Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
198-бап. Тонау 1. Тонау, яғни бөтен мүлiктi ашық ұрлау - мүлкi тәркiленiп екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Мынадай: а) жәбiрленушiнiң өмiрi мен денсаулығына қауiптi емес күш қолданумен, не осындай күш қолданамын деп қорқыту арқылы; б) бiрнеше рет; в) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; г) тұрғын, қызметтiк, өндiрiстiк үй-жайға не қоймаға заңсыз кiрумен жасалған тонау - мүлкi тәркiленiп үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Ірi мөлшерде жасалған тонау - мүлкi тәркiленiп бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер оларды: а) қылмыстық топ; б) аса iрi мөлшерде жасаса, - мүлкi тәркiленiп жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 199-бап. Қарақшылық 1. Қарақшылық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмiрi мен денсаулығына қауiптi күш көрсетумен немесе тiкелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау - мүлкi тәркiленiп үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Мынадай: а) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; б) бiрнеше рет; в) тұрғын, қызметтiк, өндiрiстiк үй-жайға не қоймаға заңсыз кiрумен; г) қару немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды қолданумен; д) денсаулығына ауыр зиян келтіре отырып жасалған - мүлкi тәркiленiп бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Мынадай: а) абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіре отырып; б) мүлiктi iрi мөлшерде ұрлау мақсатында жасаған қарақшылық - мүлкi тәркiленiп жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер оларды: а) қылмыстық топ; б) аса iрi мөлшерде жасаса, - мүлкi тәркiленiп он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.