Орал 36446 Өскемен 8721
Верный 22744 Кереку (Петропавл) 7738
Семей 20216 Перовск (Ақмешiт) 5058
Қызылжар 19688 Көкшетау 4962
Жаркент 16094 Қарқаралы 4451
Қостанай 14275 Зайсан 4402
Әулиеата
(Жамбыл) 11722 Атбасар 3038
Ақмола 9688 Ырғыз 1512
Атырау
(Гурьев) 6322 Торғай 896
Қала халқының саны артып, оның әлеуметтiк құрамы өзгердi. Қалаларда
әскерлер, құрметтi азаматтар мен көпестер, казак ұлықтары (Оралда,
Орынборда, Семейде, Верныйда) тұрған. Қала халқының көпшiлiгi шаруалар,
жұмысшылар және ерекше топ мещандар болды. Құқы жағынан бiртұтас бұл
сословие әлеуметтiк жағынан iс жүзiнде бiртектес емес едi. Мещандар
арасынан көпестердiң қатарын толықтырған саудегерлер, кәсiпкерлер шығып
отырды. Алайда, мещандардың негiзгi бөлiгi шаруашылық жағынан
дербестiктен айырылып, бара-бара кедейлер құрамын толықтырып отырған.
Бастапқы кезде қала халқы негiзiнен казактардан әкiмшiлiк қызметтегі
адамдарынан қалыптасты. Одан әрi ол қоныс аударушы славян крестьяндар
есебiнен көбейдi. Қазақстан қалалары XX-шы ғасырдың басында өнеркәсiп
шоғырланған iрi орталықтар есебiнде болмаған едi. Ресей империясының
шығыс шет аймағы ретiндегi Қазақстанның жағрафиялық, жағдайы мұнда ауыл
шаруашылығы шикiзатын алғашқы өңдеумен байланысты негiзiнен ұсақ
өнеркәсiптiң таралуына себепшi болды. Ұсақ өндiрiстiң үлес салмағының
жоғары болуы мен оның сипатына байланысты шағын қалалар басым болды.
Қалаларда ең алдымен азық түлік өндірісі, терi илеу өнеркәсiбi және
механикалық ұстаханалар, негiзiнен темiр жол бойының жанындағы
шеберханалары шоғырланды. XIX ғасырдың аяғында Қазақстан қалалары
өлкенiң аграрлық-сауда және мәдени орталықтарына айналып, оларда ауыл
шаруашылық және жер қойнауындағы шикiзаттарды өңдейтiн өренкәсiп пен
ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң саудасы дамыды.
XX-шы ғасырдың басында Қазақстанда өнеркәсiп өндiрiсi қанат жая
бастады. Осы кезеңде өндіріс кәсіпорын салаларын дамытуға өлкеде қолайлы
жағдайлар болған. Жер мен шикiзат арзан, жұмысшылардың жалақысы төмен,
басы артық жұмыс қолы мол едi. Өнеркәсiп саласының негiзiн құрайтын кен
өндiру кәсіпшілігі елiмiзде сол кездiң өзiнде маңызды салаға айнала бастады.
Ғасырдың басында Қарақаралы уезiнде 70-ке жуық шағын мыс рудниктерi, 170
күмiс-қорғасын, 3 темiр, 2 никель-күмiс, 4 мырыш кеніші болған. Атбасар
уезiнде 15 участектен мыс, күмiс, қорғасын өндiрiлетiн кәсiпорындары толық
болмаса да iске қосылған. Сiбiрде алтын көзі бар жерлер ашылған кезде Омбы,
Петропавл, Көкшетау және басқа алтын кәсiпкерлерiнiң назары Қазақстанның
қазақ даласы мен таулы аудандарының жер асты көмбелi байлықтарына ауды.
Кен-зауыт өнеркәсiбi негiзiнен Ақмола облысының Ақмола, Баянауыл
және Қарақаралы, Семей облысының Өскемен уездерiнде шоғырланды. Жеке
адамдар ұйымдастырған жарналы серiктестiктердiң саны көбейдi. Мәселен,
Ақмола облысының Көкшетау уезiнде 1870 ж. бастап алтын өндіретін
Подсосовтың, Петровтың, ағайынды Шевелиндердiң, Бутбриндердiң сауда
фирмалары пайда болды. Түмень көпестерi Л.Д. Хотинский мен М.
Катымскийдiң арасында 1878 жылдың қазанында Петербургте уезде алтын
шығару жөнiнде жарналы серiктестiк ұйымдастыру жөнiнде шарт жасалынды.
Осы кездерде Рязановтар, Брониковтар, Меньшиковтар ж.б. секiлдi
акционерлер қызметтерін жандандырған.
Елiмiзде негiзiнен кен қазып шығару және тау-кен зауыттық, сондай-ақ
өңдеушi кәсiпорындар қалыптаса бастады. Ірілі-ұсақты тау-кен өнеркәсiбi түстi
металдар мен темiрдiң бай кен-орындарын пайдаланып жатқан Алтай мен
Орталық Қазақстанда көбейдi. Бұнда мыс, алтын, темiр ж.б. өндiрiстiк шикiзат
шығатын орындар шетелдiк акция иелерiнiң қолына көштi. Мысалы, ағылшын-
француз акционерлiк қоғамы Спасск-Успенск кен зауытын, Саран-Қарағанды
таскөмiр кенiн, темiр рудниктерiн сатып алған. Көбiнесе акция ұстаушылар
американдықтар, немiстер, шведтер, австриялықтар т.б. шет ел өкiлдерi болған.
Бұл өңірлерді жедел игеру мақсатында 1914 жылы Екiбастұз қорғасын-мырыш
зауытының құрылысы басталған, темiр жол салынып жатты.
XX ғасырдың бас кезiндегi өлкедегi түрлi иелiктегi өнеркәсiптiк
орындардан алтын, көмiр (Екiбастұз, Қарағанды, Саран), тұз (батыс және
солтүстiк-шығыс аймақтарда) шығарылды. Кәсiпорындардың бiршамасы
артельдерге, серiктестiктерге және қоғамдарға жалға берiлдi. Батыс
Қазақстандағы Жайық-Жем аймағында мұнай өндiрiсi дамыды. 1912-1914 жж.
мұнай өндiру саласын ағылшындықтар қолына алып “Орал-Ембi қоғамы”,
“Батыс-Орал мұнай қоғамы” және “Солтүстiк-Каспий мұнай компаниясы” атты
кәсiпорындары арқылы өңірде экономикалық билiк жүргiзген. Cөйтiп, шетелдік
акция иелері арзан жұмысшы күшін бәсекесiз және мұнайдың бай кен
орындарын жыртқыштықпен пайдалану арқылы кең көлемді пайдаға кенелген.
Тұтас алғанда өлке өнеркәсiбiнде ауылшаруашылық шикiзаттарын
өңдейтiн: терiден былғары жасайтын, май шыжғыратын, сабын қайнататын,
спирт шығаратын, май шайқайтын кәсiпорындары басым болды. Жетiсу,
Ақмола және Семей облыстарында өнiмдерiне әскери ведомстволар ерекше
ынталық танытқан жүн-шұға фабрикалары, ет-консервi зауыттары, сондай-ақ
ұн-жарма өнеркәсiбi дами түстi. Оңтүстiк Қазақстанда шикiзатты өңдейтiн
майда кәсiпорындардан басқа мақта тазарту өнеркәсiбi қалыптасқан. XX
ғасырдың басында Шымкентте төрт, Түркiстанда - екi мақта тазартатын зауыт
салынған.
Қазақстанда балық кәсiпшiлiгi едәуiр дамыды. XX-шы ғасырдың басында
150-ден астам балық кәсiпшiлiктерi, Жайық өзенi мен Каспий теңiзiнiң
жағалауында шоғырланған едi. Баутин, Жылықосын, Шортамбай, Забурин және
Ганюшкин балық зауыттары iске қосылды.
Жем мен Жайық өзендерiнiң алқаптарында кәсiпкерлер балық кәсібімен
шұғылдана бастады. Олар өндірілген өнімдерін Астраханьға, Ресейдің орталық
және басқа қалаларына апарып, оларды астық және өнеркәсiп тауарларына
айырбастап отырған. XIX-шы ғ. 70-шi жылдарынан бастап Арал теңiзi мен
Сырдарияда да балық аулау кәсiпшiлiгi кең қанат жаяды. Осы жерден балық
Ырғыз бен Жаманқала арқылы Троицкiге жөнелтiлiп тұрды.
Балқаш көлiнде балық аулайтын тұрақты кәсiпшiлiк 1880 жылдан қызмет
ете бастаған. Iле мен Шу өзендерiнiң және Балқаш көлiнiң жағаларында балық
кәсiпшiлiгiмен шұғылданған 135-ке жуық отбасылары аулаған балықтарының
денiн Верный мен Қарақараланың базарларына шығарып отырған. Дамып келе
жатқан балық кәсiпшiлiгi қазақ шаруашылығында, әсiресе кедейлер үшiн үлкен
сүйенiш едi. Семей облысында әртүрлi балығы көп су қорларының болуы бұл
өңiрде балық кәсiпшiлiктерiнiң өркендеуiне себепшi болды. Өлкеде ауланған
балықтың көлемi жөнiнен Зайсан көлi мен Қара Ертiстiң сағасы бiрiншi орын
алған. Балықшылар басы артық балығын жақын жердегi жәрмеңкелерге апарып
немесе жергiлiктi кәсіпкерлерге өткiзiп отыратын болды.
Сайып келгенде, XX-шы ғасырдың басында қазақ жерi Ресей
империясының толық отаршылдығында бола тұра өзiнiң табиғат қорларына
сүйенген өнеркәiсiп салаларының дамуына нық қадам жасаған. Өлкенiң
өнеркәсiп орталықтарының бiрi Батыс Қазақстан болды. 1894 жылы Оралға
темiр жол келiп бүкiл елiмiздi Едiл жағалауындағы халықтармен жалғастырды,
Жайық өңiрiнiң өнiмiн Ресейдiң Еуропа аймағындағы рыноктарына жеткiзудiң
торапты нүктесiне айналды. Екiншi маңызды өнеркәсiп орталығы Ақмола
облысы, оның iшiнде Петропавл қаласында болған. Мұнда 1895 жылы 1155
астық ұнтатушы диiрмен, 216 өңдеушi өнеркәсiптiң зауыттары жұмыс iстеп,
олар жылына 1 миллион сомның тауарларын шығарып отырған.
Қатынас жолдары. Барлық жолдар, пошта қатынастары негiзiнен Ақмола,
Көкшетау, Гурьев, Орал, Орынбор, Омбы, Петропавл, Семей, Павлодар,
Верный, Ташкент сияқты қалалардың төңiрегiне шоғырланған еді. Тауарлар
өгiзбен, түйемен, атпен тасылып тұрды. Шикiзат пен өнеркәсiп өнiмiнiң, азық-
түлiк пен жұмыс күшiнiң бағасы да едәуiр дәрежеде сол қатынас жолдарының
жағдайына байланысты болды. XIX-шы ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап
Ертiс бойымен және Балқашта тұрақты кеме қатынасын ұйымдастыруға әрекет
жасалды. Омбы, Семей, Павлодар секiлдi қалаларда, Ертiстiң жағасында қойма
жайлар салынды. 1860 жылдан бастап кеме жүзу маусымында Балқаш көлi мен
Iле өзенiнiң бойында жыл сайын ерсiлi-қарсылы жүк тасылып тұрды.
Iшкi Ресейден Қазақстанға темiр жолдар салу жөнiндегi алғашқы
қадамдар XIX ғасырдың 70-шы жылдарынан басталды. 1874-1876 жылдары
Орынбор темiр жолы (Самара-Орынбор) салынып, ол Торғай облысы мен
Орынборды империя орталығымен жалғастырды. 1880-1890 жылдарда Каспий
теңiзiнiң шығыс жағалауынан Ташкентке дейiн жол салу iсi онан әрi жүргiзiлдi.
1891-1893 жылдары Рязань-Козловск темiр жолының акционерлiк қоғамы
Покровская Слобода-Орал жолын, 1897 жылы Урбах-Астрахань жолын салды.
Cаратовтан Оралға дейiнгi темiр жол 1890-шы жылдарда салынып бiттi.
Сiбiр магистралы құрылысының Батыс Сiбiр учаскесi Ақмола облысының
Петропавл және Омбы уездерiнiң жерiмен 178 шақырым бойына өтетiн едi.
1901-1905 жж. толық iске қосылған Орынбор-Ташкент темiр жолы Түркiстан
өлкесiн өнiм шығаратын және өңдеу өнеркәсiбiнiң басқа орталықтарымен
байланыстыратын бiрден-бiр жол болды. Бұл жол Орынбор-Ақтөбе бағытында
Жайық, Елек, Жем су айырықтарының бойымен Шалқар көлiне қарай,
Мұғалжар таулары мен кiшi Борсық құмдары арқылы Арал теңiзiне, Қазалыға,
Сырдария жағалауына, Перовск, Түркiстан және одан әрi Ташкентке қарай
тартылған едi. Жалпы 1917 ж. дейiн қазақ жерiнде барлығы 2793 шақырым
темiр жол төселiп, оның 2557 км жалпылай пайдаланатын, тек 236 шақырымы
ғана жергiлiктi маңызы бар жолдар болған.
Өнеркәсiптiң дамуы және түрлi байланыс тораптарының iске қосылуы
Қазақстанда XIX ғасырдың орта тұсынан бастап маманданған жұмысшы
қалыптасуына негiздер қалады. Өлкеде оларды қазақ шаруаларының
кедейленген бөлiгiнен шыққан жалданушылар мен қоныс аударған славян
крестьяндары, қайыршылық күйге түскен қолөнершiлер мен жергiлiктi
қалалардың жарлы-жақыбайлары, төменгi шен әскери адамдары, сондай-ақ
Ресей империясының iшкi және басқа губернияларынан келген маман
жұмысшылар мен кедей шаруалар құрады.
Қазақстанда өндiрiс жұмысшыларының қалыптасу қарқыны мен оның
санының өсуi барлық аймақта бiркелкi болған жоқ. Кен өнеркәсiбi бар
аудандарда жұмысшылар саны тез өсiп, XX ғасырдың басында 11225 адамға
теңелдi. Жұмысшы күшi бiрте-бiрте шоғырлана бердi және олардан тұрақты
құрамы қалыптаса бастады. Дегенмен, Қазақстанда мерзiмдi жұмыс басым
болуы және техниканың артта қалуы жағдайларында бұл процесс Орталық
Ресейдегiден гөрi баяуырақ жүрiп жатты.
Өлке жұмысшы кадрлары ең алғаш қалыптасуынан бастап -ақ көп ұлтты
болған едi. Мысалы, XX ғасырдың басында Екiбастұзда Орталық Ресейдiң 23-
тен
астам
губернияларынан
келгендер
жұмыс
iстедi.
Өнеркәсiп
ұжымдарындағы жұмысшылардың жалпы санының 50-60 пайызы қазақ
жұмысшылары, қалғандары орыстар, украиндар, татарлар, башқұрттар және
басқа ұлт өкілдері болған едi.
1913 ж. Қазақстанның өнеркәсiп саласында 75 мыңға жуық маман
жұмысшылар қызмет еткен. Олардың iшiнде 51 мыңы еңбек еткен 675 таза
өндiрiстiк кәсiпорындар болды, ал жұмысшылардың 19 мыңнан астамы iрi
өнеркәсiп орындарында iстедi. Темiр жол мен су қатынасы орындарында 25
мың жұмысшы еңбекпен қамтылды. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында
жұмысшылар саны iрi өнеркәсiп және қатынас салаларында өсіп отырған. 1917
жылғы Қазан оқиғалары кезiнде өлкедегi жұмысшылар саны 90 мыңға жеткен.
Жалпы Қазақстандағы жұмысшы кадрлардың өлкенің әдет ғұрыпына тән
ерекшелiктерi болды: а) тұрақты және уақытша еңбекпен қамтамасыз
етiлгендер; б) өнеркәсiп орындарында шоғырлануына байланысты (орта
есеппен әрбiр кәсiпорынға 20 жұмысшыдан ғана келдi). Жұмысшылардың
шоғырлануы жоғары болған темiр жол шеберханалары мен жүйе аясындағы
ұжымдарда болды, ал мұның өзiнiң Қазақстанда жұмысшы және саяси (социал-
демократиялық) қозғалыстың қарқын алуына ерекше әсер еткен. Мысалы,
Петропавл, Омбы, Орынбор, Ақтөбе, Қазалы, Перовск, Шалқар, Түркiстан
станцияларының теміржолшылары осы қозғалыстың озық шебіне айналған.
Фабрик-зауыт жұмысшыларының арасында әдетте жергiлiктi тұрғындар
саны басым болған. Неғұрлым жоғары мамандық дәрежесi және техникалық
дағдысы барларды талап ететiн темiржол жұмысшыларының басым бөлiгiн
орыс ұлт өкілдері құрады. Ал күндiк немесе уақытша жұмысшылардың
құрамына келетiн болсақ онда қазақтар көп болды. Жұмысшылардың
шоғырлануы неғұрлым жоғары және тұрақты кадрлары бар тау-кен және өндiру
өнеркәсiбiнiң ұжымдарын құрады. 1887 ж. өзiнде Зайсан уезiнiң бастығы
өздерiнде өткен бiр ереуiлге байланысты оған “қырғыз тау-кен жұмысшылары”
қатысты, ал оларды “орыс мастеревойлары” басқарды деп жазды. Мұның үстiне
ол Өскемен және Зайсан уездерiнiң “қырғыз тау-кен жұмысшылары” кен қазу
жұмыстарымен 10 жылдан астам уақыт бойы айналысып келе жатқан
“тәжiрибелi еңбекшілер, көбi орыс тілін барынша меңгергендер” екендiгiн атап
көрсеткен-дi.
Өлкенiң өнеркәсiп жұмысшыларының еңбек дәрежесі мен хал-ахуалы
Ресейдiң өнеркәсiбi дамыған өңiрлерiмен салыстырғанда әлдеқайда төмен
болды. Мысалы, мұнай кәсiпшiлiктерiнде жұмыс күні ұзақтығы 12 сағатқа
дейiн, алтын шығаратын кендерде - 10-12 сағатқа дейiн, тұз өндiрiлетiн
кәсiпшiлiктерде - 14-16 сағатқа дейiн, темiр жол кәсiпорындарында да осы
шамаға созылды. Еңбек ақы да Ресей орталығындағы кәсiпорын
жұмысшыларының жалақысынан орта есеппен алғанда 3-4 есе кем болды.
Тау-кен кәсiпорындардағы еңбек құралдарының техника жетiстiгi
деңгейiнен төмен болуы, еңбек қауiпсiздiгiн сақтаудың қарапайым
шараларының төмен болуы, жұмысшылардың зақымдануы мен қайғылы
жағдайға ұшырау оқиғалары жиi кездесетiн жаппай жарақаттануға соқтырып
отырған. Кәсіпорындарда қызмет істейтін жұмысшылардың көбiнiң тұрғын
үйлері тұрмысқа жарамсыз, тек 40 пайызға жуығы ғана құранды лашықтарда,
жертөлелер мен барақтарда жайласты. Оларға тиісті дәрiгерлiк көмек
көрсетудiң, әрі санитарлық-тазалық жағдайының жоқтығынан жұмысшылар
мен олардың отбасылар арасында эпидемиялар мен жұқпалы аурулар ұшқыны
жиi шығып тұрды.
Осының бәрi, еңбек ақының әдiлетсiз төменгi деңгейi, көптеген жаза мен
айыптардың түрлерi, кем өлшеп, тиімсіз есептеу және үкiмет пен
қожайындардың тағы басқа озбырлықтары, еңбектiң, тұрғын үй, тұрмыстық
жағдайларының жайсыздығы жұмысшыларды өздерiнiң экономикалық және
саяси хал-ахуалдарын жетілдіру мақсатында күрес-ереуiлдерге шығуға
мұрындық болған.
XX-шы ғ. басында Ресей үкiметiнiң отарлау саясатының негiзгi бағыты
қазақ жерiнде жаңа аграрлық қатынастарды енгiзу, дәлірек айтсақ
қоныстандырудың жаңа сатын жүргізуге негіз болды. Осы кезден бастап
империяның орталық аудандарынан крестьяндардың қоныс аударуы мемлекет
тарапынан арнайы қолданып мақсатты сипат алды. Орталық губерниялардан
шаруалардың елдiң шеткер аудандарына, соның iшiнде Қазақстанға да қоныс
аударту арқылы отаршылдық саясаттың жаңа белесi ашылды. Жер артығын алу
деген желеумен байырғы тұрғындардың жерiн тартып ала отырып, Ресей
үкiметi қазақтарды түгелдей күйзелту арқылы “қоныс аудару қорын”
жасақтайды. Бұл қор “жергiлiктi халықтардың жер жөнiндегi құқын өрескел
бұзу арқылы іске асырылады, ал Ресейден қоныс аудару ”шет аймақтарды
орыстандыру’’ жөнiндегi бәз-баяғы ұлтшылдық принциптi дәрiптеу үшiн
жасалады’’.
“Қоныс аудару қорын” ұлғайту мақсатымен XX ғасырдың басында Қазақ
өлкесiн “зерттеу” үшiн арнаулы экспедициялар жіберіліп, оның қорытындысы
бойынша шаруалардың пайдаланатын жерiнiң көлемi шектелдi. Егер 1893
жылдан 1905 жылға дейiн қазақтар 4 миллион десятинадан артығырақ жерден
қол үзссе, 1906 жылмен 1912 жыл аралығында 17 миллион десятинадан астам
жерден шететілген. Ресей үкiметi тарапынан ғасырдың басында қабылданған
бiрнеше құжаттарда қоныс аударудың негiзгi ережелерi, мерзiмi мен аймағы,
қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан берiлетiн жеңiлдiктер, пайдалануға
бөлiнетiн жердiң көлемi және қоныс аударатын аймақтар көрсетiлген болатын.
Аталған құжаттар бойынша Ресей үкiметi Қазақстан территориясын
қоныс аударатын бес аймаққа яғни, Торғай-Орал, Ақмола, Семей, Сырдария
және Жетiсу жерлерiн бөлдi. Сонымен қатар ол құжаттар да: “Қырғыздардың
шаруашылық қажеттерiне немесе уақытша тұруына арналған құрылыстар жердi
тартып алу үшiн бөгет бола алмайды”,- деп ерекше көрсетiлген.
Қазақ жерiне қоныс аудару қозғалысының шешушi қадамы Ресей
министрi П.Столыпиннiң аграрлық саясатынан айқын көрiнiс тапты. Жаңа
аграрлық саясат негiзiнде орталық Ресей үкiметi “Қазыналық жерлерге қоныс
аудару туралы ережелерге” арнайы түсініктеме даярлаған. Оған сәйкес
шаруалар мен егiншiлерге мещаньдардың қауымынан шығуына, үлестi
жерлерiн сатуына және шеткерi аумақтарға қоныс аударуына, немесе қоныс
аударатын қазыналық бос жер iздеу, болып жатса иелену үшiн Азиялықтарға
Ресейге мақсатты адамдар (ходоктар) жiберуге рұқсат етiлдi.
Жалпы XX ғасырдың бас кезеңінен Қазақстан аумағына қоныс аудару
үдейе түстi. Егерде 1896-1905 жж. аралығында Ақмола, Торғай және Орал
облыстарына 234134 адам қоныс аударса, келесi алты жылдың iшiнде бұл
көрсеткіш 400327 ер адамға дейін ұлғайған.
Қоныс аудару жөнiнде ол кезде қолданылған жүйе қоныс
аударушылардың басым көпшiлiгiн күйзелттi, олардың бiразы керi қайтуға
мәжбүр болды. Қазақстаннан Ресейге жыл сайын 40-110 мыңға дейiн қоныс
аударушы отбасылар қайтып отырды. Бұл шаруалардың жағдайы өте ауыр бола
тұрсада шаруалар қозғалысы тоқтамады, мұның өзi П.Столыпиннің аграрлық
реформасының күйзеліске ұшырауын тездеттi.
Қоныс аудару саясатын жүргiзген кезде орталық үкiмет көздеген
отаршылдық-реакциялық мақсаттарға қарамастан, шаруаларды Қазақстанға
қоныс аудартудың өзiнiң әлеуметтiк-экономикалық және саяси нәтижелерi
жөнiнен объективтiк жағынан алғанда прогрестi көрініс екенін атаған жөн.
Мұның өзi өлкенiң өндiргiш күштерiнiң дамуын тездеттi, егiншiлiк пен
отырықшылықтың өрiс алуына, жалпы ұлт-азаттық, таптық күресте орыс және
қазақ еңбекшiлерiнiң жақындасуына да дәнекер болды. Cонымен бiрге қоныс
аударту саясаты Қазақстанда аграрлық қатынастардың шиеленiсуiне, бүкiл
қазақ жұртшылығының ата-тегiнен иеленген жерiнен айрылып, күйзелуiне
әкелiп соқтырды.
Ресейлік
1905-1907
жж.
тұңғыш
буржуазиялық-демократиялық
революция Қазақстан еңбекшiлерiнiң саяси өлшемінің оянуына, өлкеде езгiнiң
отаршылдық, әлеуметтiк және басқа түрлерiне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшы,
аграрлық қозғалыстардың жедел қарқынмен дамуына серпiн бердi. Өлке
халқының әртүрлi топтарының Ресейдегi 1905-1907 жж. революцияға
көзқарасы бiрқалыпты болған жоқ. Өлкенiң экономикалық және саяси дамуы
дәрежесi баяу болғандықтан Ресей орталығынан көрi жұмысшы қозғалысының
қарқыны төменiрек болып, тек революция жылдарында жаңа сатыға көтерiлдi.
Оған өнеркәсiп пен қала жұмысшылары белсене қатысты.
Тарихқа аян 1905 жылғы 9 қаңтардағы қанды оқиға және одан кейiнгi
Ресей империясының өндiрiстiк орталықтарындағы халық қозғалысы туралы
хабарлар қазақ даласына тез тарады. Верный, Әулиеата қалаларының, Перовск,
Қазалы, Орал, Ақтөбе, Семей темiр жол торабының демократиялық ниеттегi
еңбекшiлерi наразылық бiлдiрдi, ал Ақмола облысы мен бүкiл Дала өлкесiнiң
орталығы Омбыда бүкiлхалықтық ереуiл-шерулер өтті.
1905 жылдың ортасында Орынбор-Ташкент темiр жолы бойындағы
(Түркiстан, Перовск, Жосалы, Қазалы, Шалқар) жұмысшылар өздерiнiң
экономикалық жағдайын жақсартуды, жұмыс күнiн қысқартуды талап еткен
ереуiлдер өттi. Петропавл темiр жол депосының жұмысшылары саяси ереуiл
ұйымдастырып, ал олардың Орынбордағы әрiптестерi жұмысты тоқтатты. 1905
жылғы қаңтар-ақпан аралығында өлкенi қоныстанған кедейлердiң патша
үкiметiне ашу-ызасын бiлдiрген көптеген жиналыстар өткен.
Бiрiншi орыс революциясының өрiс алу барысында әлеуметтiк таптар,
саяси
бiрлестiктер
мен
партиялардың
бағдарламалық
көзқарастары
айқындалды. Әрбiр саяси партия революциядағы өзiнiң таяу кездегi iс-
қимылын, өзге партиялар мен ағымдарға көзқарасын, сондай-ақ мемлекеттiк
бағыт-бағдарларға сын-ұсыныстарын айқындап пысықтаған.
1905-1907 жж. Қазақстандағы жұмысшы қозғалысы қалыптасып империя
орталығындағы кәсіпорындары әріптестері тәжiрибесiне сүйенiп, өзiнiң
дамуының жаңа кезеңiне қадам басты. Ресейдегi революциялық оқиғалармен
ұштасып Қазақстанның жұмысшылар шоғырланған аудандарында iрi-iрi саяси
және экономикалық ерулердер өткен. Оған 1905 жылы желтоқсанда Успенск
мыс руднигiнде, 1907 жылы маусым айында Спасск мыс қорыту зауытында,
Қарағанды кен орындарында және Семей, Орал, Ақтөбе, Верный, Қостанай
және басқа қалалар мен кәсiпорындарында өткен ереуiлдердi жатқызуға
болады.
Бiрiншi орыс революциясы жылдары өлкеде РСДЖП-ның (Ресей
социалдемократияны қолдаушы жұмысшылар партиясы) алғашқы топтары мен
ұйымдары қалыптаса бастады, ол құбылысқа аталған партияның Сiбiр,
Астрахань, Самар, Саратов комитеттерi елеулi ықпалын тигiздi. 1904 жылы
пайда болған “Сiбiр социал-демократиялық Одағы”, әсiресе оның Омбы
қаласындағы ұйымы елеулі iс тындырды. Ол бiрiншi кезекте Петропавл,
Көкшетау қалалары мен солтүстiк-шығыс аудандарындағы, сондай-ақ
Жетiсудағы жұмысшылар, жалпы еңбекшiлер арасында айтулы үгiт-насихат
шараларын жүргiздi.
Қазақстандағы алғашқы өз бетiнше оқып үйренетiн марксистiк үйiрме
Атбасар қаласында болды. Оны 1896 жылы Оралдан жер аударылған жұмысшы
А.Д. Ушаков ұйымдастырды. XX ғ. басында бұндай үйiрмелер Ақмолада,
Петропавлда, Оралда, Қостанайда, Семейде, Верныйда және өлкенiң басқа да
қалаларында пайда болды. Революцияның алғашқы айларында бұрыннан
жұмыс iстеп келе жатқан марксистiк үйiрмелер негiзiнде Петропавл мен Оралда
РСДЖП ұйымдары, Перовскiде, Қазалыда және Түркiстанда, ал бiршама
кейiнiрек Ақмолада, Көкшетауда, Ақтөбеде, Павлодарда және өлкенiң басқа да
қалаларында социал-демократиялық топтар құрылды. Алғашқы РСДЖП ұйымы
Семейде қалыптасты.
1905-1907 жж. орыс революция тусында Қазақстан жұмысшыларының
кәсiподағы да қалыптаса бастаған. 1905 жылғы қарашада Н.Смуров,
Н.А.Покатилов және Н.И. Ульянов жетекшілігімен алғашқылардың бiрi болып
Орал темiржолшыларының кәсiподағы, одан кейiн неғұрлым жақсы топтасқан,
әрi жауынгер ұйым-баспахана жұмысшыларының кәсiподағы құрылды.
Қатарына 6 мың адамды топтастырған Орынбор-Ташкент темiржолшыла
рының өлкедегi ең iрi кәсiподағы 1906 жылы құрылып көптеген революциялық
әрекеттерiмен белгiлi болды. Кен өндiру саласында алғашқы кәсiподақ Успен
руднигiнде құрылып, ол Орыс-Қырғыз одағы деп аталды. Деректер бойынша
бiрiншi орыс революциясы кезiнде елiмiздiң барлық жұмысшылары мен
қызметкерлерiнiң бар болғаны 3,5 процентi 20-25 түрлi салалық кәсiподақтар
қатарына тартылған болатын.
Сайып келгенде, мұның өзi жергiлiктi жұмысшылар қатары шектеулі
болуы, олардың кәсiпорындар бойынша шоғырлану дәрежесiнiң төмендiгi және
өндiрiстiк қызметтерiнiң маусымдылығы елеулi әсерiн тигiзген. Түрлi одақтық,
саяси ұйымдарға еңбекшiлердiң аз тартылуы жұмысшы қозғалысының тек әлсiз
болғандығынан емес, халықтың басым көпшiлiгiн қазақ шаруалары мен
Ресейден қоныс аударғандар құраған және өлкенiң әлеуметтiк-экономикалық
дамуының баяулығы да себепкер болды.
Бiрiншi орыс революциясы жылдарындағы көтерiлiс немесе ереуiлдер тек
қана кәсiпорынмен шектелмей ауылдық жерлерде де қанат жайды.
Қазақстандағы аграрлық қозғалыс тұтас алғанда аса қарқынды болмай,
шаруалардың дара-дара жекелеген шағын ереуiлдерiмен шектелдi. Шашыраңқы
көтерiлiстердiң мазмұны байлар және отаршлашы билік өкiлдерiнiң
озбырлықтарына қарсы наразылық уақытша және шашыраңқы дәрменсiз
әрекеттермен сипатталды. Ондай әрекеттер көбiне қожайындарды, өкiмет
өкiлдерiн ұрып-соғу, салық төлеуден және қарыз өтеу жұмыстарын орындаудан
бас тартулармен, олардың малын айдап кету немесе егiстiктерiн бүлдiрумен
сипатталады. Жетiсу облысының Лепсi уезiндегi Арғанаты болысының 200
адамнан тұратын қазақ шаруалары 1905 жылдың басында болыс басқарушысын
өлтiрiп, оның қасындағы нөкерлер мен байларды сабап тастаған. Осы жылдың
жазында Семей, Торғай, Орал және Сыр бойында қазақ шаруаларының
арасында бiрнеше ереуiлдер өткен.
