Неке шартын өзгерту және бұзу(41-бап). Неке шарты ерлі-зайыптылардың келісімі бойынша кез келген уақытта өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Неке шартын өзгерту туралы немесе бұзу туралы келісім неке шартының өзі сияқты нысанда жасалады. Неке шартын орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.
Ерлі-зайыптылардыңбіреуінің талап етуі бойынша неке шарты ҚР АК-де шартты өзгерту және бұзу үшін белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша соттың шешімімен өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Мұндай негiздер мен тәртiп АК 401-404 баптарында белгiленген. АК 401 бабына сәйкес неке шарты сот тәртібімен келесі жағдайларда бұзылады және өзгертіледі: - екінші тарап шартты едәуір бұзған ретте; - шартты орындаудан толығымен (бұзылу) не ішінара (өзгертілу) бас тарту кезінде. Неке шартының қолданылуы, неке тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады, бұған неке шартында неке тоқтатылғаннан кейінгі кезеңге арналып көзделген міндеттер қосылмайды (НОТЗ 22-бабы). Мысалы, өзара бағып күту мiндеттемелерi немесе қандай да бiр затты беру .
Мұнымен қоса неке шарты АК-те белгiленген бiрқатар өзге негiздер бойынша тоқтатылады. Мысалы, бас тарту төлемi (АК 369-бап), новация (АК 372-б.) жне ерлi-зайыптылардың бiрiнiң қайтыс болуы. Неке шарты ерлi-зайыптылардың мүлкiнiң шарттық режимiн белгiлейтiндiктен, ол орындау (АК 368-б.), есепке жатқызу (370-б.), орындауға мүмкiндiк болмауы (374-бап) сияқты негiздер бойынша тоқтатыла алмайды.
Неке шарты АК-те мәмiле жарамсыздығы үшiн белгiленген негiздер бойынша толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкiн. НОТЗ-ның 40-бабының 3-тармағының талаптарын бұзатын неке шаты жарамсыз болады.
5. Ерлі-зайыптылардың міндеттемелер бойынша жауапкершілігінеқатысты екі ереже қолданылады:
1) Ерлi-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша өндіріп алу тек сол жұбайының мүлкіне ғана жасалуы мүмкін. Бұл мүлік жеткіліксіз болған жағдайда кредит беруші өзіне өндіріп алу үшін ерлi-зайытылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде борышкер жұбайға тиесілі болатын борышкер жұбайдың үлесін бөліп беруді талап етуге құқылы.
2) Өндіріп алу ерлi-зайыптылардың ортақ міндеттемелері бойынша,сондай-ақ сот ерлi-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша алынғандардың бірі отбасының қажеттеріне пайдаланғандығын анықтаса, ерлі-зайыптылардың біреуінің міндеттемелері бойынша да ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкінен жасалады. Бұл мүлік жеткіліксіз болған жағдайда ерлi-зайыптылар аталған міндеттемелер бойынша өздерінің әрқайсысының мүлкімен бірлесе отырып жауапты болады.
Егер соттың үкімімен ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ер.-зайыптылардың біреуі қылмыстық жолмен алған қаражат есебінен сатып алынғаны немесе көбейтілгені анықталса, өндіріп алу тиісінше ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкінен немесе оның бір бөлігінен жасалуы мүмкін.
Ерлi-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары келтірген зиян үшін жауапкершілігі азаматтық заңдармен белгіленеді. Ерлi-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары келтірген зиянды өтеуі кезінде олардың мүлкінен өндіріп алу жоғарыдағы 2-ші ережеге сәйкес жасалады(НОТЗ 43-бап).
Борышкер жұбайдың кредит берушісі айтарлықтай өзгерген мән-жайларға байланысты ҚР АК 401-404-баптарында белгіленген тәртіппен ерлi-зайыптылар арасында жасалған неке шартының талаптарын өзгертуді немесе оны бұзуды талап етуге құқылы
Тақырыпты пысықтау сұрақтары:
1. Ерлi зайыптылардың жеке құқықтары мен мiндеттерi
2. Ерлi-зайыптылардың мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерi.
3. Неке шартының түсінігі және элементтері.
4. Неке шартының мазмұны
5. Ерлі-зайыптылардың міндеттемелер бойынша жауапкершілігі.