Дамыған ғылымның кейбір ерекшеліктері және оның жоғарғы мектептегі оқыту үрдісіне ықпалы
Даңқы дүрілдеп тұрған кезеңде Напольенға кеме өнертапқышы Фультон келіп флоттың, кеменің желкенін бумен ауыстыруды яғни кемені бумен жүргізу жөнінде өтініш жасапты.
Өнертапқышқа Напольен: «мен осы өмірде талай есі ауысқан жындыларды көріп едім. Мына ұсынысыңмен, Фультон мырза, сені сол көп жындының бірі ме деп тұрмын» деген екен.
Арада сандаған жылдар өткеннен кейін, Напольенды Әулие Елена аралына желкенді кемемен алып бара жатады. Бір кезде бумен жүретін кішкене катер үп-үлкен кемені артқа тастап зулап алға шығып жүйткіп береді. Соңынан қарап тұрған Бонапарт: «Уақыттан кейіндеп, заманнан арта қалған деген – осы екен. Менің тақтан таюыма да, тәжіден айырылуыма да, осы көрсоқырлығым әсер етті-ау, ой, дүние-ай» деген екен-міс.
ХІХ ғасырда Напольон солай деп аһ ұрса, бүгінгі ХХІ ғасырда ғылым мен техника әбден шырқап өсті.
Ғылым мен техниканың былайша өсіп жетілуі өнеркәсіппен өндіріс, адамдардың тұрмыс-салтын, тіршілігін, өмір сүру жағдаятын өзгертті. Адамзат баласының тұрмыс-тіршілігінің өсіп, өзгеруімен бірге, адамдардың дүниеге деген көзқарасы да өзгерді.
Ғылымның дамуы, өсіп-өркендеуі жоғарғы мектепке де әсер етпей қоймасы анық. Студенттердің біліміне, шығармашылық жағынан білім-білігінің өсуіне, білім деңгейінің дәрежесіне басқаша көзқараспен қарауға, талапты басқаша қоюға тура келеді. Жоғарғы мектепті дамыту ғылымның өсуіне, заман талабына сай жүргізілуді қажет ететіні айдан-анық.
Жоғарғы мектептегі оқыту, білім беру теориясы ғылымның дамуымен орайлас болуы заңды нәрсе. Бұл теория сонда ғана жаңа ғылыми сипат алады. Сонда ғана мазмұны, мұрат-мүддесі өсе түседі.
Оқыту теориясы жоғарғы мектептің қалай дамып келе жатқаның көре білуі тиіс. Ғылым мен жоғары білімнің бір-бірімен тығыз байланыста екенін әдіснамалық тұрғыда, негізде айқындау қажет. Сонымен бірге оның алдында тұрған мақсат бүгінгі таңда оқыту жүйеснің алдында тұрған басты-басты бағыт-бағдарды анықтап-айқындау да тұр. Бұл мәселелерді шешу, белгілі бір жетістіктерге қол жеткізу үшін оның мақсат-мүддесі, бағыт-бағдары анық та айқын болу керектігі өзінен-өзі белгілі.
Мұндай ұстаным жоғарғы мектептегі ғылыми ұстаным болып табылады. Бұл ұстаным жоғарғы мектептегі оқыту, білім берудің мазмұны ғылымдағы соңғы қол жеткен табыстар, соңғы мәліметтер мен толық сәйкес келуі тиістігін көрсетеді.
Ғылыми ұстаным жоғары білім ғылымилығын дұрыс ұғынуға жетелейді, жөн сілтейді.
Олар мынандай:
а) оқытудағы оқу пәндерінің, оқулықтардың ғылым жаңалықтарымен, мәліметтерін негізге алуы тиіс.
ә) ғылым дамуының келешегін көре білу, сезіну.
б) ғылым жетістіктері арқылы оқыту функциясын, және құрылымын қайта жасау әрі өзгерту.
в) ғылыми үрдісін ғылыми сәйкестілік ұғымымен толықтыру. Бұл жағдайда жоғарғы мектептің оқу үрдісін ғылымның мән-мағынасымен, әдіс-тәсілдерімен, техникамен ғана емес, оны өндіріспен, адамзат мәдениетімен, оның әлеуметтік жай-күйімен байланыстыра қарастыру қажет болады.
Жоғарғы мектептің мән-мағынасын айқындау ғылым дамуының қарама-қайшылықтарын есепке алып отыруды ерен етеді.
Оқыту теориясының ғылыммен байланысын қарастырғанда, оқытудың мақсат-мүддесін ғана есепке алмай, әдіснама заңдылықтарын басшылыққа алу қажет. Оқытудың ғылыми мән-мағынасы, оның әдіс тәсілдерін айқындағанда, қазіргі ғылымға тән мәселелерді атап кете алмаймыз. Бұл жерде әр түрлі ақпараттардың күн сайые өсіп, көбейіп келе жатқандығын, сол ақпараттарды басқарып отыру жолдарының да көптеп туындап отырғандығын есепке алу керек.
Осыған орай ғылым күрделі автоматтандырылған техниканы әкелгенін, оның күнделікті өмірде, өндіріс, өнеркәсіпте кеңінен қолданып отырғаны адам қабілет-қарымының жан-жақты, тереңдеп келе жатқанына айғақ.
Ғылымда абстрактылы, логикалық, математикалық модельдер күн сайын ең басты рөл атқарып келеді. Ғылымның өміріміздің қай-қай саласы болмасын дендеп еніп келе жатқанын ешкім де жоққа шығара алмас. Дүниені ғылыми тұрғыда танып-білу диалектикасы оқыту теориясына күш-қуат береді. Ғылым дамуының жалпы заңдылықтарымен есептесуге тура келетіндігі байқалып отыр.
Әлемдегі ғылым мен техниканың жеткен жетістіктері адамзаттың өсіп-өркендеуіне, адам өмірін жақсартып жеңілдетуге көмегін тигізеді.
Ғылым даму үстінде. Ғылымның жоғарғы мектептердегі оқыту аясы ғылым мен техника жетістіктерін дұрыс пайдалана білуге итермелейді. Ғылым гуманизмі адамдардан оны дұрыс пайдалана білуді талап етеді. Табиғатты аялау керектігіне, оған залал келтірмеуге шақырады.
Оқу үрдісі, кез-келген пәнді игеру үлен ұқыптылықты, кеңінен ойлап, тереңнен бойлауды қажет етеді.
Сонымен ғылымның дамуы жоғарғы мектептердегі оқу пәндерінің мән-мазмұнын ғана өзгертіп қана қоймайды, оқу үрдісіне жаңа әдіс-тәсілдерді, соны ғылыми-зерттеу жұмыстарын енгізу керектігін де алға тартады.
Қазіргі заманның басты сипаты ғылым мен техниканың соңғы, жетістіктерін, жаңа белестерді игеру қажет деп табады. Бұл тұрғыда студент қауымы аса белсенді келеді десек артық айтқандық емес. Олар оқытушыларына қарағанда жаңалықты аса тез қабылдайды. Ғылымда болсын, оқу үрдісінде болсын, олар барды қанағат тұтпайды. Алған білімдерінің аз екендігін айтып шағынады. Қарап отырсаң олардың талап-тілектерінің жаны бар. Бүгінгі өмірлерінің шындығын алға тартып шырқырап отыр. Олардың бұл талап-тілектері, негізінен, техникалық және басқа да ғылым салаларына қатысты.
Көптеген ғылым салалары өзінің даму барысында «сәйкестілік үрдісіне» табан тіреді. Білімнің «тұрақсыздық үрдісі» оқытушылардан бүкіл ғылыми ұғымдармен қарулануды, оның бүгіні мен ертеңінен құлағдар болуды, ғылыммен сәйкес келуді талап етеді. Сол сияқты әрдайым өз білімін көтеріп отыруды, өмір шындығына тереңінен көз жіберіп ақылға салып тон пішуді талап етеді. Осының негізінде педагогтің бейімделгіштік функциясының жай-жағдайы, үрдісі келіп туындайды. Алда ұдайы өсу-даму жолдары тұр. Жоғарғы мектептің белгілі бір кезеңі не ғана бейімделіп қоймай, осындай даму кезеңдерінің талайына бейімделу қажеттілігі алдан шығады.
Ғылымның үздіксіз дамуы мен техниканың өсуіне бейімделу үшін әдіснамалық және функционалдық бірлікте болу қажеттігі келіп туындайды. Күн сайын дамып, өсіп келе жатқан ғылым мен оқыту, білім беру жүйесі жоғары мектептің іргелі, негізгі пәндеріне арқа сүйеуді қажет етеді. Онсыз студенттердің өздерінің мақсат-мүддесіне, арманына жетуі мүмкін емес. Бұрынғының орына келген ғылымдағы жаңа леп, жаңалық кешегіні, ескіні түп-түгел жоққа шығармауға тиіс. Ескісіз жаңа жоқ. Сол себепті де, сол кешегі ескіден шыға отырып, соңы толықтырып-молықтыруы тиіс.
