Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
218-бап. Рұқсат етілуі шектелген электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату 1. Азаматтардың дербес деректері немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе олардың меншік иесімен немесе иеленушімен кіру шектелген өзге де мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; б) пайдакүнемдік ниетпен; в) адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасалса, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз, мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген: а) қылмыстық топ жасаған; б) ауыр салдарларға әкеп соққан әрекеттер - бес жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз, мүлкін тәркілеп немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 219-бап. Құқыққа қарсы мақсаттарды көздейтін қызмет көрсетулерді Интернет-ресурстарға орналастыру үшін ұсыну 1. Ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде жұмыс істейтін құқыққа қарсы мақсаттарды көздейтін аппараттық-бағдарламалық кешендерді Интернет-ресурстарға орналастыру үшін ұсыну бойынша көрсетілетін қызмет көрсетулерді көрінеу құқыққа қарсы қызмет көрсету, - екі жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп немесе онсыз екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады 2. Қылмыстық топтың немес адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша жасалған дәл сол әрекет, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.