Қазақстандағы революциялық қозғалыс түрлерiнiң бiрi-көпшiлiктің
қатысуымен өткен жиындармен сипатталады. Олардың көпшiлiгiнде «17
қазандағы» патша манифесiнiң ережелерi мен шаруалардың мұқтаждары
талқыланған. 1905 жылы 15 қарашада Қарқаралыда Ж. Ақбаев бастаған халық
шерулерi болды. Оған жұмысшылар, қоныс аударған шаруалар және
солдаттармен бiрге осы уездiң ауылдары мен болыстардың тұрғындары
қатысқан. Осындай көтерiлiстер Жетiсудың ұйғырлар мен дүнгендер арасында
да орын алған.
Революция кезiнде кең тараған әлеуметтiк езгiге қарсы күрестiң бiрі ақ
патшаға немесе жоғары үкiметтiк буындарға арыз бен жазбаша өтiнiш
(петиция) жiберу болды. Бұндай петициялар қазақтардың патшаның әдiлдiгiне
сақталған сенiм болғандығын ғана сипаттап қоймайды, сонымен бiрге олардың
жергiлiктi халықтың ата-тегiнен иеленген құнарлы жерлерiн, жайылымдары
мен шабындықтарын тартып алуларынан көрiнетiн озбырлықтарына қарсы, аса
ауыр
салықтарына,
жұмыстық
мiндеттерiне
және
басқа
қиянатқа
наразылықтарының өзiндiк бiр түрi болып табылады. Бұл тұрғыда 1907 ж.
ақпанда “Оренбургский край”, “Уральский дневник” газеттерiнде жарияланған
(Орынбор қаласында татар тiлiнде) қазақ шаруаларының орыс халқына
“Орыстарға қырғыздардан” деген үндеуi ерекше орын алады. Үндеу алғашқы
рет қазақ пен басқа ұлттардың, соның iшiнде орыс еңбекшiлерiмен бiрлесiп
отаршылдық пен қанаушылыққа қарсы күресудiң қажеттiлiгiн, қазақ
шаруаларының саяси сезiмiндегi жаңалықтардың нышанын анық көрсетедi.
Әлемдегi басқа елдердегiдей Қазақстанда да азаттық қозғалыстың
ұйымдастырушысы және рухани қуаттаушысы жаңа қалыптасқан шағын
интеллигенттiк топ болған. Саяси көзқарастардағы топтар өзiнiң құрамы және
бағыты, қоғамдық-саяси қызметiнiң сипаты бойынша көптеген маман
иелерiнiнен құралды. Мысалы дәрiгерлер, мұғалiмдер, заңгерлер және
әкiмшiлiк орындардың қызметкерлерi т.б. болды. Олардың барлығының
көзқарастары және iс-қимылдары шынайы төңкерiстi қолдау, социал-
демократиялық,
либералдық
(кадеттер,
октябристер,
қаражүздiктер)
партиялардың ұйымдарында және басқа революцияшыл топтар мен
бiрлестiктерiнде болған.
Өлке зиялыларының ереуіл жиындары еңбекшілерді өткір күйзелiске
душар еткен аграрлық мәселенiң әдiл шешiлуi жолындағы күресiмен тығыз
сабақтасып, олардың көпшiлiгiнiң қатарлары жергiлiктi жерлерде өздерiнiң
көзқарастары
мен
iс-әрекеттерiнде
айрықшаланды.
Интелигенцияның
көзқарасы мен күрестегi орнына социал-демократиялық және эсерлердiң
идеялары елеулі әсер еттi. Олардың арасынан осы жылдары шынығып, кейiн
бүкiл қазақ қоғамына өз ұстанымдарымен танылған қарқаралық Мұхаммед-
Мақсұт Хамидуллин-Бекметов, ауылдың орта және төменгi буынынан шыққан
А. Байтұрсынов т.б., даланың феодалдық-ақсүйектiк топтарының өкiлдерi- Ә.
Бөкейханов, Б. Қаратаев т.б. шыққан.
Олардың қолдауымен 1905 ж. қазанда Оралда бес облыстағы қазақ халқы
делегаттарының съезiн өтп, жергiлiктi халықтың ұлттық мүдделерiн қорғауға
тиiстi Ресейдiң конституциялық-демократиялық партиясының филиалын
құрмақшы болған. Ал келесi жылы Семейдегi қазақтардың екiншi съезiнде
кадет партиясына тәрiздес бағарламасындағы өлкедегi көкейкестi мәселердi
шешуге бағытталған шараларды мақұлдаған. Ол бағдарламаларда: өлкеге орыс
мұжықтарының қазақ жерiне көшiп-қонуын тоқтату, Қазақстанның барлық
жерлерiн қазақ меншiгi ретiнде тану, мектептер ашу, дiн ұстаған
ерекшелiктерiн ескеру, ұлттық мәдениеттi дамыту, елiмiзде ана тiлдi орыс
тiлiмен теңестiре тарату ұсынысы жарияланды.
Осы жылдары зиялылар ұсынған талаптарының iшiнде дiн мәселесi
ерекше орын алған. Үкiмет орындарының алдына Қазақстанда ерекше
мұсылмандық дiн басқармасын ұйымдастыру, мешiттер салу, дiни мектептер
ашу, мектептерде iсләмдi оқыту, қазақ тiлiнiң маңызын арттыру, Меккеге
қажылыққа бару үшiн шетелдiк құжаттар беру т.б. талаптар жиi-жиi көтерiлдi.
XX ғасырдың бас кезiнде Ресейдiң Мемлекеттiк Думасына депутаттар
сайлауы да қазақ халқының саяси санасының өсуiне елеулi әсерiн тигiздi.
Сайлаулар елiмiздiң орыс халқы саны едәуiр неғұрлым iрi облыстарында
социал-демократтар мен еңбек партиясының өкiлдерi, ал қазақ халқының
арасында либералды-демократиялық ұлт зиялыларының өкiлдерi үлкен
ықпалмен қолдайтынын паш етті. I-шi - Мемлекеттiк Думаға Қазақстаннан
тоғыз депутат сайланды, олардың төртеуi қазақ, ал II-шi - Мемлекеттiк Думаға
Қазақстаннан сайланған 13 депутаттың бесеуi қазақ болды. Осы соңғы Думаға
қазақ арасынан сайланған депутаттар кадет партиясының тобына және
мұсылмандық фракцияға кiрiп, Ресейдiң басқа ұлттық партиялары өкiлдерiмен
бiрге орыс немесе басқа ұлттардың қазақ жерiне қоныс аударуын тоқтатуға күш
салды.
