146-бап. Сотталғандарды камералық жағдайда ұстау мекемесі
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандарды мекемеге қабылдауды әкімшілік мекеменің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Мекемеге келген сотталғандар он бес тәулікке дейiнгi мерзiмге карантин бөлімшесіне орналастырылады. Карантин бөлiмшесінде болған кезеңде сотталған адамның жеке басы зерделенеді, оның психологиялық портреті жасалады, сондай-ақ онымен жұмыс жасау әдістері әзірленеді және оны басқа сотталғандармен ұстау үйлесімділігі айқындалады.
3. Камералар жеке жатын орындарымен, киімге, iшкиiмге және ыдысқа арналған шкафтармен, санитариялық тораппен және қолжуғышпен жабдықталады.
4. Камералардағы сотталғандарға ұзақтығы:
1) қатаң ұстау жағдайларында – бір жарым сағаттық;
2) дағдылы ұстау жағдайларында – төрт сағатқа дейін сейілдеу беріледі.
Сотталғандарды сейілдеуге шығарған кезеңде камераларда тінтулер мен техникалық қарап-тексерулер жүргізіледі.
Сотталғандар сейілдеуде болған уақытта камералар құлыпталады, оларда сотталғандардың болуына жол берілмейді.
Жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайлардағы сотталғандардың сейілдеулері блок бойынша (қабат бойынша), жергілікті учаскелердің бөлек сейілдеу аулаларында жүргізіледі.
Дағдылы және қатаң жағдайлардағы сотталғандардың сейілдеулері камералар бойынша сейілдеу камераларында жүргізіледі.
5. Жеңілдетілген және жеңілдікті ұстау жағдайларындағы сотталғандар сағат оннан жиырмаға дейін камерадан тыс жерде бола алады.
6. Сотталғандардың тамақ ішуі камера бойынша, сондай-ақ асханада жүзеге асырылады. Өндірістік аймаққа жұмысқа шығарылатын, сондай-ақ жеңілдетілген және жеңілдікті жағдайларда ұсталатын сотталғандар өндірістік объектілердің және тұрғын аймақтың асханаларында тамақ ішеді.
7. Осы баптың бесінші және алтыншы бөліктерінде, сондай-ақ мекемелерде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, камералардың есіктерін ашуға тыйым салынады.
8. Камера бойынша ұстау мекемелерінде ұсталатын сотталғандарды қадағалау мекемелердегі сотталғандарды қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |