2. Қазақстандағы этносаралық төзімділік және қоғамдық келісімнің құқықтық базасына шолу және ғылыми талдау Ғасырлар бойы қазақтардың тарихи мекенінде әралуан мәдениеттің, дін мен дәстүрлерді ұстанған көптеген халықтардың тағдыры тоғысты. Нәтижесінде 140 этнос пен 40 конфессия өкілдері қазақтармен қоян-қолтық бейбіт өмір сүретіндей айрықша жағдай қалыптасты. Сонымен қатар, түрлі этностардың ұзақ уақыт қатар өмір сүруі қоғамда төзімділіктің орнықты дәстүрлерін қалыптастырды.
Тәуелсіздікке ие болған алғашқы күннен бастап қазақстандық қоғамды ұйыстыру, барлық этностық топтардың тең құқықты өмір сүруін қамтамасыз ету мемлекеттің ұлттық саясатының іргелі бағыттарына айналды. Өтпелі кезеңнің күрделі жағдайында мемлекеттің мақсатты және дәйекті саясатының арқасында Қазақстанда этносаралық негіздегі қақтығыс, тұрақсыздық пен қоғамдағы жіктелу бола қойған жоқ.
Этностық емес, азаматтық қауымдастық құруға бағытталған бастапқы таңдау келісім мен тұрақтылықтың іргетасы болып қаланды. Этностық ерекшелігіне қарамастан елдегі барлық азаматтардың мүдделерін тоғыстыру ең дұрыс жол екендігін уақыт көрсетіп берді.
Қазіргі таңда Қазақстанда әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болған этносаралық келісімнің өзіндік үлгісі қалыптасты.
Этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді нормативтік құқықтық және тұжырымдамалық негіздері құрылды. Қазақстан Республикасының Конституциясы этностық, нәсілдік, діни немесе өзге де ерекшеліктеріне қарамастан, барлық азаматтардың мүдделерінің қорғалуына кепілдік берді. Негізгі заңның нормалары барлық этностық топтар арасында сенім және өзара құрмет негіздерін қалады.
Этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің басымдықтары Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қоғамның идеялық ұйысуы Қазақстан прогресінің басты шарты» атты бағдарламалық еңбегінде, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында, ҚР мемлекеттік сәйкестілігін қалыптастыру тұжырымдамасында көрсетілген. Бұл тақырып Мемлекет басшысының «Тарих тоғысында», «Сындарлы он жыл» кітаптарында, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларындағы баяндамаларында және өзге де сөйлеген сөздерінде жан-жақты көрсетілген.
Бүгінде өркениеттің дамуына ықпал ететін негізгі жолдың бірі мәдениеттер мен діндердің сұхбаты екендігі белгілі. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасыларының съезі әлемнің әр бұрышында жаңа мыңжылдықта да толастамай отырған діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға, дүние жүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үндестік табу ісіне айтарлықтай ықпал етеді.
Қазақстанда рухани келісім Еуразия құрлығындағы екі үлкен этностың – түркі тілді және славяндардың діні болып табылатын екі әлемдік дін – ислам мен христианның арасындағы басымдыққа негізделеді.
Міне, сондықтан да Қазақстандағы «ислам-христиан» арқылы қазақстандықтардың толеранттығы қалыптасады және сақталады.Конфессияаралық келісім мен бейбітшілік мәселелерінде халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Астанада Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды. Орталықтың негізгі мақсаты – діндер мен өркениеттер арасындағы үнқатысуды дамыту және конфессияаралық келісімді нығайтудың қазақстандық тәжірибесін халықаралық деңгейде насихаттау. Орталық әлем мәдениеттерін, өркениетаралық, этносаралық, конфессияаралық үнқатысуды, төзе алмаушылық, ксенофобия, діни сенімді қудалаушылыққа қарсы әрекетті тұжырымдамалық негізде қалыптастыруды әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде. Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстан дінаралық диалогтың бастамашысы мен белсенді қатысушысы атануы кездейсоқ емес. Біздің елімізде көптеген этностар мен діндердің өкілдері тұрып жатыр, олардың өзара әрекеттесуінің үлкен тәжірибесі бар, сондықтан Қазақстанның конфессиялар мен өркениеттердің жемісті диалогы орнаған мекен атануға құқығы бар. Қазіргі уақытта Қазақстанның діндер арасындағы тұрақтылықты сақтаудағы ұмтылысын халықаралық қауымдастық жоғары бағалауда.Бұл тәжірибе мемлекеттік саясатымыздың конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту саласындағы аса маңызды элементіне айналды.
Қазіргі Қазақстанның ерекше моделі әртүрлі діндер мен ұлттар өкілдерінің бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүре алатынын дәлелдеп берді. Сайып келгенде, еліміздің осынау тәжірибесі 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы ИКҰ-на төрағалық етуіне себеп болды.
Еуразия құрлығының дәл жүрегінде орналасқан Қазақстан – дүниенің екі бөлігі: Еуропа мен Азияның арасын жалғастырушы көпірдің рөлін атқарады. Тек қана географиялық тұрғыдан емес, сондай-ақ мәдени, рухани тұрғыдан да солай болып отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшылық еткен еліміз Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, яғни, еуропалық және азиялық мемлекеттердің рухани жақындасуына ықпал етті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кірісуі кезінде сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» деген болатын. Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығындағы ұраны төрт Т: Trust (сенім), Tradition (дәстүр), Transparency (транспаренттілік) және Tolerance (толеранттылық) болғаны белгілі. Бұл схемадағы төртінші компонент -толеранттылық – мәдениеттер, діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты нығайту қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Сондай ақ, Қазақстан Ислам конференциясы ұйымының тізгінін ұстай отырып, өркениеттер диалогын әсіресе Батыс пен Шығыстың арасындағы байланысты ретке келтіруге ұмтылды. Ислам конференциясы ұйымына төрағалық барысында Батыс пен Шығыс, Еуропа мен Азияны, христиан өркениеті мен ислам өркениеті арасын жақындастыру мәселесін алға қою арқылы, Қазақстан әлемдік өркениеттер аралық диалогқа бастамашы ел ретінде өзінің имиджін қалыптастыра алды.
Қазақстан жөңкіле жылжып бара жатқан әлемдік бейбітшілік пен үйлесімділікке бағытталған қозғалыстың «жүрегіне» айналып келеді. Ұлтаралық келісімді қалыптастыру, конфессияаралық диалогты жалғастыру үшін жағдайлар жасау – бұл біздің мемлекетіміздің және оның Президенті Н.Назарбаевтың стратегиялық бағдары. Ол халықтар мен діндер арасындағы бір-біріне деген сенім мен ынтымақтастықтың арта түсуі үшін барлық күш- жігерді жұмсайды және де бұл жұмыс өзінің оң нәтижелерін беруде.
Қазіргі уақытта Қазақстанда дінге өркениетті көзқарас демократиялық өзгерістердің бір бөлігіне айналуда. Республикада діни конфессиялардың тұрақты диалог негізінде бейбіт қатар өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Мемлекет бұл процесте бастамашылық жасап, кез келген оң ынтаны қолдайды.