Қазақстандағы революциялық қозғалыс бiрiншi орыс революциясының
құрамдас бөлiгi, бұл қозғалыстың отарлаушыларға, иемденушiлерге қарсы
сипаты айқын болды. Осы революция қазақ жұмысшылары мен шаруаларының
санасын оятып, оларды өз езушiлерiне қарсы күреске көтердi. 1905-1907 жж.
бiрiншi орыс революциясы жылдарында елiмiзде болған оқиғалар, әсiресе
жұмысшылардың, шаруалардың және интеллигенцияның бас көтерулерi, ұлт-
азаттық қозғалыстар т.б. олардың әлсiздiгiне және бытыраңқылығына
қарамастан жергiлiктi еңбекшiлер үшiн саяси мектеп болып қалды. Сол
мектептiң тәжiрибесiн олар одан арғы ұлттық және әлеуметтiк азаттық алу
жолындағы күресте пайдаланды.
1907-1912 жж. Қазақстандағы саяси ахуал. 1907 жылғы 3 маусымдағы II -
Мемлекеттiк Думаны тарату және сайлаудың жаңа жүйесiн енгiзу жөнiндегi Заң
(“революцияға қарсы төңкерiс” деп атаулы) Ресей империясында аса қатал
биліктің келгенін бiлдiрдi. “Күштi күзет қою туралы ереже” енгiзiлдi, ол
бойынша революциялық мемлекеттiк құрылымға қарсы әрекеттерге қатысқан
солшыл ұйымдар мен жеке тұлғалар өрескел заңсыз айла-әдіспен жазаланды.
Бұл жылдары Қазақстандағы социал-демократиялық ұйымдардың бәрi
дерлiк талқандалып, революциялық жолды қолдап үн білдірген көптеген
адамдар қудаланып тіпті қамауға алынды, түрмеге отырғызылып, жер
аударылды. Перовск, Ақмола, Орал т.б. өнеркәсiп орындарының, Ембi, Доссор
сияқты кәсiпшiлiк иелерi “сенiмсiз” адамдар деген желеумен жұмыстан қуа
бастады. Кәсiпорындарда өнiм өндiрудiң ережелерi, жұмыс күн ұзақтығы –
рескел ұзартылып, атқарылған жұмысты материалды ынталандыру шарты
бұзылып айып төлемдер көбейдi.
Кәсiптiкодақтар және жұмысшылардың әр түрлi жариялы қоғамдары
саяси полиция бақылауына алынды, оларға қарсы қаражүздi арандатушы
ұйымдар “Орыс халқы одағы”, “Михаил Архангел одағы” ж.б. жат іс-
қимылдары күшейдi. Қаражүздiкшiлер ұлттық араздықты өршiтiп, халықтарды
бiр-бiрiне қарсы қойды. Прогресшiл газеттер мен журналдар жабылып жатты.
1910 жылы П.Столыпин ‘’бұратаналардың” барлық мәдени-ағарту қоғамдарына
тыйым салу жөнінде нұсқау хат таратты.
Бұл жылдарда Ресей орталығынан шет аймақтарға наразылық бiлдiрушi
шаруаларды қоныс аудару саясаты жаңа қарқын алды. Бұған қоса Қазақстанды
отарлауды орыс мұжықтарын осында қоныс аудару арқылы шешпек болды.
Нәтижесiнде қазақ халқының ежелден ата-тегi жайғасып, игерген
шаруашылыққа ыңғайлы және құнарлы жерлерiн “керексiз” деген желеумен
жаппай тартып алынды. Тек 1906-1912 жж. аралығында ғана басқа жақтан
көшiп келгендерге 17 млн. десятинадан астам жер бөлiндi. Мемлекеттiк
ұйғарым бойынша жер бөлудiң екi түрлi нормасы болды-қоныс аударушыларға
- 15, ал iшiндегi көшпелiлерге-12 десятинадан беру.
Сайып келгенде өлкедегi ұлттық-отарлық езгiнiң күшеюi, патша
үкiметiнiң ауыл өмiрiндегi саясаты, елдiң әлеуметтiк-экономикалық жағдайына
жаңа қатынастардың енуi қазақ халқының ұлттық сана-сезiмiнiң өсуiне алып
келдi. Қазақ қоғамындағы ұлттық қозғалысты - Петербург, Мәскеу, Қазан,
Томск, Омбы және Орынбор оқу орындарын бiтiрген жас интеллигенция
өкiлдерi жүргiздi. Олардың әр түрлi идеялық-саяси көзқарастары “Айқап”
(1911-1915 жж. редакторы Мұхамеджан Сералин) журналы мен “Қазақ” (1913-
1918 жж.) газетi бетiнде жарияланып отырды.
“Айқап” журналында Ж. Сейдалин, Қ. Қаратаев, C.-М. Торайғыров,
С.Сейфуллин, Б. Майлин және басқалар өздерiнiң идеялық-саяси ойының
аграрлық-демократиялық бағыттарын бiлдiрген. Ал “Қазақ” газетi либералдық-
демократиялық бағыттағы идеяларды насихаттап, оның редакциясында қазақ
конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы
ұлттық қозғалысының жетекшiсi, ғалым-экономист Ә. Бөкейханов, А.
Байтұрсынов, М. Дулатов т.б. ойшылдар мен бұқара мұңын жете білетін
зиялылар қызмет iстеген. Олардың жарық көрген еңбектерiнде жерге
мемлекеттiк меншiктi жойып, оны қазақтардың меншiгiне өткiзудi, жердi сатуға
тыйым салу мәселерi көтерiлген. Жалпы алғанда бұл басылымдар өз беттерiнде
империяның отар шет аймағы жағдайындағы қазақ халқының жалпы ұлттық
идеялары мен мүдделерiн бiлдiре алды.
Ресей империясының экономикалық дамуының 1910 жылдан бiршама
өрлей бастауы әдеттегiдей Қазақстанның iрi-өнеркәсiп және қатынас
салаларында ереуiлдiк қозғалыстарды жандандырды. Мысалы, 1911 жылы
еңбекақыларын көбейтудi талап еткен 300-ге жуық Перовск, Түркiстан станца
шеберханаларының, “Атбасар мыс кенін өндірушілер” акционерлiк қоғамы
жұмысшылары ереуiлге шыққан. Орынбор және оның темiр жол тораптары
бойында большевиктер партиясы қалалық комитетiнiң 1 мамырды мейрамдауға
шақырған үндеуінде 8 сағаттық жұмыс күнiн, саяси бостандықтар берiлуiн,
армияны таратып, оның орнына халық милициясын құруды талап еткен.
1912 жылдың көктемi мен жазында экономикалық және саяси-әлеуметтiк
жағдайын жақсартуды талап еткен еңбекшiлердiң жүйелi ереуiлдерi болып өттi.
Олардың iшiнде Орынбор-Ташкент, Орынбор-Жаманқала темiр жол
учаскелерiнiң,
Спасск
мыс-қорыту
зауытының,
Доссор
мұнай
кәсiпорындарының, сол жылдың күзiнде Ақмола облысының Торғай уезiндегi
Шоқпаркөл көмiр кенi жұмысшылары болды. Бұл ұжымдардың жұмысшылары
өздерiнiң ереуiлдерiнде экономикалық жағдайларының жақсартылуын,
әлеуметтiк мәселелердiң шешiлуiн талап еттi, өздерiнiң құқығы үшiн күресте
саяси саналылығы мен батылдығын дамыту үшiн маңызды рөл атқарған саяси
талаптарын ашық жариялады. Ереуiлдер өлкедегi Ресей империясының отарлау
жүйесiн ыдыратуға бағытталған ұлт-азаттық қозғалысының дамуына ықпал
еттi.
Еңбекшiлердiң революциялық ереуiлдерiнiң қанат жаюына өлкеге қоныс
аударғандар да белсене қатысқан. Жағдайдың лажсыздығы, қоныс
аударғандардың көбiсiнiң кедейленуi, олардың елдi мекендерiнiң әлеуметтiк-
таптық жiктелуiнiң күшеюi осы шарулардың ашық күреске шығуының бiрден-
бiр себепшiсi болды.
Осы жылдары мемлекеттегi аграрлық және отарлық саясатқа қарсы қазақ
шаруалары да белсене қатысты. Ереуiлдер мен көтерiлiстер иеленушi
топтардың
зорлық-зомбылығына,
шаруаларды
қанаудың
тереңдеуiне,
парақорлыққа, үркітіп қорқытуға ж.б. жат көрiнiстерге қарсы бағытталды.
Қазақ шаруалары бай-билеушiлердiң тұрақты мекен-жайын өртедi, салық
төлеуден бас тартты, әскери бөлiмдерге шабуыл жасады.
Қазақстандағы
еңбекшiлер
қозғалысы
қарқынының
ұлғайуына
империяның бiрiншi дүниежүзiлiк соғысқа тартылуы да әсерiн тигiздi. Бұл
жылдары қазақтарды “өз ерiктерiмен қаржы жинау”, мемлекеттiк заемдарды
күштеп тарату және соғыс салығы түрiндегi барлығы 10- ға жуық әртүрлі
салықтарды және баж салығын төлеу мiндеттелдi. Халыққа аса ауыр тиiп
көтерiлiстерге итермелеген зорлықтар болған: олар шаруалардың жерiн тартып
алу, соғыс қажетi үшiн киiмдерiн, малын және азық-түлiк өнiмдерiн мемлекет
қажетiлiгi атымен ерiксiз алу, соғыс жүктерiн жол тораптарына жеткiзу үшiн
олардың көлiк күштерiн өздерiнiң ықтиярысыз жұмылдыру т.б.
Майдангерлер отбасына көмек көрсету деген себептермен қазақтарға
келiмсектердiң жерiн өңдеу, егiн өсiруге байланысты түрлi науқандық
жұмыстарды атқару мiндеттердi өтеу жүктелген болатын. Соғыс жылдарында
егiстiк көлемi, мал саны бiрте-бiрте қысқара бердi, келiмсектердiң жергiлiктi
тұрғындарға көзқарасы қатайып, ұлтаралық қатынастар шиеленiсе түстi. Осы
кездерде түрлi ұлттық, дiни-қоғамдық ұйымдар мен бiрлестiктер өздерiнiң
шовинистiк бағдарламаларын жариялап, адамдар арасындағы қатынастарды
шиеленiстiрдi. Оның үстiне патша үкiметi келiмсектердiң iшiнен басшы
топтарын қаруландырып жергiлiктi халыққа айдап салып отырды. Жетiсу
облысының әскери губернаторының 1914 ж. 9 қазанында құпия бұйрығымен
уездiк бастықтарды “сенiмдi христиандардан” және келiмсектердiң дәулеттi
адамдарынан мұсылман халқына қарсы қаруланған топтар құру мiндеттедi.
Ұлтаралық шиеленiстер жер қатынастарынан да туып отырды. Әсiресе
қоныс аударушылар мен қазақтардың арасындағы жер үшiн күрестер бiрiншi
дүниежүзiлiк соғыс жылдарында ауқымды болды. Шаруалар жер
иеленушiлерден және жергiлiктi бай мен ру басшыларының іс әрекеттерінен
зардап көрді. Ата-тегiнен қоныстанған жерлерiн қорғау үшiн табанды күресе
отырып, қазақ шаруалары патша шенеунiктерiнiң де, өздерiнiң болыстық
басшылары мен ауыл ағамандарының да талаптарын орындамады, алым-
салықтарды төлеуден, соғыс қажетiне қаржы бөлуден бас тартуға ұмтылды.
Тiптi Черняев уезiнiң Ноғай-Нұрын болысының қазақтары болыс басқарушысы
мен ауыл ағаманына қарсы шығып олардың қызметтiк мiндеттерiн орындауына
қарсылық бiлдiрген.
Елдегi үкiметке қарсы қоныс аударушы шаруалардың, соғысқа
қатысушылардың отбасыларынан қымбатшылыққа, лауазымды адамдарға,
салықтар төлеуге және жұмыстық мiндеттерiн өтеуге байланысты ереуiл-
күрестерi күшейе түстi. 1915 ж. наурызында Жетiсу облысының Верный, Лепсi
және Пржевальск уезiндегi ауыл тұрғындары орталық үкiметтiң баға саясатына
қарсы наразылық бiлдiрдi. Лепсi уезiнiң Андреевск, Осиповск елдi
мекендерiнде, Верный уезiнде әйелдер көпестер дүкендерiн қиратып,
тауарларын талап алып кеткен. 1916 ж. Зайсанда болған әйелдердiң бас көтеруi
әскери күшпен тоқтатылып, 13 адам қамауға алынған.
Сөйтiп 1910 жылдан кейiн жаңа революциялық дәуiрiндегi бой
көрсетулердiң басым көпшiлiгiнiң әлi ұйымдаспаған сипатта болғанына
қарамастан, өлкенiң жарлы жақыбай, кедей топтарының саяси сана-сезiмiн
дамыту үшiн олардың зор маңызы болды. Қазақстан еңбекшiлерiнiң барған
сайын қалың топтары отаршылық езгi мен таптық қанауға қарсы күреске
тартыла түстi.
Достарыңызбен бөлісу: |