Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
127-бап. Психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру 1. Адамды психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру немесе онда заңсыз ұстау - үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекет, егер ол: а) пайдакүнемдiк ниетпен немесе өзге жеке мүдделілікпен жасалса; б) адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасаса; в) абайсызда жәбiрленушiнiң өлiмiне не өзге ауыр зардаптарға әкеп соқса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 128-бап. Адамды саудаға салу 1. Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны пайдалану не азғырып-көндiру, тасу, беру, жасыру, сондай-ақ пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасау - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) алдын ала сөз байласуы бойынша адамдар тобымен; б) бiрнеше рет; в) өмiр мен денсаулыққа қауiптi күш қолданып немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы; г) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып; д) кiнәлiге жүктiлiк жағдайында екендiгi көрiнеу белгiлi әйелге қатысты; е) екi немесе одан да көп адамға қатысты; ж) ауыстырып салу немесе өзгедей пайдалану үшiн жәбiрленушiнiң органдарын немесе тiнiн алу мақсатында; з) алдау немесе сенiмге қиянат жасау жолымен; и) адам өзiнiң қызметтiк жағдайын пайдаланып; к) жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзге де тәуелдiлiгiн пайдаланып жасалғанда, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе бiр шет мемлекеттен екiншiсiне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасу мақсатында жасалған әрекеттер, сол сияқты осындай әрекеттердi жасау мақсатында адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе бiр шет мемлекеттен екiншiсiне Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасу - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз жетi жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер: а) қылмыстық топпен жасалса; б) абайсызда жәбiрленушiнiң өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, - в) кәмелетке толмағанға қатысты жасалса, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз жетi жылдан он бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.