Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
125-бап. Адамды ұрлау 1. Адамды ұрлау - төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекет: а) алдын ала сөз байласып адамдар тобымен; б) бiрнеше рет; в) өмiр мен денсаулыққа қауiптi күш қолданып; г) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданып; д) кәмелетке толмағандығы көрiнеу адамға қатысты; е) кiнәлiге жүктiлiк жағдайында екендiгi көрінеу әйелге қатысты; ж) екi немесе одан да көп адамға қатысты; з) пайдакүнемдiк ниетте жасалса, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер олар: а) қылмыстық топ жасаса; б) ұрланған адамды пайдалану мақсатында жасалса; в) абайсызда жәбiрленушiнiң өлуiне немесе өзге ауыр зардаптарға әкеп соқса, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Ұрланған адамды өз еркiмен босатқан адам, егер оның iс-әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. 126-бап. Бас бостандығынан заңсыз айыру 1. Адамды оны ұрлауға байланысты емес бас бостандығынан айыру, - үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекет: а) алдын ала сөз байласып адамдар тобымен; б) бiрнеше рет; в) өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолданып; г) қару немесе қару ретiнде пайдаланылған заттарды қолданып; д) кәмелетке толмағандығы көрінеу адамға қатысты; е) кiнәлiге жүктiлiк жағдайында екендiгi көрiнеу анық әйелге қатысты; ж) екi немесе одан да көп адамға қатысты; з) пайдакүнемдiк ниетте; и) жәбiрленушiнiң материалдық немесе өзге де тәуелдiлiгiн пайдаланып жасалса,- мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер олар: а) қылмыстық топпен жасалса; б) бас бостандығынан заңсыз айрылған адамды пайдалану мақсатында жасалса; в) абайсызда жәбiрленушiнiң өлiмiне не өзге ауыр зардаптарға әкеп соқса - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.