Ќазаќстан республикасыныњ білім жєне ѓылым министрлігі



бет26/34
Дата27.11.2023
өлшемі3,31 Mb.
#128679
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   34
Байланысты:
Оқу құралы

Ақын Шөмішбай Сариев (1946) 15-тен астам кітаптың және 300 өлеңдер мен әндердің авторы болып табылады. Сариевтің шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Қазақстандағы танымал композитор Кеңес Дүйсекеев пен әнге өлең жазатын ақын Шөмішбай Сариевтің шығармашылық одағын сәтті құрылған деп атауға болады. Олар бірлесе отырып, «Сәлем саған, туған ел» атты ән жинағын шығарды, «Еркеледің сен» әнін жазды. «Туған жер» әні қазақтың ұлттық музыкалық дәстүрі стилінде жазылған. Әннің ладтық бейімделуі – төменгі жетінші басқыштағы натуралды минор, бұл көптеген халық әндеріне тән болады. Әннің шумағының соңындағы мәнерлі орындаушылық айшықтар ақындық бастаманың сипатын еске түсіреді. Кезінде дәл осындай дауыстың күші мен әдемілігін көрсетумен, өзінің өнерін ақын-әншілер бастаған болатын. Буындардың айшықтары халық әндеріне тән болады. Ән өмірге құштар, қуанышты, күш-қуатты, би ырғағында жазылған. Әннің диапазоны – октава. 16-лық ноталардан құралған ұзақтығы бар ырғақтық топтар, көңілді жылдамдықтағы буындар айшығының болуы, үшінші-төртінші сыныптың деңгейлерін қамтиды. Ырғақпен және екпінмен жұмыс барысында, әнді баяу жылдамдықта ырғақтық суретті шапалақтай отырып, бірнеше рет айту керек. Әнде туған өлкеге деген махаббат туралы айтылады. Яғни, ата мен әже тұратын ауылға, әке мен ана тұратын қалаға, бүкіл елге деген махаббат туралы айтылады. Әнді мемлекеттік мерекелердің біріне орай, Қазақстан туралы, туған жер туралы әңгіме жүргізе отырып, үйренуге болады.


Еспаев Әбілахат 1925 жылы 25 қазанда Қостанай қаласында, оқығаны мен тоқығаны мол, текті тұқымның тұяғы – Ыбырай Алтынсаринмен аталас Смағұлдың отбасында дүниеге келеді. Қостанай – Торғай өңіріндегі басталған жаппай ашаршылық репрессияға жалғасатынын іштей сезді ме, әкесі Әбілахаттың алты жасында еліміздің оңтүстік өңірінің Меркі ауданына қоныс аударыпты. Шыбық ексең орман болып жайқалатын Әулиеата жері Еспаевтар әулетінің тамырын тереңге жібере бой көтеруіне, жапырақ жаюына мүмкіндік туғызды. Болашақ композитордың ең алғашқы кеңінен танымал «Туған ел» әні мектеп қабырғасында, 17 жасында, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Сапақовтың өлеңіне жазылыпты. Бұл туындыдан композитор қаламынан болашақта көптеп туатын әндердің табиғатын, жалпы Еспаев лирикасына тән сазды жазбай танисың.
Мектеп бітірісімен Ә.Еспаев өз өтінішімен Ұлы Отан соғысына аттанады. Жойқын Днепр шайқасына қатысып, контузия алады (оның тұтықпасы осыдан екен). Бұл кезеңге арнап ол артынан «Днепро туралы жыр» (өлеңі С.Мәуленовтікі) атты тамаша туынды жазды. Табиғатынан зерек, білімге аса құштар, ұқыпты да тәртіпті балаң жігітті КСРО қорғаныс министрлігі Ресейдің Могилев қаласындағы жоғары әскери училищеге оқуға жібереді. Оны Әбілахат 1945 жылы үздік бітіріп шығады. Біраз уақыт Кавказ аймақтық әскери академиясында ұстаздық етіп, дәріс береді. Кеңестер одағы жас офицері ендігі жерде әскери баспалдақтармен өсе бермекші, әскери шенін өсіре бермекші. Бірақ оған жатса да, тұрса да маза бермейтін көкірегіндегі шалқып-тасып жатқан әуез сазы кәсіби музыкант болу жолына меңзейді. Бұл арман оны Құрманғазы атындағы консерваторияның композиторлық бөлімінің табалдырығын аттатады. Ахаң бұл кезде кең тараған «Жайық қызы» (З.Қабдолов), «Маржан қыз» (Н.Шәкенов), «Жылқышы әні» (С.Мәуленов) туындыларының авторы болатын.
Өткен ғасырдың 50-70-жылдары отандық музыка өнерінің небір қарқындай дамып шарықтаған кезі болды десек, ән жанрында өндірте, жемісті еңбек еткен Әбілахаттың орны ерекше болғанына ешкімнің таласы болмас. Оның ғажайып туындылары бірінен соң бірі дүниеге келіп жатты. «Аққуым», «Ақ сәуле» (сөзі Қ.Аманжоловтікі), «Қазақ частушкасы» (М.Әлімбаев), «Шофер келді қырманға» (Т.Ысмайылов), «Қыз қуу» (Қ.Шаңғытбаев), «Бейбітшілік сақталады» (Н.Шәкенов), «Республика туралы жыр» (І.Мәмбетов), «Торғай толғауы», «Жанкелдин отрядының әні» (Ғ.Қайырбеков), «Солдат сәлемі» (Н.Шәкенов), «Тобыл толқыны» (С.Тұрғынбеков), «Сағыныш екен бала кез» (О.Әубәкіров), «Өзің де жігіт, қызықсың» (М.Әлімбаев), «Қыз әзілі» (Қ.Шаңғытбаев), «Жігіт жауабы» (Ә.Жәмішев), «Ұстазым» (Н.Шәкенов), «Қайдасыңдар, достарым» (Ә.Дүйсенбиев)… Қандай текті, есті әндер десеңізші! Бұлардың бәрі де көпшіліктің сүйіп айтар әніне айналды.
Бұл жылдар тоталитаризмнің қазақ жеріне халқымыздың еңсесін басып, етене бойлаған кезі екені өзімізге белгілі. Алайда Әбілахаттың сыршыл да сырбаз, қуатты да асқақ әндері халқының сана сезімін қуаттандырып, оны рухани мүлгуге жібермеді. Композитордың осы азаматтық-шығармашылық дәстүрін Шәмші, Әсет, Ескендір өміршең етіп жіксіз жалғастырды. Ә.Еспаев — ән жанрының шеңберін кеңейткен композитор. Бұл тұрғыда оның Абайдың өлеңіне жазылған «Өзгеге көңілім тоярсың», «Мен сәлем жазамын» ән-романстары әріптестері М.Төлебаев, С.Мұхамеджанов, Н.Тілендиев туындыларымен иық тіресіп тұр. Ал оның балалар музыкасына қосқан үлесі бір төбе. «Ойлан, тап!», «Құлыншақ», «Ортеке» балалардың сүйіп айтар әндеріне айналды. Сонымен қатар, композитор Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі», С.Адамбековтің «Күн мен көлеңке», И.Байзақовтың «Ақбөпе», Ә.Тәжібаевтың «Той болад» спектакльдеріне тамаша музыка жазды. 1973 жылы Бүкілодақтық ән байқауына бүкіл КСРО-ның жұртқа әйгілі композиторлары қатысты. Сонда Жамбыл атамыздың өлеңіне жазылған «Одағым – бақыт ордасы» атты әні жүлделі екінші орынды жеңіп алғаны әлі есімізде. Бұл Әбілахат талантының ешқашан ортаймайтындығын көрсетсе керек! Себебі, ол үнемі іздену, толығу, оқу-тоқу үстінде болатын. Бірде ол өз шығармашылық жолы жайлы айта отырып, біздер, қазақ композиторлары қазақ әйелдерінің алдында мәңгі қарыздар екенімізді айтты. Мүмкін, бұған төрт баланың анасы, өмірлік сүйікті жары Назым апамыз себепкер болған шығар. Осыған дәлел ретінде ақын Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақ әйеліне қайран қалам» деген өлеңіне симфониялық оркестрге, аралас хорға, жеке әнші-тенорға көлемді дүние жазғысы келетінін айтқаны бар еді.
Еліне-жеріне төгіле еңбек еткен, шынайы халық композиторы Әбілахат Еспаев ағамыздың артында қалған ғажайып ән мұрасы тәуелсіз мемлекетіміздің рухани құндылықтары ретінде бүгінгі күні де сүйсіне шырқалар жан азығына айналғанының куәсі болып отырмыз. Сондықтан суреткер есімі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын таба беретініне күмән жоқ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   34




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет