2. Қазақстандағы полиэтника – елдің дамуының ресурсы, мүмкіншілігі және Республиканың жетістігі. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы діни ахуал көп жағдайда оның полиэтностығы және поликонфессиялығы құрылымымен айқындалады. Көптеген ғасырлар бедерінде Ұлы Далада бейбітшілік пен келісімде көптеген этностар өкілдері мен түрлі дін ұстаушылар бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді. Ал қазіргі кезде Қазақстанда 40-тан астам түрлі конфессиялар мен деноминациялар өкілдік ететін 4 мыңнан астам діни бірлестіктер іс-қимыл танытуда.
Конфессияаралық және ұлтаралық толеранттылықты нығайту проблемалары өзіне тұрақты назар аударып тұруды қажетсінеді. Оны шешуден елдегі ішкі саяси тұрақтылық пен қауіпсіздік, Отанымыздың дамудың жаңа көкжиектеріне қарай сенімді бағыт алуы айқындалады. Осы ретте Қазақ елі өзіндегі тұрақтылықты ғана қамтамасыз етіп қоймай, бүкіл әлемдегі діндер өкілдерінің басын қосып, жаһандық деңгейде конструктивті үнқатысуды ілгерілетуге ұмтылыс танытып отыр. Мұндай саясаттың табыстылығына бұған дейін, яғни 2003, 2006 және 2009 жылдары Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І, ІІ және ІІІ съездерін өткізу айқын айғақ болып табылады.
Астанада ұйымдастырылған І, ІІ және ІІІ съездер конфессияаралық толеранттылықты әлемдік ауқымда нығайтуға үлкен ықпал етті. Бұған қол жеткізуге болатынына әуелден діни бірлестіктердің қызметін оңтайландыру жолын таңдағанымен, діни үдерістерге сырттай бақылаушы ғана болып қалмаған Қазақстан мемлекетінің тәжірибесі сендіре түседі.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев соңғы өткен Съезд қарсаңында сол халықаралық ауқымды жиынның бітімгершілік әлеуетіне үлкен үміт арта отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері жаһандық маңызға ие аса ірі халықаралық бастамалардың бірі болып табылатынын атап көрсеткен болатын. Ал бүкіл дүние жүзінің прогресшіл көзқарастағы тұрғындары, яғни түрлі конфессиялар өкілдері 2012 жылдың 30 және 31 мамырында өткізіледі деп жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті ІV съезі Жер шарындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға үлкен үлес қосатын форум болуы тиіс деп есептейді.
Біздің мемлекетіміздің діни пікір алуандылығына (Қазақстанда 50-ден астам конфессиялар мен деноминациялар қызмет етуде) деген төзімді қарым – қатынасы дін немесе сенімдер негізіндегі төзімсіздік пен кемсітуден конституциялық – құқықтық кепілдіктерінің бекітілуімен расталады. Сонымен қатар, Қазақстан бүкіл әлемге өзінің төзімділік және конфессияларалық үндесу саясатын басшылықыққа алатын ел екендігімен белгілі. Астанада Елбасының бастамасы бойынша өткізілген Бүкіләлемдік және дәстүрлі діндер съездері барлық конфессиялар өкілдерінің бейбітшілікке деген ұмтылысын қуаттап берді. Минск және Слуцк Митрополиті, Белоруссия Экзарх Патриархы Филарет атап өткеніндей, «Орыс православие шіркеуі достас дәстүрлі діни қауымдастықтармен үнқатысуға қашанда ашық. Әлемдік тәртіп барлық халықтардың бауырластық негізінде бейбіт қатар өмір сүрулерінің арқасында ғана құрыла алады. Және бұл діни дәстүрлер арқауы болып табылатын адамгершілік қалыптардың бекуінсіз де мүмкін емес».