Орта білім беру деңгейінде сапаны бағалаудың ішкі жүйесі МЖБС талаптарының, үлгілік оқу жоспарларының, бағдарламалардың және білім беру қызметін регламенттейтін басқа да нормативтік құқықтық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Білім алушының үлгерімін анықтаудың ішкі жүйесі формативті және жиынтық бағалаудан тұратын критериалды бағалауды және мектепішілік бақылауды (бұдан әрі – МІБ) қамтиды.
ЭЫДҰ сарапшылары критериалды бағалауға көшуді жалпы білім беру жүйесін жаңғырту жолындағы оң қадам ретінде бағалады. Формативті бағалау қалыптастырушы, ынталандырушы және қозғаушы функцияларды орындайды, білім алушылар жетістіктерінің оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттарына сәйкестігін айқындайды.
Бөлім (бұдан әрі – БЖБ) және тоқсан (бұдан әрі – ТЖБ) үшін пәндер бойынша жиынтық бағалау бір оқу пәні бөлігінің немесе толық көлемінің мазмұнын оқу аяқталғаннан кейін және (немесе) белгілі бір оқу кезеңінде (тоқсан, оқу жылы) білім алушылардың оқу бағдарламасына сәйкес меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргізіледі.
Оқыту процесінің сапасын арттыру және білім алушыларда да, педагогтерде де бар проблемаларды зерделеу мақсатында оқыту процесін жақсартуға, педагогтің кәсіби өсуі мен дамуына, сондай-ақ білім алушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған сабақтарды бақылауды, зерттеуді және талдауды қамтитын МІБ күшейтіледі.
МІБ білім беру ұйымында дербес реттелетін және шешілетін, білім беру ұйымының әкімшілігі мен уәкілетті тұлғалар жүзеге асыратын мәселелердің кең ауқымын қамтиды. Бірыңғай басқару процесінің элементі ретінде бақылауды жүйелі түрде ұсыну, білім беру процесінің жоғары сапасын қамтамасыз ету мақсаттарына негізделе отырып, оның мақсаттарын, функциялары мен міндеттерін, жоспарлауға, ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды, бақылаудың нақты мазмұны мен формаларын тұжырымдауға мүмкіндік береді.
Осылайша, МІБ нәтижелері педагог қойған білім алушылардың білім жетістіктерін бағалаудың нақты алынған білімге және балалардың оқыту дәрежесіне сәйкестігін анықтауда үлкен маңызға ие болады.
2020 – 2021 оқу жылынан бастап білім алушылардың оқу жетістіктері халықаралық практикада қабылданған әріптік жүйеге сәйкес келетін 100 балдық шәкіл бойынша (оң бағалар, кемуіне қарай, "А"-дан "D"-ға дейін, "қанағаттанарлықсыз" - "F"-ке дейін), 4 балдық шәкіл бойынша тиісті цифрлық баламасымен бағаланады.
Балдық-рейтингтік әріптік жүйе бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.
Балдық-рейтингтік әріптік жүйе оқытудың барлық нысандарының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау үшін қолданылады.
Бағаларды білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесіне ауыстыру техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесін қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылады.
2-параграф. Сапаны сыртқы қамтамасыз ету жүйесі Сапаны сыртқы қамтамасыз ету жүйесінің рәсімдері сапаны ішкі қамтамасыз ету процестерінің тиімділігін сыртқы бағалауға бағытталған, оның ішінде білім беру ұйымында қалыптасқан сапа мәдениетіне баға беріледі.
Сапаны сырттай қамтамасыз ету білім алушылардың білімін бағалауды, білім беру ұйымының және (немесе) олардың бағдарламаларының қызметін аккредиттеуді немесе бағалауды, мемлекеттік бақылауды және қоғамдық сенімді қамтиды.
МТО деңгейінде мектепке дейінгі білім беру сапасын тәуелсіз ұлттық бағалау жүйесі әзірленеді және енгізіледі (2026 жылғы желтоқсан).
Жүйелі негізде мемлекеттік аттестаттау өткізіледі, онда МТО МЖС, оқу жоспарларының, бағдарламалардың орындалуын, ұйымдардың біліктілік талаптарына сәйкестігін, тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, ата-аналардың қызмет көрсету сапасына қанағаттануын бақылау қамтамасыз етіледі.
МТО ұйымдарының мектепке дейінгі ұйымды ашу кезінде балалардың болу қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін ең төменгі талаптарға сәйкестігін бақылау мәселесі пысықталатын болады.
Орта білім беру деңгейінде сапаны қамтамасыз етудің сыртқы жүйесі ББЖМ-ны, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды, халықаралық салыстырмалы зерттеулерге қатысуды, сондай-ақ ерікті негізде аккредиттеуден өтуді қамтиды.
4-ші және 9-сыныптың білім алушылары үшін ББЖМ өткізу білім алушылардың функционалдық сауаттылығы мен құзыреттілік деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, білім беру сапасының ұлттық және халықаралық зерттеулерінде білім алушылардың неғұрлым жоғары нәтижелерге қол жеткізуі бойынша шараларды іске асыруды қамтамасыз ету үшін ББЖМ рәсімі сертификатталған орталықпен аккредиттелетін болады. Осылайша, ББЖМ білім сапасын бағалаудың ұлттық құралы ретінде танылатын болады.
ББЖМ нәтижелері бойынша кешенді талдау жүргізіледі, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы әдістемелік кабинеттермен бірлесіп білім беру сапасын жақсарту бойынша ұсынымдар әзірлеп, білім беру ұйымдарына әдіснамалық көмек көрсететін болады.
Мемлекеттік аттестаттау білім беру ұйымына барусыз профилактикалық бақылау түрінде өткізілетін болады. Оның негізгі компоненттері – білім беру ұйымдарының білім беру қызметін өзін-өзі бағалау, білім алушылардың білімі, іскерлігі мен дағдыларының кесінділері болып табылады.
Қазақстандық білім алушылардың PISA, TIMSS, PIRLS, ICILS халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысуы жалғасады. Жекелеген мектептерді объективті және тәуелсіз бағалау үшін қазақстандық білім алушылар жыл сайын PISA-based Test For Schools-қа қатысады.
Білім беру ұйымдары халықаралық аккредиттеуден өте алады.
Лицензиялау – сапалы білім алудың мемлекеттік кепілдіктерін қамтамасыз ету нысандарының бірі. Меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық мектептер лицензиялауға жатады. Білім беру қызметі басталғанға дейін мектептер лицензия алуы керек. Жекеменшік мектептер де мемлекеттік мектептер сияқты заңнаманың талаптарын сақтауға, сапалы білім беруге, өрт қауіпсіздігіне тексеру құжатының, медициналық пункттің, тамақтану объектісінің, кітапхана қорының болуын, оқу кабинеттері мен зертханалардың жарақтандырылуын, біліктілік санаттары бар педагогтермен жасақталуын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптармен толықтыру бөлігінде білім беру қызметін лицензиялауды қайта қарау жоспарлануда.