Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
165-бап. Ереуiлге қатысуға немесе оған қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу 1. Заңды ереуiлге қатысуға немесе оған қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу, - үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Адамның қызмет бабын пайдаланып, не күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасаған дәл сол әрекеті, - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып алты мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 166-бап. Журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi келтiру 1. Ақпараттарды таратуға мәжбүрлеу, не ақпараттарды таратудан бас тартуға мәжбүрлеу жолымен, сол сияқты журналистің заңды кәсіби қызметін орындауға кедергі келтіретін, не оны осындай мүмкіндіктерден толық айыратын жағдай жасау жолымен журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру,- бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, сол сияқты журналистке немесе оның жақындарына күш қолданып немесе күш қолданамын деп не олардың мүлкін бүлдіремін немесе құртамын деп қорқыта отырып жасаған дәл сол әрекет, - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 167-бап. Ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу құқығын заңсыз шектеу Ақпараттық ресурстарға қол жеткiзу құқығын заңсыз шектеу, - бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.