«Қазақстан республикасындағы сот сараптамасы: Ұйымдастырылуы және өндірісі»


тақырып. Сот сарапшының құқықтық мәртебесі



бет20/105
Дата04.04.2023
өлшемі1,08 Mb.
#79053
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   105
Байланысты:
treatise8925

6 тақырып. Сот сарапшының құқықтық мәртебесі
Сот сарапшысының құқықтық мәртебесін анықтау кезінде оның сот өндірісіндегі қолданатын арнайы білімінің және маман ретіндегі білімін бір-бірінен ажырату керек.
Аталған субъектілердің алуан-түрлі құқықтық реттеу мәртебесін ескере отырып, қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес, маман ретінде аранайы білімі бар кез- келген іске мүдделі емес тұлғалар бола алады.
Тұлғаны сот сарапшысы деп тану үшін, арнайы ғылыми білім мен оның іске мүдделі еместігі жеткіліксіз, сол сияқты сарапшының құзыреттілігін бекітетін және біліктілік куәлігін ҚР Әділет Министірлігі береді. Ал жеке сарапшылар өз қызметтерін Әділет Министірлігі беретін лицензия негізінде жүзеге асырады және оларды Қазақстан Республикасының сот сараптамалық Мемлекеттік реестріне енгізеді.
Мамандармен салыстырғанда сарапшыларды заң тәуелсіздік қағидасымен қамтамасыз етеді, яғни сот сараптамасының қызметіне ешкім араласа алмайды.
Жоғарыда аталған кепілдіктер мамандарда жоқ, олар тергеуші мен сотқа бағынады. Мамандарды шақыру түрі ерікті түрде жүзеге асырылады, ал сарапшыларды соттың (тергеуші) қаулы (ұйғарым) шығаруы арқылы шақырады. Сарапшының іске қатысуы оның арнайы ғылыми зерттеулерді жүргізуінде жатыр, ал маман іс бойынша дәлелдемелерді табу, бекіту және алып тастау үшін қатыстырылады.
Сот сарапшысы қызметінің нәтижесі процессуалдық құжаттарда өзінің көрінісін табады – мәселен, заңда дәлелдеме ретінде көзделген сарапшының қорытындысы, ал маманның қызметі тергеу (сот) әрекеттерін жүргізу хаттамаларында немесе хаттамамен қатар тіркелетін жазбаша құжаттарда көрсетіледі.
Тергеушінің (соттың) аталған субъектілердің қызметтерін бағалау салдарыда өзгеше. Заң бойынша дәлелдеу субъектілері, сарапшының қорытындысымен келіспесе, ол туралы негізделген қаулы шығару керек. Мұндай жағдай маманның қызметін бағалауға қатысты қолданылмайды, олардың қызметі тергеуші (сот) белгілеген жалпы тәртіп бойынша бағаланады.
Жоғарда қөзделген мән-жайларды және сот өндірісіндегі міндеттерін ескере отырып, сот сарапшының және маманның құқықтары мен міндеттері реттеледі. Сот сарапшының мәртебесі нақты белгіленген, өйткені сот сараптамасы жеке процессуалдық әрекет болып табылады.
Маман мен сарапшының арасындағы ерекшеліктерді олардың қызметінің мазмұнымен толықтырған жөн. Мәселен, аталған тұлғалардың азаматтық және қылмыстық процессте қолданатын арнайы білімдерін бағалауымыз қажет.
Сот өндірісінде қолданатын арнайы білімдердің мазмұнына шек қоюдың бірнеше себептері бар, бастысы сараптамалық тәжірбиеге сүйенсек, сарапшының алдына құқықтық мазмұндағы сұрақтарды тергеу (сот) органдарымен қойылуы. Атап айтсақ, 2001 жылғы 13 желтоқсандағы ҚР Жоғарғы сотының № 21 «Азаматтық істерді сотқа дайындау» атты нормативті қаулысында, сот сарапшыларына құқықтық мазмұндағы сұрақтарды шешуге тыйым салады, аталған сұрақтарды шешу сот (тергеу) органдарының құзыреттілігінде жатыр.
Нақтысында сот сараптамасын маманның арнайы білімінен оның негізгі үш элементтері ажыратып отыр: арнайы ғылыми зерттеу барысында объектілердің белгілерін анықтау, олардың ғылыми анықтамасы және соның негізінде жаңа нәтижелі білім алуында. Кері жағдайда сот сараптамасының арнайы ғылыми білімге негізделе отырып, жасалатын зерттеу деп айту мүмкін емес. Ал маманның зерттеулері, белгіленген объектілердің белгілерін анықтау үшін ғылыми анықтаманы тұжырымдамайды (интерпритация), тек оларды анықтаумен шектеледі. Сол сияқты, мамандар дәлелдемелерді іздеу, бекіту және алу кезінде олардың құқықтық білімнің болуын қажет етеді (криминалист-маман).
Сонымен, сот сараптамасы сот өндірісіне арнайы білімді тартатын біліктілік нысанның бірі. Сот сараптамасы процессуалдық құқықтың институты ретінде ерекше белгілерге ие, соның нәтижесінде ол сараптаманың тағайындау, зерттеу жүргізу, нәтижелерін рәсімдеу және баға беру тәртіптерін реттейді. Оларға келесілер жатады:

  • тергеушінің (соттың) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулы (ұйғарым) шығару тапсырмасы;

  • зерттеуді арнайы субъект – сот сарапшысы жүргізеді;

  • сот сарапшысының құқықтыры мен міндеттерін көздейтін процессуалдық мәртебесі;

  • сарапшының тәуелсіздік құқықтық кепілдері мен қорытындысы дұрыстығының құқықтық кепілдерінің заңмен белгіленуі;

  • сот сарапшысында арнайы ғылыми білімнің болуы және соның негізінде фактілердің ғылыми негізделіп тұжырымдалуы;

  • сарапшы қорытындысының – нәтижелі құжат ретінде процессуалдық реттелуі;

  • сарапшы қорытындысының жеке дәлеледеме ретінде қарастырылуы;

  • сарапшы қорытындысымен келіспеу шешімі дәлеледеу субъектілерімен негізделуі қажет;

  • алғашқы сараптама қорытындысының негізсіз немесе оның дұрыстығы күмән тудыратын болса, не сараптаманың жүргізілуінде процессуалдық норманың ережелері едәуір бұзылған жағдайда қайталама сараптаманы тағайындау мен басқа сарапшыға сараптама жүргізуді тапсыру мүмкіндігі;

Сонымен, сот сараптамасы сот өндірісіне арнайы білімді тартатын біліктілік нысаны ретінде спецификалық белгілерге ие, сол арқылы сараптама дәлелдеу субъектісінің процессуалдық қызмет жүйесінде жеке құқықтық институт ретінде орын алады.
Қазақстан Республикасы «Сот-сараптамалық қызмет» туралы Заңның 1 бабында көрсетілгендей: сот сарапшысы – осы Заңның талаптарына сәйкес келетін, қылмыстық процесті жүргізуші орган (адам), сот не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілеттік берілген орган (лауазымды адам) заңда белгіленген тәртіппен сот сараптамасын жүргізуді тапсырған адам.
Сот сарапшының мәртебесін құқықтық реттеудің негізгі жағдайларын білуі, тәжірбиеде қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша арнайы білімнің сот өндірісінде қолданылуын қажет ететін жағдайларда, нақты сарапшыны іске тартудың мәселелерін дұрыс шешуге ықпал етеді.
Сарапшының сот өндірісінде қатысуының процессуалдық мәнін ескере отырып, оның зерттеу нәтижелерінің іс бойынша дәлелдеме болуына байланысты, заңгер сарапшының процессуалдық тұлға ретінде орын алуына қатысты белгілі бір талаптар қояды.
Мәселен, ҚР «Сот-сараптамалық қызмет» туралы Заңның 12 б. 2 бөліміне сәйкес, сараптаманы жүргізу:

  1. сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;

  2. сот-сараптама қызметін лицензия негізінде жүзеге асыратын адамдарға;

  3. осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларда біржолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.

Мұндай тәртіп сот сараптама органдарының қызметкерлері болмайтын тұлғаларға және лицензиялары жоқ және заңның 12 б., 3 бөлімінде көзделген жағдайларға қатысты таралады.
Барлық жағдайларда сот сарапшысы ретіндегі тұлғалардың жоғары білімі және белгілі бір сараптаманың саласында арнайы ғылыми білімге ие болуы керек. Біліктілік емтиханын тапсырғаннан кейін сот сарапшысының белгілі-бір сараптаманың түрімен айналасуға қатысты біліктілік куәлігі беріледі және сот сарапшысының біліктілікке ие болу мәртебесі бекітіледі.
Біліктілік емтиханын қабылдау және біліктілік куәлігі Қазақстан Республикасы Әділет Министірлігінің біліктілік комиссиясымен және Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен жүзеге асырылады.
Сол сияқты, сот-сараптама қызметiмен айналысуға арналған лицензиялары бар адамдар туралы мәліметтер мақсаттарын және қалыптастырылу мен пайдаланылу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілейтін Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiледi. Осы Заңның 12-бабының 3- бөлімінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізуші орган, сот, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан орган (лауазымды адам) оны жүргізуді Қазақстан Республикасы Сот сарапшыларының мемлекеттiк тiзiлiмiне ол туралы мәліметтер енгiзiлген сот сарапшысына тапсырады.
Сот тәртібімен әрекетке қабілеті шектеулі немесе әрекетке қабілетсіз деп танылған не соттылығы өтелмеген немесе алынбаған адам сот сарапшысы бола алмайды.
Тиісті заңдық факт орын алған күннен бастап үш жыл бойына:
1) соттылығы заңда белгіленген тәртіппен өтелген немесе алынған;
2) қасақана қылмыс жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған;
3) мемлекеттік қызметтен, прокуратура органдарынан, өзге де құқық қорғау органдарынан, соттардан, сот сараптамасы органдарынан теріс дәлелдермен босатылған;
4) сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айрылған тұлғалар;
5) ҚР Әділет министірлігінің сотқа берген талап арызы бойынша сот-сараптамалық қызметпен айналасуға рұқсат беретін лицензиясы келесі жағдайларда тоқтатылған:

  • сот-сараптама қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын өрескел не бірнеше қайтара бұзған;

  • аттестаттау нәтижелерімен расталған кәсіптік даярлығының жеткіліксіз деңгейі салдарынан оның сот сарапшысы міндеттерін атқаруы мүмкін болмаған;

  • аттестаттаудан өтуден жалтарған жағдайларда.

Сот сараптамалық қызметпен айналасуға тыйым беретін жағдайлар процессуалдық заңда көзделген. Мысалы, ҚР ҚІЖК 90, 96 бб. көзделген бас тартудың жалпы жағдайлары жатады. Нормаларға сәйкес, сарапшы іске келесі жағдайларда қатыса алмайды:

  • егер ол анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға, судьяға, сезiктiге, айыпталушыға, олардың қорғаушыларына, заңды өкiлдерiне, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне қызметтiк немесе өзге де байланыста болса немесе болып отырса;

  • егер ол нәтижесi қылмыстық iс бойынша iс қозғау немесе қылмыстық iзге түсудi бастау үшiн негiз болған тексеру немесе басқа да тексерiс әрекеттерiн жүргiзсе;

  • егер оның құзыреттi еместiгi байқалса;

  • егер ол iске, осы Кодекстiң 224-бабына сәйкес сот медицинасы саласындағы дәрiгер-маман ретiнде адамның мәйiтiн қарауға қатысу жағдайларын қоспағанда, маман ретiнде қатысса, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатыса алмайды.

Барлық жағдайда сарапшының іске қатысу мәселесін процесті жүргізуші орган шешеді.
Сот сарапшы мәртебесінің негізгі белгісі оның заңмен көзделген құзыреттілігі болып табылады. Аталған аспект сот-сараптамалық қызмет туралы заңның талаптарымен реттеледі. Мәселен, Қазақстан Республикасы «Сот-сараптамалық қызмет» туралы Заңның 18 бабына сәйкес, Сот сарапшысы құқылы:
1) сот сараптамасының нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға;
2) қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінішті мәлімдеуге;
3) қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның) рұқсатымен іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот отырыстарына қатысуға және оларға қатысушы адамдарға сот сараптамасының нысанасына қатысты сұрақтар қоюға;
4) өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты оларға енгізілуге жататын ескертулер жасауға;
5) сараптаманы тағайындаған органның келiсiмi бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, іс үшін маңызы бар, сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыда, ұйғарымда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыретi шегiнде қорытынды беруге;
6) ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға, одан бас тартуды мәлімдеуге;
7) сот сараптамасын жүргізу кезінде қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның) және істі жүргізуге қатысатын өзге де адамдардың өзінің құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттеріне шағым жасауға;
8) сот сараптасын жүргізу кезінде келтірілген шығындарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
Сот сарапшысы:
1) қылмыстық процесті жүргізуші органды, сотты, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органды (лауазымды адамды) хабардар етпестен, сот сараптамасын жүргізуге байланысты мәселелер бойынша процеске қатысушылармен келіссөздер жүргізуге;
2)зерттеу үшін материалдарды дербес жинауға;
3) егер сот сараптамасын тағайындаған органның (адамның) оған арнайы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға не олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқылы емес.
Сот сарапшысы:
1) қылмыстық процесті жүргізуші органның, соттың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуінде жатқан органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге;
2) өзіне ұсынылған объектілерге жан-жақты, толық және объективті зерттеу жүргізуге, өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген жазбаша қорытынды беруге;
3) заңмен көзделген жағдайларда, қорытынды беруден бас тартуға, қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді жазбаша хабарлама жасауға және оны сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) жіберуге;
4) жүргізілген зерттеуге және берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге;
5) зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) істің мән-жайы туралы мәліметтерді және сот сараптамасын жүргізуге байланысты өзіне белгілі болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге;
7) сот сараптамасын тағайындаған органға (адамға) сот сараптамасын жүргізу кезіндегі шығыстардың сметасын және келтірілген шығыстар туралы есепті табыс етуге міндетті.
Сарапшы жалған қорытынды бергені үшін ҚР ҚК 355 бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Осыған қатысты, сот сарпшысы сараптама жүргізудің алдында жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылу туралы ескертілуі қажет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   105




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет