9-тарау. Өңірлендіру деңгейлеріне сәйкес травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру
63. Стационарлық медициналық көмек көрсету халыққа травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды өңірлендірудің мынадай деңгейлеріне сәйкес жүргізіледі:
бірінші деңгей - хирургиялық бөлімшелері бар аудандық ауруханалар, травматологиялық пункттер, амбулаториялық - емханалық ұйымдардың травматолог-ортопед кабинеттері.
екінші деңгей - көпсалалы ауданаралық ауруханалар травматологиялық бөлімшелермен, аудандық және қалалық ауруханалардың жанындағы травматологиялық бөлімшелермен.
үшінші деңгей - республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың көп бейінді стационарларындағы травматология және ортопедия бөлімшелері, көптеген және жанамаласқан жарақаттар (политравма) бөлімшелері, күйік бөлімшелері.
төртінші деңгей - ЖТМҚ көрсететін республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың көп бейінді стационарлары жанындағы травматология және ортопедия бөлімшелері, көптеген және аралас жарақаттар (политравма) бөлімшелері.
64. Өңірлендірудің бірінші деңгейінде травматологиялық көмек аудандық ауруханалардың травматологиялық төсектері бар хирургиялық бөлімшелерде көрсетіледі.
Хирургиялық бөлімшенің травматологиялық төсектері шұғыл жағдайларда халықтың білікті шұғыл травматологиялық және ортопедиялық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық ауруханалардың хирургиялық бөлімшелерінің құрамында құрылады.
Стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда базалық шокқа қарсы және реанимациялық терапия, сондай-ақ пациенттің өміріне қауіп төндіретін жай-күйлерде, әсіресе кеуде және ішперде қуыстары ағзаларының зақымдануында хирургиялық араласу, декомпрессиялық трепанация және (немесе) бас сүйек трепанациясы, сүйек сынықтарын сыртқы бекіту, қаңқаны тартып созу, буындардың санациялық пункциясы, бір-екі бекіткіш спицаны алып тастау, сыртқы бекіту аппаратында спицаны немесе стерженьді қайта өткізу, фистулография, спицаларды жергілікті анестезиямен өткізу, наркозды талап етпейтін сыртқы бекіту аппараттарының демонтажы, тырнақ астындағы экзостозды алып тастау, кіріп кеткен тырнақты алып тастау, СБА салу, тері астында орналасқан бекіткіш спицаларды алып тастау, іріңді жаралар мен буындардан себінді, жараларды, ашық сынықтарды алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізіледі.
Қажет болған кезде санитариялық авиация желісі бойынша немесе телемедициналық технологиялар арқылы облыстық немесе республикалық деңгейдегі мамандар консультация беруді және өңірлендіруге сәйкес жоғары деңгейдегі медициналық ұйымға ауыстыруды (тасымалдауды) жүзеге асырады.
Ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда, жарақаттың ауырлық дәрежесін бағалау нәтижелері бойынша жағдайды тұрақтандыру және жоғары тұрған деңгейдегі мамандарды шақыру бойынша шаралар қабылданады.
65. Амбулаториялық көмек травматологиялық кабинеттерде және травматологиялық пункттерде көрсетіледі.
Амбулаториялық көмек зардап шегушінің жай-күйін, оның травматологиялық-ортопедиялық мәртебесін тексеру және бағалау көлемінде көрсетіледі, диагнозды нақтылау және емдеу үшін қосымша зертханалық және аспаптық зерттеулердің қажеттілігі айқындалады (ауырсынуды басу, жараларды бастапқы хирургиялық өңдеу, сүйек сынықтарының жабық репозициясы, иммобилизация).
Стационарда медициналық көмек көрсетуді талап ететін медициналық көрсетілімдер болған кезде зардап шеккен адам тәулік бойы шұғыл медициналық көмек қамтамасыз етілетін стационарлық ұйымның хирургиялық не травматологиялық бөлімшесіне жіберіледі.
Кабинет сүйек-бұлшықет жүйесі жарақаттары мен аурулары бар пациенттерге амбулаториялық жағдайларда консультациялық және емдеу-диагностикалық көмекті қамтамасыз ету үшін құрылады.
Кабинет жүзеге асырады:
1) сүйек - бұлшықет жүйесі жарақаттары және аурулары бар пациенттерге консультациялық-диагностикалық және емдік көмек көрсету;
2) сүйек - бұлшықет жүйесі жарақаттары және аурулары бар пациенттерді іріктеу және стационарлық емдеуге жіберу;
3) сүйек - бұлшықет жүйесі жарақаттары және аурулары бар пациенттерді іріктеу және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге жіберу;
4) кезеңдік гипстеу көмегімен туа біткен ұршықтың шығып кетуі мен туа біткен маймақтығы бар балаларға ем жүргізу;
5) сүйек - бұлшықет жүйесінің жарақаттары мен ауруларының салдары бар пациенттерді: балаларда туа біткен ұршықтың шығуы, туа біткен маймақтық, сколиоз, қаңқаның тұқым қуалайтын жүйелік аурулары, қаңқа дамуының ауытқулары бар, ірі буындарды эндопротездеуден кейін остеопорозы бар пациенттерді диспансерлік бақылау;
6) еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптаманы жүзеге асыру;
7) еңбек ету қабілеті бұзылуының тұрақты белгілері бар пациенттерді медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясына жіберу;
8) сүйек-бұлшықет жүйесінің жарақаттары мен аурулары бар пациенттерге оларды МСАК көрсететін учаскелік дәрігерлер (терапевтер, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері) жіберген кезде, сондай-ақ өз құрамында травматология және ортопедия кабинеті жоқ медициналық ұйымдар жіберген кезде консультациялық, емдеу-диагностикалық көмек көрсету;
9) ересектер мен балалар арасында сүйек-бұлшықет аурушаңдығын және жарақаттануды алдын алуға, төмендетуге бағытталған мемлекеттік және өңірлік нысаналы бағдарламаларды орындауға қатысу;
10) қызмет көрсету ауданында ересектер мен балалар арасында сүйек-бұлшықет жүйесі ауруларының, мүгедектіктің, жарақаттардан және аурулардан болатын өлімнің негізгі медициналық-статистикалық көрсеткіштерін мониторингілеу және талдау;
11) қызмет көрсету ауданында сүйек-бұлшықет жүйесі жарақаттары мен аурулары бар пациенттерді профилактикалау, диагностикалау, емдеу, оңалту және диспансерлік бақылау бойынша ұсынымдар әзірлеу;
12) сүйек-бұлшықет жүйесі жарақаттары мен аурулары бар пациенттерді профилактикалаудың, диагностикалаудың және емдеудің жаңа әдістерін тәжірибеге енгізу;
13) практикалық травматология және ортопедия мәселелері бойынша МСАК дәрігерлерінің, дәрігерлік және орта медициналық персоналдың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шараларға қатысу;
14) жарақаттанудың барлық түрлерінің профилактикасы бойынша іс-шараларды жүргізуге қатысу;
15) есепке алу және есеп беру құжаттамасын жүргізу, қызметі туралы есептер беру;
16) медициналық көрсетілімдер бойынша пациенттерге стационарды алмастыратын көмек көрсету.
Кабинет осы Стандартқа 3-қосымшаға сәйкес алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін медициналық ұйымдардың травматология және ортопедия кабинетіне арналған жабдықтардың ең аз тізбесімен қамтамасыз етіледі.
Травматологиялық пункт шұғыл жағдайларда жарақат алған пациентке амбулаториялық шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында құрылады.
Жарақат алған науқас жарақат пунктіне өз бетінше жүгінеді (жарақат алған сәттен бастап 72 сағатқа дейін) немесе жедел медициналық жәрдем арқылы түседі. Травмпункттің травматологы зардап шегушінің жалпы жағдайын, оның травматологиялық-ортопедиялық мәртебесін бағалайды, диагнозды нақтылау мақсатында және шұғыл көрсетілімдер бойынша пациентке шұғыл медициналық көмек көрсетілгеннен кейін қосымша зертханалық және аспаптық зерттеулердің қажеттілігін айқындайды, медициналық көрсетілімдер бойынша білікті, мамандандырылған көмек немесе жоғары технологиялық медициналық қызметтер алу үшін оны бейінді стационарға жатқызу қажеттілігін айқындайды.
Травматологиялық пункт диагностикалық іс-шараларды қамтамасыз етуді, әртүрлі оқшауландырылған және этиологиясы бар жарақатпен пациентті терапевтік және(немесе) хирургиялық емдеуді жүзеге асырады.
Шұғыл жағдайларда травматология мен ортопедия бойынша кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету үшін мынадай жағдайлар медициналық көрсетімдер болып табылады:
сіңірлердің, бұлшықеттердің, нерв діңдерінің және ірі тамырлардың зақымдануынсыз жұмсақ тіндерінің инфекцияланбаған жараларында, зардап шеккен адамның жалпы қанағаттанарлық жағдайында;
қол-аяқтың жұмсақ тіндерінің, кеуденің, омыртқа бағанының соғылуы;
гемартрозбен асқынбаған буындардың байлам аппаратының созылуы;
қолдардың, қол ұшы саусақтары мен аяқ басы бақайлары буындарының травматикалық шығып кетуі;
плевраны зақымдамай қабырғалардың жеке сынулары;
сүйектердің (ығысусыз немесе репозиция мен ұстап қалынатын сынықтардың ығысуымен) жабық сынулары;
хирургиялық араласуды талап етпейтін шектелген (дене бетінің 5%-нан кем) күйіктері.
Стационарлық ем үшін көрсетімдер болған кезде травмпункттің травматологы пациентті травматологиялық бөлімше жағдайындағы операциялық немесе консервативтік емге жібереді.
Травмпунктте кезек күттірмейтін медициналық көмек шұғыл жағдайларда пациентке, оның тұрғылықты мекенжайына байланыссыз тәулік бойы көрсетіледі.
66.Өңірлендірудің екінші деңгейінде травматологиялық көмек көп бейінді ауданаралық ауруханалардың травматология бөлімшелерінде, қалалық ауруханалардың жанындағы травматологиялық бөлімшелерде көрсетіледі.
Травматологиялық бөлімшелері бар көп бейінді ауданаралық және қалалық ауруханалар халыққа білікті және мамандардырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылады.
Ауданаралық травматологиялық бөлімше мен облыстық емес деңгейдегі қалалық ауруханалардың жанындағы бөлімшелер:
халыққа стационарлық травматологиялық-ортопедиялық көмек көрсетуді;
зертханалық және аспаптық диагностиканы және басқа аурулармен саралау диагностикасын жүргізуді;
көптеген және жанамаласқан жарақаттармен пациенттерді оңалтудың бірінші және екінші (стационарлық) кезеңдерін өткізуді;
көптеген және жанамаласқан жарақаттар кезінде емдеу-диагностикалық жұмыстың сапасын жоғарылату және ауруханадағы өлімді төмендету бойынша іс-шараларды әзірлеуді және өткізуді;
профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және пациенттерді оңалтудың жаңа тиімді әдістерін жүйелі меңгеруді және практикаға енгізуді;
еңбекке уақытша жарамсыздық сараптамасын жасауды;
шұғыл жағдайларда кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша медициналық ұйымдармен іс-қимылды;
есепке алу және есеп беру құжаттамасын жүргізуді, қызмет туралы статистикалық есептерді ұсынуды;
9) пациенттерге медициналық көрсетілімдер бойынша стационар алмастыратын көмек көрсетуді жүзеге асырады.
Өңірлендірудің екінші деңгейінде осы Стандартқа 4-қосымшаға сәйкес негізгі операциялық араласулардың ауырлық санаттары Тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) көрсетілген бірінші, екінші, үшінші, төртінші санаттарға жататын операциялық араласулар жүргізіледі.
Қажет болған жағдайда санитариялық авиация желісі бойынша немесе телемедициналық технологияларды қолдану арқылы облыстық немесе республикалық деңгейдегі мамандармен консультация жүзеге асырылады, сондай-ақ өңірлендіруге сәйкес жоғары деңгейдегі медициналық ұйымға ауыстыру (тасымалдау) туралы шешім қабылданады.
67. Өңірлендірудің үшінші деңгейінде мамандандырылған көмек республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың көп бейінді стационарлары (травматология және ортопедия бөлімшелері, көптеген және жанамаласқан жарақаттар (политравма) бөлімшелері, стационарлық медициналық ұйымдардың күйік бөлімшелері) жанындағы бөлімшелерде көрсетіледі.
Стационарлық медициналық ұйымдардың травматология және ортопедия бөлімшелері, көптеген және жанамаласқан жарақаттар (политравма), күйік бөлімшелері (бұдан әрі - стационарлық бөлімше) халыққа (ересектер мен балаларға) мамандандырылған стационарлық немесе стационарды алмастыратын көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының базасында құрылады.
Стационарлық бөлімше:
1) консервативті және/немесе хирургиялық (оның ішінде микрохирургиялық) емдеу әдістерін қолдана отырып, сүйек-бұлшықет жүйесі жарақаттары және аурулары бар пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсету;
2) зертханалық және аспаптық диагностика мен басқа аурулармен сараланған диагностика жүргізу;
3) сүйек-бұлшықет жүйесінің жарақаттары мен ауруларын диагностикалаудың, емдеудің және алдын алудың қазіргі заманғы әдістерін меңгеру және клиникалық практикаға енгізу;
4) сүйек-бұлшықет жүйесі жарақаттары және аурулары бар пациенттерді оңалтудың бірінші және екінші (стационарлық) кезеңдерін жүзеге асыру;
5) еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптаманы жүзеге асыру;
6) мамандандырылған травматологиялық және ортопедиялық медициналық көмек көрсету және диагностикалау мәселелері бойынша көп бейінді стационар персоналының кәсіптік біліктілігін арттыру процесіне қатысу;
7) сүйек-бұлшықет жүйесі жарақаттары және аурулары бар пациенттердің профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу мәселелерінде, оның ішінде санитариялық авиация желісі бойынша стационардың басқа бөлімшелерінің дәрігерлеріне консультациялық көмек көрсету;
8) есепке алу және есеп беру құжаттамасын жүргізу, қызмет туралы есептерді ұсыну;
9) стационарды алмастыратын травматологиялық-ортопедиялық көмек көрсету.
Стационарлық бөлімше орта, жоғары және қосымша кәсіптік білім беру ұйымдарының, сондай-ақ ғылыми ұйымдардың клиникалық базасы ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Үшінші деңгейде осы Стандартқа 4-қосымшаға сәйкес тізбеде көрсетілген күрделіліктің бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші санаттарына жататын операциялық араласулар жүргізіледі.
Өңірлендірудің үшінші деңгейінің мамандары санитариялық авиация нысанында медициналық көмек көрсетеді, қажет болған кезде санитариялық авиация желісі бойынша немесе телемедицина саласындағы технологияларды қолдану арқылы республикалық деңгейдегі мамандардың консультацияларын жүзеге асырады, сондай-ақ республикалық маңызы бар медициналық ұйымға ауыстыру (тасымалдау) туралы шешім қабылданады.
68. Өңірлендірудің төртінші деңгейінде мамандандырылған көмек негізгі қызметі республикалық маңызы бар қалалардың, облыстық деңгейдегі көп бейінді стационарлар және жоғары технологиялық медициналық қызметтер (ЖТМҚ) көрсететін бейінді ғылыми-зерттеу институттары жанындағы стационарлық бөлімшелерде көрсетіледі:
1) халыққа мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету;
2) тірек-қимыл жүйесінің жарақаттары мен аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша денсаулық сақтау ұйымдары мен мекемелеріне әдістемелік және консультациялық көмек көрсету;
3) сүйек-бұлшықет жүйесінің жарақаттары мен аурулары бар пациенттерді диагностикалау және емдеу бойынша, оның ішінде санитариялық авиация желісі бойынша бірінші, екінші және үшінші деңгейдегі медициналық ұйымдарға консультациялық көмек көрсету;
4) халыққа стационарды алмастыратын көмек көрсету;
5) травматология және ортопедия саласында ғылыми іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу;
6) тірек-қимыл жүйесінің жарақаттары мен аурулары бар науқастарды профилактикалаудың, диагностикалаудың, емдеу мен медициналық оңалтудың қазіргі заманғы, жоғары технологиялық және тиімді тәсілдерін әзірлеу және тәжірибеге енгізу;
7) кадрларды даярлау және қайта даярлау.
Төртінші деңгейде осы Стандартқа 4-қосымшаға сәйкес негізгі операциялық араласулардың күрделілік санаттарының барлық Тізбесі жүргізіледі.
Қазақстан Республикасында
травматологиялық және ортопедиялық
көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартына
1-қосымша
Достарыңызбен бөлісу: |