Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
425-бап. Коммерциялық сатып алуға не сыбайлас жемқорлық қылмысқа арандату 1. Коммерциялық сатып алуға арандату, яғни коммерциялық немесе өзге де ұйымдарда басқару қызметтерiн атқарушы адамға қылмыс жасау айғақтарын қолдан жасау не бопсалау мақсатында оның келiсiмiнсiз ақша, мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар беруге тырысу әрекеттерi - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарға арандату, яғни мемлекеттiк қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамға немесе оған теңестiрiлген адамға, не лауазымды тұлғаға, не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға қатысты жасалған дәл сол әрекеттер, - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 426-бап. Көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзгедей сот актiсiн шығару 1. Судьяның (судьялардың) көрiнеу әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзгедей сот актiсiн шығаруы - бес жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бас бостандығынан айыруға соттың заңсыз үкiм шығаруымен байланысты немесе өзге ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет, -
он жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
427-бап. Көрiнеу жалған сөз жеткiзу 1. Қылмыс жасағаны туралы көрiнеу жалған сөз жеткiзу - үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан, не пайдакүнемдiк ниетпен жасалған дәл сол әрекет, - үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топтың мүддесiне жасалған әрекеттер, - бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыруға жазаланады.