Ғылымның жоғары біліммен байланысын, қарым-қатынасын оны жан-жақты толық білу, бағамдау үшін, келешекте алда тұрған туындайтын мәселелерді көре білу қажет. Бұл шетін мәселе арнайы зерттеуді керек қылады
Жоғарғы мектептің ғылымның мән-мағысындағы, әдіс-тәсілдеріндегі негізгі-негізгі дегендерін, біздің ең қажеті осын-ау деп өндерін іріктеп алады. Сол бойынша өз әдіс-тәсілдерін жасайды. Оқыту үрдісіне бағыт-бағдар, мазмұн беріп, әдіс-тәсілдер жасап, оны басшылыққа алады.
Дегенмен оқыту үрдісіне түз-түгел, күллі ғылым емес, оның кейбір бөлімдері, арнаулы маманға аса қажет деген бөлім-бөліктері алынады. Мәселен, кейбір оқыту пәндерінің атын алсақ. Олар: «Ғылымға кіріспе», «Ғылым негіздері», «Ғылымның жекелеген салалары» т.б. сияқты болып келеді.
Жоғарғы мектепке тән нәрсе оның дәйекті, жоспарлы түрде дамуы болып табылады. Оны ұдайы жетілдіру мәселесі жоғарғы білім берудің дәл қазіргі жай-жағдайын бағалау, оны оқытудың мақсат-мүддесіне сай келу-келмеуі, оқыту жүйесіне сәйкескелу-келмеуі, бүгінгі таңдағы ғылымның даму өресіне жету-жетпеуі қатаң ескерілуі тиіс.
Сондықтан да бүгінгі жоғарғы мектептің ол жайлы ғылымның ісінің дамуына ғылым да көңіл бөліп отыр.
Ғылымның дамуы үш бағыт-бағдарда жүреді де бел алады.
Алғашқы бағыт-бағдар – алдын-ала бағамдай білуді дамыту. Бұл жолда ғылымның жаңадан ашқан жаңалықтары күткендегідей, білім жүйесі дамуының заңдылығы ретінде қабылданады.
Бұлайша өсіп-өркендеп, даму дегенің тектен-тек емес. Ол ғылымның өткені, бүгіні, келешегінің байланыстары, заңды байланыстары нәтижесінде туындап отыр. Ғылым мен техниканың дамуы, өз кезегінде, оқыту жүйесіне игі әсер етіп, оның өркендеуіне жол ашатыны айдан-анық. Ғылымның аса үлкен қарқынымен дамуы оқыту жүйесіне кері ісер етпесі белгілі.
Екінші бағыт-бағдар – кездейсоқ, ойда жоқта пайда болған істер жайлы. Мұндай нәрсе қатып қалған көзқарас пен ұстанымдарға қарама-қайшы келеді. Ұдайы даму үстіндегі ғылымға мұның қандай байланысы бар екеніне көзің жетпей дал боласың.
Кездейсоқ, ойда жоқта пайда болған істер қарама-қайшылық туғызады. Тіпті ғылымның дамуына кері әсерін тигізуі де мүмкін. Сонда да болса, күтпеген жағдайдағы мұндай нәрсенің әсерінен келіп ғылымда тосын, күтпеген жаңалықтар болуы ғажап емес. Бұған мысал ретінде Энштейннің салыстырмалы төрт таңбалы үрдістерін атауға болады. Мұндай мысалдар шаш-етектен десек, асырып айтқандық емес.
Н.Бор қазіргі заманғы ғылымның түйінді мәселелерінің қырық қатпарлы жұмбақтарын шешуде таптырмайтын мұндай қажеттіліктерді «ақылсыз теориялар» деп атады. Бұл сияқты қажеттіліктер, «ғылыми батылдықтар» алғашқы кезде тым оғаш нәрсе, автордың өзінен басқа ешкімге түсіксіз, ешкімді сендірмейтін миға кірмейтін мәселе болып көрінеді. Бұрынғы, көптен қалыптасқан ұғымдарға кереғар жәй сөз ретінде қабылданады. Алайда, осы жаңа да тосын нәрсе дер кезінде түсінікті тауып, дер кезінде дұрыс қабылданбаса, онда ғылымға орны толмас өкініш, соққы болып тиуі мүмкін.
Ғылымда, әсіресе, оқу үрдісінде әр түрлі көзқарастар мен түсініктердің алатын орны зор болмақ. Әр түрлі жаңа әдіс-тәсілдер оқыту жаңалықтары соншалықты асып бара жатқан құндылығының шамалы екенін айтып, оған көңілдері толмай жатады. Оның іс-тәжірибеге қолданғанда соншалықты пайдасының шамалы болатынын айтып шағынады. «Ғылыми батылдықпен» дүниеге келген жаңалықтың бұрынан, атам заманнан қалыптасқан, сандаған жылдар жасап келе жатқан ережелерге онша-мұнша бағына қоймайтындығы белгілі жәйт. Ашқан жаңалық неғұрлым салмақты, керемет болған сайын, оны жақтаушылар да соғұрлым азая түсуі заңды нәрсе. Бірақ бұл – уақытша ғана түсінік.
Үшінші бағыт-бағдар – көзге көрінген мен кездейсоқ қалыптан тыс жаңалықтардың өзара бірігуі.
Бұрынан күткен, немесе күтпеген, ойда жоқта дүниеге келген жаңалық атаулы, біршама уақыт өте келе бұрыннан әбден қалыптасқан дәстүрді, оның кедергілерін бұзып-жарып, түсініспеушілікті артта қалдырып, өзінің тиісті, лайықты бағасын алады. Дегенмен өзінің тиісті бағасын алғаны неғұрлым ертерек болса құба-құп.
Мұндай бағыт-бағдар көзге көрінген мен, күткендегі мен күтпеген жаңалықпен өзара байланысына негіз болады. Сөйтіп кездейсоқ күтпеген жаңалықтардың заңдылықтарын теориялық жолдарын жасауға көмектеседі.
Ғылым мен жоғарғы білім берудің дамуының негізгі көзі, бастау-қайнары күнделікті іс-тәжірибеге тығыз байланысты. Ал іс-тәжірибе болса, ол да бір орнында тапжылмай тұрған жоқ, даму үстінде.
Жоғарғы білім беру ісінің мазмұны мен әдіс-тәсілдерін анықтап айқындау үшін, ғылымдағы жаңа іс-тәжірибедегі жаңа да соңғы құндылықтарды біліп алу қажет болады. Ал бұл жаңалықтар ғылыммен, техникамен оның даму деңгейімен қаншалықты үйлесім тапқан, бұл жәйт әрдайым есте тұруы қажет.
Ғылым мен техникадағы жаңалық атаулыны ұғынып, түсіну үшін 10-15 жыл ітіпті бұл мерзім мұнан да ұзағырақ, немесе қысқарақ болуы ғажап емес. Бұл жағдайға байланысты қажет болады. Бұл ұзақ мерзімде бұрыннан іс-тәжірибеде қолданылып келе жатқан ескі мен енді дүниеге келген жаңаның екі арасында байланыс орнайды. Дүниеге келген жаңалық іс-тәжірибеде қолданысқа түседі.
Жоғарғы мектептің дамуы үшін, жоғарыда айтқан үш бағыт-бағдар көзге көрінген мен кездейсоқ, қалыптан тыс жаңалықтардың орны ерекше десе, қателеспейміз. Жоғары мектеп үшін дүниеге келген жаңалық атаулыны жылдам қабылдап, іске қосу оншалықты пайда әкеле бермейтінін еске саламыз. Мұның қатерлі екенін де есте ұстауымыз қажет. Ғылымның әлі тексеруден өтпеген, тиісті қолдау таппаған жаңалықтарын бірден, әй-шәй жоқ қабылдай салып, оны оқу үрдісіне енгізе салу – тіптен де қате емес деп кім айта алады?
Ғылым жаңалықтарының объективті белгілері, нысандары болады. Мұндай белгілері мен нысандары деп мыналарды атауға болады:
а) алған мәліметті ұғып, түсіну;
ә) баспасөзде жариялану дәрежесі мен мөлшері қандай?
б) жаңалықтың көпшіліктен қолдау табуы, ол көпшіліктен объективті түрде тиісті бағасын алады ма, жоқ па,
в) конференция, симпозиумдарда, әсіресе, халықаралық бас қосуларда қалай қабылданады;
г) ашылған жаңалықтың ғылымның басқа да салаларымен байланысы қаншалықты дәрежеде;
д) осы ашылған жаңалық негізінде жаңа ғылыми бағыт-бағдар жасау.
Осындай-осындай белгілі нысандарын анықтағаннан кейін, ғылымға айналысқа салуға әбден болады. Сосын барып жоғарғы мектеп бағдарламасына енгізуге болады.
Алайда, бұл жаңалық, тиісті талдау-қолдаудан өткеннен кейін ғана, оқу пәндерін енгізілуге құқылы.
Ғылымға жаңадан енген жаңалық жөнінде Д.И. Менделеев те айтқан екен. Ұлы ғалым ғылымға енген әрбір жаңалық ғалымға пайда тигізуі қажеттігін, сондай-ақ оның келешегі де жарқын болуы қажеттілігін алға тартады.
Жоғарғы мектептің дамып, гүлденуі үшін, ол ғылымға арқа сүйеуі тиіс. Жоғарғы мектеп жұмыстарын дамытып өрістету екі бағытта жүреді. олар көзге көрсетіп беру және эмпирикалық бағыт.
Көзге-көрсетіп беру бағыт-бағдары, негізінен, дедуктивтік және индуктивтік деп екіге бөлінеді.
Эмпирикалық бағыт-бағдар белгілі ғалымдар мен педагогтердің пікірлеріне, әдіс-тәсілдерін арқа сүйейді.
Бұл бағыттар бір-біріне арқа сүйеді. Жоғары мектептердегі ғылым, оқыту әдіс-тәсілдері математикаға, математикалық оқытуға ден қоюда.
Жоғарғы мектептегі оқу үрдісі, оның мазмұны, әдіс-тәсілдері өзінің ертеңінің, келешегін ойламай тұрмайды. Ол өзіне қатысты ғылым салаларының дамуы, бағыт-бағдарларынан қол үзбейді. Одан әрдайым құлағдар болып отырады. Бұл саладағы алынған ақпарат, мәліметтер, арнаулы мамандарды дайындауға көмегін тиігізеді. Сондай-ақ мұнымен қоса, жоғарғы мектептің оқыту жүйесінің болашағын жасауға, ертеңінің алдын ала қалыптастыруға көмегін тигізеді.
Жоғарғы мектептердегі оқытудың мазмұны және әдіс-тәсілдеріне көп көңіл бөлу керек. Бұл жолда ғылым мен техниканың жеткен жетістіктеріне басты назарда ұстау керек. Өйткені ол жоғарғы мектептердегі оқыту жүйесімен тығыз байланыста. Бұл оқушыларға қатысты екені өзінен-өзі түсінікті. Жоғарғы білікті мамандарды дайындау, ғылым мен педагогиканың жас кадрлерін дайындау, тәрбиелеп, баулу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу ғылым мен оқыту жұмыстарын жетілдіру, оқу-тәрбие іс-шараларын өткізу. Түптеп келгенде осының бәрі оқытушы, педагогтер атқаратын істер болып табылады.
Қазіргі заманғы ғылым мен техника дамуы екі бағытта жүріп келеді. Олар ақпараттың барлық салаларын машиналандыру және кезеңдік өзгерістерді жеделдету.
Жеделдетуді өрістетудің айқын көрінісі транспорт болып табылады. Мыңдаған жылдардан бері транспорттың жылдамдығы сағатына 20 километрден асқан жоқ. Одан соң 4-50 жылдың беделінде сағатына 40-50 километр болып келді. Бұдан кейін 20 жылдың көлеміне – 350, 900, 3000, ең соңында сағатына 20 мың километрге дейін өсті.
Жеделдету тек қана ғылым мен техникаға ғана қатысты емес, ғылымға да, адамдардың ақыл-ой жұмыстарына да қатысты. Сол сияқты оқытудың мазмұны, амал-тәсілдері ойлау әрекетінің сипатына да оң өзгерістер әкеледі. Бүгінгі таңда кешегі күнгі құндылықтардың бағасы да өзгеріске ұшырауда. Мәселен, бұдан 10 жыл бұрынғы жеткен жетістіктер бұл күнде ескірді десе де болады. Ғылыми танып-білудің түрі, әдіс-тәсілдері, ғылыми, техникалық ұғымның жүйесі де көнереді. Ақпараттық техника да құлақ естіп, көз көрмеген жағдайда даму үстінде. Байланыс жүйесінде, телекоммуникацияда ақпараттық техника кең етек жайып келеді.
Электронды-есептеу техникасының ішінде бір жан-жақты, көп қырлысы болып табылады. Бұл қазіргі таңда ғылым мен техниканың барлық саласында дерлік қолданылады десек артық айтқандық емес. Компьютерлер, теледидар, лазер техникасы және голографияда кеңінен қолданысқа түсуде.
Ғылыми-техникалық үрдістің кейбір ерекшеліктері, жоғары білім беру жүйесінде оның алатын орны турасында сөз қозғап көрейік.
Достарыңызбен бөлісу: |