Клиникалық көріністері. Жасырын кезең –2-12 күн (жиі 3-8 күн). Ауру жедел басталады. Бұл кезде қалтырау, бұлшықеттердің ауыруы, дене қызуы көтеріліп, аурудың 1-ші күнінің аяғында немесе 2-ші күні дене қызуы жоғарғы деңгейге жетеді. Қызба 38-40С дейін көтеріліп, 5-6 күн бойы сақталады. Аурудың 1-ші клиникалық белгілері пайда болғаннан 1-2 күн өткен соң, ауыз қуысының шырышты қабықтарында ісіну өзгерісі байқалады: ауыздың уылуы, дуылдауы, еріннің, қызыл иектің, жұтқыншақтың, жақтың шырыш қабықтарын қан кернеу, тілдің ісінуі. Осыдан кейінгі 1-2 күннен соң тілдің шетінде, қызыл иекте, таңдайда, еріндерде тары дәнінен ірі бұршақ көлеміне жететін бөртпелер шығады. 2-3 күннен кейін везикулалар жоғалып, оның орнында эрозия немесе жаралар қалыптасады. Афталар тілде, қызыл иекте, таңдайда, кейде мұрынның шырышты қабықтарында, қынапта орналасады.
Балаларда аусыл жедел гастроэнтеритті тудыруы мүмкін. Кейбір науқастарда бөртпе теріге, әсіресе қолдың, табанның, тобық, ауыздың айналасына шығады. Бөртпе кезеңі 1 аптаға жуық созылады. Ауруды бірнеше айға дейін ұзартатын жаңа бөртпелердің шығуы да мүмкін. Науқастардың жұтқыншағы ауырып, өте мол сілекей бөлінеді (тәулігіне 4-5 л), тілдің көлемі едәуір үлкейеді. Кейбір науқастарда шырыштар мен теріде көпіршікті бөртпелердің қайталануы мүмкін. Аурудың ауыр өткен жағдайларында мойынға, кеуде мен арқаға геморрагиялық бөртпе және дақты-папулезді бөртпелердің шығатыны белгілі.
Аусылдың қабылданған жалпы клиникалық жіктелуі жоқ.
Әдетте келесідегідей клиникалық түрлері бөлінген: 1) терілік, саны аз афтталар тек теріде анықталады. Бұл түрі жиі кездеседі;
2) шырышты, оның негізгі көрінісі афтозды стоматит;
3) терілік-шырышты, тым жиі кездеседі, шырышты қабықтардың (ауыз қуысы, көз) және терінің (көбінесе саусақ тұстары) зақымдануымен сипатталады.
Диагностикасы. Аусылды анықтау қиындық тудырмайды. Есте сақталатыны - науқастардың тең жартысында ауру тек афтозды стоматит көрінсе, ал кейбір жағдайларда тек терінің зақымдануымен ғана байқалады.
Лабораториялық анықтау үшін КБР және ТГАР қолданылады. Теңіз шошқалары мен басқа да жануарларға биологиялық сынама қолданылады.
Дифференциальды диагнозды 1-ші кезекте афтозды стоматитпен жүргізу керек, ол көбіне кішкентай балаларда кездеседі. Аусылдан айырмашылығы: бұл кезде жоғарғы дене қызуы да, терінің зақымдануы да болмайды, ауыз қуысынан басқа шырыштар зақымданбайды, бірақ жаралар аусылға қарағанда тым терең болады, олар ешқашан өз ара қосылмайды, олардың түбі ақ қабықпен жабылған болады.
Көп ретте шешекпен дифференциальды диагнозды жүргізу керек, бірақ онда көпіршіктер көбінесе кеудеге, бастың шашты бөлігіне орналасады, алайда қолдың білезіктері мен табандарда болмайды.
Болжамы жағымды.
Емдеуі. Науқасты ауруханаға жатқызып, аурудың жедел білінуі басылғанға дейін оңаша жатқызу керек. Науқасқа ұқыпты күтім керек. Тамақ жартылай майлы, қоздырмайтын болуы қажет, тамақты ішер алдында науқасқа 0,1 г анестезинді беруге болады. Ауызды шаю үшін сутегі тотығының ерітіндісін (3%), калий перманганатын (0,01-0,1%) қолданады.
Этиотропты терапия жете зерттелінбеген. Ауыз қуысын күтіп, афттыларды вирустарға қарсы мазьдармен (оксолин, теброфен, интерферон және басқа) майлау керек.
Лейкоцитарлы интерферон, РНКаза ерітінділірін қолдануға болады. Эпителизация
процестерін күшейту үшін гелий-неонды лазер, УФО, аэрозольды препараттар (пантенол, левовинизоль, винизоль) тағайындалады.
Антибиотиктерді екіншілік бактериальды инфекция қосылған жағдайда қолдану керек.
Патогенетикалық емге интоксикациямен күресу, десенсибилизация жатады.