Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
131-бап. Кәмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту 1. Кәмелетке толмаған адамды он сегiз жасқа жеткен адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тартуы, - екі жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Ата-анасы, педагог не кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттер өзiне заңмен жүктелген өзге адам жасаған дәл сол әрекет, - өмір бойы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып жасалған әрекеттер, - өмір бойы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, кәмелетке толмаған адамды ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға тартуға байланысты әрекеттер, - өмір бойы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 5. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші немесе төртінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топтың қылмыстық қызметіне кәмелетке толмаған адамды тартуға байланысты әрекеттер, - өмір бойы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп не онсыз он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 132-бап. Кәмелетке толмағандарды әкімшілік құқық бұзушылық немесе қоғамға қарсы әрекеттер жасауға тарту 1. Кәмелетке толмағандарды әкімшілік құқық бұзушылық жасауға тарту, дәл осы әрекетті жасағаны үшін бір жыл ішінде әкімшілік жаза қолданылған адам жасаса - үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мөлшерде қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Кәмелетке толмаған адамды есеңгiрететiн заттарды тұтынуға не уытқұмарлыққа не спирттiк iшiмдiктердi ұдайы тұтынуға, не қаңғыбастықпен немесе қайыршылықпен айналысуға тарту - үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, ата-анасы, педагог не кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттер өзiне жүктелген өзге де адам жасаған дәл сол әрекет, - өмір бойы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген бiрнеше рет не күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып жасалған әрекеттер, - өмір бойы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.