36-бап. Қоғамдық байқау комиссиясы мүшесінің құқықтары мен міндеттері
1. Қоғамдық байқау комиссиясының мүшесі:
1) осы Кодексте белгіленген тәртіппен, құрылған топ құрамында жазаларды орындайтын мекемелер мен органдарға баруға;
2) жазаларды орындайтын мекемелер мен органдардың лауазымды адамдарымен кездесуге, олардан қоғамдық байқау комиссиясының қызметіне қатысты мәселелер бойынша ақпарат алуға;
3) осы Кодекстің 38-бабы үшінші бөлігінің ережелерін ескере отырып, жазаларды орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандармен куәларсыз, жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы әңгімелесуді жүргізуге, олардың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу мәселелері бойынша өтініштер қабылдауға;
4) сотталған адамның жазбаша келісімімен оның өтініш жасауына байланысты материалдармен танысуға;
5) жазаларды орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге байланысты мәселелер бойынша олардың әкімшілігіне, жоғары тұрған органдарға, прокуратура органдарына өтініш жасауға;
6) қоғамдық байқау комиссиясы қызметінің аясына жататын мәселелерді қарау кезінде сот отырыстарына қатысуға;
7) жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әкімшілігіне өз қызметінің нәтижелері туралы жазбаша нысанда хабар беруге құқылы. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган анықталған кемшіліктерді жоймаған жағдайда, бұл жөнінде олардың жоғары тұрған органдарына және (немесе) прокуратура органдарына хабар беруге;
8) прокуратура органдарымен келісу бойынша олар жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жүргізетін тексерулерге қатысуға құқылы.
2. Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелері өз өкілеттіктерін орындау кезінде жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың қызметін қамтамасыз ететін нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауға, олардың әкімшілігінің заңды талаптарына бағынуға міндетті.
3. Жазаны орындайтын мекемеге не органға бару жөніндегі топқа кіретін қоғамдық байқау комиссиясы мүшесінің бейтараптығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде, ол оған қатысудан бас тартуға міндетті.
37-бап. Қоғамдық байқау комиссиясы мүшесінің өкілеттіктерін тоқтату
1. Қоғамдық байқау комиссиясы мүшесінің өкілеттіктері оның жұмыс істеу мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ:
1) өз өкілеттіктерін доғару туралы жазбаша өтініш берілген;
2) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
3) оның кандидатурасын ұсынған қоғамдық бірлестік таратылған;
4) оның кандидатурасын ұсынған қоғамдық бірлестік кері шақырып алған;
5) осы Кодекстің ережелері бұзылған;
6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
7) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
8) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
9) қоғамдық байқау комиссиясының жұмысына үш ай бойы қатыспаған;
10) заңда көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
2. Комиссия төрағасы жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың жоғары тұрған аумақтық органына үш жұмыс күні ішінде қоғамдық байқау комиссиясы мүшесінің өкілеттіктері тоқтатылғаны туралы хабар береді.
38-бап. Қоғамдық байқау комиссиясы қызметінің нысандары
1. Мыналар қоғамдық байқау комиссиясы қызметінің нысандары болып табылады:
1) жазаны орындайтын мекемелер мен органдарға бару;
2) жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандармен оларды ұстау жағдайларына шағымдары бойынша кездесулер;
3) мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына олардың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша өтініштер жіберу;
4) жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауға сенімхат бойынша сотқа шағымдар мен талап арыздарын дайындау және жіберу, сотта сөз сөйлеу;
5) жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандарға сауалнама жүргізу, пікір сұрау және олармен сұхбат жүргізу;
6) қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органымен келісу бойынша жобалар мен бағдарламаларды іске асыру;
7) жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда ұсталатын сотталғандар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қамтамасыз етілуіне, оларды ұстау жағдайлары, медициналық-санитариялық қамтамасыз ету, еңбегін, оқуын және бос уақытын ұйымдастыру бөлігіндегі қоғамдық мониторингтің нәтижелері туралы жұртшылыққа хабар беру.
2. Қоғамдық байқау комиссиясының жазаны орындайтын мекемелер мен органдарға баруын құрамында кемінде екі мүшесі бар топтар жүзеге асырады.
Қоғамдық байқау комиссиясы кемінде бір тәулік бұрын жазаны орындайтын мекеменің немесе органның бастығын жоспарланып отырған бару туралы хабардар етуге міндетті.
3. Қоғамдық байқау комиссиясы мүшелерінің жазаны орындайтын мекемеге және органға барған кездегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету олардың әкімшілігіне жүктеледі.
Қоғамдық байқау комиссиясы мүшесінің сотталған адаммен оңаша әңгімелескен кезде өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бас тартуы жазбаша ресімделеді.
4. Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелері барған кезде адамның жеке өмірі туралы өздеріне мәлім болған мәліметтерді оның келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
Көрсетілген талапты бұзу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
5. Жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне қоғамдық байқау комиссиясы мүшелерінің араласуына жол берілмейді.
6. Жазаны орындайтын мекемеде немесе органда ерекше жағдайлар режимі енгізілген кезеңде қоғамдық байқау комиссиясының оларға бару жөніндегі өкілеттіктері тоқтатыла тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |