3. Қазақ халқының табиғи төзімділігі этносаралық төзімділіктің қоғамдық келісім саясатының негізі. Қазақ халқы ғасырлар бойы өзге дін өкілдеріне деген сыйластығымен және толеранттылығымен ерекшеленді. Қазақтардың мәдени-этикалық дәстүрлерінен мұра ретінде жеткен, бір жерде өмір кешіп жатқан түрлі этнос өкілдерінің рухани өмірлеріне деген төзімді қатынас қазіргі және келешек өмірімізде азаматтық бейбітшілікті сақтауға жақсы негіз болып табылады. Әсіресе, Баласағұни, Қ.А. Яссауи, әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Мағжан Жұмабаев, Ыбырай Алтынсарин сынды қазақ ойшылдарының, А.С. Пушкин, Л.Н. Толстой, Ф.М. Достоевский, А.П. Чехов сияқты орыс жазушыларының пәлсапалық еңбектерінде толеранттылық пен рухани келісім идеялары сайрап жатыр.
Енді, міне, бастан өткерген жылдарды артта қалдырып, бүгінде еліміздегі орын алған жақсы өзгерістер Қазақстан халқының этникараралық татулығы мен үйлесімі арқасында сәтті жүзеге асқандығын сеніммен айта аламыз. Бейбітшілік пен тыныштық әрбір үйдің төріне енді. Қазіргі күні Мысырдағы, Сириядағы жағдайларды, мигранттар ағылып келіп жатқан Еуропа елдеріндегі жағдайларды көріп отырып, ашық мемлекеттік стратегия болған кезде бірлік пен әртүрлілік түсініктері бір-біріне қайшы келмейтінін, керісінше бірін-бірі толықтыратынын мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен көрегенділігіне тағы бір аңғарасың. Және біз осыған анық көз жеткіздік.
Еліміз бүгінде қақтығыстар мен қайшылықтардың індетін жоятын өзіндік бір шипа іспеттес. Оның үстіне, Қазақстан бүкіл әлемге достық пен келісімнің үлгісін паш етуде. Өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев былай деп жазады: «...Қазақстан формальді түрде ғана емес, санасы тарихи тұрғыдағы діни төзімділікке құрылған Қазақстан халқының болмысы мен рухы бойынша, іс жүзінде де зайырлы мемлекет болып табылады». Және бүгінде әрбір қазақстандықтың қай ұлттан болғанына қарамастан, өз ана тілін оқып-үйренуі, өз халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын сақтауы үшін елімізде барлық жағдайлар жасалынып отырғандығы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салмақты саясатының арқасы екендігі бесенеден белгілі. Түрлі конфессиялар арасында өзара сыйластық, төзімділік және сенімді қарым-қатынас нығаюда. Бүгінде біз Қазақстан Республикасы 140 этнос пен 17 конфессия өкілдері үшін туған үй болып табылатындығын бір ауыздан мойындаймыз. Және біз бүгінде Қазақстан Еуразияның өркениеттілік палитрасын бойына жиған бірегей ел екенін әрі этникалық, мәдени және діни әртүрлілігіне қарамастан, елде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап қалғанын да мойындаймыз. Енді алдағы уақытта осы этникалық және діни әртүрлілікті сақтап қалу ғана емес, оны кейінгі ұрпаққа табыстаудың да маңызды екендігін түсінеміз.