аудиокітаптар, "Дүниежүзілік мұра объектілері" жас суретшілердің онлайн-көрмелері орналастырылды.
Карантин режимі дене белсенділігінің төмен деңгейіне әкелді, бұл балалардың денсаулығына, әл-ауқатына және өмір сүру сапасына теріс әсер етті, балалар мен жастардың психикалық денсаулығына жағымсыз стресс болды. Сондықтан білім алушылар мен педагогтердің физикалық және психоэмоционалды жағдайларын қолдайтын жаттығулар кешені жасалды.
"Оқуға құштар мектеп" жобасы оқуға деген қызығушылықты арттырады және білім алушылардың оқу сауаттылығын дамытады. Бұдан басқа, жоба өзара іс-қимыл және әлеуметтік әріптестік арқылы білім алушылардың оқу құзыреттілігін, оқу мәдениеті деңгейін және оқу белсенділігін дамытуға, оның ішінде бірыңғай оқырман қауымдастығын қалыптастыру үшін ата-аналарды іс-шараларға тартуға ықпал етеді.
Білім беру саласында барлығы 7096 кітапхана жұмыс істейді, оның ішінде 6461-і – мектептерде, 579-ы – ТжКБ ұйымдарында (2020 жыл – 7133,
2021 жыл – 7031, 2022 жыл – 7096). Сондай-ақ республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Жалпы білім беретін мектептердің кітапхана қорын толықтыру мәселелері өзекті болып қала береді. Мектептерде кітапханаларға деген жалпы қажеттілік 670 бірлікті құрайды.
Жалпы кітапхана қоры 267 млн данадан астам кітапты құрайды (2020 жыл – 212 млн, 2021 жыл – 220 млн, 2022 жыл – 267 млн). Жобаны іске асырудың екі жылында мектеп кітапханаларында, оның ішінде қазақ тілінде, қазақстандық авторлардың ғана емес, әлемдік әдебиет туындыларының да заманауи көркем әдебиет көлемі айтарлықтай өсті. Мектеп кітапханаларының жұмыс форматын өзгерту, өңірлік, ұлттық және халықаралық ресурстық және кітап қорларына толық және жедел қолжетімділікті қамтамасыз ету "Оқуға құштар мектеп" жобасын сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Білім алушылардың білімге және шығармашылыққа деген тұрақты қажеттілігін алуға, өз қабілетін іске асыруға, өзін-өзі анықтауға мүмкіндік беретін жалпы білім берудің құрамдас бөлігі балаларға қосымша білім беру болып табылады.
Соңғы 3 жылда қосымша біліммен, оның ішінде мектеп үйірмелерімен, мектептен тыс ұйымдармен қамтылған балалар саны мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырыс бойынша 12 %-ға немесе 589330 адамға ұлғайды (2020 жыл – 63,5 % (2211595 адам), 2021 жыл – 66,9 % (2406395 адам), 2022 жыл – 75,5 % (2800925 адам).
2022 жылы балаларға қосымша білім беру ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық бағыттар бойынша үйірмелердің 380 түрі бойынша білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытады.
1625 қосымша білім беру ұйымында 1087088 бала (қала – 660879, ауыл – 426209) қамтылған, бұл мектеп оқушыларының жалпы санынан 29,4 %-ын құрайды. Соңғы үш жылда осындай ұйымдардың желісі 353 бірлікке ұлғайды (2020 жыл – 1272 бірлік, 2021 жыл – 1523, 2022 жыл – 1625). Қосымша білім берумен қамтылған мектеп оқушыларының үлесі 0,8 %-ға өсті (2020 жыл – 28,6 %, 2021 жыл – 29,4 %, 2022 жыл – 29,4 %).
Мектеп үйірмелерінде 1267843 білім алушы (қала – 814944, ауыл – 452899) немесе олардың 34,1 %-ы қамтылған. Соңғы үш жылда мектеп үйірмелерімен қамтылған балалар саны 51770 білім алушыға артты (2020 жыл – 1216073 адам, 2021 жыл – 1347676 адам, 2022 жыл – 1267843 адам).
ЕБҚ балаларды қосымша біліммен қамту олар үшін тиісті арнайы жағдайдың болмауына байланысты төмен деңгейде болып қалуда.
Тәрбие жұмысында мынадай проблемалар бар:
- білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысында кешенді тәсілдің болмауы;
- білім беру ұйымдарында тәрбие процесін ғылыми-әдіснамалық және оқу-әдістемелік сүйемелдеу қажеттілігі;
- оқу-тәрбие процесінде пән мұғалімдері мен сынып жетекшілерінің педагогикалық өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығының жеткіліксіздігі;
- сынып жетекшілері қызметінің төмен тиімділігі мен формальдылығы;
- білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысын іске асыру бойынша педагогтердің, психологтардың, әлеуметтік қызметкерлер рөлінің жеткілікті реттелмеуі;
- мектептен тыс ұйымдардың және тегін мектеп үйірмелерінің балалардың тұратын жерінен қадамдық қолжетімділікте болмауы;
- ЕБҚ балаларды және ауылдық жерлерде білім алушыларды қосымша біліммен қамтудың төмендігі;
- білім беру ұйымдарының тәрбие процесіне ата-аналардың аз қатысуы;
- білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысының сапасын бағалаудың жүйелі мониторингілеудің тетігі мен критерийлерінің болмауы.
6-тарау. Педагог мәртебесі
Білімді де білікті кадрларсыз білім беру жүйесін дамыту мүмкін емес. 2019 жылы қабылданған "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы соңғы үш жылда педагогтерге қолайлы жағдай жасау және олардың кәсіби тұрғыда өсуін ынталандыру бойынша жүйелі шаралар кешенін іске асыруға мүмкіндік берді.
2022 – 2023 оқу жылында мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында – 556896, оның ішінде ауылдық жерде 268307 педагог жұмыс істейді (2020 – 2021 оқу жылы – 502976, 2021 – 2022 оқу жылы – 521112).
2020 жылдан бастап мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогтерінің еңбегіне ақы төлеу екі есеге артты. Аттестаттау қорытындылары бойынша мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 255146 педагогі білікітілік санатына қарай лауазымдық жалақысынан 30 %-дан 50 %-ға дейін қосымша ақы алады.
Мамандықтың беделі артып, еңбек жағдайлары жақсарып, педагогтардың құқықтары мен мүмкіндіктері кеңейтілді. Атап айтқанда, педагогтердің жүктемесін азайту бойынша шаралар қабылданды, мұғалімдердің еңбегін, сондай-ақ демалыс уақытын нормалау жүйесі әзірленді. 2021 жылдан бастап мектеп педагогтарының 18 сағаттық жүктемесінен 16 сағаттық жүктемесіне көшу жүзеге асырылды. Мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің есептілігі 2022 жылғы 1 қыркүйектен бастап үш құжатқа дейін төмендетілді. Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер жанынан педагогикалық этика және педагогтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңестер құрылды. Тәлімгерлік, магистр дәрежесі үшін, сондай-ақ спорт секцияларын жүргізгені үшін жаңа қосымша ақы енгізілді, орта білім беру ұйымдарында сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы едәуір ұлғайтылды. Педагог мәртебесін арттыру және олардың еңбегін материалдық ынталандыру мақсатында жыл сайын "Үздік педагог" республикалық конкурсы өткізіледі. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қоспағанда, білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтердің біліктілік деңгейіне, құзыретіне, мазмұнына, сапасына және еңбек жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын "Педагог" кәсіби стандарты бекітілді.
2022 – 2023 оқу жылында педагогтерге қажеттілік 3550 адамды құрады, оның ішінде ауылдық жерлерде – 1847. 2020 жылы педагогтар қатарын 9220 жас маман толықтырды, 2021 жылы – 11846 адам, 2022 жылы – 5735 адам. Жаңадан бастаушылар мен жас мұғалімдерге жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Осылайша, тәлімгерлік институтын дамыту тетіктері қарастырылған. Дарынды жастарды тарту және педагогикалық бейіндегі білім беру бағдарламаларына үміткерлерді сапалы іріктеуді жүзеге асыру үшін 2021 жылдан бастап талапкерлердің оқуға түсуі үшін ұлттық бірыңғай тестілеудің шекті балы 50-ден 75 балға дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға оқуға түскен "Алтын белгі" төсбелгісін алған мектеп түлектерінің саны екі есеге артты.
Салаға талантты педагогтердің келуін ынталандыру үшін қолдау шаралары қабылдануда. "Болашақ" халықаралық стипендиясының түлектеріне жоғары/жоғары оқу орнынан кейінгі білімді алғаннан кейін 5 жыл мерзімнен кешіктірмей біліктілік санатын беру рәсімінен өтпей "педагог-модератор" біліктілік санаты беріледі. ЖОО педагогикалық мамандықтар бойынша бітірген түлектер үшін оларды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін сертификация енгізілді.
Педагогтер тапшылығы бар өңірлер үшін тиісті қолдау шараларының пакетімен үздік педагогтерді тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 13 маусымдағы № 390 қаулысымен бекітілген арнайы бағдарлама қабылданды.
ТжКБ жүйесінде педагогтердің жалпы санынан 37,6 %-ын арнайы пәндердің, 22 %-ын жалпы білім беретін пәндердің педагогтері, 12,4 %-ын өндірістік оқыту шеберлері құрайды. Колледждерде педагогтердің 8,5 %-ы – 25 жасқа дейінгі жас педагогтер. Арнайы пәндер бойынша педагогтерге және өндірістік оқыту шеберлеріне жұмысқа орналасу сәтінде кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі болған кезде лауазымдық жалақысының 30 %-ы қосымша ақы төленетін "педагог-модератор" біліктілік санаты; жұмысқа орналасу сәтінде соңғы он жылдан астам жұмыс өтілі болса, лауазымдық жалақысының 35 %-ы қосымша ақы төленетін "педагог-сарапшы" біліктілік санаты беріледі.
Өндірістік оқыту шеберлері мен колледждердің арнайы пәндер оқытушылары аттестаттаудан өту кезінде ұлттық біліктілік тестілеу рәсімінен өтуден босатылады.
Арнайы пәндер оқытушылары және өндірістік оқыту шеберлері лауазымдарына алғаш рет қабылданған, өндірісте кемінде 2 жыл жұмыс өтілі болса, "Педагог" біліктілік санаты біліктілік санатын беру рәсімінен өтпей беріледі.
ТжКБ жүйесінде тәлімгерге білім алушының өндірістік оқуын және кәсіптік практикасын ұйымдастыру бойынша көрсетілген қызметтер үшін ақы төленеді.
Соңғы 3 жылда колледж оқытушыларының 40 %-ы біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Педагогтерді даярлау жүйесінің міндеттері орта білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу кезеңінде елеулі түзетуден өтті. Осы кезеңде орта білім беру мазмұны, мектеп пәндерін оқыту әдістемесі, жоғары оқу орындары пәндерінің пәндік мазмұны, АКТ құзыреттілігі мәселелерінде педагогтерді даярлаудағы елеулі олқылықтар айқын болды. Педагогтерді қолдаудың мемлекеттік шараларына қарамастан, педагогикалық білім ерекше назар аударуды және біліктілікті арттыру жүйесімен тығыз қарым-қатынасты талап етеді.
ЭЫДҰ-ның TALIS зерттеуі (2018 жыл) мектептердегі мұғалімдердің, мектеп директорларының және білім беру ортасының ауқымды халықаралық зерттеуі қазақстандық педагогтерді оқыту үшін АКТ-дағдыларын дамыту бойынша біліктілікті арттыру курстарына (90 %), оқытылатын пәннің әдістемесіне (90 %) және білім алушыларды бағалау нәтижелерін талдауға (89 %) қатысуының жоғары үлесін көрсетті. TALIS-2018-де жас педагогтердің 17 %-ы ЕБҚ бар балалармен жұмыс істеу бойынша оқытудың жоғары қажеттілігі туралы хабарлады, мектеп директорларының 61 %-ы педагогтер балалардың жеке қажеттіліктерін қанағаттандырмайтынын көрсетті (ЭЫДҰ – 30 %).
ЮНИСЕФ анықтаған мектепке дейінгі білім берудің тиісті деңгейде дамуына қажетті 10 стандартының бірі – педагогтердің кемінде 50 %-ының білім беру және оқыту саласында жоғары білімінің болуы. Сонымен қатар МТО педагогтерінің сапалы құрамы кәсіби әлеуетті арттыруды талап етеді. 2022 – 2023 оқу жылындағы жағдай бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың 97407 педагогінің 68 %-ының "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" мамандығы бойынша бейінді білімі бар, оның 1,2 %-ының жоғары оқу орнынан кейінгі және 35,8 %-ының жоғары, 31 %-ының техникалық және кәсіптік білімі бар. Модельді іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдардың 15945 педагогі қамтылған біліктілікті арттыру курстарының 41 білім беру бағдарламасы әзірленді. Бірыңғай дидактикалық және әдістемелік материалдармен "Курс тыңдаушысының портфелі" ұсынылатын біліктілікті арттыру курстарын өткізу тәсілдері өзгертілді. 2023 жылдан бастап жыл сайын жүйелі курстармен курстан кейінгі сүйемелдеудің міндетті жаңа нысандарымен МТО педагогтерінің 34 %-ы қамтылатын болады.
Біліктілікті арттыру курстарының маңызды нысаналы тобы білім беру ұйымдарының басшылары болып табылады. Қазақстанда білім беру саласында тағайындалғанға дейін көшбасшыларды даярлау тәжірибесі жоқ. Қазақстан директорларының тек 13 %-ы ғана мектепті басқаруды қызметке кіріскенге дейін меңгерген, ал ЭЫДҰ көрсеткіші 31 %-ға жеткенін атап өтті. Басқарушы персоналды көшбасшылық және менеджмент дағдыларына даярлау "факт бойынша", яғни басшылық лауазымға тағайындалғаннан кейін жүргізіледі.
Елімізде білім беру ұйымдары басшыларының республикалық кадрлық резерві жоқ. Еліміздің 1088 мектебінде директордың бос жұмыс орындары бар. Басшылық қызметке ниет білдірушілер санының аз болуына және үміткерлердің әлсіз дайындығына байланысты оларды қызметке іріктеу мен тағайындауда қиындықтар туындауда.
2022 жылдан бастап алғаш рет Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін қызметке тағайындау, қызметтен босату қағидаларына сәйкес бірінші басшыларды және педагогтерді жұмысқа орналастыру конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Менеджменттің тиімділігін арттыру мақсатында бірінші басшыларды ротациялау институты енгізілді. Ротация бірінші басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқару тәжірибесін тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге, олардың басқару құзыреттерін кәсіби дамытуға және жетілдіруге, кәсіби дамымай қалудың және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның білім беру жүйесін дамыту үдерістері педагогтердің үздіксіз кәсіби даму бағытын басымдыққа айналдырады, ол педагогтердің өздеріне қойылатын қиындықтар мен қажеттіліктер бойынша курстық даярлыққа енгізілуі тиіс. Сонымен қатар талап етілетін кәсіби даму оның тиімділігін үнемі бақылап отыруды талап етеді. Мұндай интеграция педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуы мақсатында, бірақ білім беру сапасын арттырудың күтілетін нәтижесімен ғылыми-әдістемелік жұмысты орындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар педагогтердің мәртебесін көтеруде мынадай проблемалар шешуді қажет етеді:
- педагогтердің кәсіби құзыреттілігі мен кәсіби дамуының жеткіліксіз деңгейі;
- IT-құзыреттілікті, эмоционалды интеллектті дамыту, сабақтарды зерттеу, іс-әрекеттегі зерттеу, сыни ойлау, тайм-менеджмент, ЕБҚ балалармен жұмыс бойынша педагогтердің біліктілігінің жеткіліксіз деңгейі;
- мектептердегі психологтардың, әлеуметтік педагогтердің тапшылығы, осыған байланысты психологтардың, әлеуметтік педагогтердің штат бірліктерінің нормативін қайта қарау қажеттілігі туындайды;
- білім беру ұйымдарының бірінші басшыларының кадр резервінің болмауы;
- жоғары кәсіби педагогтердің дерекқорының болмауы.
7-тарау. Білім беру сапасын бағалау
Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыру кезінде оның сапасын бағалау маңызды компонент болып табылады. МТО сапасының басты өлшемшарты – ата-аналардың көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттануы.
ECERS-R халықаралық сапаны бағалау шкаласын пайдалана отырып, Қазақстанда жүргізілген зерттеу нәтижелері мектепке дейінгі ұйымдарда көрсетілетін қызметтер сапасының орташа деңгейде екенін көрсетті.
Мемлекеттік бақылау жүйесі бизнесті жүргізу бөлігінде жаңа әкімшілік кедергілерді енгізуді жоюға бағытталған.
Хабарлама беру тәртібі енгізілді, алайда тексеру рәсімін жеңілдету, лицензиялауды алып тастау МТО қызметтері сапасының төмендеуіне әкелуде. Осыған байланысты МТО-да ұсынылатын қызметтер сапасын бағалаудың баламалы нұсқалары, оның ішінде сапаны бағалаудың ұлттық жүйесін жетілдіру арқылы енгізіледі.
Орта білім беруде оқыту сапасын бағалау және мониторингтеу үшін құралдар кешені пайдаланылады. Жаңартылған мазмұн шеңберінде білім алушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесі енгізілді.
2022 жылдан бастап білім беру сапасын бағалаудың ұлттық құралы – білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (бұдан әрі – ББЖМ) енгізілді. ББЖМ білім сапасын білім беру ұйымдарынан тәуелсіз елдік жүйелі бақылау болып табылады.
2022 жылы ББЖМ 4-ші және 9-шы сынып білім алушылары арасында кешенді тестілеу нысанында үш бағыт бойынша өткізілді: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану сауаттылығы.
ББЖМ шеңберінде білім алушылар, педагогтер және білім беру ұйымдарының басшылары арасында сауалнама жүргізілді. ББЖМ нәтижелері бойынша Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы мектептер бөлінісінде кешенді талдау және білім беру сапасын жақсарту бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі.
Қазақстан сондай-ақ ел деңгейінде және басқа елдермен салыстырғанда оқу жетістіктерінің мониторингі үшін PISA, TIMSS, PIRLS, ICILS халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысуды жалғастыруда.
2021 жылы профилактикалық бақылауды нысанға бармай мемлекеттік аттестаттау нысанында өткізу туралы норма заңнамалық түрде бекітілді. 2022 жылы 2363 білім беру ұйымында, оның ішінде 130 балабақшада, 835 мектепте және 772 ТжКБ ұйымында өткізілді.
Бақылау барысында мынадай жүйелік кемшіліктер анықталды: жұмыс оқу жоспарларының МЖБС талаптарына, педагогтер санаттарының Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына, нақты деректердің ҰБДҚ көрсеткіштеріне сәйкес келмеуі, ЕБҚ балаларға арналған жеке оқу жоспарлары мен бағдарламаларының болмауы, пәндік кабинеттермен және зертханалық жабдықтармен жеткіліксіз жарақтандырылуы және басқалар.
Мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген білім беру ұйымдарына анықталған бұзушылықтарды жоюға және білім беру қызметін Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамалары талаптарына сәйкестендіруге бір жылдан аспайтын уақыт берілді.
Білім алушылардың білім сапасын жүйелі түрде арттыру мақсатында 2021 жылдан бастап "Мектептерге арналған PISA" (PISA-based Test for Schools) зерттеуі жүргізілуде. 2021 жылы ЭЫДҰ іріктеп алған 200 білім беру ұйымдарында валидациялық кезең өтті, ал 2022 жылы еліміздің 1000 ұйымының 33628 он бес жастағы білім алушылары негізгі зерттеуге қатысты (есебі 2023 жылдың соңында шығады).
"Мектептерге арналған PISA" мақсаты – жеке мектеп деңгейінде сыртқы бағалау жүргізу. Тестілеу қорытындылары бойынша әрбір мектеп ЭЫДҰ-дан елдің және әлемнің басқа мектептерімен салыстырғанда функционалдық сауаттылық деңгейі туралы жеке немесе топтық талдамалық есеп алады.
Сонымен қатар, білім беру сапасын бағалауда мынадай проблемалар бар:
- өңірлерде халықаралық және мониторингтік зерттеулердің қорытындылары бойынша ұсынымдарды іске асыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілмейді;
- білім басқармалары деңгейінде алдын алу шараларын қабылдау үшін тәуелсіз бағалаудың өңірлік жүйелері жоқ;
- бағалау және тестілерді әзірлеу бойынша мамандарға деген жоғары қажеттілік;
- білім алушылардың білім жетістіктерін сырттай бағалаудың қолданыстағы құралдары деректерді корреляциялауға және талдау жүргізу үшін халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмейді;
- сапаны ішкі және сыртқы қамтамасыз ету процестері жүйеленбеген, білім берудің барлық стейкхолдерлерінің қолдануы үшін білім беру сапасын бағалау жөніндегі халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бірыңғай негіздемелік құжат жоқ;
- мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі артық қағаз есептілігі;
- тексеру жоспарын құру кезінде адами фактордың әсері.
3-бөлім. Халықаралық тәжірибеге шолу
Қазақстан алдыңғы қатарлы және көрші мемлекеттердің білім беруді дамытудағы тәжірибесіне қызығушылық танытады. Осылайша, бірқатар мемлекеттердің стратегиялары талданды.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын бағалау
ЭЫДҰ деректеріне сәйкес, балалардың ерте дамуына салынған инвестициялардың қайтарымы кейінгі түзеу біліміне, еңбек өнімділігін арттыруға, салық төлемдерінің өсуіне және қылмыстың төмендеуіне арналған қаражатты үнемдеу есебінен жыл сайын 7-10 % құрайды. Қазақстанда 2018 жылы жүргізілген PISA зерттеулері мектепке дейінгі білім алу балалардың одан әрі жетістіктеріне оң әсер ететінін растайды. Бұл үрдісті басқа халықаралық зерттеулер де (TIMSS, PIRLS және басқалар) растайды.
Стандарттар мен сапа индикаторларын әзірлеу мақсатында көптеген елдер білім беру қызметтерінің сапасын зерттеу және бағалау үшін әлемнің жетекші университеттері әзірлеген қолданыстағы шәкілдерді пайдаланады.
Жаңа Зеландияда мектепке дейінгі білім сапасы өзара қарым-қатынас педагогикасы негізінде, АҚШ пен Аустралияда (Dalli et al, 2011) аккредиттеу процесі негізінде бағаланады.
Ресейде сапаны ұлттық бағалау, Германияда педагогтердің өздігінен пайдалануына бейімделген бағалау құралы жасалды. АҚШ-тың кейбір штаттары да сапа көрсеткіштерін әзірледі.
Педагогикалық процестің сапасы мен тиімділігі тәрбиелік компоненттің өлшемшарттары арқылы анықталады. Адамгершілік, тәуелсіздік және даралық –әлемнің барлық елдері педагогикасының негізгі қағидаттары. Азия елдерінде балаларды тәрбиелеуде дәстүрлерді құрметтеуге үлкен мән беріледі.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесін трансформациялаудың алғашқы қадамы 2021 жылы Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін қабылдау болды. Модельді іске асыру өлшенетін өлшемшарттарды анықтау арқылы сапаны жақсартуды, ата-аналардың білім беру қызметінің сапасына қанағаттануын қамтамасыз етуді көздейді.
Білім алушылардың білімдеріндегі олқылықтарды қалпына келтіру
Әлемдік тәжірибе пандемиядан кейін ұлттық білім беру жүйесін қалпына келтіру үшін жауапты шаралар қабылдаудың маңыздылығын көрсетеді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан балалар ерекше назар аударуды талап етеді. Мектептегі білім беру жүйесіндегі білім олқылықтарын қалпына келтіру бойынша уақытылы шаралар қолданбау басқа деңгейлерде үлгерімі төмен білім алушылар үлесінің өсуіне немесе NEET жастары санының өсуіне әкеледі.
Әлемнің 108 елі 2020 жылы мектептің жабылуына байланысты орта есеппен 47 күндік күндізгі оқудың өткізілмегені туралы хабарлады, бұл оқу жылының бір тоқсанына тең. Осыған байланысты әрбір ел жоғалған білімді толықтыруға (шыңдауға) және білім берудің ағымдағы проблемаларын шешуге ғана емес, сондай-ақ болашақ сын-тегеуріндердің алдын алуға қызмет ететін жүйелі шараларды әзірлеуге күш салуда. Ұлыбританияда білім алушыларға оқудағы олқылықтардың орнын толтыруға көмектесу үшін әзірленген ұлттық репетиторлық бағдарлама іске қосылды. АҚШ-та Теннесси бағдарламасы – репетиторлар корпусы іске қосылды, оның шеңберінде ТжКБ ұйымдарының студенттері COVID-19-ға байланысты оқудағы олқылықтары азайту үшін білім алушылармен бірге сабақ оқиды.
Студенттерді репетитор ретінде тартудың бұл тәжірибесі Қазақстанда да қолданыла алады. Білімдегі олқылықтардың орнын толтыру міндеттері аясында қажеттіліктері бар білім алушыларға көмек көрсету жөніндегі шаралар қарастырылады.
Қашықтан оқытуды дамыту
Қашықтан оқытуды жүзеге асыру кезінде елдер пандемия басталғанға дейінгі цифрлық және инфрақұрылымдық дайындық деңгейіне байланысты әртүрлі шешімдерді қолдана және бейімдей отырып, орын алған жағдайдан әрқалай шықты. Бірнеше ел (Сингапур, Франция, Оңтүстік Корея) пандемиядан бірнеше жыл бұрын жасалған ұлттық LMS шешімдерін қолданды. Қытай бастапқыда елдің бизнес қоғамдастығына арналған DingTalk қосымшасын қашықтан білім беру қажеттіліктеріне бейімдеді. ZOOM, Skype, MS Teams, Google Classroom сияқты оқу процесін ұйымдастыру және синхронды онлайн-сабақтарды өткізу бойынша бағдарламалар барлық елдерде, соның ішінде Қазақстанда да қолданылды. Елдер цифрлық білім беру ресурстарының ауқымды көлемін жинақтады. Қазақстанды цифрлық білім беру контентін онлайн-сабақтармен барлық сыныптар мен пәндерді қамтып, сандық тұрғыдан сол сияқты сапалы арнада арттыруда.
Дамыған елдердегі ауыл мектептері педагогтер, білім алушылар және олардың отбасылары арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдету және ресурстарды оңтайлы пайдалану үшін қашықтан оқыту мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланады. Мысалы, АҚШ-та көптеген ауылдық округтер білім алушыларға мектепте жоқ пәндер, мысалы, екі жаққа қабылдану, кредиттерді қалпына келтіру, кәсіптік және техникалық білім беру курстары бойынша қашықтан курстарды ұсынады.
Осылайша, Қазақстанда қашықтан оқыту білім беру сапасын бақылауды қамтамасыз ете отырып, оқытудың ықтимал форматының бір бөлігі ретінде одан әрі дамытылады және нормативтік құқықтық қамтамасыз етіледі.
Ауыл мектептерін дамыту
Әлемде ауыл мектептері инфрақұрылымының проблемалары көбінесе ауыл мектептерін басқа мектептермен стратегиялық байланыстыру және мектеп кластерлері шеңберіндегі ынтымақтастық арқылы шешіледі. Кластеринг мүмкіндіктердің кең ауқымына: тәжірибе мен ресурстармен алмасу (оның ішінде мұғалімдер), педагогтердің кәсіби қоғамдастықтары және басқаларына байланысты көптеген елдерде даму мен қолдаудың танымал тәсіліне айналды. Мысалы, Испанияда көрші ауыл мектептері көбінесе бірыңғай әкімшілік бірлік ретінде әрекет етеді. Шанхайда (Қытай) педагог кадрлармен, оқыту әдістерімен және педагогтерді басқарумен алмасатын қалалық және ауылдық аудандар арасында өңірішілік бағдарлама жұмыс істейді. Ауылдық округтердің білім беру бөлімдері ауыл мектептерінің білім беру стратегиясын қалыптастыру, мектепті басқарудың жаңа жүйесін әзірлеу, ауыл мектептері әкімшілігінің жұмыс сапасын жақсарту үшін сапалы білім беру ресурстарын ұсыну міндетін алатын қалалық мектептермен келісімшарт жасасады.
Бұл халықаралық тәжірибе "Нәтижелілігі төмен мектептерге мықты мектептердің қамқорлығы" жобасы шеңберінде қала мен ауыл арасындағы орта білім сапасындағы алшақтықты қысқарту үшін Қазақстанда қолданылуы мүмкін.
Оқулықтарды әзірлеу процестерін жетілдіру
Мектептің оқу әдебиетін мақұлдаудың мемлекеттік жүйесі көптеген елдерде жұмыс істейді. Мемлекеттердің шектеулі санында оқулықтарды мектептерде сараптамасыз, алайда баспаны және олардың өнімдерін сертификаттау рәсімімен пайдалануға болады (Италия, Франция, Финляндия және басқалар). Оқулықты әзірлеу және оны шет елдердің оқу процесіне одан әрі енгізу мерзімінің ұзақтығы 3 жылдан 6 жылға дейінгі аралықта. Мысалы, Жапонияда – 4 жыл, Францияда – 6 жыл, Гонконг, Сингапур, Канада, Литва және Грецияда – тираждау мен жеткізуді есепке алмағанда, кемінде 2 жыл.
Жапония, Канада, Эстония және Латвияда оқулықтардың сарапшылары мектеп педагогтері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, Германияда әлеуметтанушылық зерттеу әдістерін меңгерген пән сарапшылары болады. Еуропалық одақта қабылданған шығындарды өтеу жүйесі оқу материалдарын сараптау үшін жоғары білікті сарапшыларды тартуға мүмкіндік береді, олардың жалақысы жеке баспалар авторларының сыйақысына тепе-тең.
Осылайша, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, оқулықтардың сапасына әсер ететін негізгі факторлардың ішінде оқулық басылымдарын сараптауды перспективалық жоспарлаудың болуын, оқу әдебиеті сарапшыларының еңбек ақысын арттыруды бөліп көрсетуге болады. Елімізде сапалы сарапшыларды тарту және оқулықтарға сараптама жүргізу мәселелері бойынша халықаралық тәжірибеге сәйкес оқулықтардың сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдануда және жалғастырылатын болады.
Мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмысын қайта қарау
Мектептегі психологиялық қызметтер бүгінде әлемнің көптеген елдерінде бар. Қазіргі уақытта әлемде шамамен 80 мың мектеп психологі бар (48 елде). Мектептегі психологиялық қызметтің шетелдік тәжірибесі ұйымның екі мүмкін болатын моделінің негізінде құрылады, олардың түбегейлі айырмашылығы мектеп психологінің жұмыс істейтін жерінде – мектепте (білім беру ұйымында) немесе мектептен тыс жерде (консультацияларда, психологиялық-педагогикалық және медициналық-әлеуметтік көмек орталықтарында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының аудандық немесе қалалық бөлімдеріндегі психологиялық кабинетте және т.б.). Сонымен қатар әлемдік тәжірибе білім беру ұйымында қауіпсіз орта құрудың пәрменді шараларының бірі мектептегі татуласу қызметі болып табылатынын көрсетеді, оның қызметі білім алушылардың өздерінің педагогтер мен психологтардың басшылығымен түрлі жанжалдарды шешуге белсенді қатысуына негізделген.
Педагогтердің кәсібилігін дамыту
Сингапур, Гонконг, Эстония, Финляндия, Канада және басқа да дамыған елдерде педагог өзінің кәсіби деңгейін тек ресми оқыту аясында ғана емес, сонымен қатар бейресми түрде тренингтерге, вебинарларға, мастер-класстарға қатысу, әріптестерімен өзара іс-қимыл жасау, мектептегі ішкі оқыту нысандарына қатысу арқылы арттырады. Жалпы әлемде педагогтің үздіксіз кәсіби дамуын педагогикалық жоғары оқу орындары ғана емес, сондай-ақ біліктілікті арттыру провайдерлері де жүзеге асырады. Бұл процеске мектептер қатысады. Осы факторлардың барлығы кәсіби даму процесінің тұжырымдамалық тәсіліне қарай, бірлесіп әрекет етеді: педагогикалық жоғары оқу орындарына іріктеу, педагогикалық даярлық, мамандыққа кіру кезеңдерінде, оқытудың және өзінің кәсіби дамуының бастапқы кезеңінде.
Сондай-ақ ЭЫДҰ-ның 2021 жылғы есебінде ТжКБ оқытушылары оқытылатын сала бойынша өздерінің кәсіби дағдылары мен білімдерін дамыту үшін оқыту мүмкіндіктеріне қол жеткізуде ерекше қиындықтарға тап болуы мүмкін екендігі атап өтілді. Жалпы білім беретін пәндер оқытушыларымен салыстырғанда, арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері жұмыс орнында оқытудан немесе тиісті саладағы кәсіпорында басқа оқытудан ерекше пайда көре алады. Англияда педагогтердің кәсіби білімін дамыту бойынша зерттеулер арнайы пәндер оқытушылары үшін саламен өзара іс-қимыл және салалық білімдерін жетілдіру өте маңызды екенін дәлелдеді. Англия оқытушыларының 10 %-ы өздерінің кәсіби білімдері мен дағдыларын жаңартып отыру үшін осы саладағы жұмысын сақтап қалды.
Осыған байланысты ТжКБ жүйесінде оқыту сапасын арттыру мақсатында Сингапур, Жапония, Қытай сияқты елдердің педагогтерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру жүйесінің халықаралық тәжірибесі және бірлескен кәсіби даму қағидаты енгізілетін болады.
Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда педагогтердің міндетті тағылымдамасымен бірге тәжірибеге бағдарланған біліктілікті арттыру курстарын (60 %-ы теория және 40 %-ы өндірістегі практика) енгізу жалғасады. Жалпы, біліктілікті арттыру курстарының бағдарламасы халықаралық талаптар бойынша колледждің білім беру процесін ұйымдастырудың тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталатын болады.
Халықаралық практикада "Педагог" кәсіптік стандарты педагог кадрларды даярлау және дамыту, педагог еңбегін бағалау және оны сертификаттау жүйесі үшін әдіснамалық негіз болып табылады. Ол білім беру жүйесін реформалауды ескере отырып, үнемі жаңартылып отырады. Кәсіптік стандартты әзірлеуге практикасы бар педагогтер мен сарапшылар қатысады.
ЭЫДҰ елдерінде мектеп директорларының 30 %-ы педагогикалық көшбасшылыққа оқытылады. Көптеген елдерде, мысалы, АҚШ-та педагогтердің кетуі бұрыннан бері халықаралық проблема ретінде танылған. АҚШ-тың кейбір штаттарында жас педагогтердің 40 %-ы жұмысқа орналасқаннан кейінгі алғашқы екі жылда кәсіптен кетеді. ЭЫДҰ елдерінде әрбір оныншы педагог мектептен кетеді. Аталған проблеманы шешу үшін АҚШ жас педагогтерге тәлімгерлер тарту бойынша бағдарламалар қабылдады, бұл проблеманы шешуге, ал елдің кейбір өңірлерінде осы бағдарламаларды іске асырғаннан кейін жас педагогтерді 100 % сақтауға мүмкіндік берді.
Бұл халықаралық тәжірибені Қазақстанда Мемлекет басшысының үш жылда бір рет педагогтердің біліктілігін арттыруды өткізу жөніндегі тапсырмасын, сондай-ақ өмір бойы оқыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қолдануға болады. Сонымен қатар елімізде жаңа жағдайларды ескере отырып, жаңартылатын "Педагог" кәсіптік стандарты қолданылады.
Дуальды оқытуды дамыту
Дуальды оқыту, еуропалық білім беру жүйесінің тәжірибесі көрсеткендей, білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің тығыз өзара іс-қимылының өнімі болып табылады. Білім алушы оқытудың ерте кезеңдерінде кәсіпорын қызметкері ретінде өндірістік процеске қосылады.
Жұмысшыларды даярлаудың дуальды жүйесі негізінен англо-саксондық өндірістік кәсіпорындар жүйесіне тән, жоғары корпоративтік тәуелсіздікпен байланысты және Германиядан басқа Аустрия мен Швейцарияда белсенді дамып келеді.
Еуропа елдерінде жұмысшыларды кәсіптік даярлаудың негізгі түрлерінің бірі 15-25 жас аралығындағы адамдар үшін әртүрлі оқу мерзімдері (2-4 жыл) бар "мектеп – кәсіпорын" типіндегі ауыспалы оқыту немесе қайта даярлау болып табылады. Әдетте, оқыту кәсіптік оқыту орталықтарында жүзеге асырылады, онда студенттер теориялық курсты игереді, оны кәсіпорындағы тәжірибемен біріктіреді (Дания, Португалия, Германия, Финляндия, Швейцария, Нидерланд).
Кәсіптік даярлықты ұйымдастыру және оны қаржыландыру әлеуметтік әріптестік негізінде құрылады. Кәсіби дайындықтың дуальды жүйесінің моделі оқу процесінің барлық мүдделі тараптарының: білім алушылардың, жұмыс берушілердің, мемлекеттің мүдделерін біріктірудің нәтижесі болды. Өндірісте кәсіптік даярлауға негізгі шығындарды жұмыс берушілер көтереді. Бұл қаражаттың көп бөлігі студенттерге стипендия төлеуге, қалғаны кәсіптік өндірістік оқытуды ұйымдастыруға жұмсалады. Кәсіпорындар бастауыш және үздіксіз кәсіптік білім берудің көлемі мен сапасын белгілей алады, ал мемлекет тек түлектер үшін біліктілік стандарттарының деңгейлерін анықтайды және оқуға қаражат береді.
Қазақстанда жұмыс берушілердің қаржы қаражаты есебінен өндірісте кәсіптік даярлауды жүргізу бойынша халықаралық тәжірибе қолданылатын болады және олардың білім беру бағдарламаларының мазмұнын, оқыту траекториясы мен мерзімдерін айқындауға қатысуы жалғастырылады.
Білім алушыларға қосымша білім беру жүйесін дамытудың әлемдік үрдістері
Әртүрлі елдерде мектептен тыс уақытта ұсынылатын қызметке сілтеме жасау үшін "қосымша білім беру", "формальды емес білім беру", "мектептен тыс білім беру", "бос уақыт бағдарламалары" және т.б. терминдер қолданылады.
Еуропаның барлық дерлік елдерінде мектептен тыс жұмыстың ең икемді және инновациялық түрлерінің бірі ретінде бейресми білім берудің саясаты белсенді дамуда.
Финляндияда мектептегі білім беру шеңберінен тыс спорт клубтарында, өнер, музыка мектептерінде және т.б. балалармен жұмыс жүргізіледі. Мектепте қосымша білім тегін, мектептен тыс уақытта – ақылы (дарынды балаларды қоспағанда, олар үшін спорт клубтары немесе қорлар төлейді).
Жыл бойы балаларға кез келген үш курсты таңдау ұсынылады – спорттық немесе көркем шығармашылық, музыкалық немесе әдеби және басқалар.
Германия, Скандинавия, Франция, Канада және АҚШ-та толық күндік мектептер жұмыс істейді, онда әртүрлі білім беру мүмкіндіктері ұсынылады және баланың жан-жақты дамуына жағдай жасалады. Толық күндік мектептерде таңертеңгі оқыту стандартты бағдарлама бойынша өтіп, түстен кейін білім оқушылар таңдау бойынша кез келген қосымша білім беру қызметіне қатыса алады.
Жапонияда бейресми білім берудің кең желісі құрылған: балалар мәдени-ағарту орталықтары, спорт клубтары. Дене шынықтыру, көркем шығармашылық және ұлттық өнер түрлері бойынша мектеп бағдарламасына кірмейтін қосымша сабақтарға әр білім алушының міндетті түрде (бірақ таңдау бойынша) тегін қатысу практикасы бар. Сонымен қатар әр тұрғын ауданда білім алушылармен қосымша жұмыс ұйымдастырылады: хор сабақтары, музыкалық аспаптарда ойнау, бал билері, үй шаруашылығын жүргізу және т.б.
Қытайда адамның өмірде өзін-өзі әртүрлі бағытта жүзеге асыру мен тұлғалық қасиеттерді дамытуға басты назар аударылады; мәдени-тарихи білім беру ұлттық бірегейлікті сақтау, жедел бара-бар әрекет ету, ұтқырлықтың құралы ретінде; ұлттық салт-дәстүрмен нақты істерге араласу арқылы таныстыру.
Әлемде көрмелер, мұражайлар, ғылыми-танымдық бағдарламалар арқылы балалардың, жастардың, жұртшылықтың назарын ғылымға аударуға бағытталған ірі орталықтар құру практикасы бар. Бұл орталықтардың, саябақтардың, балалар мамандандырылған лагерлерінің мақсаты – балаларды ғылым мен техника саласында оқып, білімдерін дамыту, болашақ ғалымдар, инженерлер ұрпағын дайындау және қоғам мен ғылым арасында тығыз қарым-қатынас орнату.
Қазақстанда балалардың қосымша білім алуға деген көзқарасының сапасы отбасының мәдени капиталына тікелей байланысты, ата-ананың бала тәрбиесіне және бос уақытын тиімді өткізуге деген көзқарасымен қалыптасады. Сондықтан балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастырумен қатар әртүрлі өзара іс-қимыл форматтары арқылы ата-аналардың балаларды қосымша білім беруге тартуға ынтасын арттыру және ақпараттандыру жұмыстарын жандандырып, мазмұны мен форматтары балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеретін қосымша білім беру бағдарламаларын әзірлеу қажет.
Осылайша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, балалардың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескеретін үйірмелер мен секцияларға балаларды тартудың әртүрлі форматтары арқылы балаларды қосымша білімге қосуға ата-аналарды ақпараттандыру және олардың ынтасын арттыру жұмысы жандандырылатын болады.
4-бөлім. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған пайымы
Алдыңғы жылдары іске асырылған реформалар мен бастамалардың нәтижелері негізінде білім беруді дамытудың жаңа пайымы білім берудегі басым жүйелік проблемалардан және педагогикалық қоғамдастық проблемаларынан білім алушыға және оның қажеттіліктеріне қайта бағдарлау болып табылады.
Білім беру ұйымдарында адамның білімділік деңгейін көтеріп қана қоймай, сонымен қатар өз өмірлік мүдделеріне, қазақстандық қоғамның мүдделерінде де шығармашылық әлеуетін серпінді әлеуметтік-экономикалық жағдайларда іске асыруға қабілетті, түлектің түйінді құзыреттеріне ие, адамгершілігі жоғары және жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін атмосфераны қалыптастыру білім беру жүйесінің таяудағы жеті жылға арналған негізгі бағдарына айналуға тиіс.
2023 – 2029 жылдарға арналған білім беруді дамытудың жаңа траекториялары білім алушыға педагогикалық қолдау көрсету үлгісіне негізделетін болады, мұнда педагог оқу-тәрбие үдерісінің көмекшісі ретінде балаға әлемді өздігінен тануға, өз мүмкіндіктерін ашуға және жеке қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескере отырып білім алуға мүмкіндік береді.
Білім беру тұжырымдамасы білім берудің ағымдағы жағдайынан бұрынғысынан сапалы түрде ерекшеленетін басқа жағдайға көшуді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осылайша, 2023 – 2029 жылдарға арналған білім беруді дамыту траекториясы:
- тұратын жеріне және әлеуметтік мәртебесіне байланысты білім беру сапасындағы алшақтықтан сапалы білім алуға қолжетімділікті теңестіруге (мектепке дейінгі ұйымдардың құзыреттілік орталықтары, тірек мектеп, құзыреттілік орталықтары, "цифрлық педагог", жазғы мектеп, кадрларды ротациялау және басқа да тетіктер);
- сапалы білім беру инфрақұрылымының тапшылығынан заманауи санитариялық нормаларға, қауіпсіздікке, жарақтандыру стандарттарына сәйкес келетін объектілермен қамтамасыз етуге;
- педагог кадрлардың тапшылығынан педагог орны үшін бәсекелестікке (педагогикалық мамандықтарға түсу үшін үміткерлерге қойылатын талаптарды күшейту, жұмысқа конкурспен қабылдау, ісін жаңа бастаған педагогтерді сертификаттау және басқалар), педагогтің жоғары мәртебесін қамтамасыз етуге, тағайындау және аттестаттау арқылы білім берудегі сапалы менеджментке;
- оқытудың дәстүрлі бағдарламаларынан білім алушыларды болашаққа дайындауға (білім беру мазмұнының құндылық аспектісін өзектендіру, оқу бағдарламаларының жаһандық құзыреттіліктерді, эмоционалды зияткерлікті, сыни ойлауды, білім алушылардың кәсіпкерлік және қаржылық сауаттылығы негіздерін қалыптастыруға бағытталуы; оқытуды бейіндік саралау және даралау, оқыту бағыттарын таңдаудың кең және икемді мүмкіндіктері арқылы);
- қазақстандық білімнің жергілікті фокусынан сыртқы нарықтарда қазақстандық білімнің және оның түлектерінің қажеттілігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға (білім берудің жүйелілігін, сабақтастығын және үздіксіздігін қамтамасыз ету, инклюзивтілік, барлығы үшін сапалы білім беруге тең қолжетімділік);
- сыртқы бақылаудың қатаң әдістерінен білім беру сапасын жүйелі қамтамасыз етуге және білім беру саласындағы заңнаманың қолданыстағы нормаларын бұзушылықтардың алдын алуға және он жасаудың себептері мен шарттарын жоюға ұсынымдар беруге бағытталатын шараларға көшуді көздейтін болады.
5-бөлім. Негізгі қағидаттар мен тәсілдер
Білім беруді дамыту тұжырымдамасы мынадай қағидаттарға негізделген:
1) барлық адамның сапалы білім алу құқықтарының теңдігі;
2) зияткерлік дамуы, психологиялық-физиологиялық және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, халық үшін барлық деңгейдегі білімнің қолжетімділігі;
3) азаматтық және ұлттық құндылықтардың, адам өмірі мен денсаулығының, жеке адамның еркін дамуының басымдығы;
4) адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу;
5) білім беру деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігі;
6) білім беруді басқарудың демократиялық сипаты, білім беру жүйесі қызметінің ашықтығы.
Жоспарланған траекторияны жүзеге асыру үшін Тұжырымдамада белгіленген жолға жетудің негізгі тәсілдері, стратегиялары мен тактикасы айқындалған 7 негізгі бағыт көрсетілген.
1-бағыт. Тең бастапқы мүмкіндіктер жасау
1-параграф. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қолжетімділікті кеңейту
Білім беру қызметтерінің жоғары сапасына кешенді көшуді жүзеге асыру және 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың сапалы МТО-ға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін пәрменді шаралар қабылданатын болады. Ең алдымен, бұл жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру, қосымша алаңдарды, оның ішінде тұрғын үйлер мен басқа да үй-жайлардың бірінші қабаттарында пайдалану арқылы қолданыстағы желіні кеңейту есебінен жаңа орындардың ашылуы. Халықтың МТО қажеттілігін барынша есепке алу үшін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі қайта қаралатын болады. Мектепке дейінгі ұйымға мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жоспарлаудың міндетті шарты аумақтық бірліктердің (аудан, шағын учаске) демографиялық көрсеткіштерінің, өңірлік көші-қон ағындарының және туудың болжамы болады.
МТО жүйесіндегі мемлекеттік саясат халықтың әртүрлі әлеуметтік топтары мен топтарындағы балаларға сапалы білім алу үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге және тең бастапқы мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Қалыптасқан әлеуметтік карта негізінде "Әлеуметтік көмек" ақпараттық жүйесінде әр отбасының қиын өмірлік жағдайының деңгейін автоматты түрде көрсетеді. Мемлекеттік әлеуметтік қолдауға жататын балалар санатына Д, Е санатындағы отбасылардан шыққан балалар жатады (отбасының қолайсыздығының дағдарыстық және шұғыл деңгейі). Отбасының цифрлық картасындағы отбасының әл-ауқат индексі туралы мәліметтер тұрақты негізде жаңартылып отырады. Тегін ыстық тамақты одан әрі ұсына отырып, кезекке қою есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар МТО-ға қол жеткізе алады.
Балалардың мектепке дейінгі ұйымдарда болу қауіпсіздігіне, меншік нысанына қарамастан дамытушы заттық-кеңістік ортаны жарақтандыруға және абаттандыруға қойылатын талаптар артады, сондай-ақ ауыз сумен, санитариямен және гигиенамен қамтамасыз етуді қоса алғанда, қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Осыған байланысты мектепке дейінгі ұйымын қызметін ұйымдастыру тәсілдерінің өзгерістерін ескере отырып, бұдан әрі сәйкестікке келтіре отырып, мектепке дейінгі ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету мониторингі жүргізілетін болады.
Барлық мектепке дейінгі ұйымдарда инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалады. Арнайы және инклюзивті білім берудің Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы педагогтерімен бірлесе отырып, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың ЕБҚ балаларды оқытудың үлгілік оқу бағдарламаларын, педагогтерге арналған оқу-әдістемелік нұсқаулықтарды әзірлеу жұмысын жалғастырады.
Ашықтықты қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама беру және кезекке қою кезінде өңірлік ақпараттық жүйелерді кіріктіру арқылы ҰБДҚ негізінде бірыңғай кезектілік базасы құрылатын болады. Кезекке қоюдың өңірлік ақпараттық жүйелеріне қойылатын талаптар біріздендірілетін және күшейтілетін болады, оның ішінде ҰБДҚ-мен интеграциялау, міндетті аудит, LMS, блокчейн, алғашқы жылы ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу және аттестаттаудан арқылы өту бойынша провайдердің міндетін енгізу. Интеграция баланың бүкіл білім беру траекториясында бірегей цифрлық ізін сақтай отырып, мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау кезінде оған әмбебап ID беруге мүмкіндік береді.
2-параграф. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы мазмұнды Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі шеңберінде жаңғырту
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделін іске асыру шеңберінде Қазақстанда ХҚКО-2011 (ЮНЕСКО, 2013 жыл) сәйкес мазмұнды өзгертуді көздейтін жүйені трансформациялау жүргізілуде. Бастауыш мектепте оқуға және қоғамда әлеуметтенуге қажетті негізгі өмірлік дағдыларды игеруге бағытталған баланың танымдық, физикалық, әлеуметтік және эмоционалдық дамуын қолдау үшін кешенді тәсіл қамтамасыз етіледі. Мектепке дейінгі ұйымдарды оқу басылымдарымен және қосымша білім беру ресурстарымен, оның ішінде электронды форматта жабдықтау жақсарады.
Білім беру сапасын бағалау өлшемшарттарын анықтау және құралдарын әзірлеу арқылы МТО-ның сапасы артады.
Мектепке дейінгі ұйымдар оқушылардың жеке ерекшеліктері мен әлеуетті мүмкіндіктеріне сәйкес оқыту әдістемелері мен технологияларын, білім беру процесін ұйымдастырудың инновациялық нысандарын, әдістерін, тәсілдерін пайдаланады. Баланың даралығы мен субъективтілігін қолдауға, өмірлік қажетті физикалық, әлеуметтік, эмоционалдық, коммуникативтік, танымдық дағдыларын дамытуға бағытталған кедергісіз даму ортасы, трансформацияланатын ойын және тақырыптық аймақтар құрылады.
МТО-ның оқу бағдарламаларын іске асыру үшін пәндік-кеңістік ортаны құруға үлкен мән беріледі. Дамытушы пәндік-кеңістік орта балалардың пәндерді, ойындарды, белсенділік түрлерін, бірлескен іс-әрекетке және қарым-қатынасқа қатысушыларды еркін таңдау мүмкіндігіне бағдарланған оқу-тәрбие процесін құру үшін мектепке дейінгі ұйымдардың кеңістігінің және оған іргелес аумақтың білім беру әлеуетін барынша іске асыруды қамтамасыз етеді.
Модельді іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарда қолайлы қауіпсіз жайлы жағдайлар қамтамасыз етілуде, бағдарламалық мазмұн жаңартылды, оқу-тәрбие процесін нормативтік құқықтық қамтамасыз етілді.
Нәтижесінде қоршаған ортаға эмоционалды, мұқият қарайтын, табиғи құбылыстар, тірі және өлі табиғат туралы түсініктері бар, қоршаған орта сұлулығын көре алатын, тұрмыстағы және табиғаттағы экологиялық мінез-құлық дағдылары бар баланың тұтас дамуы күтілуде.
Қазіргі заманғы теорияларды ұлттық ерекшеліктермен үйлестіру негізінде баланың ерте даму процесінің тұтастығы қамтамасыз етіледі. Мектепке дейінгі білім берудің ашықтығы және ата-аналарды тәрбиелеу және оқыту процесіне тікелей тарту, балаларды тәрбиелеу және оқыту, олардың денсаулығын сақтау және нығайту бойынша ата-аналарды қолдау, сондай-ақ ата-аналар тарапынан білім беру бастамаларын қолдау маңызды. Білім беру ұйымдары жанынан ата-аналардың қажеттіліктерін ескере отырып, балалары МТО-мен қамтылмаған ата-аналарды психологиялық-педагогикалық қолдау мақсатында консультациялық пункттер құрылатын болады.
МТО-ның МЖС білім беру саласындағы міндеттері қазіргі уақытта өзіне қызықты іс-әрекеті түрлерін өздігінен таңдай алатын қолжетімді заттық-кеңістік ортаны ұйымдастыру арқылы іске асырылуға тиіс.
3-параграф. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласын көшбасшылық негізінде басқару тиімділігін арттыру
Өзгермелі әлемде педагогтің даму қабілеті, балаларды тыңдау және есту, сұрақтар қою, дәлелдер іздеу, оларды сыни тұрғыдан талдау және шығармашылық эксперимент жүргізу қабілеті маңызды. Педагогтер белсенді зерттеушілер және балалармен жұмыс істеудің жаңа түрлерін жасаушылар, жаңашыл және жауапты болуы тиіс.
Мектепке дейінгі ұйымдардағы менеджмент деңгейін арттырудың маңызды шарты көшбасшылық қағидаттарын кеңінен енгізу болып табылады. МТО моделі шеңберінде озық тәжірибені тарату бойынша жұмыс жалғасады.
Кадрлық әлеуетті қалыптастыру педагогтердің тиісті білім деңгейін қамтамасыз етуге, сыртқы оқыту жүйесі (біліктілікті арттыру курстары) және ішкі – әдістемелік жұмыс жүйесі арқылы арттыруға арналған.
Мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері педагогтерге оның тәжірибесіндегі нақты мәселелерді анықтауға көмектесетін болады, тәжірибе алмасу, МТО мақсаттары мен мазмұнын жаңарту жағдайында біліктілікті арттыру мүмкіндігін беру арқылы педагогтердің кәсібилігін жетілдіреді, баланы дамытатын бағдарламаларды ата-аналармен бірге таңдауды ұйымдастыру үшін балалардың қызығушылықтарын зерделеуге көмектеседі.
Жоғары оқу орындарының және колледждердің қатысуымен мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің сапалық деңгейін арттыру мәселесін шешуде кешенді көзқарас қажет. Педагогтердің білім деңгейі "Педагог" кәсіби стандартының талаптарына сәйкес болуға тиіс, білім беру бағдарламалары оларды қалыптастыруға және дамытуға бағытталуға тиіс.
Жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық факультеттерінің білім беру бағдарламалары қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер бойынша кадр даярлауды көздеуі, тәрбиелеу мен оқыту бағдарламаларын іске асыру үшін әдістемелік базаны қамтамасыз етуі, студенттердің педагогикалық практикадан өтуін қарастыруы тиіс. Кадр даярлаудағы теория мен практиканың бірлігі үшін жоғары оқу орындары мен колледждердің балаларды ерте дамыту мәселелері бойынша мектепке дейінгі ұйымдармен өзара іс-қимылы қамтамасыз етілуі тиіс.
2-бағыт. Орта білім беру жүйесі арқылы саналы және жан-жақты дамыған азаматты қалыптастыру
1-параграф. Орта білім беру мазмұнын жетілдіру
2021 – 2022 оқу жылында орта білім берудің МЖС-н, оқу бағдарламалары мен жоспарларын, оқыту мен білім беру әдістемелерін өзгертуге, критериалды бағалау жүйесін енгізуге негізделген білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу аяқталды.
Орта білім беру мазмұнын одан әрі жетілдіру тұжырымдамалық және әдіснамалық негіздерді айқындау арқылы жүзеге асырылатын болады.
Білім берудің заманауи моделін құрудың ғылыми-теориялық негізі гуманистік парадигманың тұжырымдамалық идеяларын жүзеге асыруға бағытталған тұлғалық-белсенділік және құзыреттілік тәсілдер болып табылады.
Елде білім беру мазмұнындағы құзыреттілік тәсілді іске асыру маңызды, өйткені TIMSS, PISA халықаралық зерттеулерінде білім алушылардың функционалдық сауаттылық деңгейін анықтайтын көрсеткіштері салыстырмалы түрде төмен.
Құзыреттілік тәсілі іс-әрекетке деген көзқарастың негізгі тұжырымдамасын қамтиды – "іс-әрекет арқылы оқыту" және оны білім алушы игерілген білімді іс жүзінде қолдана білуі керек деген талаппен күшейтеді.
STEM-тәсіл білім беру жүйесінің инженерлік-технологиялық трендінің талаптары, яғни осы саланы дамытудың жаңа парадигмасының инновациялық құрамдас бөлігі контекстіндегі тұлғалық-белсенділік және құзыреттілік тәсілдердің интеграцияланған форматын кеңейту және өзгерту болып табылады.
Білім берудің жаңа әдіснамасын, тұлғалық-белсенділік, құзыреттілік тәсілдерін және олардың интеграцияланатын инновациялық STEM тәсілін іске асыру мектеп білімінің мазмұндық-әдістемелік негіздерін трансформациялауды көздейді.
Білім беру мазмұны мектеп түлегінің пәндік, метапәндік және негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталған.
Білім беру мазмұнын жетілдіру: білім алушыға оқу жүктемесін төмендетуді, академиялық білімге баса назар аударуды, функционалдық сауаттылықты дамытуды, мазмұнын білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, дағдылар мен құзыреттерді дамытуға бағдарлауды, білім берудің STEM тәсілдері негізінде жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша оқытудың тиімділігін арттыруды, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен мәдениеті негізінде тәрбиелік компонентті күшейтуді көздейді.
Жалпы, қолданыстағы МЖБС, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының құрылымдық негіздері сақталады. Оқу мақсаттарының мазмұнына және пәндер бойынша күтілетін нәтижелерге өзгерістер енгізіледі. Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру МЖС-да оқыту мақсаттары жүйесіне және әрбір пәннің үлгілік оқу бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұзақ мерзімді жоспарға интеграцияланатын құндылықтар қайта қаралады. Мазмұнында көптілді білім беруді іске асыруға, қазақ, орыс және шет тілдерін кезең-кезеңімен және деңгейлік меңгеруді қамтамасыз етуге баса назар аударылатын болады.
Оқу бағдарламаларында инвариант шеңберінде пәндер бойынша оқу материалын қайталауға және бекітуге қосымша сағаттар көзделеді. Барлық үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары енгізілгенге дейін міндетті сараптамадан және апробациядан өтеді. Бағдарламалар кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Мәселен, қазақ тілінде оқытатын мектептерде бірінші сынып оқушылары "Қазақ тілін" оқиды, 2-сыныпта бағдарламаға "Орыс тілі", 3-сыныпта "Ағылшын тілі" енгізіледі. Орыс тілінде оқытатын мектептерде 1-сыныпта "Қазақ тілі" және "Орыс тілі" оқытылады, 3-сыныптан бастап "Ағылшын тілі" қосылады. Оқытудың негізгі қағидасы – сөйлеу әрекетінің төрт түрін дамыту (тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу). 5-8, 10-сынып білім алушылары оқыту тіліне қарамастан "Қазақ тілі" оқу пәні бойынша емтихан тапсырады, 10-11-сыныпта "Ағылшын тілі" пәнін топтарға бөле отырып оқуға қосымша 1 сағат енгізіледі, бұл қазақ/ағылшын тілдерін еркін меңгеруге мүмкіндік береді.
Қазақ тілінде оқытатын мектептерде 5-ші пен 11-сынып аралығында "Әлем әдебиеті" жеке оқу пәнін енгізу мәселесі пысықталатын болады.
"География" пәнінің оқу бағдарламасының мазмұнында қазақстандық компонент күшейтіледі. Мектептегі тарихи білім берудің мазмұнын жетілдіру мақсатында "Қазақстан тарихы" және "Әлем тарихы" пәндері бойынша оқу бағдарламаларында тарихи фактілер мен мәліметтердің хронологиясы, кезеңділігі қайта қаралатын болады.
ЖМБ пәндерін оқыту "Жаратылыстану", "Математика", "Алгебра", "Геометрия", "Алгебра және анализ бастамалары", "География", "Биология", "Физика" және "Химия" оқу пәндерінің мазмұны арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте негізгі міндет білім алушыларда оқытуға пәнаралық, шығармашылық, жобалық тәсілдерге, сабақтастықты сақтауға, жаратылыстану-математикалық пәндер туралы білімді кеңейту мен тереңдетуге, пәнаралық байланысты күшейтуге негізделген құзыреттерді қалыптастыру болып табылады.
5-9-сыныптарға арналған "Жаһандық құзыреттіліктер" оқу курсының мазмұнына адам өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, даралықты, жеке өмір мен қол сұғылмаушылық құқығын сақтауға, қорқыту мен зорлық-зомбылықтан қорғауға бағытталған "Тіршілік қауіпсіздігі" бөлімі енгізілген.
"Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәні "Алғашқы әскери дайындық" болып қайта аталады. Оқу пәнінің мазмұнында практикалық бөлім күшейтіледі, "Тіршілік қауіпсіздігі негіздері" бөлімін оқуға сағат саны ұлғайтылады.
Негізгі мектеп бағдарламасы бейінді дайындыққа және колледждерде немесе жоғары сыныпта оқуды жалғастыруға бағытталған. Жоғары сыныптарда түлектерді жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыруға мақсатты және терең дайындық жүргізіледі.
Білім беру ұйымдарына үздік отандық және әлемдік тәжірибелерді енгізу, вариативтік бағдарламаларды әзірлеу және енгізу арқылы инновацияларды таңдауда дербестік беріледі.
Пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу педагогтер мен білім алушыларға арналған электрондық платформалар арқылы жүзеге асырылады, бұл бүкіл оқу процесін цифрландыруға әкеледі.
Мазмұнды платформалар, сапалы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер, оқу процесінде планшеттерді пайдалану білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру бойынша дағдыларды дәйекті және жүйелі дамытуға мүмкіндік береді, материалдардың көрнекілігін, қолжетімділігін, даралығын, білім алушылардың дербестігін қамтамасыз етеді.
Барлық сыныптарда мультимедиялық (аудио, бейне), интерактивті мазмұны және геймификация элементтері бар функциялары бар инварианттық пәндер цифрлық оқулықтармен 100 % қамтылады.
Нәтижесінде бәсекеге қабілеттілік артады, оқу-тәрбие процесі жетілдіріледі, балалардың, педагогтердің жүктемесі азаяды, жалпы білім беру сапасы жоғарылайды.
Оқулықтар мен ОӘК әзірлеу және көбейту процесі бәсекелестік ортаға берілді. Нәтижесінде қолданылатын оқулықтарды 20 баспа компаниясы әзірледі. Мемлекет оқу басылымдарының сапасын міндетті сараптама және баламалы оқулықтарды мақұлдау, сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК құрылымы мен мазмұнына міндетті талаптарды ұсыну және тексеру және баспаішілік сараптама рәсімі арқылы реттейді.
Бастауыш сыныптарда баламалы оқулықтарды енгізу алдағы жылдары білім берудің вариативтілігін және оқулықтардың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Болашақ кәсіпті дұрыс таңдау үшін білім алушыларды ерте кәсіптік бағдарлау жүйесі енгізілуде. Мектептерде "педагог-кәсіптік бағдар беруші" лауазымын енгізу нәтижесінде 4 мың педагог-кәсіптік бағдар беруші өз міндеттеріне кірісті және білім алушылардың белгілі бір кәсіптік қызмет түрлеріне бейімділігін анықтау бойынша іс-қимыл кешенімен қамтамасыз етеді.
Педагог-кәсіптік бағдар берушілердің жұмысына арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді, орта білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдар беру жұмысын дамытудың тұжырымдамалық негіздері айқындалды.
Балалардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және болашақ мамандығын таңдауға ықпал ететін бірыңғай мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын желілік мектептер құрылды. Барлық өңірлерде Қ. Сәтбаев атындағы инженерлік мектептер желісі, О. Жәутіков атындағы IT-мектептер, Абай атындағы гуманитарлық мектептер жұмыс істейді.
Үлгерімі төмен, сондай-ақ әлеуметтік осал отбасылардан шыққан білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды негізгі пәндер бойынша онлайн режимде қосымша сабақтар ұйымдастыру арқылы толықтыру үшін "Цифрлық мұғалім" жобасын енгізу жоспарлануда. Жоба үлгерімі төмен балалардың жеке ерекшеліктерін ескере отырып, ақпараттық жүйе арқылы оқытудың бейімделген әдістемесін іске асыруды қамтамасыз етеді.
Ауылдық ШЖМ-де білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқартуға "Цифрлық ауыл мектебі" жобасы ықпал ететін болады. Жоба шеңберінде ауылдық ШЖМ қашықтан оқыту форматында сабақ өткізетін сұранысқа ие білікті педагогтермен қамтамасыз етілетін болады. "Химия", "Физика", "Математика", "Ағылшын тілі" және басқа пәндер бойынша педагогтердің тапшылық мәселесі шешіледі. Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы әдістемелік және әдіснамалық сүйемелдеуді, "Өрлеу" ұлттық біліктілікті арттыру орталығы педагогтерді цифрлық форматта жұмыс істеуге даярлауды қамтамасыз етеді. ШЖМ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы айтарлықтай нығая түседі.
Мектепті басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында мектепішілік бақылау жүйесі жетілдірілді, онда ең алдымен мектеп директорларының орынбасарларына, педагогтердің әдістемелік бірлестіктеріне бақылау өкілеттіктерін беру есебінен бақылау субъектілерінің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға баса назар аударылды. Мақсатын, теориялық тәсілдерін, бағалау критерийлерін және нәтижелерді өңдеу әдістемесін көрсете отырып, мектепішілік бақылау ережесі әзірленді. Мектепішілік бақылау бағыттары бойынша табысты нәтижелер мен кемшіліктерді бақылау негізінде тұрақты талдау және бағалау мектепті басқару қызметінің сапасын арттыруға және жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Балалардың білім сапасын арттыру мәселелерінде әр мектептің ішкі ресурсы пайдаланылатын болады. Педагогтер дәстүрлі әдіс-тәсілдерден басқа "сабақты зерттеу", "іс-әрекеттегі зерттеу" әдістерін қолданады, сабақтарға қатысады, кері байланыс береді, сабақтарды бірлесіп жоспарлау мен модерациялауды жүзеге асырады және т.б.
2-параграф. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін орта білімнің қолжетімділігі
Орта білім беру ұйымдарында сапалы және қолжетімді білім беруді қамтамасыз ететін физикалық кедергісіз қолайлы ортаны, әдістемелік, кадрлық және басқа ресурстарды қоса алғанда, эргономикалық негізде инклюзивті білім беру ортасы құрылатын болады.
Инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істейтін педагогтерге (пән мұғалімдері, педагогтер, педагог-ассистенттер және басқалар) қойылатын біліктілік талаптарын жаңарту "Педагог" кәсіби стандарты негізінде жүзеге асырылатын болады.
ЕБҚ балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауды іске асыру үшін арнайы білім беру ұйымдары орналастырылатын ғимараттар мен үй-жайлардың базалық инфрақұрылымының жалпыға міндетті ең төменгі стандарттарын әзірлеу және бекіту бөлігінде нормативтік құқықтық база жетілдірілетін болады.
ПМПК ашу 50 мың балаға 1 есебінен жүзеге асырылатын болады. Қажеттілігіне қарай, 34 ПМПК ашылады: 2023 жылы – 15, 2024 жылы– 14, 2025 жылы – 5.
ПМПК кабинеттерінің желісі 2025 жылдың соңына дейін 26 бірлікке, мектептер жанындағы инклюзияны қолдау кабинеттерінің желісі 2029 жылдың соңына дейін 200 бірлікке кеңейтіледі.
Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру кезектілікті қысқартады және ЕБҚ балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтуды ұлғайтады.
Денсаулығында әртүрлі кінәраты бар балаларды ерте анықтау және түзету үшін көмек берудің тұтас жүйесін құру, ППТК мен ОО үшін балаларды ерте дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеу және бекіту жоспарлануда.
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың (балалардың) "бесіктен – мамандыққа дейін" қағидаты бойынша білім беру маршрутының жүйесі пысықталатын болады.
ЕБҚ баланың білім беру маршрутының жүйесі баланы туғаннан бастап мамандық алғанға және оны жұмысқа орналастырғанға дейін сүйемелдеуді көздейді. Бұл тәсіл ЕБҚ адамдардың (балалардың) білім деңгейлерінің сабақтастығын сақтауға мүмкіндік береді.
Білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі оның деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Осы қағиданы сақтау мақсатында инклюзивті білім берудің үздіксіз жүйесінің моделі (балабақша, мектеп, колледж, ЖОО), ерте кәсіптік бағдарлау, ЕБҚ білім алушыларды кәсіптік және кәсіптік даярлау бағдарламалары әзірленетін болады.
Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарын ғылыми-әдіснамалық сүйемелдеудің үйлестіруші орталығы Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, ал арнайы білім беру мәселелері бойынша Арнайы және инклюзивті білім берудің ұлттық ғылыми-практикалық орталығы болады.
3-параграф. Инфрақұрылымды дамыту және мектептерді жаңғырту
Президенттің сайлауалды тұғырнамасын іске асыру жөніндегі жол картасын орындау мақсатында үш ауысымды оқыту, авариялық мектептер және білім алушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу мақсатында 2026 жылға қарай 1,5 млн жаңа білім алушы орнын іске қосу жоспарлануда.
"Жайлы мектеп" жобасы шеңберінде 2023 – 2025 жылдар аралығында екі ауысымда 841374 білім алушыға арналған 401 жаңа мектеп салынады (2024 жыл – 482 мың орын, 2025 жыл – 360 мың орын).
Бұл ретте мектеп кеңістігінің заманауи эстетикалық тартымды сыртқы келбетімен, білім алушылар мен педагогтердің қауіпсіздік режимін қамтамасыз ете отырып, оқу жабдықтары мен жиһаздардың толық жиынтығымен мектеп құрылысының бірыңғай стандарттарын қолдануды, сондай-ақ МЖБС-қа сәйкес алаңдар мен кабинеттер санының сәйкестігін қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ, ерекше тәртіп бойынша "дайын күйінде тапсыру" құрылысы (құрылыс мерзімдерін қысқарту, қымбаттауға жол бермеу) көзделген.
Мектептерде бастауыш сыныптар мен негізгі және орта мектептер үшін асханалары, спорт залдары бар жеке блоктар болады. Білім алушыларға арналған жеке шкафтарды, әр білім алушыға арналған мобильді парта-трансформерлерді орнату көзделеді. Мектептің барлық үй-жайлары, жиһаздар оқу процесін ыңғайлы, қауіпсіз және тиімді ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу, материалдық және рухани қажеттіліктеріне жауап беретін эргономика талаптарына сәйкес ұйымдастырылады және жабдықталады.
Сонымен қатар басқа тетіктерді іске асыру шеңберінде (жалпы сипаттағы трансферттер, бюджеттік инвестициялық жобалар, МЖӘ, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры, жекеменшік мектептердегі мемлекеттік тапсырыс есебінен) 2023 – 2025 жылдары 660 мыңнан астам оқушы орнын енгізу жоспарлануда.
Жеке әріптесті анықтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу қағидалары әзірленетін болады.
Бұдан басқа, 2026 – 2029 жылдарға жыл сайын 160 мыңнан астам жаңа оқушы орнын іске қосу жоспарлануда.
2023 және 2025 жылдар аралығында 6 бағыт бойынша 3000 мектепті жаңғырту көзделді (жыл сайын 1000 мектептен). 2023 жылдың соңына дейін 1000 мектепті жаңғырту шеңберінде 111 мектепте күрделі жөндеу, 507 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізу, 559 мектепке 793 пәндік кабинет сатып алу, 541 мектепте жиһазды жаңарту, 282 мектеп асханасын және 639 мектеп кітапханасын жаңғырту, сондай-ақ 505 мектепте қауіпсіздік жағдайларын жақсарту жоспарлануда.
2023 – 2029 жылдар аралығында робототехника, химия, биология, физика, STEM пәндері бойынша кемінде 7000 заманауи мектеп кабинеттерін ашу қарастырылуда.
2023 жылдан бастап жыл сайын кемінде 200 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.
"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 2-7) тармақшасына сәйкес Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының (бұдан әрі – Қор) қаражатын бөлу, жұмсау, мониторингілеу және есептілік қағидалары әзірленді.
Қор қаражатын бөлу құрылысы және (немесе) реконструкциялау (жапсарлас құрылыс) Қор қаражаты есебінен жүзеге асырылатын орта білім беру объектілерінің басым тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Қор қаражаты орта білім беру объектілерін салуға және (немесе) реконструкциялауға (жапсарлас құрылыс) жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу; қажетті сараптамалардан өту; жер учаскелерін бөлу; орта білім беру объектілеріне инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу; бұрын Қор есебінен қаржыландырылған орта білім беру объектілерін салудың және (немесе) реконструкциялаудың (жапсарлас құрылыс) сметалық құнын қымбаттауына байланысты шығыстарын қоспағанда жұмсалады.
Уәкілетті орган Қордың шотына қаражат түсімдерінің мониторингін ай сайын жүргізетін болады.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру стандартын жетілдіру мақсатында Жан басына қаржыландыру әдістемесіне:
- білім берудің барлық деңгейлерінде "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес келтіру мақсатында 2023 жылдан бастап mp коэффициентінің мөлшерін нақтылау;
- "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысында көзделген өзгерістерге сәйкес орта білім беру ұйымдарының нормативіне азаматтық қызметшілердің жалақысын 2022 жылдан бастап 23 %-ға ұлғайту;
- "Арал өңіріндегі экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңында көзделген экологиялық қасірет аймақтары бөлінісінде экологиялық қасірет аймағында тұрғаны үшін қосымша ақы төлеу коэффициенттерін қайта қарау;
- орта білім беру ұйымдарында білім алушылардың белгілі бір санаттарына қаржылық материалдық көмек көрсетуге бөлінетін оқулықтар мен құралдарды сатып алуға және жеткізуге жұмсалатын шығыстар нормасын енгізу;
- "шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар" ұйымдық-құқықтық нысанындағы орта білім беру ұйымдары үшін қаржыландыру көлемін есептеу кезінде түзету коэффициенттерін алып тастау ("Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын коммерциялық ұйым болып табылады) қарастырылған.
Бұл өзгерістер барлық орта білім беру ұйымдары, оның ішінде жеке білім беру ұйымдары үшін қаржыландыру шарттарын жақсартуды көздейді.
Сондай-ақ, жеткізушінің қызметкерлері болып табылатын педагогтердің еңбекақысын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысымен бекітілген азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесінде көзделгеннен төмен емес төлеуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырысты орналастыру туралы шартты жасасу арқылы Министрлік білім беру қызметтерін жеткізушілерге қосымша талаптарды енгізді.
Сонымен қатар білім беру қызметтерін жеткізушілерді білікті педагог кадрларды тартуға ынталандыруды арттыру мақсатында Министрлік мектептерді педагогикалық персоналдың біліктілік санаттары бойынша саралауды енгізуді, яғни мектептерді төмен, орта, жоғары деңгейлер бойынша градациялауды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Тиісінше, жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі мектептің педагогикалық құрамының біліктілік деңгейіне байланысты өзгеріп отырады, сондай-ақ білім беру сапасы бойынша қосымша бақылауды қамтамасыз ету мәселелері пысықталады.
Министрлік нормативтерді жетілдіру жөніндегі жұмысты тоқтатпайды және мемлекеттік бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдармен түрлі тәсілдер мен ұсыныстарды келісу жөнінде шаралар қабылдайды.
3-бағыт. Жастарды оқуға және еңбек нарығына интеграциялау
1-параграф. Техникалық және кәсіптік білімге сапалы және кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету
Мамандарды даярлау еңбек нарығының болжамды қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте ТжКБ ұйымдары оқытудың, оның ішінде қысқа мерзімді оқытудың икемді нысаны бар барлық білім беру қызметтерін ұсына отырып, жастардың кәсіби өзін-өзі жүзеге асыруы үшін орталық хабқа айналуға тиіс.
ТжКБ-ға сапалы және кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін 2026 жылға қарай ТжКБ-дан кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс көлемін 150 мың орынға дейін ұлғайту арқылы талап етілетін мамандықтар бойынша ТжКБ ұйымдарында тегін оқытумен 9-сыныптың тілек білдірген түлектерін толыққанды қамту бойынша жұмыс жалғастырылады. Сондай-ақ, жұмысқа орналастыру міндеттемесі бар кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды нысаналы даярлау ұлғайтылатын болады (жыл сайын 10 мыңнан астам талапкер). Кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында ТжКБ жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін екі есеге ұлғайту мәселесі пысықталатын болады.
10-11-сынып білім алушыларына негізгі оқумен қатар колледждер базасында жұмыс біліктілігін алу мүмкіндігі беріледі. Жастарды ТжКБ жүйесіне тарту үшін кәсіптік диагностика, кәсіптік сынамалар жүргізу және профессиограммалармен танысу арқылы, оның ішінде Қазақстанның жаңа кәсіптерінің атласы негізінде мектеп оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру жұмысы күшейтіледі. Кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізу кезінде ақпараттық платформа және кәсіптік бағдарлау мен мансаптың, оның ішінде Қазақстанның жаңа кәсіптерінің атласы негізінде мобильдік қосымша қолданылатын болады.
Студенттерді әлеуметтік қолдау бойынша жұмыс жалғасады. Ол үшін студенттердің стипендиясының мөлшері 2 есе артады. Студенттер жатақханаларда орындармен, оның ішінде жаңа орындарды енгізу есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Білім алушының жекебасын дамыту, оны одан әрі жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту мақсатында ел ішіндегі колледждерде білім алушылардың академиялық ұтқырлығын енгізу жоспарлануда. Кадрларды даярлаудың желілік нысанын дамыту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Кадрларды даярлаудың желілік нысаны теориялық даярлықты, өндірістік практиканы және (немесе) оқу практикасын, зертханалық, практикалық сабақтарды өткізу бөлігінде жұмыс берушілердің салалық қауымдастықтарымен, кәсіпорындармен және ТжКБ ұйымдармен өзара желілік іс-қимыл жасау туралы шарттың негізінде іске асырылады.
Жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарының базасында арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерін, оның ішінде ТжКБ ұйымдарының түлектері қатарынан даярлау жалғасады.
Студенттердің білімін бағалау жүйесінің сапасын жақсарту үшін ТжКБ ұйымдарында академиялық адалдық енгізілетін болады.
ЕБҚ қажет ететін адамдар үшін тең жағдайлар мен кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасады. 2025 жылға қарай барлық ТжКБ мемлекеттік ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасау жоспарлануда.
Кәсіптік бағдарлау және инклюзивті білім беруді дамыту құралы ретінде Abilympics қозғалысын дамыту шеңберінде "Атамекен" ҰКП-мен, жұмыс берушілермен ЕБҚ адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу үшін бірлескен жұмыс жүргізілетін болады.
WorldSkills International, WorldSkills Europe-мен өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Еліміздің ұлттық құрамасын WorldSkills халықаралық чемпионаттарына сапалы дайындау үшін демеуші-серіктестер мен ТжКБ ұйымдарының базасында "спортшыларды Олимпиадаға дайындау" қағидаты бойынша жаттығу лагерлері ұйымдастырылады. Жыл сайын WorldSkills өңірлік және республикалық чемпионатын өткізу үшін құзыреттер тізбесі кеңейтілетін болады.
Қабылданып жатқан жүйелі шаралар нәтижесінде Қазақстан WorldSkills-2025 әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте ТОП-20 елге кіруді жоспарлап отыр.
Білім алушылардың шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін ашуға ерекше көңіл бөлінетін болады.
Колледждер жастардың әлеуметтік және жеке дамуына, инновациялық және кәсіпкерлік қызметті жандандыруға, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға (soft skills), жастар істері комитеттерінің, студенттік парламенттердің, мүдделер клубтарының, спорттық және өзге де үйірмелердің қызметі арқылы шешімдер қабылдауға жәрдемдесетін жастарды тарту орталықтарына айналады. Колледждер сонымен қатар жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы кеңес береді және хабардар етеді, психологиялық, кеңес беру және заңгерлік көмек көрсетеді.
ТжКБ ұйымдары жанынан бизнес қаражаты есебінен 100 бизнес-инкубатор құрылатын болады, олар студенттердің кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға ықпал ететін болады.
2-параграф. Техникалық және кәсіптік білімнің мазмұнын жаңғырту және сапасын арттыру
WorldSkills стандарттарын оқу процесіне енгізу және жұмыс оқу бағдарламаларын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру, педагогтерді курстық оқыту және WorldSkills талаптары бойынша демонстрациялық емтихан өткізу кезінде ТжКБ ұйымдарын әдіснамалық қолдау және сүйемелдеу бойынша жұмыс жалғасады.
Жұмыс берушілермен бірлесіп білім беру мазмұны мен оқыту мерзімдерін анықтауда академиялық дербестікті кеңейту бойынша жұмыс жалғасады. Білім беру бағдарламаларын есепке алу мен сапасының бірыңғай ақпараттық ортасын қалыптастыру мақсатында білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу және оларды сараптау процесін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Білім беру бағдарламаларын жетілдіру және жаңарту жалғасады, онда кәсіпкерлік дағдыларды, негізгі икемді дағдыларды (soft skills) дамытуға бағытталған модульдер көзделетін болады.
Еуропалық кредиттік технология қағидаттарын ескере отырып, оқытудың кредиттік жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Жұмыс берушілердің талаптарын және жаңа кәсіптер атласын ескере отырып, ТжКБ мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышын өзектендіру жалғастырылады.
2023 жылдан бастап білім беру мазмұнын жаңартуды ескере отырып, мамандықтар мен біліктіліктер бойынша қазақ тілінде оқулықтар әзірлеу бойынша жұмыс басталады (2023 жылы – 180, 2024 жылы – 180, 2025 жылы – 180).
ТжКБ жалпы білім беретін пәндері бойынша үлгілік оқу бағдарламаларында жеке тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыру, білім алушылардың функционалдық сауаттылығының негіздерін жасау, жастарды қоғамдағы өмірге бейімдеу жөніндегі міндеттер шешілетін болады. ТжКБ ұйымдарының білім алушылары 15 жастағы білім алушылардың функционалдық сауаттылық деңгейін анықтауға бағытталған PISA-2025, PISA-2029 халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысатын болады.
Түлектерді жұмысқа орналастыру кезінде, ең алдымен, жас маманның дағдылары мен біліктілік деңгейі шешуші мәнге ие. Білім туралы дипломға қосымша құжат ретінде түлектің құзыреттілік картасы берілетін болады. Түлектің құзыреттілік картасы кәсіптік даярлық деңгейін және кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындау үшін талап етілетін қандай да бір құзыреттерді меңгеруін көрсетуге мүмкіндік береді.
Жұмыс берушілер үшін түлектердің құзыреттілік картасы кәсіби құзыреттер шеңберінде студенттер меңгерген оқу нәтижелеріне қол жеткізуді бағалаудың егжей-тегжейлі өлшемдерін білдіретін шаблон болады.
3-параграф. Шарттарды жаңарту және жұмыс берушілерді техникалық және кәсіптік білім беруге тарту
ТжКБ ұйымдарына өндірістен мамандарды тарту жұмысы жалғастырылатын болады. Бұл ретте "Атамекен" ҰКП жанындағы тәлімгерлер мектебі тәлімгерлерді өндірістен педагогикалық дағдыларға оқытуды жалғастырады.
Бұдан басқа, еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін ТжКБ ұйымдарының басшылары үшін біліктілікті арттыру курстары мен оқыту, оның ішінде "Болашақ" халықаралық стипендиясының шеңберінде ұйымдастырылатын болады.
Дуальды оқытуды одан әрі кеңейту және кәсіпорындардың ТжКБ ұйымдарына қамқорлығын дамыту үшін жұмыс берушілермен өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі жұмыс жалғасады.
Сондай-ақ "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп дуалды оқыту (педагогикалық дағдыларға оқыту) шеңберінде студенттердің кәсіби практикасын сапалы ұйымдастыру мақсатында тәлімгерлік мектебін дамыту жөніндегі іс-шаралар жалғастырылатын болады.
ТжКБ ұйымдарын дамытудың басым бағыттары мәселелері бойынша қамқоршылық кеңестердің рөлі күшейтіледі. Кәсіпорындар WorldSkills жарыстарын өткізуге, білім алушылардың кәсіптік практикасын ұйымдастыруға, кәсіпкерлік дағдылар негіздерін оқытуға, жастарды белсенді өмір салтына тартуға, сондай-ақ түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыруға белсенді қатысады.
Түлектердің жұмыспен қамтылуы және жұмысқа орналасуы туралы шынайы және толық ақпарат алу үшін мүдделі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау жүзеге асырылатын болады.
Ұлттық біліктілік жүйесін одан әрі дамыту жалғасады. Біліктілікті тану жүйесі енгізілетін болады. Білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттау демонстрациялық емтихан нысанында жүргізілетін болады. Түлектер біліктілікті тану орталықтары арқылы біліктілігін растайтын болады.
4-параграф. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қаржылық орнықтылығын арттыру және нысаналы қолдау
ТжКБ мемлекеттік ұйымдарының, оның ішінде бизнес қаражаты есебінен МТБ нығайту жөніндегі жұмыс жалғасады. Колледждер, оның ішінде бизнес қаражаты есебінен жаңғыртылып, заманауи жабдықтармен жабдықталатын болады.
ТжКБ ұйымдарын оқу шаруашылықтары мен шағын кәсіпорындар (егістіктер, фермалар, жылыжайлар және басқалар) құру жолымен коммерцияландыру дамитын болады. ТжКБ ұйымдары ақылы негізде қызметтерді ұсынатын болады және оқу-өндірістік шеберханаларда, шаруашылықтарда, оқу полигондарында шығарылатын тауарларды өткізетін болады. 2028 жылға қарай колледждердің 50 %-ында (2023 жылы – 20 бірлік, 2024 жылы – 33 бірлік, 2025 жылы – 36 бірлік, 2026 жылы – 62 бірлік, 2027 жылы – 67 бірлік) өздерінің оқу шаруашылықтары мен шағын кәсіпорындары болады. Ол үшін ТжКБ ұйымдарын икемді ұйымдық-құқықтық нысанға көшіру жүзеге асырылатын болады.
"Жас маман" жобасы шеңберінде жарақтандырылған ТжКБ ұйымдары жанынан мамандық бейіні бойынша кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру, WorldSkills чемпионаттарына қатысушыларды даярлау, мектеп білім алушылары үшін кәсіптік сынамалар жүргізу, түлектер мен мамандарды сертификаттау жүйесі жөніндегі бағдарламаларды іске асыру үшін құзыреттілік орталықтары құрылады.
5-параграф. Техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру
Тең құқықтарды, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметтерді жаппай цифрландыру жалғастырылады. Электрондық үкімет порталы арқылы қолжетімді мемлекеттік қызметтер тізбесі және мемлекеттік қызметтермен қамтылған білім беру ұйымдарының үлесі ұлғаяды.
Жыл сайынғы негізде еGov mobile электрондық үкіметінің мобильді қосымшасында электрондық диплом шығару мүмкіндігімен түлектердің деректері цифрландырылатын болады.
ТжКБ ұйымдарында қашықтан оқытуды дамыту бойынша жұмыс жалғасады. ТжКБ ұйымдары студенттерді оқыту нысандары мен оқыту курстарына қарамастан қашықтан оқытуға ауыстыру мүмкіндігіне ие. Студенттердің өндірістік оқытуды ұйымдастыруға және кәсіптік практикаға көзделген академиялық сағаттарды қоспағанда, бүкіл оқу кезеңі үшін уақыттың 20 %-нан аспайтын қашықтан оқуға мүмкіндігі бар.
ТжКБ ұйымдарында бизнес, басқару және құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және қонақжайлылық бағыттары бойынша нақты мамандықтардың тізбесін айқындай отырып, онлайн-оқыту енгізілетін болады және білім беру ұйымдарына қойылатын жалпы талаптар, оның ішінде білім беру қызметін жүргізуге арналған лицензияға жеке қосымша алу белгіленетін болады.
Цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту (компьютерлік паркті, оқытудың мультимедиялық және интерактивті құралдарын жаңарту, оқытуды басқару жүйелерін әзірлеу, халықаралық сертификаттауды жүргізу) және кадр құрамының цифрлық дағдыларын дамыту (сертификатталған тренингтер) жөніндегі шаралар пысықталатын болады.
Хакатон жарыстарын өткізу жалғасады, онда командалар қысқа уақыт ішінде бизнестің алдында тұрған белгілі бір мәселелерді шешу үшін өнімнің прототипін (веб-сервис, ақпараттық жүйе немесе бағдарлама және басқалар) әзірлеуі керек.
Осылайша, коммерцияландыру процестеріне тартылуы немесе одан әрі ғылыми-зерттеу әзірлемелерінің негізі болуы мүмкін инновациялық жобалардың базасы қалыптастырылатын болады.
WorldSkills қозғалысы шеңберінде және IT бағыттар бойынша құрылған құзыреттілік орталықтарының базасында IT құзыреттер бойынша чемпионаттар өткізу арқылы білім алушылардың практикалық цифрлық дағдыларын жетілдіру бойынша жұмыс жалғасады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2030 жылға қарай ТжКБ оқу орындарын бітіргеннен кейінгі бірінші жылы жұмысқа орналастырылған түлектердің үлесі 80 %-ға жетеді.
4-бағыт. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, баланың қауіпсіз өмір cүруіне қолайлы жағдайды қамтамасыз ету
1-параграф. Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, баланың қауіпсіз өмір cүру жағдайын қамтамасыз ету
Қауіптің алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары (мектептер, колледждер, мектепке дейінгі ұйымдар) баланың мектептен келуі мен кетуін бақылау, ішкі істер органдарының жедел басқару желісіне қосылған бейнебақылау, дабыл беру және құлақтандыру жүйелерімен және мамандандырылған күзетпен жарақтандырылды.
Балаларды мектепке дейін және үйге қайту кезіндегі тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жалғасады. 2023 жылдың соңына дейін лизинг арқылы сатып алынған 396 автобус еліміздің барлық өңірлеріне жеткізіледі.
Бұл автобустардың техникалық сипаттамалары қолданыстағы заңнамада көзделген талаптарға сәйкес келеді: қауіпсіздік белдіктері бар балалар орындықтарымен, көліктің артқы жағындағы апаттық шығу жолымен, арнайы маяктармен және тану белгілерімен жабдықталған. Мектеп автобусында балаларды мектеп директорының бұйрығымен бекітілген арнайы қызметкер алып жүреді. Осы автобустар мектебі жоқ шалғай елді мекендерде тұратын балаларды тасымалдауды ұйымдастыру кезінде барынша қауіпсіздікті, жайлылықты қамтамасыз етеді.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында олардың арасында зорлық-зомбылық және білім алушылардың құқықтық қорғалу деңгейін айқындау үшін жыл сайын әлеуметтік зерттеулер жүргізілетін болады.
Мейірімді және қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету және жанжалды жағдайлардың алдын алу мақсатында мектептегі татуласу қызметтерін құру жұмыстары жалғасады.
Білім беру жүйесінің психологиялық қызметін реттейтін нормативтік құқықтық база жетілдіріледі, педагог-психологтардың әдістемелік құралдарының бірыңғай стандарттары әзірленеді.
Әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек әр баламен жеке жүргізіліп, мектепішілік есеп, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық комиссиялар тарапынан жасалатын профилактикалық көмек арқылы жүзеге асырылатын болады, бұл "тәуекел тобындағы" балаларды ерте анықтауды және оларға уақтылы көмек көрсетуді, тұтастай алғанда, балалар ортасындағы жағымсыз құбылыстардың жолын кесуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Психологиялық қызмет пен мектептегі татуласу қызметтерінің моделін әзірлеу және енгізу жоспарлануда. Педагогтердің, педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтердің, мектеп әкімшілігі мүшелерінің біліктілігін арттыру жүйесінде мектептің психологиялық қызметін және мектептің татуласу қызметін ұйымдастыру мәселелері бойынша оны ұйымдастырудың қазіргі заманғы нысандары қолданылатын болады.
Педагог-психологтардың жүктемесінің артуының мәселесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыру, оларға мамандандырылған кабинеттер беру шеңберінде шешіледі.
Жүргізіліп жатқан жұмысқа ата-аналар жұртшылығы, мүдделі органдар мен ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері де белсенді тартылатын болады.
Барлық өңірлерде балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер жұмыс істейді. Министрліктің Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен өзара іс-қимыл жасай отырып, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер балалардың қоғамда қауіпсіз болуы үшін жағдайлар жасауға жәрдемдесетін болады.
2-параграф. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау
Баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын іске асыру мақсатында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық орналастырудың тағы бір балама нысаны – асырап алушы кәсіби отбасы енгізілетін болады.
Балаларды кәсіптік отбасына беру тәртібі, кәсіптік тәрбиешілерге қойылатын талаптар, психологиялық даярлық бағдарламалары, әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдер тізбесі және басқалар заңнамалық тұрғыдан регламенттелетін болады.
Қиын өмірлік жағдайға тап болған балалары бар отбасыларға әлеуметтік-құқықтық және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету бойынша балаларды қолдау орталықтары мен психологиялық қызметтер желісін (балалар үйлерін трансформациялау) дамыту, сондай-ақ асырап алушы ата-аналар мектептерін дамыту бойынша ата-аналарға немесе оларды алмастыратын адамдарға құқықтық және консультациялық көмек көрсету жөніндегі жұмыс жалғастырылады.
Орталықтың тәрбиеленушілері мен өмірлік қиын жағдайдағы балаларды психологиялық және құқықтық қолдау қызметтерін құру және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілерін отбасылық орналастыруға жәрдемдесу, асырап алушы ата-аналарды сүйемелдеу және өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының түлектерін интернаттан кейінгі сүйемелдеу жоспарлануда.
Балаларды асырап алушы кәсіби отбасыларға табысты бейімдеу үшін жағдай жасау, сондай-ақ осы отбасыларға баланы тәрбиелеу және дамыту мәселелерінде психологиялық, педагогикалық және өзге де көмек көрсету мақсатындағы қызметтерді жетілдіру бойынша әдістемелік ұсынымдар, асырап алушы отбасыларды сүйемелдеу стандарттарын әзірлеу, кейс-менеджментті енгізу (баланы жеке сүйемелдеу) жоспарлануда.
Балаларды қолдау орталықтарын психологтермен, әлеуметтік педагогтермен және қызметкерлермен кезең-кезеңімен жасақтау жүргізіледі.
3-параграф. Білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету
Балалардың денсаулығын қорғау және нығайту құқығын қамтамасыз ету мақсатында білім алушыларды 2021 – 2023 жылдарға арналған сапалы теңдестірілген тамақпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын іске асыру жалғастырылатын болады, оның шеңберінде бірыңғай өңірлік мәзірлер бекітіліп, енгізіледі. Зерттеу жүргізіліп және оның нәтижелері бойынша МДҰ тәрбиеленушілерінің, балалар үйлерінің және ТжКБ ұйымдарының білім алушыларының тамақтану нормалары мен рационы қайта қаралады. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балалар білім беру ұйымдарында тегін тамақпен, ал барлық бастауыш сынып білім алушылары бірреттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.
Барлық қалалық мектептер кезең-кезеңімен қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшетін болады, мектептегі ас блоктары бейнебақылауымен қамтамасыз етіледі, бракераждық комиссиялардың қызметі жандандырылады. Мектеп асханаларының МТБ, оның ішінде МЖӘ есебінен жақсарады. Қызмет көрсету сапасын онлайн-бағалау кезең-кезеңімен енгізіледі.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жекеменшік мектептерде оқитын балалар оқулықтармен, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар мектеп формасымен, тамақпен, кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілетін болады.
Қала сыртындағы балалар демалысын ұйымдастыру басым бағытқа ие болады. ЖАО әлеуметтік осал, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, "Тәуекел тобындағы" балаларға, девиантты мінез-құлқы бар балаларға арналған жазғы лагерлердің арнайы ауысымдарын ұйымдастырады. 2027 жылдың соңына дейін 18 мың орындық 50 балалар сауықтыру орталығы құрылып, 340 мыңнан астам немесе әлеуметтік осал, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың жалпы санының 70 %-ы демалыспен және сауықтырумен қамтылатын болады.
Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың балалардың туғаннан бастап кәмелетке толғанға дейінгі өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, қауіпсіз және жайлы оқу ортасын қаржыландыру және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру мақсатында "Балалар бюджеті" есептеу әдістемесі әзірленеді. Балаларға арналған бюджет әдістемесін енгізу орталық мемлекеттік және ЖАО-ға балалардың мемлекеттік қаржыландыру көлемін, осы шығыстардың басымдылығын және олардың тиімділік деңгейін айқындауға мүмкіндік береді.
4-параграф. Балалар мен олардың ата-аналарының құқықтық сауаттылығын арттыру
Білім алушылардың құқықтық мәдениетінің деңгейі олардың әлеуеті мен дамуының көрсеткіштерінің бірі, сондай-ақ қоғамдағы балалардың құқықтық қорғалуының маңызды өлшемшарты болып табылады.
10 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың құқықтық қорғалу деңгейін айқындау бойынша социологиялық зерттеу жүргізу жалғасады, оның шеңберінде балалардың өз құқықтарын, міндеттерін және оларды іс жүзінде қолдану деңгейінің ағымдағы жай-күйін анықтау, сондай-ақ ата-аналардың, мұғалімдердің, тәрбиешілердің және басқа бала тәрбиесіне қатысатын адамдардың БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясының негізгі ережелерін орындауы зерделенеді.
Әртүрлі салада балалардың жағдайын жақсарту жөніндегі ұлттық саясаттың тиімділігін қадағалау және балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету саласында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалау үшін ұлттық мониторинг әзірлеу жоспарланған.
ЮНИСЕФ техникалық қолдауымен бюджеттен тыс қаражат есебінен балалардың әл-ауқатының интерактивті картасы әзірленетін болады.
Әртүрлі ведомстволарда: білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін мамандардың қызметін бірыңғай ұйымдық құрылымға біріктіретін кешенді ведомствоаралық тәсілді ұйымдастыру жоспарлануда.
Балалардың құқықтарының бұзылуына жедел әрекет ету мақсатында мониторингтік топтардың қызметін жандандыру жоспарлануда.
Балалар бірлестіктері мен "Балалар өкілі" балалар әлеуметтік бастамаларын дамыту жөнінде шаралар қабылданады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған "Көшбасшылық пен қадір-қасиет" ұйымдарының өзін-өзі басқару көшбасшылары кеңесінің мүшелері үшін іс-шаралар циклі өткізілетін болады.
Білім беру ұйымдарын басқарудағы қамқоршылық кеңестердің рөлі нығая түседі. Сапалы құрам жасақтау және сайлау рәсімдерінің ашықтығына қол жеткізу мақсатында Қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына және оны білім беру ұйымдарында сайлаудың өкілеттіктерін кеңейту және кандидаттарды сайлауды регламенттеу бөлігінде сайлау тәртібіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу жоспарлануда. Қағидалар білім беру деңгейлері бойынша әзірленетін болады.
"Өркен" ұлттық балалардың әл-ауқаты ғылыми-практикалық институты қазақстандық балалардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге ықпал ететін қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізетін болады (психологиялық денсаулық, өмір сапасы, әлеуметтік теңсіздікті төмендету үшін мүмкіндіктер іздеу, білім беру ортасында тәуекелдердің алдын алу); балалардың құқықтарын қорғау саласын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету және ақпараттық-ресурстық сүйемелдеу жүзеге асырылатын болады; балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың педагогтері мен қызметкерлерінің, сондай-ақ ата-аналар жұртшылығының біліктілігін арттыру курстары ұйымдастырылады.
5-бағыт. Қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу
1-параграф. Білім алушылардың жалпыадамзаттық құндылықтары мен эмоционалдық интеллектісін дамыту
Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – қоғамның, педагогтер мен ата-аналар қауымдастығының басты мақсаты. Отанға деген сүйіспеншілікті дарытуға, ата-баба дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеуге тәрбиелеу – мемлекеттің басты міндеті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу отбасынан басталады, отбасы жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, баланың бойында қоршаған қоғам туралы тұрақты әсерді қалыптастырады, сондықтан отбасы білім беру ұйымының әлеуметтік әріптесіне айналады.
Ресми білім беру шеңберінде білім алушылардың жалпыадамзаттық құндылықтары мен эмоционалдық интеллектін дамыту Абайдың "Толық адам", Шәкәрімнің "Ар-ұждан", Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық мұрасы, Ермұхан Бекмахановтың, Манаш Қозыбаевтың мәдени мұрасына, Ақселеу Сейдімбековтің қазақ халқының салт-дәстүрлерін қастерлеу және өз еліне қызмет ету жөніндегі идеяларына негізделуі тиіс.
Жаңа ұрпақты тәрбиелеуге қатысты мәселелерді жүйелеу үшін үздіксіз білім беру жүйесінде тәрбиелеудің тұжырымдамалық негіздері әзірленетін болады. "Іс-шараларды өткізу" тәсілінен "тәрбие мақсаты мен жобалық тәсіл арқылы әрбір деңгейдегі тәрбие жұмысы" тәсіліне көшу жүзеге асырылатын болады.
Оқыту мен тәрбиелеуге қатысты құндылыққа бағытталған тәсіл мектеп климатында, мәдениетте, мінез-құлықта және барлық қызметкерлердің көзқарасында көрінетін орта білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болады.
Құндылыққа бағдарланған тәсілді енгізу сынып менеджменті, әлеуметтік-эмоционалдық оқыту бойынша заманауи педагогикалық технологияларды енгізе отырып, білім беру ұйымдарында тәрбие процесін сапалы оқу-әдістемелік сүйемелдеуді, педагогтерді даярлау және қайта даярлау бағдарламаларының мазмұнына құндылықтарды сіңіруді талап етеді.
Балалардағы ұлттық құндылықтардың қалыптасуы ерекше маңызға ие, сондықтан оларды тәрбиелеу негізгі ұлттық құндылықтар негізінде жүзеге асырылуы керек. Негізгі ұлттық құндылықтар адамның рухани-адамгершілік дамуы мен тәрбиесінің негізі ретінде қарастырылады. Өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтар мен оларды сақтаудың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру қажеттілігі туындайды. Білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесінде отбасылық құндылықтар мен отбасы институтының маңыздылығы дамытылатын болады. Отбасын сақтау – мемлекет тұрақтылығының негізі. Мемлекет үшін ұлттық дәстүрлерді, құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау маңызды. Тәрбие жұмысы аясында білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақ арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, отбасы құндылықтарын дәріптеу қажет.
Отбасылық құндылықтарды насихаттау және оны сақтаудың маңыздылығын атап өту мақсатында Отбасы күні аясында (қыркүйектің әрбір екінші жексенбісінде) "Менің отбасым – шығармашылық отбасы", "Менің отбасым – оқуға құштар отбасы", "Менің отбасым – спорттық отбасы" және басқа да кеңестердің қатысуымен өңірлік конкурстар және әкелер, ақсақалдар кеңестері, аналар кеңестері, әжелер кеңестерінің қатысуымен басқа да іс-шаралар өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланады. Өмірлік қиын жағдайдың туындау қаупі бар аймақтағы отбасылар мен адамдарға көмек көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл регламентін әзірлеу және бекіту жоспарлануда.
Мектептер жанындағы білім беру ұйымдарын басқару мәселелеріне ата-аналардың тиімді қатысуы үшін ата-аналар академиялары құрылады.
"Мектеп – бала – ата-ана" үштігі принципі бойынша мектеп пен ата-ананың тығыз қарым-қатынасына негізделген жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген білім алушыларды тәрбиелеу мен оқыту жүйесін енгізу жалғасады. Осы шаралардың нәтижесінде әрбір оқушының физикалық, психикалық, эмоционалдық және адамгершілік дамуына бағытталған тәрбие жұмысының үйлесімді жүйесі қалыптасады.
Тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында сынып жетекшілігі туралы ережені қайта қарау және сынып жетекшісінің біліктілік сипаттамасын әзірлеу жоспарлануда.
Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудің құндылық тәсілі маңызды. Қазақстанның аумақтық тұтастығы, мемлекеттік тіл және бірлік қазақстандық қоғамның сөзсіз құндылықтары болып қала береді. Өскелең ұрпақтың тәрбие процесі өз біліміне, салауатты өмір салты мен кәсіби табысына, туған жеріне, ауылына, қаласына, өңіріне, кіші отанына, мәдениеті мен тіліне деген сүйіспеншілікке басты назар аудара отырып, өмірге деген дұрыс көзқарас элементтерін қалыптастыруға бағытталады. Қазақстандық жастар үшін адалдық, мейірімділік, әділдік, өзін-өзі дамыту сияқты дәстүрлі жалпыадамзаттық құндылықтар басым болуы тиіс.
Осыған байланысты үздіксіз білім беру жүйесінде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын қалыптастырудың ғылыми-әдіснамалық негіздері әзірленетін болады. Білім берудің теориялық тәсілдері мен базалық құндылықтары білім алушылардың қажеттіліктеріне, қоғамның, мемлекеттің сұраныстарына және қазақ халқының ұлттық мәдениетінің мазмұнына сәйкес болуға тиіс.
Білім беру ұйымдарында жас ұрпақты идеологиялық тәрбиелеу бойынша жұмысты жандандырған жөн. Өскелең ұрпақтың идеологиялық тәрбиесі жеке тұлғаның негізін құру, адамның болып жатқан оқиғаларға, мәдени және ғылыми мұраға, тарихи жетістіктерге қатынасын, адамның өзін, қоғамдағы орнын түсінуін анықтайтын бағытты қалыптастыру мүмкіндігі ретінде әрекет етеді.
Білім алушыларды патриоттық тәрбиелеу "Жас қыран", "Жас ұлан" балалар-жасөспірімдер қозғалыстары, "Ұшқыр ой алаңы" пікірталас қозғалысы, мектеп және студенттер парламенттері құрамына енгізу мен өзін-өзі басқару жолымен оларды ұйымдастырылған қоғамдық қызметке тарту арқылы жүзеге асырылады. "Жас қыран", "Жас ұлан" балалар-жасөспірімдер қозғалыстары білім алушылардың мектепті басқаруға және мектеп проблемаларын бірлесіп шешуге белсенді қатысуда жетекші рөл атқаруға, өзінің үлкен және кіші Отанының тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне, ел тағдырына құрметпен қарайтын, белсенді өмірлік және жауапты азаматтық ұстанымы бар шығармашылық тұлғаны қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.
Білім алушыларды бағыттар бойынша клубтардың жұмысына тарту кеңейтіледі, жастар лигаларын (спорттық, дебаттық және т.б.) құру және дамыту жоспарлануда. Өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениет пен салауатты өмір салтын қалыптастыру "Ашық жүрек", "Саламатты жастар" жобалары арқылы эковолонтерлікті дамыту арқылы "Жас турист" және "Гүлден бер, Қазақстан" конкурстарын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар спорт үйірмелері мен секцияларын дамыту, оның ішінде "асық ату", "тоғызқұмалақ" сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша жоспарланған.
ТжКБ ұйымдарындағы тәрбие процесі білім алушылардың қоғамдық және волонтерлік қызметін ынталандыру арқылы жалғасады, бұл волонтерлік қызмет шеңберінде өзара көмектің жоғары мәдениетін қалыптастыруға және әрбір білім алушының осы процеске кеңінен қатысуына әкеледі.
Адамның өзін және қоғамдағы өз орнын түсінуі үшін қоғамдық ұйымдардың, мектеп және студенттік өзін-өзі басқару органдарының, білім беру ұйымдарының және ата-аналар қоғамының өзара іс-қимыл тетіктері әзірленетін болады.
Экологиялық тәрбие, қоршаған әлемге ұқыпты қарау, экологиялық құндылықтарды, қаржылық және кәсіпкерлік дағдыларды сіңіру тәрбие іс-шараларының кешені арқылы жүзеге асырылатын болады. Өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін дамыту табиғатқа ұқыпты қарау, зообақты қорғау және экологиялық ұйымдарды қолдау принциптері арқылы жүзеге асырылуы керек.
Табиғаттың сақталуына жауапкершілік сезімін тәрбиелеу, қоршаған ортаны сақтау проблемасын қабылдау бойынша белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыру тәрбие жұмысының басым бағыттарының біріне айналады.
Қазіргі әлемдегі цифрлық технологиялардың ілгерілеуі өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерекше әсер етеді, бұл балалардың киберқауіпсіздігіне, кибергигиенасына және киберкультурасына қатысты пайдалы әдеттерді қалыптастыруды талап етеді. Сондықтан білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысының жоспарына білім алушылардың экологиялық цифрлық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды енгізу қажет. Осылайша, балаларды рухани дамуына зиян келтіретін ақпарат пен материалдардан қорғау шараларын әзірлеу және енгізу жоспарлануда.
Тәрбие саласындағы кадр ресурстарын кеңейту шеңберінде білім беру ұйымдарында басқарушылық менеджмент деңгейін арттыру үшін тәрбие жұмысын жүзеге асыратын мамандардың функционалдық міндеттері мен құзыреттерін қайта қарау қажет.
2-параграф. Қосымша (формальды емес) білім беру арқылы бала қабілеттерін қызығушылықтары бойынша дамыту
Қосымша білім беру жүйесінің негізгі міндеті – балалардың жан-жақты дамуы үшін қызметтердің кең спектрін ұсыну.
ЖАО есебінен қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын кезең-кезеңімен ұлғайту мемлекеттік және жеке ұйымдар арасында бәсекелестік туғызады, қалаларда да, ауылдық жерлерде де балалардың тұрғылықты жерінен қадамдық қолжетімділікте үйірмелер мен секциялар желісін кеңейту үшін жағдайлар жасайды, балаларға қосымша білім беру сапасын жақсартады. ЖАО балаларға қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдардың МТБ-сын нығайту, оларды қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру, соның ішінде ЕБҚ балаларға кедергісіз жағдайлар жасау үшін шаралар қабылдайды.
Мемлекеттік білім беру тапсырысын жекеменшік ұйымдарда орналастыру есебінен балаларға қосымша білім беру мектептен тыс ұйымдарда, мектептерде және жеке ұйымдарда қолжетімді болады. 2027 жылдың соңына дейін балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде 100 жаңа ірі объекті салынады: оқушылар сарайлары, жас техниктер станциялары, балалар технопарктері, музыка және өнер мектептері. Әрбір тілек білдірген балаға спорт секцияларына немесе шығармашылық үйірмелерге, сондай-ақ инженерлік-техникалық, IT бағыттары мен бағдарламалау және басқалар бойынша тегін баруға мүмкіндік беріледі.
Ауылдық жерлерде көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейту үшін 87 музыкалық және көркемсурет ауылдық мектебі көпсалалы қызметі бар өнер мектептері болып қайта ұйымдастырылатын болады.
2023 – 2025 жылдар аралығында қосымша білім берудің ірі объектілерін құру тиімсіз болып табылатын ауылдық жерлерде балалардың әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін комьюнити-орталықтарды немесе мектептен тыс ұйымдардың филиалдарын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, "Жайлы мектеп" жобасы шеңберінде комьюнити-орталықтарын қарастыру жоспарлануда.
Алдағы үш жылда 193 мектептен тыс ұйымды жаңғырту, күрделі жөндеу жүргізу және МТБ жарақтандыру жоспарлануда.
Оқушылар арасында дебаттық қозғалысты танымал ету және одан әрі дамыту мақсатында ЖАО қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық-педагогикалық, ақпараттық жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жоспарларды әзірлейтін болады.
Мектеп кітапханалары электрондық ақпараттық ресурстар базасы, оның ішінде цифрландырылған құжаттар коллекциясы, веб-сайттар, веб-порталдар және басқалар бар қосымша білім беретін оқыту алаңдарына трансформацияланатын болады.
Балалардың, педагогтердің білім қажеттіліктерін анықтау бойынша талдау жүргізу, балаларға қосымша білім беру бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалайтын көрсеткіштер мен индикаторларды әзірлеу, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, педагогтердің біліктілігін жүйелі түрде арттыру көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапалы деңгейін қамтамасыз етеді.
6-бағыт. Педагогтердің кәсіптік және мәдени капиталын арттыру
1-параграф. Педагогтерге қолайлы жағдайлар жасау
Педагогтердің еңбегін материалдық және материалдық емес ынталандыру, оң имиджін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жалғасады.
Аттестаттаудың жаңа жүйесінің қорытындысы бойынша педагогтердің 62,4 %-ында "педагог-шебер" біліктілік деңгейі бар, 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 90 %-ды құрайды.
МТО саласының кадрлық әлеуетін оларды даярлау, біліктілігін арттыру және аттестаттау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру арқылы күшейту жоспарлануда.
Мектепке дейінгі және орта білім, ТжКБ ұйымдары басшыларының және олардың орынбасарларының жалақысын арттыру жоспарлануда. Беделді халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаз-жүлдегерлерін дайындаған педагогтер үшін біржолғы ақшалай сыйақы төлеу қарастыру жалғастырылады.
ЖАО арқылы олимпиадалардың, конкурстардың, оның ішінде робототехника және бағдарламалау бойынша жеңімпаздарды, жүлдегерлерді дайындаған педагогтерге көтермелеу шаралары қабылданады.
Балаларға білім беретін педагогтің кәсіби рөлі оқу, жобалау және зерттеу қызметін ұйымдастыру арқылы тереңдетіледі, сонымен қатар педагог білім беру, оның ішінде цифрлық ортада кеңесші, зерттеуші, жоба жетекшісі, "бағыттаушы" рөлін атқарады. Педагогтер өздерінің педагогикалық және әдістемелік практикасын үнемі жетілдіруді және жаңартуды көздейтін өзін-өзі тәрбиелеуге ынталандырылады.
Педагогтің әлеуметтік әл-ауқаты мен әлеуметтік мәртебесі жұмыстың шығармашылық сипатына, оқыту әдістемелерін, технологияларын таңдаудағы дербестікке, жалақыны арттыруға, қосымша ақыны ынталандыруға, кәсіби даму шеңберін кеңейтуге байланысты артады.
ТжКБ-да педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында озық кәсіпорындар базасында педагогтердің тағылымдамасы ұйымдастырылады. Өндірістен тартылған мамандардың үлесін өндірістік оқыту шеберлерінің жалпы санынан ұлғайту жөніндегі шаралар жалғасады және 2030 жылға дейін көрсеткіш 15 %-ға дейін ұлғаяды. Халықаралық стандарттар негізінде оқытудың заманауи әдістері бойынша педагогтерді курстық оқыту жалғасады және тәлімгерлік институты жетілдіріледі, республикалық деңгейде озық педагогикалық тәжірибені енгізу және тарату күшейтіледі, онлайн-курстардың спектрі кеңейтіледі. Педагогтердің академиялық ұтқырлығы енгізіледі. Сонымен қатар арнайы пән педагогтері мен өндірістік оқыту шеберлерін аттестаттауды трансформациялау жоспарлануда.
2-параграф. Педагогтермен қамтамасыз ету және колледждерде педагогикалық білім беруді жаңғырту
Педагогикалық білім беру елдегі бүкіл білім беру жүйесін дамыту үшін ерекше маңызға ие. Мектепке дейінгі, бастауыш, орта, техникалық және кәсіптік деңгейлердегі білім сапасы негізінен педагогикалық білім беру сапасына байланысты.
Колледждер мектепке дейінгі білім беру, бастауыш сынып педагогтерін, сондай-ақ білім беру ұйымдары жұмысының басқа да бағыттарын қамтамасыз етеді. ТжКБ ұйымдарында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және ЕБҚ адамдардың оқу-тәрбие қызметіне жәрдемдесу үшін педагог-ассистент даярлау жүзеге асырылатын болады.
Педагогтерді даярлауда педагогикалық практика маңызды рөл атқарады. Болашақ педагогтерді даярлаудағы педагогикалық практика теориялық білімді, олардың кәсіби дағдылары мен құзыреттерін шоғырландыруды және интеграциялауды қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты болашақ маманды бейімдеуді жүзеге асыруға, әртүрлі жастағы әріптестермен ынтымақтастық және топтық жұмыс дағдыларын, мәртебесі мен жұмыс тәжірибесін қалыптастыруға, сондай-ақ кәсіби ойлауды, кәсіби сенімдерді, белсенді кәсіби ұстанымды, өз кәсіби қызметіне қатысты рефлексия дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін практика форматы қайта қаралады.
Жаңа формат маманның құзыреттілігін, технологиялық және ақыл-ой дайындығын қамтитын педагогикалық практиканың негіздемелік стандартын қарастырады. Колледждер балабақшалармен, мектептермен және басқа ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жасайды.
МТО педагогтерін оқыту тәсілдерін жетілдіру, мазмұны мен бағдарламасын, әсіресе балаларды ерте дамыту және оқыту тақырыбы бойынша өзектендіру жоспарлануда. МТО педагогтерін даярлауды жүргізетін ТжКБ ұйымдарының жанынан кадрлар даярлаудағы теория мен практиканың бірлігін қамтамасыз ету үшін ресурстық орталықтар (құзыреттілік орталықтары) құрылады.
Педагогтің әрбір баланың біртұтас дамуы, баланың бастамаларына жеке қолдау көрсету, эмоционалды дамуы үшін даму процесін және балаға қолайлы ортаны ұйымдастыру, балалардың моральдық, психикалық, психологиялық саулығы мен дамуы үшін сапалы маңызды өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында жоғары (4 жастан бастап балалар), мектепалды топқа (5 жастан бастап балалар) есептегенде тәрбиеші лауазымының штат бірліктерінің саны артады.
Педагог мамандығын таңдау болашақ талапкердің осы салада жұмыс істеуге деген шынайы қалауы мен бейімділігіне байланысты болуы керек. Педагогикаға бейімділікті анықтау үшін білім алушылардың кәсіби қалауына диагностика жүргізіледі, сондай-ақ педагогикалық мамандыққа түсуге қолдау көрсету жөніндегі шаралар кешені ұсынылады.
Орта білім беру жүйесіне магистр және PhD дәрежесі бар мамандар тартылады, олар педагогикалық жоғары оқу орындарының жанынан қайта даярлаудан өтеді. Осылайша, белгілі бір салада жұмыс тәжірибесі мен білімі бар мамандар кәсіптің жалпы кәсіби деңгейін арттыра отырып, педагогтер қатарын толықтыратын педагог мамандығына "бүйірден кіру" тетігі дамиды.
Заманауи талаптар мен озық білім беру практикасына сәйкес "педагог құзыретінің шеңберін" – "Педагог" кәсіби стандартын енгізу жоспарлануда, ол білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтердің кәсіби даму траекториясының бірыңғай бағдарына айналады. Кәсіби стандартты ескере отырып, білім беру бағдарламалары әзірленеді және жаңартылады, сертификаттау және аттестаттау рәсімдері жүргізіледі, педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының мазмұны жаңартылады.
Педагогикалық білім берудің білім беру бағдарламалары балаларға қосымша білім беру пәндерімен толықтырылады.
Педагогтерді даярлаудың барлық бағыттары бойынша ЕБҚ балалармен жұмыс істеу модулі көзделетін болады. Педагогтер инклюзивті ортада оқу процесін ұйымдастыру, жекелеген білім алушылардың ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын бейімдеу, бағалау, сондай-ақ балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін айқындау, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу әдістеріне оқытылатын болады.
3-параграф. Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы
Педагогтің үздіксіз кәсіби даму парадигмасын одан әрі ілгерілету өзекті міндет болып табылады, мұнда осы процестің әрбір кезеңі (кәсіптік бағдар беру; педагогикалық даярлық; мектеп; біліктілікті арттыру) педагогтің кәсіби дамуы бойынша сабақтастық қағидатына және өз функцияларын дәйекті орындауға негізделеді. Жаңа парадигмаға сәйкес педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының тұжырымдамалық тәсілдерін тереңдету жоспарлануда.
Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары бағдарламаларының мазмұны "Педагог" кәсіби стандартына сәйкес педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік, цифрлық және басқа да құзыреттердің оңтайлы арақатынасын қамтиды.
Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру үшін педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларының мазмұны қайта қаралатын болады. Кәсіби құзыреттерді қалыптастыру негізі ретінде біліктілікті арттырудың тәжірибеге бағдарланған курстары енгізілетін болады. Сондай-ақ пәндер бойынша барлық оқу бағдарламаларын іске асыру шеңберінде инклюзивті ортада оқыту ерекшелігін зерделеуді көздейтін модульдер енгізіледі.
Инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеу үшін педагогтердің біліктілігін арттыру оқытудың әмбебап дизайны қағидаты негізінде жүзеге асырылатын болады (сараланған тапсырмаларды қолдана білу, оқу бағдарламаларын бейімдеу, ЕБҚ балаларға қажетті қолдауды ұйымдастыру). Педагог-ассистенттерді сертификаттау қағидалары және сертификаттау курстарының бағдарламалары әзірленетін болады (балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін есепке алу, сараланған көмекті дұрыс ұйымдастыра білу, көру қабілеті зақымдалған балаларға арналған Брайль шрифтін білу, есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған дактилологияны білу, аутистік спектр бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы технологияларды білу және басқалар).
Біліктілікті арттыру курстары (пәндік, IT-құзыреттіліктер, инклюзивті және басқалар) арқылы педагогтердің құзыреттерін дамыту, өңірлік және республикалық деңгейлерде педагогтердің үздік тәжірибелерін тарату бойынша жұмыс жалғасады.
Қызметін жаңадан бастаған педагогтердің кәсіптен кету проблемасын шешу үшін тәлімгерлерді және мамандығы бойынша жұмыс істемеген және ұзақ уақыт (3 жыл немесе одан да көп) сабақ бермеген педагогикалық білімі бар адамдарды оқыту жалғастырылатын болады. Бұл шаралар мұғалімдерге деген қажеттілік проблемасын шешуді қамтамасыз етеді.
Білім беру ұйымдарындағы әдістемелік жұмыс педагогтің кәсіби дамуымен тығыз байланысты. Осыған байланысты біліктілікті арттырумен айналысатын ұйымдар мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын курстан кейінгі қолдау мен әдістемелік сүйемелдеуді жалғастырады. Курстан кейінгі сүйемелдеу "сабақты зерттеу", "іс-әрекеттегі зерттеулер" негізінде құрылады, бұл педагогтердің кәсіби өзара іс-қимылын күшейтуге және әртүрлі деңгейдегі білім алушылардың академиялық жетістіктерінің өсуіне назар аударуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде барлық деңгейдегі тәрбиеленушілер мен білім алушылардың білім беру сапасына бағытталған әдістемелік жұмыс педагогтер қызметінің сапасымен байланысты болады және тұрақты әрі үздіксіз сипатқа ие болады.
Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының және білім беру сапасын жақсартудың құрамдас бөлігі ретінде оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыс функцияларын жүктей отырып, облыстық әдістемелік кабинеттердің қызметі қайта қаралатын болады. Осыған байланысты әдістемелік кабинеттер Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының басшылығымен жұмыс істейтін болады.
Педагогтердің біліктілігін арттыруды кемінде үш жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарының сапасын сырттай бағалау шеңберінде бекітілген сапа сипаттамаларына сәйкес келетін ұйымдар педагогтерді оқыту тиімділігінің айқындығы мен айқын индикаторлары негізінде жүзеге асыратын болады және "өмір бойы оқу" парадигмасына негізделеді. Халықаралық аккредиттеуден/сертификаттаудан өту арқылы біліктілікті арттыру ұйымдарының сапасын растау жөніндегі талаптар енгізіледі.
Бұл ретте педагогтердің кәсіби даму нысандарының желісі педагогтердің өз сұраныстары мен "Педагог" кәсіби стандартының талаптары, елдік және өңірлік деңгейлердегі білім беру саясатының басымдықтары негізінде кеңейтіледі. Педагог өзінің кәсібилігін тек біліктілікті арттыру курстарында ғана емес, ең алдымен педагогикалық ортада, ұжым ішінде өзара іс-қимыл жасау, сабақтарды зерттеу, модерация, кері байланыс жасау, оқытудың күнделікті тәжірибесін жақсарту арқылы, сондай-ақ әртүрлі ұйымдарда тренингтерде, семинарларда, шеберлік сыныптарында оқыту барысында жетілдіреді.
Қолданыстағы біліктілікті арттыру бағдарламалары жаңартылады, жаңа білім беру бағдарламалары әзірленеді. Бизнес-мектептердің жаттықтырушыларын тарта отырып, көшбасшылық және басқарушылық құзыреттерді дамыту бойынша орта білім беру ұйымдары басшыларының жеке қажеттіліктерін айқындайтын зерттеулер негізінде бағдарламалар әзірлеу жоспарлануда.
Жалпы мектеп әдісі ("Whole school approach") негізінде мектеп ұжымдарын кәсіби дамытудың инновациялық тәжірибелерін енгізуге ерекше назар аударылады. Бұл инновациялар мен озық білім беру практикаларын жалпы түсінуге, мектеп басшылығы деңгейінде енгізілетін әдістемелерді қолдауға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Білім алушылардың академиялық үлгерімін халықаралық зерттеу педагогтердің мектепішілік даму нысандарын қолданудың табыстылығын көрсетеді. Бұл өзара оқытуды, кәсіби тәжірибе алмасуды қамтиды. Мұндай тәжірибелер оқыту сапасын арттыру және педагогтердің кәсібилігін арттыру үшін одан әрі таратылады.
Білім беру сапасы білім беру ұйымдары менеджментінің сапасымен тығыз байланысты. Сондықтан мектеп директорларының республикалық кадрлық резервін құру бойынша серпінді жоба іске асырылады.
Дарынды жас педагогтердің, білім беру ұйымдары басшылары орынбасарларының мансаптық өсуі үшін кең мүмкіндіктер жасалады. Болашақ директорларды оқыту бағдарламалары практикалық кейстер мен өзекті сипаттағы тапсырмаларды қамтиды. Нәтижесінде жыл сайын білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары ретінде тарту үшін өңірлік білім беруді басқару органдары үшін қолжетімді резервшілердің республикалық дерекқоры қалыптастырылады.
"Болашақ" халықаралық стипендиясының шеңберінде білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері үшін арнайы шетелдік тағылымдамалар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ жаңадан құрылатын білім беру ұйымдарының штатын қалыптастыру, кадр тапшылығын толтыру үшін жоғары кәсіби педагогтердің республикалық дерекқоры құрылады. Бұл базаны ата-аналар балаларға қосымша білім беру қызметтерін алу үшін пайдалана алады.
ТжКБ ұйымдарында оқыту сапасын арттыру үшін басқарушылық құзыреттер бойынша біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, тиімділіктің негізгі көрсеткіштері, ротация тетігі, басшылар рейтингі бойынша басшылардың қызметін бағалауды енгізу жалғасады. Бұл қазіргі заманғы менеджерлер тобын, сондай-ақ ТжКБ басшыларының кадрлық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Білім беру ұйымдары қызметінің тиімділігін және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру, басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқару тәжірибесін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау жалғасады. Ротация бір білім беру ұйымында 7 жыл жұмыс істеген басшылар үшін жүргізіледі.
Ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін педагогтерді жұмысқа қабылдау рәсімін толығымен автоматтандыру жоспарлануда.
Осы шаралардың барлығы жалпы білім беру ұйымдары басшыларының, педагогтердің кәсіби деңгейін жетілдіру және арттыру үшін негіз болады және нәтижесінде барлық деңгейлерде білім беру сапасын арттыру көзделіп отыр.
7-бағыт. Білім беру сапасын жүйелі деңгейде қамтамасыз ету
Сапаны қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі – сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйесі, сапаны сыртқы қамтамасыз ету жүйесі, сапаны қамтамасыз ету жүйесінің басқару және реттеуші тетіктері сияқты үш құрамдас бөліктен тұратын жоғары академиялық сапаға қол жеткізуге бағытталған процестер мен рәсімдердің жиынтығы.
Білім беру сапасын қамтамасыз етудің ұлттық моделі төрт деңгейден тұрады:
1) бірінші базалық деңгей ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесімен ұсынылған;
2) екінші интеграцияланған деңгей сыртқы сапаны қамтамасыз ету жүйесімен ұсынылған;
3) үшінші деңгей аккредиттеу органдары үшін сапаны қамтамасыз етумен ұсынылған;
4) төртінші деңгей сапаны қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің жауапкершілігімен ұсынылған.
Білім беру кеңістігінің барлық субъектілері сапаны қамтамасыз етудің ұлттық моделін сақтайтын болады.
Білім беру ұйымдары сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйесі және сапа мәдениетін қалыптастыру арқылы өз білімінің сапасына және оны қамтамасыз етуге, өзінің білім беру қызметіне жауапты болады.
Сапаны қамтамасыз етудің негізгі қағидаттары:
1) білім беру ұйымдарының білім беру сапасы мен сапасын қамтамасыз ету үшін жауапкершілігі;
2) білім беру ұйымдары мен аккредиттеу органдары қызметінің ашықтығы;
3) сапаны қамтамасыз ету нәтижелеріне қоғамның және барлық мүдделі тараптардың сенімі;
4) сапаны қамтамасыз етудің барлық деңгейлерінде сапа мәдениетін қалыптастыру және қолдау;
5) сапаны сыртқы қамтамасыз ету нәтижелерінің ұлттық дерекқорының жұмыс істеуі.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын бағалау өлшемшарттары:
- қолданыстағы нормативтік актілерге сәйкес нормалар мен талаптарды сақтау;
- оқу бағдарламасының міндеттерін сапалы іске асыру;
- педагогтердің құзыреттілігінің жоғары деңгейі;
- ортаның қол жетімділігі және дамушы пәндік-кеңістік орта жағдайларына сәйкестігі;
- мектепке дейінгі ұйымның материалдық-техникалық жарақтандырылуы;
- балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- ата-аналардың тәрбие мен оқыту процесіне қатысуы.
Оның барлық сатыларында орта білім беру сапасын қамтамасыз етудің басым бағыттары:
- білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингтеу;
- бағдарламалар мен оқулықтарды, оқу-әдістемелік әдебиеттерді жүйелі және салыстырмалы талдау;
- бастауыш, орта, жалпы орта білім беру мазмұнын жетілдіру;
- педагогтердің әлеуетін жетілдіру.
1-параграф. Сапаны ішкі қамтамасыз ету жүйесі
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесінің құндылықтары баланы туғаннан бастап отбасында, мектепке дейінгі білім беру ұйымында, балаларды дамыту орталықтарында бес (алты) жасқа толғанға дейін тәрбиелеу мен оқыту ісінде бағдар беру болып табылады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын ішкі қамтамасыз етудің мақсаттары:
- баланың мектепке дейінгі ұйымда қауіпсіз болуы үшін жағдай жасау;
- балалардың толыққанды дамуы.
Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту деңгейінде білім беру ұйымдары оқытудың баламалы дамытушы және вариативтік жеке әдістемелері мен технологияларын ұсыну арқылы тәрбие мен оқытудың сапасын қамтамасыз етеді.
Ата-аналардың білім беру қызметтерін көрсету сапасына қанағаттануын анықтау сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Мониторинг МТО МЖС-ның, мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидаларының және олардың қызметін регламенттейтін басқа да нормативтік құқықтық құжаттардың талаптарын орындауды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
Мониторинг барысында мектеп жасына дейінгі балалардың дамуына бақылау, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес біліктері мен дағдыларының қалыптасуына бағалау жүргізіледі, олардың қорытындысы негізінде педагог жұмыс жоспарына түзетулер енгізеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет