Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
4-тарау. Бейбiтшiлiк пен адамзат қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар 168-бап. Басқыншылық соғысты жоспарлау, әзiрлеу, тұтандыру немесе жүргiзу 1. Басқыншылық соғысты жоспарлау немес әзiрлеу- он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Басқыншылық соғысты тұтандыру немесе жүргiзу - он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады. 169-бап. Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу немесе жария түрде шақыру 1. Басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргiзу және жария түрде шақыру- бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдаланып жасалған не мемлекеттiк жауапты қызмет атқарып отырған лауазымды адам жасаған дәл сол әрекет, - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 170-бап. Жаппай қырып-жою қаруын өндiру, тарату немесе өткізу Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен тыйым салынған химиялық, биологиялық, ядролық, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруының басқа да түрiн өндiру, тарату немесе өткiзу, - бес жылдан он жылға дейiн мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 171-бап. Соғыс жүргiзудiң тыйым салынған құралдары мен әдiстерiн қолдану 1. Әскери тұтқындарға немесе әскери емес тұрғындарға қатыгездiкпен қарау, әскери емес тұрғындарды күштеп көшiру, басып алынған аумақта ұлттық мүлiктi тонау, Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен тыйым салынған құралдар мен әдiстердi әскери жанжалда қолдану, - он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Қазақстан Республикасының халықаралық шартымен тыйым салынған жаппай қырып-жою қаруын қолдану, - он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады.